Сенбі, 27 Сәуір 2024
Талдау 8680 0 пікір 25 Маусым, 2014 сағат 14:30

ЖАНЫН ЖАРАТҚАНҒА ҰСЫНҒАН АҚЫН

  


Бұл жолғы өлең...  Әуелгі кезек осы өлеңдікі еді. Орайы бүгінге келіпті. Авторы – Өтеген Оралбайұлы. Өлеңнің аты – Әлһамдулилла, мұсылманмын. Оқып көрелік.

 

Әлһамдулилла, мұсылманмын,

Жанымды Жаратқанға ұсынғанмын.

Алланың құлымын мен,

Ла-ил-Алла,

Азанмен ақ тілекті ұшырғанмын.

 

Иә, мен мұсылманмын,

Мұсылманмын.

Бұрын мұны айта алмай қысылғанмын.

Ғылыми коммунизм елесіне,

Елігіп, атеист боп, «ысылғанмын».

 

Мұны айтпай аяр болып кергиім бе,

Сенімім шығады енді тер күйінде.

Жайнамаз жатты үйімде жасырынып,

Құран да «құрыптаулы» төргі үйімде.

 

Қиялмен талай жерден асатынбыз,

Аттаудан ала жіптен қашатынбыз.

Әкеміз намаз оқып тұрған кезде,

Аяқты ұшынан біз басатынбыз.

 

Күн жылжып,

Уақыт өтіп, жырақтар күн,

Сол күнге өлеңіммен сыр ақтардым.

«Ғылыми коммунизм» сынағында,

«Құдайға сенемін» деп, құлап қалдым.

 

Тұрмайтын осы пәнге көңіл сеніп,

Жыр болып жырақтатты жебір-жерік.

«Сен бұлай коммунизмге

Жете алмайсың»,

Деп еді Шәріпұлы Өмірсерік.

 

Шынымен жете алмадым бұл елеске,

Жете алмау сол кездегі мұң емес пе?

Ауылы коммунизмнің алыс тартты,

Оқыста құлағаным түседі еске.

 

Сол елес тарих шаңын жамылыпты,

Жаратқан жалп еткізді тағылықты.

Жүгенін сылдыраттым бұл уақыттың,

Құр атқа мінгендеймін жалы мықты.

 

 «Жанымды Жаратқанға ұсынғанмын». Бұл – иман. Жанын Жаратқанға ұсынған жанда ерік болмайды. Ол – пенделіктен де пәк. Пенде – адам. Адам – жанның қожайыны. Алайда адамға тән нәрсенің бәрін беруші – жан. Біз мұсылман деп соны түйсінген жандарды айтамыз. Онсыз еш ғибадаттан қайыр болмайды. Өкінішке қарай «Алла сендердің киімдеріңе емес, жүректеріңе қарайды» делінетін хадис Пайғамбар сүннетіне, яғни сәлде-шапанға қарсы қойылып келді де, хадистің шынайы мәні ашылмаған күйінде қалып қойды. Шынтуайтына келгенде, киім – тән де, жүрек – жан. Сондықтан тәнін мұсылман көрінісімен әдептеген жанның мұсылмандық киім үлгісімен киіндірілген қуыршақтан еш айырмашылығы жоқ. Өкінішке қарай қазір әлемдік деңгейде сондай «қуыршақ мұсылмандар» алдыңғы лекке шықты.

 Ұғынықтылық үшін айтайық. Дін ғұламалары мұсылмандарды үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші – жаны мұсылмандар, екінші – тәні мұсылмандар, үшінші – жаны да, тәні де мұсылмандар. Бірінші топқа «Жанын Жаратқанға ұсынғандарды» жатқызуға болады. Екінші топтағылар, сыртқы көрінісіне ғана мән беретін «қуыршақтар». Үшінші топ... Үшінші топ жыл өткен сайын қусырылып келеді. Өзге ұлыстарда там-тұмдап қана бой көрсетеді. Әзірге тұтастығын сақтап тұрған тек қазақтар. Иә, үшінші топтың иесі – қазақтар. Бір қарағанда біздің бүгінгі заманауиланыңқырап кеткен кейпіміз мұсылмандық ауылдан алшаққа қонғандай әсер қалдырады. Алайда оның өзіндік себептері бар.

 Жан – біздің Алладан алған аманатымыз. Тән – аманатты сақтаушы орын. Адам – сол аманатты иеленуші. Егер әлгі аманат болмаса адам өздігінен кірпігін де қимылдата алмайды. Жарайды. Бар өмірің ғибадатпен-ақ өтсін. Бірақ одан қайыр жоқ. Себебі, күнаһарсың. Аманатты өзім деп білесің. Ол, яғни, аманат, Саған, яғни «Менге» айналды. Меннің шын аты – пенде.

 Енді мына бір жайтқа мән берейік. Бір жақта бар өмірін ғибадатпен өткізген Сен тұрсың. «Сенді» діни ұстанымы бізден жоғары сияқты көрінетін барлық мұсылман елдері деп те қабылдауға болады. Ал екінші жақта «Жанын Жаратқанға ұсынған» қазақтар тұр. Қазақ – өлмей тұрып-ақ аманатты Иесіне қайтарған жалғыз ел. Байыбына барсақ, Иесіне қайтарылған жанның ендігі иесі – Алла. Сонда бірінші жақ кіммен текетіресіп тұрғанын біле ме?! Білмейді. Өкінішке қарай оны біз де толықтай ұғына қоймаймыз. Әзірге бізді сақтап тұрған нәрсе – қуыршақ мұсылманға айналып кетпеймін бе деген қорқыныш.

 Әлі бір жол өлеңнің соңында жүрміз. Бір жол өлең – ақынның мұсылманға берген анықтамасы. Осы бір жол өлең өздерін мұсылмандық өлшем деңгейіне көтерген қаншама елдердің діни ұстанымынан биік тұр. «Ала жіпті аттаудан қашу», «Әкеміз намаз оқып тұрған кезде аяқтың ұшымен басу» - барша қазаққа тән мінез. Ал ол – иманның көрінісі. Ондай «көріністер» өлеңнің өн бойында тұнып тұр.

 «Құдайға сенемін» деп «Ғылыми коммунизм сынынан құлап қалған» ақынға ұстазы «Сен бұлай коммунизмге жете алмайсың» деп налиды. Бұл жерде де иман мен имансыздық текетіресі көрініс береді. Коммунизм  және Алла. Соншама әспеттелген коммунизмге қадам бастырмай тұрған қуат – Аллаға деген сенім. Сол сенім бізді коммунизм табалдырығынан аттатпады. Ал дінсіздер... Иә,  олар коммунизм шуағын сезінді. Тіпті жан дүниесімен соның ішінде шомып өмір сүргендер де болды. Олар билік басындағылар, не ұры-қарылар емес, таза тақыр кедейлер. Өз идеясына имандай сенген нағыз коммунистер еді. Бағымызға қарай сол «ләззатты» сезінбеу тек имандыларға ғана нәсіп болды. Рас, имандыларда да сезім болды. Ол сезім коммунизмнің шынайы болмысы еді. Имандылар ақиқатты, яғни коммунизмнен жаннатты көре білді. Оны ұғыну үшін «Жаныңды Жаратқанға ұсынсаң» жетіп жатыр. Менің Өтеген ағам солай дейді.

          «Жалы мықты құр атыңыз» Сізді табыс биігіне көтерсін, аға! 

Құдияр Біләл

Abai.kz

0 пікір