Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 9329 0 пікір 27 Маусым, 2014 сағат 11:00

ЖҰМАМҰРАТ ШӘМШІ. ШОПАН ЖОҚ

 

Жуырда мен  Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданына қарасты Айыртау селосынан  келген Бұқарбаев Қырықбай деген алпысты алқымдаған ағамызбен дастархандас болдым. Әлгі ағамыз өмір бойы ауыл шаруашылығында  жылқы, сиыр, қой бағыпты. Енді сол Айыртау ауылында бес түлік малды бағатын бақташы, малшы, шопан  табу  мұң  болып тұрғанын  жеткізді ол маған. «Бұл тек біздің  ауылдағы жағдай емес, еліміздің  шалғайдағы  ауылдарында да  шопан жетіспейді. Жастар жағы  қалаларға  кеткен, бала-шаға мен кемпір-шал мал баға алмайды. Қазір денсаулығыма байланысты, зейнеткерлікке шығып жатырмын», —деді Қырықбай аға.

    Осындайда шіркін-ай, біздің ата-бабаларымыз әлемдік өркениетке малшылықтың қыры мен сырын үйретіп, Ортаазиялық шексіз кеңістікті игеріп, өнер мен ақыл-ойдың ғажап маржандарын жаратып, артына қазақ секілді елді қалдырып еді, сол ата  кәсіп—малшылықтан қазіргі таңда ат-тонын ала қашатын  ұрпақ өсіп шықты.  Амал не...

    Кеңес одағын қанша жамандасақта, ол кезде расында да шопандарға аса  көңіл бөлінген еді. Біздің ауылдан шыққан екі мәрте социалистік еңбек ері атанған аға шопан  Жабай Балиманов еді. Жабай 1893 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қарақамыс аулында дүниеге келген. Бұрынғы Өзбек ССР-і Бұқара облысының, Тамды ауданындағы «Ақтау» колхозында шопан болған ол әр 100 саулықтан 1957 жылы 132 қозы, 1963 жылы 170 қозыдан алды. Мемлекетке өткізілген Қаракөл елтірісінің сорты 1957 жылы—94 болса, 1963 жылы – 89,2 пайызды құрады. 4-рет Өзбек ССР жоғарғы Советінің депутаты, 3 рет Ленин орденімен және басқа медальдармен марапатталған.

    1960 жылдары жиналыстарға  барасыз деп, Жабай атаға ол кезде сирек шығып жатқан «Волга» автокөлігін сыйлаған. Жабай болса, балам жас, жүргізушім жоқ  деп «Волгадан» бас тартқан. Қазір «Ақтау» колхозы, ондағы орта мектеп, Ташкентпен Бұқара қалаларындағы көшелер Жабай Балимановтың есімімен аталады. (Қазақ кеңес энциклопедиясының 2 томы 131-беті) 1963 жылы Жабай Балиманов 70-ке толды. Бұл мереке ауданда облыстық дәрежеде үлкен салтанатпен атап өтілді. Мерекеге облпартком хатшысы Абдулла Сүлейменов, Сыдық Сатановтар қатысты. Осы жылы болса керек, «Ақтау» колхозына Жабай Балиманов есімі берілді. Ал 1993 жылы 100 жылдығына колхоз орталығынан қазақтың киіз үйі тәрізді музей үй тұрғызылды. Қазір Жабай атаның ұрпақтары тәуелсіз Қазақстанның Теміртау мен Жезқазған қалаларына  қоныс аударып көшіп келді.

      Бұл күнде Жабай Балиманов сияқты, Жаз-ата атанған Жазылбек Қуанышбаев сияқты ақтаяқтың киесін ұғып, ата-бабадан қалған мал бағу дәстүрін өркендетіп отырған жұрт кем. Оның үстіне жеңіл табыс табуға елдің бәрі жаппай ұмтылып, шопан кәсібі ұмытылып барады. Жоғарыдағы Қырықбай ағаның сөзі – сөз. Расында қазір ауылды жерлерде мал бағатын адам қалмай барады. Мәселе осы бетімен кете берсе, бір күні қазақтың ен даласы иесіз қалуы да мүмкін.

 

 Жұмамұрат  Шәмші,  тарих  ғылымдарының  кандидаты

Abai.kz

 

0 пікір