Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Дін 8464 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 11:51

ИСЛАМҒА ФИЛОСОФИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?

Исламға философияның қызметінің керегі жоқ, философиясыз таза Ислам деген сарындағы өткен ғасырларда болған талас тартысты тарих айналдырып Қазақстанға да алып келді. Бұл сұрақтың әлеуметтік желілерде талқылынып жатқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Бұл сұрақ кезінде сан мәрте талқыланып өз жауабын алсада, тарих бұл сұрақтарға жауап берген адамдардың бағасын берседе, әр уақыттың өз адамдары бар деп шама шарқымыз келгенше ой қосып көрелік.

Әуелі Ислам дініне кішкене тоқталып өтелік. Баршамызға белгілі Ислам діні Алла тарапынан пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. арқылы барша адамзатқа түсірілген Илаһи дін. Исламда кез келген адамға түсінікті қағида бар, ол Ислам дінін ұстанып өмірін дін жолына арнаған адамның екі дүниеде бақыт пен шаттықта өмір сүруі. Алайда пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. нан кейін алғашқы төрт сахабаның кезінде ақ мұсылмандардың талас тартысы басталды. Неге? Өйткені жаратылысы, танымы, ақылы әр түрлі жаратылған адам баласы Алланың хақ діні исламды өзінің санасы жеткенінше әр түрлі түсіне бастады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін мысал келтіре кетейік. «Ибн-Сина мен әл-Фарабиді сынаған әл-Ғазали, өз жұмыстарының эзотериялық және экзотериялық мазмұнын айқындау оқырманның құзырында деп санады, өйткені ақиқат әркімге оның қабілеттерінің деңгейіне қарай ашылады және мұның барысында «надандар» оған зиянын тигізбеу үшін ақиқат білімнің сыртқы жиегінде орналасуы тиіс», [1]  деген пікірде болды.

Сонда біздің Исламда басқа симайтын дүние жоқ барлығы түсінікті дегеніміз қайда қалды? Құран емес, Хадис емес, тәпсір емес Ислам ғұламасының жазған дүниесін түсіну әркімнің өз қалауына қалдырылып отыр. Яғни әркім өзінің ойы мен философиясы жеткенінше түсіну керек. Ал басқалар оған кедергі жасамауға тиіс. Осы кезде есіме Ғарифолла Есімнің айтқан мына бір сөзі түседі, «Біз Абайды түсіне алмай келеміз, оның баспалдағын енді аштық». Ия, біз Абайды түсінуге мол ақыл мен ой керек екенін білсек те қасиетті Құран мен Хадисті түсінуге ойдың керегі жоқ деген шешім шығарамыз!

Философияның адам ойының дамуына, ақылының кемелденуіне, Абай атамыз айтпақшы толық адам болып қалыптасуына қосар үлесінің зор екенін Ислам тарихынан көптеген мысалдармен болашақта айта жатармыз, ал қазір солардың бір екеуін келтіре кетейін. Француз шығыстанушысы Л.Гарде мынаны атап көрсетеді: «...Әмірлер сөз өнері мен ғылымдардың үлкен қолдаушылары болды. Олар «жат-жерлік», яғни мұсылмандық емес ғалымдарды қолпаштай отырып, өздерін ғалымдармен және философтармен қоршағанды ұнатты». [2].

Философтар саяси кеңесшілер болып, басқарушы әулеттің мұрагерлерін немесе оларға жақын уәзірлердің балаларын бағып, ұстаздық етіп, билеушілерге жақын болған тұстары, олардың әлеуметтік мәртебесі теориялық мәселелер бойынша да үлемдермен және факихтермен батыл пікірталастар мен сайыстар жүргізуге мүмкіндік берді. Оның үстіне философтар діни пәндерде қабылданған терминдер мен әдістерді жақсы білді және қолданды, [3].

Осы жерде тарқата айтайық. Ақиқат ол Алла ал Алланың адамзатты жаратудағы мақсаты өзіне құлшылық қылып жаратқан иесіне иманмен қауышуы. Ал, ақиқит қай кезде ашылмақ?, әрине неге?, деген сұрақ туындаған жағдайда. Біз Исламнан алдынғы философтардың християндық немесе басқа да догмалық діндер тарапынан осы сұраққа байланысты сынға ұшырап дарға асылып отқа өртелгенін білеміз, ал Исламның бір артықшылығы сол сұрақты қоюға болмайтын жағдайларды нақты анықтап берді. Қалған мәселелерде кез келген нәрсені ой елегінен өткізіп ақылыңа сынат деген өз бұйрығы да бар. Осылайша пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. арқылы ақыр заман адамдарына түскен Ислам, жоғарыда айтқанымыздай талас пен тартыс алаңына айналды. Көптеген тармақтарға бөлінді. Болашақта бөлінетінін пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. өзіде хадистерінде айтып кетті. Бөлінудің ең бірінші себебі өкінішке орай күрделі мәселелерді шешіп беретін пайғамбарымыз с.ғ.у. жоқтығы еді. Оның үстіне жетпіс мың жылдық ілімі бар шайтанның Аллаға қарсы тұрып айтқаны тағы бар. Осындай қиын қыстау сәттерде ойы ұшқыр исламмен философияны қатар меңгерген ғұламалар тарих сахнасына кезегімен шығып отырды. Олардың дәрежесін Алла Құранында белгілеп пайғамбарымыз с.ғ.у. хадис шарифтерінде айтып отырды.  

Исламнан философияны бөліп мешеулік пен догмаға ұрынған қазіргі мұсылман философиясына М.Лютердің реформасы қажет деген реформаторлардың пікірін келтіре кетейін. Мысырлық реформатор Мұхаммад Абдух (1843-1905) Исламның себептер мен салдарлардан тұратынын қуаттап былай дейді; Мысалы бір генерал әскери дайындықсыз соғыста жеңілсе немесе адам әр түрлі медециналық процедураларды пайдаланбай сырқатынан айықпаса, олар Алланың жазған әдеттегі себеп пен салдарлардан қашқан болып есептеледі. Сондықтан себептілік Алла бұйырған кейіпте жүзеге асудың бір бөлшегі болып табылады. Оларды жоққа шығару, орындамау немесе өзге әрекет типтерімен ауыстыру Алланың лайықты деп тауып бұйырған істеріне байланысты жауапкершілікті ысырып қойып, оны басқа іспен алмастыру екені даусыз. Яғни ислам мен философия себеп (Ассабаб ал аууал).

Үнділік Шибли Нуиани (1857-1904) былай дейді «Пайғамбардың (Мұхаммед с.ғ.у.) өмірі мен оның ізін басқан халифалардың заманында болған оқиғалар Құдайылық көмектің нәтижесі екендігіне күмән жоқ, бірақ, бұлардың барлығы себеппен байланыссыз деп кім айта алады? Осы шайқастарда орын алған шынайылық, сенімділік, ықылас, энтузиазм, әділет тарихтың кез келген дәуірінде көрініс тапса, дәл сондай нәтиже беретіні анық». Егер себеп пен салдар осы шайқастарда ешбір рөл ойнамаған болса мұсылмандар Ухуд шайқасында қалай жеңілістің ащы дәмін тартар еді, неге мұсылмандар Насыр шайқасында кері шегінді?. Бұған коментарии жасаудың өзі артық.

Шиблидің замандасы Хали (1837-1924) былай дейді; Келешекте болатын барлық нәрсе себебі арқылы жөнге салынады. Жаңбыр жауған кезде, аспан бұлттанады, ал жауынның төкпеуі қуаңшылыққа алып барады. Жерге тұқым салғанда егістік жайқалады, тамақтанғанда денедегі қан мөлшері артады. Алла – себептердің себебі және өзгелері тарапынан жасалған барлық әрекеттер және олардың ықпалдары оған байланысты.

 Бұл мәселеде еліміздің зерттеушілері де біраз зерттеулер жасап үлгерді. Солардың бірі белгілі теолог Досай Кенжетай. Ағамыз «Ислам уақыт пен кеңістікте бірге өмір сүретін дін, уақыт өткен сайын жаңарып адамның құндылықтарына жауап беруі керек. Ешбір құбылыс уақытты кері айналдыра алмайды және феномендердің келешегі оның өткенінен де маңызды. Ізгілік пен заңдылық дамуға қарай бағаланады. Яғни дамуға тосқауыл болған барлық нәрсе – зұлым, ал оны қолдаған – ізгілік. Адам дамуындағы үлесіне қарай дінде бағаланады», деп исламға философияның қажет екенін бір ауыз сөзбен түйіндегендей, [4].

Жоғарыда түйсігі бар адамға түсінетіндей мысалдар келтірдік. Яғни Алла себепсіз еш нәрсені жаратпады. Барлығының жаратылуына себеп болды. Адам атадан бастап барша он сегіз мың ғаламды себеппен жаратты, (Адам сабап ли халки кулли аш шай).

Енді  Кіші молда мен Абайдың айтысына келейік. Абай жолының екінші кітабының «Еңісте» бөліміндегі сюжетте Абай Әйгерімге үйленгеннен соң жаз бен қыс бойы үйде отырып орыс кітаптарын оқып шығып, ерте көктемде елдің барлығы қыстауда отырғанда Әйгерімнің отауын алып Ақшоқыға көшеді. Өзімен бірге әке-шеше ауылынан жас балаларды және Кішкене молда деген тәрбиеші молдасымен ала келеді. Қора салатын ұсталардың қасында Әйгерім, Ербол жүреді, ал Абай болса былтыр жазда бастаған орыс кітаптарының бірін оқып үйде отырады. Сол кезде Әйгерім, Ербол және Кішкене молда үйге кіреді. Үйде отырған Абайды көре салып Кішкене молда өзінің таңданысын жасыра алмайды.

- Хұдауәндә! Бүгін жаңа қораның іргесі көтеріліп жатқанда, Абай неге бармады? Мен соған хайранмын. Өзі сау ма екен? Әлде сырхатпа? – деп даурыға сұрайды. Сонда Әйгерім айтады:

- Сырхаттан сау, бірақ біздің қора салғанымыздан гөрі бұл кісінің бұндағы машақаты қиынба деймін. Содан қолы тимей жатса керек! – деп. Сосын әңгімеге Абайдың өзі кіріседі.

- Менің машақатым кірпіш қалаушы, үй-дүкен салушы төренің машақатынан ауыр десем, Ербол екеуің күлесіңғой. Бірақ төренің еңбегінің арты – үй болса, мені де солай, дәл бүгін таңда қуантып отырған бір күй бар! – деп жауап береді. Сосын Абайдың досы Ербол қалжыңдап былай айтады.

- Оңаша, салқын үйде, төрт қабат көрпенің үстінде қыбыр етпей отырған кісінің машақатынан зор машақат бар дейсің бе! – деп. Сосын Кішкене молда өзінің таңғалысын тағы бір рет білдіреді.

- Үй-жай сіздің тұрашақ мекеніңіз. Бүгін сәт күні достарыңыз, халал жар жүфтіңіз жақсы бір тілекпен көтерді. Сіздің сол сағатта үй ішіңіздің жақсы тілегіне қатынаспағаныңыз мені шын хайран етеді! – деп. Сосын Әйгерім, Ербол бірінен кейін бірі сөз алып қалжыңдап отырғанда, Абай жүрек жарды сөзін айтады. Сондағысы былтыр жазда оқып бастаған орыс кітаптарының мән-мағынасына енді, дәл қазір қора салынып біткенде толық түсіне бастағанын, соған шын қуанып отырғанын айтады. Сол түсінген кітабы Пушкиннің ұзақ әңгімесі «Дубровский» еді. Оны Кішкене молдаға молдалар тілімен жеткізеді, яғни медресе шәкірті ерінбей жылдар бойы оқыса, бір сәтте сол талапты шәкіртке, дүние есігі кең ашылып кеткендей көрінеді, сол кез медресе шәкірті үшін ең бір бақытты шақ. Оны молдалар «мұталағасы ашылғаны» дейді, деп байыппен түсіндіреді. Ал қазір болса мен ұстассыз шәкірт күйімде «мұталағам ашылған» сәті деп сөзін аяқтайды.

Абайдың бұл сөзін Әйгерім қолдап шұбат құйса, Ербол іштей мақұлдап отырғанда, Кішкене молданың көңлі басына шығып Абайды мақұлдамағанын М.Әуезов жақсы келтіреді. Кім білсін М.Әуезов осы талас-тартысты кеңінен баяндар ма еді? Егер сол кезең атеисттік заман болмағанда? Сонымен Кішкене молданың қарсылығы.

- «Мұталаға ашылды» демек, Мантих, Ғақайыдты оқып жүріп, «Қафия», «Шарх Ғабдолланы» өз талабымен халфесіз, хазіретсіз, дәріссіз фәһімлейтін болса, соған айтса ләзім. Болмаса, орыстың әллә нинди «шытри-мытриын» фаһімледім деп «мұталағаны» бұл жерде сөз қылу мүмкін емес. Оныңыз һәм хата, Абай! – деді. Сосын М.Әуезов Абайдың Кішкене молданы тоқта деп зілмен тыйып тастағанын, одан кейін шұбатын бір сіміріп алып сөз бастағанын жазады. Абай.

- Біздің бүгінгі хәлфә, хәзрәт, көп ишан, ғұламаларымыздың осындай бір соры бар еді, Кішкене молда, сіз де содан арылмаған жансыз ғой! – дейді. Абай сөзін тыңдап отырған Кішкене молданың жауабы.

- Абай, сіз исламият, ғарабият жолында сөйлесеңіз, мен еш нәрсе айтпас едім. Сіз кімнің кітабын, нені айтып отырсыз? Дүнияуи ғылым мәжуси, насранилерде қадимнен бар болатын, бәлки, ешбір мұсылман ғалимі оны өзіне қанағат қыларлық, шүкірана етерлік білім санамағаны қайда? – дейді. Осы жерде М.Әуезов өзі айтыстырып отырған авторларға нақты пікір білдірмесе де, өзінің жеке көзқарасын білдіреді. М.Әуезов.

- Абай жаңа бір бахас, ұзақ бахас боларын аңғарса да, Кішкене молдамен сөзді ұзартқысы келмеді. Ойында көп дәлелдер бола тұрып, молданы тоқтататын бірер-ақ сөзді айтуды қажет деп білді. Абай.

 - «Ешбір ғұлама» дейсіз, «айтпаған» дедіңіз. Өзгені қойғанда пайғамбардың хадисінде «ғұламаның жазу жазған қара сияси – шаһидтің қанынан қымбат» деген сөзді қайтесіз? Екінші ғалемнің, инсі жынның жаралмыш тарихын, тек «Қыссасүл Әнбиеден» білген білімнің аты да білім бе? Адам қауымының, бар нәсілінің мінез-құлқын тек қана «Қырық хадис», «Лаухы-нама», «Фихқкәйдәни» тұрғысынан танып-білген де жұбаныш па? – деген Абайға Кішкене молда былай жауап қатады.

- Ол аз болса, оқыңыз! Бар ғұмырыңызды сарф етіп оқып көріңіз. Бәлки, мұсылман ғұламаларын оқыңыз. Сіздің бір ғұмараңызға жетерлік білім содан да табылар! Осы жерден М.Әуезов бұл айтысты Абай сөзімен аяқтағанды жөн санап, өзінің сүйікті кейіпкерін жеңіске жақындатып қояды. Шындық, өмірде де солай болатын. Абай.

- Мен сізге хайранмын да, молда! Мұсылманшылық қағидасы «ғылым қайда болса, кімде болса, сонан ал» десе болар еді. Сіз айтқан өріс менің де біраз шарлаған жерлерім. Мен ғылымның, яғни фәннің көп ғасырлар бойы адам баласы жиған қазынасына қол артамын деп сапар шектім. Сіз оқымаған адам болсаңыз бір сәрі. Өзіңіз ұстаз саналасыз. Бірақ ғылымды бір-ақ жолдан, бір-ақ тар асудан ізде дейсіз. Ғылым демек, шексіз кең дүние демек емес пе еді. Мұсылман ғұламаларының даналары Сократ хакимнен, Афлатоннан, Аристотольден оқымап па? Солар мұсылман ба еді! Айлар, жылдар бойы іздеп отырған бір талибұл ғылымды көресіз де, «ізденбе, алысқа ұмтылма» деп етектен тартасыз! – деп тоқтап, соңғы сөзінде әрбір талаптың соңғы жететін бір бәйге төбесі болады сол жерде жолығармыз деп М.Әуезов Абай сөзін өте көркем түрде аяқтайды, [5].

         Бұдан артық қандай мысал керек? Керек болса болашақта жазармыз.

Жанболат Самбетов

Abai.kz

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Қирабаев Н.С. Проблемы эманации в учении аль-Газали. Актуальные проблемы философии зарубежного Востока. Душанбе, 1983.  

2. Gardet L. L`humanism greco-arabe. Avicenna. – Cahiers d`historie mondiale. Neushatel, 1954-1955, t. 2. n. 1-4, p. 813.

3. Сагадаев А.В. Статус философии в «теологизированном обществе» мусулманского Востока. – Из истории освободившихся стран. М., 1983; Фролова Е.А. Проблема веры и знания в арабской философии. с 32-36.

4. «Әлемдік философиялық мұра», «Қазіргі мұсылман философиясы». – Алматы: «Жазушы», 2008.

5. Абай жолы: Роман-эпопея. Екінші кітап. Абай. – Алматы: Жазушы, 2006.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1983
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2376
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1946
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1571