Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 9226 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 16:54

Берік Уәли ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды

Белгілі журналист Берік Уәли Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бұл тағайындау-  Оңтүстік аймақтың ішкі саясатының жүйеленіп, тың серпінмен дамуына және облыстың ақпараттық-идеологиялық мәселесінің тиянақты әрі ұлттық-мемлекеттік мүддемен байланыста өрлей беретінінің анық белгісі. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі әрі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне кіріскен екі жылға жуық уақыт ішінде Берік Уәлиұлы  аймақтың ақпараттық саласын жаңа деңгейге көтерді. Облыстық баспасөз қызметінің қалай және қандай дәрежеде жұмыс істеуі керектігінің бұрын болмаған деңгейін көрсетті. Ендігі жерде кез келген облыстың ақпараттық жұмысы Берік Уәлиұлы салған шкаламен өлшенетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Берік Уәлидің Оңтүстікке келуі, аталған өңірдегі идеологиялық мәселенің мемлекеттің негізгі ұлттық тіректерімен ұштасуына жол ашты. Мәселен, елдегі барша аймақ қасиетті мереке – Тәуелсіздік күнін күтпестен жаңа жылдық шырша құруға кіріскенде Оңтүстік Қазақстан облысында облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен 17-нші желтоқсанға дейін жаңа жылды жарнамалауға пәрмен берілді. Аймақ басшысына ұсыныс жасап, оның орындалуына мұрындық болған да Берік Уәли. Мұны аз десеңіз, Наурыз мейрамы тек Оңтүстікте ғана  9 күн қатарынан тойланды. Міне, осындай ұлттық идеологиялық жұмыстардың басы-қасында жүрген Берік Уәлиұлының Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалуы оңтүстіктегі мемлекеттік қызметтің жаңа сапаға, жаңа деңгейге көтерілгендігінің көрсеткіші. Әлбетте, жаңа сапа, жаңа деңгей оңтүстік аймақтың ішкі саясатын ірілендіріп, әр ісін алға сүйрейтіні анық.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы - Берік Уәлидің алғашқы мемлекеттік қызмет баспалдығы.  Берік Уәлидің ресми түрде қызметке кірісуі мемлекеттік қызметкер күні мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұл да жақсылықтың нышаны.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы атынан Берік Уәлиді Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалуымен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік тілейміз!

Abai.kz

 

Өмірбаян

 

Құрманғали Берік Уәлиұлы

Құрманғали Берік Уәлиұлы 1977 жылғы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы-редактор мамандығы бойынша аяқтаған, 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика магистрі мамандығы бойынша бітірген.

         Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған. 1998-1999 жылдары НТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, шығарушы редакторы болып қызмет етті.

2000-2007 жылдар аралығында «31 канал» телерадиокомпаниясында қызмет етіп, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы қазақ редакциясының редакторы, шығарушы редакторы, жүргізушісі, бас редакторы болды, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып еңбек етті, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының бас редакторы, жүргізушісі қызметтерін атқарды.

2007 жылдан 2012 жылға дейін «Хабар» агенттігі» АҚ-ы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Үкімет пен әлеумет» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болып еңбек етті.

Б.Құрманғали сонымен қатар «ВВС» британдық телерадиокорпорациясы қазақ қызметінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академисяында халықаралық журналистика пәні бойынша ұстаздық етті. Ал 2009-2012 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес медиа-орталығының жетекшісі қызметінде болды.

2012 жылғы қыркүйек айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Жемісті еңбегі үшін Берік Уәлиұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының тәуелсізідігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Шығармашылық жұмыстағы жетістіктері де оң бағаланып, «Еркін сөз» бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2003 ж.), «Дода» ток шоуы үшін Қазақстан Журналистер академиясы тағайындаған «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері (2006 ж.) атанды, «Өркендеу, Демократия және Сөз бостандығы» ұлттық конкурсында ЮНЕСКО-ның (2004 ж.) және Марат Барманқұлов атындағы Х халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2007 ж.) дипломдарымен марапатталған.  

0 пікір