Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Мәйекті 4566 0 пікір 16 Шілде, 2014 сағат 12:33

Әңгімесі түзу әлеуметтік министр

Әңгімесі түзу әлеуметтік  министр

Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрілігі кешегі Наталья Коржова ханымнан бастап «таяқ жеумен» келеді. Әсіресе Коржованың тұсында аталған министрлік бұқаралық сыннан көз ашпаған еді. Экс-министрдің өзі де әлеуметтің тарапынан естімген сөзді естіп жүрді. Газет біткен шөмелесін төбесіне үйген сүйкімді министрді мінеп жататын. Телеарналар да оның көрікті жүзін көрсете отырып жерден алып, жерге салатын-ды. Иә, дегендей-ақ, ол кезде әлеуметтің әлеуметтік ахуалы тұралап тұрды. Мемлекет әлеуметтік жауапкершілік пен жәрдемақылардан барынша тиылып, бұқара халық қатты қиналды. Сол кезде ашу-ызаға булыққан жұрт бәрі  әлеуметтік қорғау министрілігіне тіреліп қалғандай министр ханымға қарап тіл безейтін еді (қазір айтуға ыңғайсыз, саржағал басылымдар Коржованың басынан бақайшағына дейін сүзіп сөз қылып жүрді).

Коржовадан кейін министрлік орынтаққа жайғасқан Әлихан Бәйменов жекелеген БАҚ қожайындарымен қарым-қатынасының түзулігі арқасында ауыр сыннан ептеп сытылып кететін. Оның үстіне, өзімен бірге қандай да бір реформаларды ертіп алып, жаңалығымен, жаңашылдығымен көзге түсетін Бәйменов әйтеуір әлеуметтік саладағы әжік-күжік әңгімеге аса көп ұрына қойған жоқ. Алайда, бұл бәрін Бәйменов тыныдырып кетті деген сөз емес. Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрілігі Бәйменовтың кезінде де қиын жағдайды бастан кешті. Экс-министрлер Гүлшара Әбдіхалықова, Серік Әбденовтер де әлеуметке жағымды жаңалық, жылы сөз айта алмай кетті. Серік Әбденовті зейнетақы реформасына орынсыз ұрындырып басын дауға салған билік тіпті оны орыстілді баспасөздің мазағына қалдырды. Әйтпесе, Әбденов істің жөнін білетін жігіт еді.

Осылайша  «ит мініп ирек қамшылап» келе жатқан Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрілігінің жұмысы Тамара Дүйсенова ханымның тағайындалуымен кенет жандана бастаған сияқты. Расында, бұл саланың қызметі   Дүйсенова келісімен дүрілдеп кете қойған жоқ, бірақ, министрдің сөз ләмі әредік әйдік елге ұнап қалуда. Мысалы, ол Астанада баспасөз өкілдерімен кездесу барысында Мәсімов пен Серік Ахметов Үкіметі шорт тоқтатып тастаған қазақ көшінің түйінін бір-ақ ауыз сөзімен тарқатып жіберді. «Этникалық қазақтарға, - деді министр, - бір жылдың шегінде азаматтық беріледі. Үкімет белгілеп отырған аймақтарға қоныстанатын оралмандарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыралады».

Көші-қонның шаруасы әлі нақты шешімін таба қоймады, дегенмен де істің беті бері қарағаны туралы әңгіме министрдің аузымен айтылды. Енді міне, Тамара Дүйсенова зейнетақы төлемдерін қайта есептеу жөнінде жамиғатқа жағымды жаңалық таратып отыр. Министрдің сөзіне қарағанда, зейнетақы жүйесіне енгізілетін жаңа өзгерістер 2017 жылдың 1-ші шілдесінен басталмақ. Бұл мақсатқа бюджеттен бір жылға 275 миллиард теңге қарастырылады. Сөйтіп, 2017 жылдан бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысуына қарай төленбек. «31» арнаның жаңалықтар қызметі министрдің сөзіне сілтеме жасай отырып, «еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне 10 жылға дейін қатысқандар күн көріс деңгейінің 50 пайызын алады. Ал еңбек өтілі 20 жылға дейінгілер 70 пайызын, 35 жылдан асса  күн көріс деңгейнің 100 пайыз шамасында зейнетақы тағайындалады. Бұған дейін ұзақ жыл тер төккендер, жұмыс істемей шыққандармен бірдей зейнетақы алып келген еді. Ұзақ жылдар дау туғызған мәселені Еңбек министрі түбегейлі шешеміз деген ойда» деп хабарлады.

 

- 2018 жылдан бастап барлық жұмыс берушілер міндетті 5 пайыз зейнетақы жарнасын төлейді. Бұл біздің 2020 жылға дейін жасап отырған тұжырымдамаларымыз, дейді министр.

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1235
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1209