Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 6718 0 пікір 24 Маусым, 2014 сағат 11:17

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. «БАС – КЕСІЛЕДІ, ТІЛ – КЕСІЛМЕЙДІ!..»

(Жалғасы)

Бүгінгі қазақ қоғамының – дертті қоғам екені анық. Оның дауасын табу үшін операция жасар алдында дәрігерлер адамның ағзасына қалай анализ жасаса, біз де бүгінгі қоғамға сондай тиянақты түрде талдау жасауымыз керек. Билік – ұлттық мемлекеттік құрылымнан бетін бұрып, ұлттық мүддеден тыс қалып, өздерін өзі қызықтап, құрылықтан бөлінген салынды аралға ұқсап, шыр айналып, заман ағысынан, яғни, мемлекеттік басқарудан – «мен, мен» мен мендік» басқаруға көшті. Биліктің өз халқына ғана емес,  кеше ғана алдында тізерлеп қолын қусырып, онсыз Қазақстан күнін көре алмайтындай өбектеген ОБСЕ-нің өзіне кілт теріс әрі шорт бұрылғаны сондай, мойнын үзіп ала жаздап тұр. Ал халық кешірсе де, олар – еуропалықтар мұндай «бетбұрысты» кешірмейді. Түбі не боларын қайдам, әйтеуір, назасы мен жазасы халықтан аулақ болғай. Өйткені, кеше ғана «елі үшін туған ерден айналайын» деп әндеткен халықтың кеудесіне оқ тиді. Мылтық әлі де оқтаулы. Мылтық әлі де халыққа тасадан  кезеліп тұр.

Бұрын қатардағы тергеушінің жазықсыз әйелді қылмысқа тартып, шырылдатқаны үшін, қатардағы жазалау отрядының өзінің әке-шешесіне қарсы оқ атқаны үшін жағамызды ұстаушы едік. Енді онымен генералдар айналысатын болыпты. Бүкіл монархиялық Ресейдің беделін сақтап қалу үшін аулаға дамбалын іліп қойған кемпірді сотта қорғаған қазақтың жиені, атақты адвокат Плеваконың: «Сорлы Ресей! Сорың енді   қайнайтын болды! Бір кемпірдің дамбалына бола ар-ожданың төгілді-ау! Енді ол кемпірді соттамасақ болмайды,Ресейдің намысы кетеді. Бишара кемпірдің дамбалы бетіне шіркеу болған сорлы Ресей! Соттаңыздар, мырзалар! Кемпірді соттауын соттайсыздар-ау, бірақ Ресейдің бетіне шіркеу боп жабысқан мына дамбалы құрғырды қалай сыпырып тастар екенбіз. Сол қиын болады-ау», – деген сөзі естеріңізде шығар. Күні кеше теледидардан: Жаңаөзенде өткен наразылық шеруінің басты себепкері, яғни, қазақтың басты жауы – күйеуі мен баласы желтоқсандағы қанды оқиғада жауапқа тартылған шынашақтай ғана сорлы келіншек екен, оның «Жойылсын!» деген үндеу қағазын таптық, өзін қолға алдық, енді жауапқа тартамыз», – деп жариялаған аса сұсты, погоны алтын генерал-майордың айыптауын естігенде, Плеваконың осы сөзі есіме түсті.

Жаңаөзендегі жаңа шеруге күйеуі мен  баласы үшін арашаға түскен әйел, ана кінәлі екен. Шынында да, неткен масқара! Күйеуін қорғаған – әйел, баласы үшін ашынған ана – Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндірген барып тұрған арандатушы қылмыскердің өзі болып шығып тұр! Ал: күйеуі мен баласына араша түсу – әйелдің басты парызы – деген пайғамбардың хадисі, әлгі генералға «діни фундаментализмнің астыртын уағызы» сияқты көрінетіні анық. Кетпектей генералдың әлгі айыптауы кейуананы соттатуын соттатып тынады-ау. Бірақ, азамат басымен мұқым жұрттың алдында күйеуі мен баласын  қорғаған шынашақтай ашынған әйелді (сол генералдың өзі де бір ананың баласы, бір әйелдің күйеуі ғой) арандатушы есебінде теледидар арқылы жариялауы қандай төменетектік десеңізші! Азаматтығын былай қойғанда, еркек, генерал деген аты бар емес пе!

Қазақстанның басты жауы – оппозиция да емес, оралман да емес, күйеуі мен баласына араша түскен әйел де емес, мемлекет құрып отырған ұлтқа қарата биліктің қолданып отырған ұлтсыздыққа негізделген саясаты.

 Эпосы жоқ ұлт – өткенiн ұмытқан, мәңгiлiк аңсары жоқ, тәуелсiздiкке ұмтылмаған рухани тәуелдi ұлт. Ондай халықтың ертеңi де күмәндi. Шүкiр, бұл жағынан алғанда түрiк, оның iшiнде қазақ қауымының да мысы көп жұрттан жоғары. “Мәңгiлiк ел” нысанасы есте жоқ ескi заманнан бастап қазiргi күнге дейiнгi түрiк руханиятының алтын өзегiне айналып отыр. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi тарихи оқиғаларды жырлаған “Алып Ер тоңа”, “Көкбөрi”, “Ергенеқон”, “Шу батыр”, алғашқы мыңжылдықтағы  тұлғаларды әфсаналаған “Оғыз қаған”,“Едiл”, “Қорқыт ата”, “Жетi қаған” дастандарындағы негiзгi желi де  “Мәңгiлiк ел” нысанасына арналған. Бұл қасиеттi тақырып  жыраулардың жыры мен “Ел айырылған”, “Қайың сауған”, “Ақ табан шұбырынды, Алқа көл сұлама”, “Елiм-ай” арқылы  “зар заманға” жалғасып барып, Абайдың “Қалың елiм, қазағым, қайран жұрты” мен “Оян, қазаққа!” ұласып, Алаштың ортақ ұранына айналды. Дәуiр мен дәуiр, заманнан заман алмасқан сайын  көшпелi түркi жұртының санасындағы “мәңгiлiк ел” нысанасы да тарихи шындыққа суарылып, нақты сыпат алып, “ел” деген  ұлттық ұғымға ие болды.

Сол ерлiктi “мәңгi тасқа басты” (“Күлтегiн”, “Тоныкөк”, “Құла шор”, ”Тариат”, Талас, Орхон, Есiк, Селенгi ескерткiштерi), “алып ерлерiне сынтас орнатты” (“Құтлығ қаған”),  “ағашқа кертiп жазды” (“Түрiктер”, 36-бет), қайыңның тозы мен көнге түсiрдi. Оған симаған әфсаналарды М.Хайдар Дулати айтқандай, аңызбен, эпоспен жеткiздi. Өткен жылы ғана Сайрамнан табылған бiздiң жыл қайыруымыздан бұрынғы iлкi заманда бәдiзделген қаңлы жазуында да  (Орталық ұлттық мұражайда тұр) сол “мәңгiлiк елдiң” аңсарлы аманаты шекiлген. Көк түрiк қағанатының түбiне жеткен ұйғыр ханы “Мойыншордың” құлпытасындағы: “Озмыш тегiндi ұстадым (қағанаттың соңғы қағаны - Т. Ж). Қатынын онда алдым. Түрiк халқы одан әрi жоқ болды”- деген үкiм де “мәңгiлiк елдi” жоя алмады. Қайта өзi тылсымның тұңғиығына сiңiп кеттi де, түрiктер Оғыз-Қыпшақ қағанатына айналып, бұрынғыдан да жалы күдiрейiп тарих сақнасына қайта шықты.

Мiне, көшпелi түрiк әлемiнiң құдiретi де сонда. Өйткенi, “Мәңгiлiк ел” нысанасының “рейхтық”, “ағылшындық-америкалық” үлгiден айырмашылығы онда тектiк шекара бар. Ол нәсiлдiк жiкшiлдiктi оятпайды, бiрақ ата мекеннiң азаттығын, ата-тегiнiң тазалығын, түрiк ұлтының рухани және дәстүрлiк, тiлдiк тәуелсiздiгiн басты қасиет ретiнде ұстанады. Бұл нысананы әлемнiң барлық ұлт пен ұлыстарына  “үлгi” ретiнде таңбайды.

Демек, “мәңгiлiк ел” – түркi тегiнiң тұтастығы мен тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгiн қамтамасыз етуге арналған  тазалық пен еркiндiк идеологиясы. Ал ұлттық тәуелсiздiк – исi түрiк әлемiнiң рухани еркiндiк нысанасы. Түрiктiк еркiндiк пен бас еркiндiгi, мал мен жан еркiндiгi  “мәңгiлiк ел” нысанасының тұрмыс-тiршiлiктегi өмiрлiк сыпаттары. “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ”. Бұл дала демократиясының қасиеттi қағидасы. Барлық iшкi-сыртқы саясат тек осы тұрғыда ғана жүргiзiлдi. Түпкi нысана – жауды дос, досты – тату ету, татудың басын бiрiктiрiп  түрiктiң еркiн елiн құрау, оны құдiреттi қағанатқа айналдыру. Ресми мәлiметтерге сүйенген дерек бойынша анықталған әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде сақтаулы тұрған 15 мың түрiк сына жазуының барлығының да негiзгi тақырыбы осы “мәңгiлiк ел” нысанасы. Ал мұндай мақсат қоймаған ұлыстың өмiр сүруге құқы да жоқ.

Өйткенi Көк түрiк қағанатының түбiне жеткен де сол алауыздық болатын. Өзге емес, бақталастық пен тақ таласын қоздырған қағанаттың көсемi Тоныкөктiң қызы, Күлтегiннiң туған жеңгесi, Бiлге қағанның қатыны (ханым деген сөз), Озмыш қағанның шешесi  Бөпе ханым жеттi. Өзара қырқысудан мезi болған Құлашор қолбасшы ыза кернеген кезде Мойыншордың әскерiне жалғыз шауып, үш рет ат ауыстырып мiнiп, ақыры дұшпанның қолынан қаза тапты. Бөпе табғаштардың “ханымы” атанып,  екi ұлынан бiрдей айырылып, өмiрiн табғаш қорғанының iшiнде өткiзi. Бұл да “Мәңгiлiк елдiң” шырқын бұзғаны үшiн Тәңiрiмнiң жiберген зауалы болса керек.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір