Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Мәйекті 7464 1 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 13:09

ЖАНАТ НҰРСҰЛТАНҰЛЫ: АТ БАЙЛАРЫМ - АТАЖҰРТ

Қуанышын да, қайғысын да әнге қосқан қазақтың Қазақстаннан кейінгі ұйысып, жұрт болып отырған жері – Қытай.  Ол жақтағы бір шоғыр жұрттың ішінде -  намысын биік ұстап, аламанда ат оздырып жүрген,  ерлік көрсетіп, елдікті паш етіп жүрген бауырларымыз жетерлік. Бәсекелерде топ жарып – бәйге олжалаған, күрескенін жұмарлап, жұдырықтасқанын сабаған, әнін асқақтатып, күйін күмбірлеткен  қандастарымыздың  атағын естігенде қашанда көңіліміз марқайып қалады. Әне сол арғы жақтағы рухы өр қазақтың бірі – Жанат Нұрсұлтанұлы. Бүгінгі қазақ поэзиясының қара нары Жәркен Бөдешұлының жақында өткен мерейтойына сонау Ішкі Қытайдан арнайы келген Жанат мырзамен сыр-сұхбат құрудың сәті түсті. 

-  Бұл Атажұртқа алғашқы келуіңіз бе?

- Жоқ, бұл бірінші келуім емес. Менің ата-анам елге алғашқы болып қоныс аударғандардың бірі. Он жылдан бері Жаркент қаласында тұрады. Ата-анама сәлемдесе, осындағы өнердегі достарымның шақыртуымен елге жиі келіп тұрамын.

-   Жанат мырза, біздің білуімізше, Сіз Қытайдағы бауырларымызға етене таныссыз. Дегенмен қазақстандық оқырмандарға жақынырақ танысудың сәті келген сияқты…. 

-  Әкемнің есімі – Нұрсұлтан. Үрімжі қаласының маңындағы қазақ ауылында туып-өстім. Анамыз 12 баланы дүниеге әкелген ардақты жан. 7 әпекем, 2 ағам, 2 інім бар. Бауырларым, әпкелерімнің бәрі Атажұртта бақытты ғұмыр кешіруде.

-  Ән өнеріне қалай келдіңіз?

- Жасымнан әнге әуес болдым. Мектеп қабырғасында түрлі іс-шараларда, концерт-кештерде ән салып жүретінмін. Аудандық, қалалық байқауларда өнер көрсетіп жүрдім. Мектеп бітірген кезде  үлкен сахналарға аяқ бастым. Шыңжаң телевизиясы ұйымдастырған,  Үрімжі мәдениет басқармалары ұйымдастырған сауық кештер мен концерттерде ән шырқадым.

- Бұл жақтағы өнер жұлдыздарымен шығармашылық байланысыңыз бар ма?

- Әрине, бар. Бұл жақтағы көптеген әншілермен аға-бауыр боп араласамын. Бірлесіп жазған әндеріміз де көп. Оларды Қытай еліне концертке шақырып тұрамыз. Мен жеке шығармашылықпен қатар Бақыткелді Мұқашұлы деген азаматпен бірге «дос тобы» деген  дуэт болып та ән салып жүрмін. Осы жақтағы достарымыздың шақыруымен 2012 тараз қаласында өткен «Қаратау әуені» атты фестивалда өнер көрсетіп, жүлделі орынға ие болдық. Биылғы өткен «дала дауысы» фестивалінің де сыйлығын еншіледік.

-  Жоғарыда ата-анам Жаркентте тұрады деп қалдыңыз. Бауырларыңызда осы жақта екен. Өзіңіз қашан толықтай ат басын бұрасыз бұл жаққа?

-   Иә, «дүниенің басқа түкпірі қанша жерден жәннат бағы болса да, Қазақстанға жетпейді» – деп үлкен кісілер бұл жаққа ерте көшкен. Мен мектептен соң гидрология, яғни ауа райын болжау мен бақылау бойынша білім алдым.  Оқып жүрген кезімде үлкен табыстарға жету үшін білім ғана емес үлкен тәжірибелер керек екенін түсіндім. Солай бизнес бастап кеттім. Бизнесім өнерімді дамытуым үшін керек.  Қолға алған шаруаларым бойынша қазір Қытайдың Гуаңжоу қаласында тұрамын. Бизнесте жүріп, Қытайдың іскерлік тәжірибесіне әбден қанықтым.  Қалай дегенмен, қанша алыста жүрсек те өз ұлтымды, отанымызды бір сәт естен шығарған емеспін. Алла қаласа жақында Атажұртқа бір жола ат басын бұрамын.  Алматы қаласының тұрғыны атанып, жанұялы болуға ниеттеніп отырмын.

- Елге келемін деп жатсыз, Алла ниетіңізге берсін! Бұл жаққа келуге арғы беттегі жұрттың, өз қатарыңыздың ықыласы қалай?

- Әрине, атажұртқа бәрі де келгісі келеді. Қай қашанда елге келіп жүрген біздерден қызығып сұрап жатады. Мен де достарыма:

«Қазақ боп туған баламын,

Қазақ деп жанды жанарым,

Қазақтай елім болған соң

Қазақсыз қайда барамын.», – деп, елге келуге ылғи да насихат айтып жүремін. Өнер жолында жүрген, басқа салада да жүрген жігіттер қазақ баласы ретінде жұмыс істей алуы керек.  Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, шетелде алған білімдерін осында жұмсап, іске жаратуы қажет. Менің байқауымша, Қазақстанға бір кісілік үлесін қоса алатын танымал ғалымдар мен тиісті мамандар шетелде жүр. Қытайдың өзінде қаншама қаракөздер ғылыми әлеуетін сол елдің дамуына жұмсауада. Сондықтан, шетелден маман шақыруда, шетел тәжірибесін игеруде ең алдымен сол елде өмір сүріп жатқан қандастарымызды бірінші назарда ұстағанымыз жөн. Естуімше, соңғы жылдары бір жола тоқталыған қазақ көші қайта жанданатын көрінеді. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Мұндай қадам Қазақ елі мен оның билігін дүниежүзіне абыройлы ете түспек.

- Әңгімеңізге рахмет! Елге бір жола келуіңізді күтеміз…

-    Өзіңе де рахмет! Амандық болса бір кісілік азаматтық үлесімді қосуға дайынмын. Әрбір қазақ қайда жүрседе “Қазақстан” деп аталатын мемлекеттің гүлденіп-көркеюіне, өсіп-өркендеуіне қызмет етуге міндетті. Оның әрбір тасы мен топырағы ата-бабаларымыздан бізге аманатталған. Сол аманат үшін Атажұртқа ат байлаймын.

Әңгімелескен Нұрғали Нұртай

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1980
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2356
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1934
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1569