Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Ақмылтық 4999 0 пікір 15 Шілде, 2014 сағат 10:13

Мұхтар ШЕРІМ. ҚАЛТЫРАТҚАН «ҚАҚПАН»

Ол кезде (сексенінші жылдары) облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа тұру дегеніңіз қиямет еді.  Сатира жазып, аты-жөнім енді танымал болып келе жатқан кезім, жаспыз, «Шақ-шұқ» атты әзіл әңгіме жазып, сол арқылы әрең дегенде, редакцияға қабылдандым. «Апта сайын апалатады» демекші, апта сайын «Қақпан» сын-сықақ бұрышы шығып тұрады екен, соның құлағынан шап беріп ұстай алдым да, фельетондарды бұрқыратып, тіпті шаңдатып жаза бастадым.

    Бас редактор Әмірсейіт Әлиев ағамыз тікелей бастығым Мархабат Байғұт қол қойып берген жазбама шұқшия қалады. Кей жеріне жымияды, кей жеріне қабағы түксиіп кетеді. Қаттылау кетіп қалған жерімді  сызып тастайды да: «Обкомнан пәлеге қалармыз» деп қояды. Ол кезде облыстық партия комитеті дегеніңіз –жарты құдай...  Шыны керек, «Қақпан» арқылы талай жемқорлар мен бюрократтарды қалтыраттым.  Керек десеңіз, аудандық партия комитетінің хатшыларының өзі жол сапарға шыға қалсам, жарты жолдан күтіп алатын, қазір ғой, сыналғандардың сауырына су жұқпастан, әкім болып, «өсіп» кете беретіні... «Қақпанда» небір мықтылар сыналып жатқанымен, аудан әкімінен ары аса алмайтынбыз. Цензура мықты... Сыра сатушылар бес теңге жеп қойғаны үшін жауап беретін заман еді. Бірде  Түркістан қаласындағы бала бақша меңгерушісін сынап, «Алақаны қыши береді...» атты фельетон жаздым. Бала бақша меңгерушісі біраз ақшаны қылғытып қойған... Содан сотқа берсін. Тіреуі мықты апай екен, сотта сілікпемді шығарса бола ма... «Неге менің алақаным қышиды? Алақанымды қасып бермек пе? Менің алақаным қышымайды, мұздап тұрады... Қай жерімнің қышитынында не жұмысы бар?» деп дірілдегенде, алғаш не айтарымды білмей қалдым. «Апай, бұл дегеніңіз фельетонға керек тәсіл ғой, гротеск...» десем, «Қандай тесік болса да, жауап бересің!» деп тұрып алды. Әрең дәлелдеп шықтым. «Қақпанның»  қызығы өз алдына, осындай «шыжығы» да болып тұратын.  Ол кезде қазіргідей диктафон, видео камера жоқ. Деректерді блокнотқа жазып аламыз. Бір фельетон жазу үшін екі блокнот толтыратынмын, анықтама, құжаттардың өзі бір папкі болатын. Фельетонды «ішіп қойды, жеп қойды» деп сүйкей салуды жаным жек көреді. Оқырманның айызын қандырып, кейіпкерімді «талдырып», небір тәсілдерге салып жазатынмын. Сондайда достарым: «абайласаңшы, атып кетіп жүрер...» деп әзілдеп қоятын.  Атып кетеді демекші, бір күні біреу телефон соғып:

–Шерімов сіз бе? – деп сұрады.

–Ия, менмін...

–Сізді қай жеріңізден атайын? Маңдайыңыздан? Аяғыңыздан?

–Сіз кім едіңіз?—деп сұрадым мен сыр білдірмей. Дегенмен, денем мұздап кетті. Тапа-тал түсте ата салатын кім өзі? Не болып қалды? «Қандай мылтықпен атады екен-ей? Аяғымнан ата салса ғой ...»- деп те ойлап қоямын. Жаспыз ғой енді...

–Шерімов, өткенде менің ағам туралы фельетон жазыпсыз. Сол ағам үшін атамын! Жалғыз ғана оғым бар. Сол жетеді сізге! –деп тұр бейтаныс біреу. Сөйтті де, тұқтқаны қоя салды. Қатты қорықпасам да, ойланып қалдым. Кабинетке жымсиып, сап-сары болып, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Слам Нұрмағамбетов ағам кіріп келе жатты. Оңашалап, жағдайымды айттым. «Өй, ол кісіні танимын, өзі есерсоқтау кісі. Атса ата салады...» деп отқа май құйып жібергені. «Жұмыс орнына ертіп барып, жағдайды реттейін» деп уәдесін де берді. Аңғал басым, Құдайдай сеніп, Слам ағамның артынан ере бердім. Қырғы базарға жақындаған кезде «сыра ішіп алайық» деп қойды. Тамсанып. Жымиып. Мен сыра ішпеймін, ілмиген біреумін, асқазаным ауырады. Таңертең айлық алғанбыз, сыра әпердім. Слам ағам асығар емес, төрт «күрішкені» тұмсығына көтерді. Шөлі басылған соң: «Әй Мұхтар-ай, аңғалсың-ау, аңғалсың, саған телефон соққан мен едім ғой! Қағазды тұтқаға қойып, даусымды өзгертіп... Сыраға түсірейін деп едім...» де-е-еп тұр. Қуанғанымнан күліп жіберіп, тағы екі күрішке сыра әпердім.  Тірі қалдым ғой!  Е, айтпақшы, өз кейіпкерімнің ресторанға отырғызғаны бар! «Өлтіре» сынаған кейіпкерімді айтамын да... Бірде кезекті лездеме өтіп жатқан. «Қақпанда» жарияланған «Мен – Долбаевпын!» фельетонымды Еркін Қыдыр, іле-шала Нұрлан Кенжеғұлов мақтап жатқан. Бір кезде... бір кісі есіктен сығалап: «Кешіріңіздер... Мен...»- деп тұрып қалды. Бас редакторымыз Әбекең: «Сіз кім едіңіз?» деп сұрады. «Мен – Долбаевпын!»-деді ол. Фельетонымның тақырыбы да «Мен – Долбаевпын...». Байдулла Қонысбеков ағамыз бастап, Иса Тасқұлов бауырым қоштап, бәрі күліп жіберсін! Анау ыңғайсызданып қалды. Сөйтсем, бас редакторға менің үстімнен арыз айтуға келіпті. Бір сот танысы «дем» берсе керек, жалы күдірейіп, «Мен сені құртамын! Менің ішкен жегенім дәлелденбеген! ОБХСС әділ тексермеді. Ол берген құжаттар жалған!» деп байбалам салып кетті. Шынында танысы мықты екен, сотқа шақырды. Обкомнан да «кешірім беріңдер» деген бұйрық түсіп жатты. Ақырында Әбекеңнің ақылымен «Қақпанымды» қимай, жұмыстан шығып кеттім. Артынша Алматыға барып, «Ара-Шмель» журналының оңтүстік облысындағы тілшісі қызметіне қабылданып қайттым. Бірде көшеде келе жатсам, Долбаев келе жатыр! Негізінде ақ көңіл жан екен, мені құда баласындай  көріп, құшақтасып көрісті. «Араға» орналасыпсың, құтты болсын, мен болмағанда «Оңтүстікте» жүре берер едің!» деп қояды сөз арасында... Асығып тұрсам да, қоярда қоймай, «Шымкент» қонақ үйінің астындағы ресторанға ертіп апарып, сыйлап жіберді. «Біздікі пендешілік қой, негізі саған қиянат жасадым, кешір, інім...» дегенде, көзіме жас келмесе де, жаңадан үйреніп жүрген орысшаммен: «нешауа, нешауа...» деп қоямын.

   Е-е, қайсы бірін айта берейін, «Оңтүстік Қазақстанның» «Қақпанын» қайрақтап жүріп, небір қызықтарды бастан кешірдік қой. Сарыағаш ауданындағы тұрмыстық қызмет комбинатының директорын сынаған «Шатақ шалбардан шықты» фельетоным үшін Әмірсейт Әлиевтен сөгіс ала жаздағаным да бар.  Сол күні өзім «свежий глаз» едім. Кезекші Сәділ Кәдеев ағамыз-ау деймін, есімде қалмапты... Ол кісімен қосарланған күні маған рахат. Бүкіл беттерді тек өзі оқиды. Мен әшейін екі қолымды қалтама салып, ысқырып жүремін.  Корректор апайлар әзілдің түбін түсіретін еді. Сол күні «Қақпан» беттеліп жатқан. Бір апайым «Шатақ шалбардан шықты» тақырыбындағы «шатақ» сөзінің бірінші әрпін өзгертіп, орнына «Т» әрпін қоя салыпты. «Қызық» жасамақ болып. Қызығы шыжық бола жаздады. Газет беттеліп жатқанда, жауапты хатшының орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов баспаханаға жетіп келді. Көздері бақырайып кетіпті. Келе салып, газет басуды тоқтатты... Енді... «Шатақ» сөзі өзгеріп кетті ғой! Ертең обкомдағылар оқыса, «бітті Бәтима» болады ғой! Әбекең шақырды. Түнеріп кеткен. «Тақырыпты осылай қойдың ба?» деп сұрады. Түп нұсқаны көрсеттім... Не керек, газеттер өртелініп, бір қатерден аман қалдым!

   Е, айтпақшы, тағы біір қызық қалып барады екен ғой! Күз айы болатын. Қала шетінде тұрамыз. Жаман «жигулиім» бар.  Жүрсе тоқтамайды. Тоқтаса, от алмайтын. Сол көлігімнің рулі сынып қалды. Қара суыққа дейін есік алдында қаңтарылып тұрды. Бір күні ескі руль тауып әкеліп, алмастырып қойдым. Ертеңіне от алдырып, көк түтінін будақтата зымырайын. Ол кезде тәртіп тәлтіректемеген, өте қатал, жұмысқа бір минөт кешіксең... Қала ішіне кіргенім сол, аялдамада тұрғандар күлісіп, енді бірі таңырқап жатты. «Не болып қалған, мыналарға?» деп қоямын ішімнен. Қатарласа озып бара жатқан шопырлар да жымың-жымың ете қалады. Мен де жымыңдаған боламын. Не болғанын білмесем де... Содан орталық көшемен зулап отырып, редакция ауласына кірейін. Бас редакторымыз Әбекең дәретханадан шығып келеді екен, мені көріп, таң қалды. Аузы ашылып қалыпты. Ойымда ештеңе жоқ, қол беріп амандасып, «Жигулиімнің» төбесіне қарасам, үш леген құрт тұр ғой! Көлігім есік алдында ұзақ тұрған соң, «мәмішкем»  ақ құрт жаятын орынды жүдә әдемі жерден тапқан дә... Ал мен назар салмастан жүріп кеткенмін. Легеннің асты күздің қырауына қатып қалған. Көшедегілер күлмей қайтсін енді? Сол құртты Төрехан Рамбердиев, Слам Нұрмағамбетов, Оразхан Жарқынбеков ағаларым «кәделеріне» жаратты... Жақсы «зәкөске» болады екен ғой. Анам телефон шалып, ренжіп жатыр: «Ойбай, легендерімді қалдырып кетпе!» дейді. Міне, «Қақпандағы» қызықтардың бір легі осындай! Бүгінде қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетіне тоқсан жыл толғалы отыр. Мен өзімді осы шаңырақта қызмет еткенімді әрдайым тамсана еске алып, мақтаныш тұтамын. Мерекелеріңізбен, әріптестер!

 Мұхтар ШЕРІМ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

«Ара» газетінің арнаулы тілшісі, жазушы-сатирик.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1400
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1232
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 988
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1064