Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Мәселенің мәні 5725 0 пікір 16 Шілде, 2014 сағат 19:11

Рақымшылық байларға ғана жасалып жатқан мүмкіндік емес

Бірде осы «Abai.kz» сайтынан Мұқтар есімді бір оқырманның рақымшылыққа қатысты: «Ұрланған ақшаға рақымшылық жасау деген ұрлықшыны ақтау болып табылады» деген пікірін оқыдым. Шындығына келсек, біздің кейбір «комментшілеріміз» ғаламторда отырып алып, біреуді сыртынан сөзбен «сойып» салуға құмар-ақ. Өкініштісі, Мұқтар сияқтылар істің байыбына барып, әңгіменің түп-төркінін түсіне бермейтіні.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Айтайын дегенім, Мұқтардың пайымдағанындай, бұл «өсіп келе жатқан жастарға қанша ұрлық жасасаң да артынан кешірім болатынын ұлықтау» емес. Ақшаның «ағыны» деген ұғым барлық қоғамда бар. Ондай болмаса, өркениетті елдердің өзі ақшаға рақымшылық жасамас еді ғой. Бұл жерде «жақсыдан үйренгеннің» ешқандай да сөкеттігі жоқ. Үкімет халықаралық тәжірибеге сүйеніп қадам жасамақ болып отыр.

Екіншіден, бұл рақымшылық тек ақшаға ғана қатысты емес. Дүние-мүлікті де заңдастыруға болады. Қазір кез-келген қалада заңсыз салынған үй-жайлар жетіп жатыр. Көптеген қазақтар үлкен қалалардың шетінен үй салып алуда. Бірақ сол үйлердің көбісін тіркемей, салық төлемей тұра береді. Бір жағынан немқұрайдылыққа жол берсек, екінші жағынан заңсыз салынған үйлер азаматтардың әртүрлі әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалануына кедергі келтіреді. Үшіншіден, тіркеуге алынбаған ондай үйлер экономикалық жоспар жасауға да жағымсыз ықпалын тигізеді.

1 шілдеде мемлекет басшысы қол қойған рақымшылыққа қатысты заңның қазақстандықтарға, оралмандарға және елімізге белгілі бір мерзімге тұруға келген азаматтарға қатысы бар. Ақиқатына келсек, оралмандардың көпшілігі үйсіз-күйсіз жүр. Ал, өзінше тірлік жасап, басына баспана тұрғызып алғандары онысын тіркемеген. Сондықтан, шеттен көшіп келген қандастарымыз да мемлекеттің өздеріне жасаған қамқорлығын дұрыс пайдалануы керек. Рақымшылық деген тек бай-бағландар мен «қалталы» шенеуніктерге ғана жасалған мүмкіндік емес. Осыны ұмытпаған абзал болар.

Сонда баспанасын заңсыз салып алғандар не істеуі керек? Бар болғаны жергілікті жерлердегі рақымшылық комиссиясына барып, үйін заңдастыру туралы арыз берсе жетіп жатыр. Бұл жерде баспананы тіркемей, салық төлемегендіктен «мемлекет үйімді тартып алады» деген қорқыныш болмауы тиіс. Себебі, мемлекет рақымшылық шарасында ол баспананы қалай салғанын, ақшаны қайдан алғанын сұрап жатпайды. Керісінше, олардың барлық заңсыз іс-әрекеттерін кешіреді.

Біздің қоғамда нақты шешімін күтіп тұрған мәселенің бірі – жер мәселесі. Бұл жолғы рақымшылық жұртты алаңдатқан жер мәселесін де оң шешуге мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін халықтың өзі аталған шараны дұрыс түсінуі керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков былай дейді: «Біз жердің де, судың да сұрауы бар кезеңге келдік. Көптеген өңірлерде жайылым, егістік жерлер жетіспейді. Бір шаруа келіп: «Мынау менің жерім» дейді. Бірақ қолында ешқандай құжаты жоқ. Өзінше қожа болып жүреді. Заң бойынша, сол жерді 3 жылда игермесе, басқа адамға берілетінін білмейді. Мысалы, колхоз, совхоздар тарағанда елдің бәріне пай берілді. Егер қазір сол үлесі жөніндегі қолында бір қағазы болса, сотқа барып, өзінің жерін заңдастыруына болады».

Мүлікті жария етумен әкімдіктердің жанындағы арнайы комиссиялар айналысады. Мысалға, баспанасын немесе жерін заңдастырғысы келген адам арызын, өзінің жеке басы куәлігінің көшірмесін комиссияға тапсырады. Ал, өз кезегінде комиссия бұрын тіркелмеген мүлікті толық зерттейді. Одан кейін, сарапшы-мамандардың әлгі мүлікке қатысты берген қорытындысын жылжымайтын мүлікті тіркейтін органға тапсырасыз. Айта кетелік, мүлікті жария етуге қатысты екі нәрсені ескерген жөн. Біріншіден, мүлкін жария ететін адам оны тіркеуге қатысты шығындарды, құқық белгілейтін және құқығын растайтын құжаттарды дайындауға жұмсалатын шығындарды өзі көтереді. Бұл – әрбір адамның қалтасы көтеретіндей ғана шығындар. Екіншіден, Қазақстанның аумағынан тыс жерлердегі мүлікті жария еткені үшін 10 пайыз мөлшерінде алым өндіріледі.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1547
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1426
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1176
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1172