Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 6590 0 пікір 27 Маусым, 2014 сағат 11:33

Сол алғашқы материалым ыстық

1997 жылы бірінші курсты бітіріп, "Жас Алашқа" практикаға бардық. "Құласаң нардан құла" деп, бірден республикалық газетке тартыппыз...  Жанымда Байдалиева Гүлнара деген курстасым бар. Біз барғанда газеттің бас редакторы Төрехан Данияр екен де, орынбасары Қасым Әзімхан екен. Артынша Нұртөре аға келді. Дәурен Қуат, Роза Қараева, Талғат Ешенұлы, Абылай Сабдалин, Ғалымжан Мелдеш, Гүлнәр Жұмабайқызы, Сәлима Ысқақова, Гулзат Нұрмолдақызы, Айгүл Халықова сияқты журналистер істейді ол кезде. Жолдасбек Дуанабайдан тапсырма алып, бір батон нан мен бір "Фантаны" сатып алып, екеуміз алдымен тамақтанып алу үшін Горький паркіне бардық. Көк шөптің үстіне отыра қалып, батонды соғып алып, "Сайранға" тарттық. "Сайранға бар да сайранда" деген тақырыппен ең алғашқы ақпаратым 1997 жылдың дәл 28 маусымында жарық көргенін ешқашан ұмытпайтын шығармын. Тура сол күнгі газеттің төбесінде "Төртінші билік, төрге шық!" деген шапка болғаны да есімде. Содан кейін төрт жыл қатарынан "Жас Алаштан" тәжірибеден өттік, Роза апай, Сәкен аға, Дәурен ағалардың тапсырмасымен жыл бойына да материал жазып жүрдік, одан кейін осы газетте жұмыс істеп, үлкен мектептен өту бақыты да бұйырды. Талай мақаламыз шықты. Бірақ, сол алғашқы материалым ыстық! 

Кәсіби мереке қарсаңында "жасөркендік", "жасалаштық", "түркістандық" барша әріптестерімді құттықтап, дендеріне саулық, үй-іштеріне амандық тілегім келеді.

Журналистиканың арқасында дос-құрбы таптым, аға-әпке таптым. Ел көрдім, жер көрдім. Ең алғаш 17 жасымда журналист ретінде (студент ретінде емес) үлкен сенім артқан Кәкен Хамзин ағайыма алғысым шексіз! Ерінбей шимай-шатпағымызды қарап, жөн сілтеген, жол көрсеткен Роза апайым мен Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат ағайларыма да алғыс айтамын. Әр кездері тәжірибемнің жоқтығына қарамай, сенім артқан Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Паттеев, Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Әбдіхамитов, Мереке Құлкенов сияқты азаматтарға ризашылығым зор. Сондай-ақ, үнемі қолдау білдіріп жүретін, қиын күндері тек моральдық жағынан емес, материалдық жағынан да көмегін аямаған Сейітқазы Матаевқа алғысым зор. Жалпы, алғыс айтатын адамым көп екен. Баршаңызды  кәсіби мерекемен құттықтаймын, достар! Бар болайық, аман болайық!

(Жұлдыз Әбділданың www.facebook.com жеке парақшасынан алынды)

 

0 пікір