Сенбі, 27 Сәуір 2024
Арандату 4894 0 пікір 17 Шілде, 2014 сағат 15:17

ҚОСТАНАЙДА ПЫШНЯКТАР ЖҮРГЕН ЖОҚ ПА?

 

 Шынымды айтсам, мен кейінгі кездері Ресей мен Украина арасы ушыққаннан бері осы көршіміздің телеарнасын, әсіресе, жаңалықтарын көруді мүлде доғардым. Жаңалық деп ат қойғандарының бәрі шылғи өтірік пен өсекке толы, тек Украинаны жамандауға құрылған ашықтан-ашық ғайбаттау ғана. Мүмкін ол әбден зомбиланған Ресейдің қалың жұртына ұнайтын шығар. Ал мен мұндай хабарларын көзім шалып қалса, құсқым келеді. Сыңаржақ, шовинизмнің сасық исі мүңкіп тұрған жаңалықсымақтар әбден мезі еткендігі рас.
    Алайда баяғыда біреу "Әкесін сабағанды көріп едік, әйтсе де әкесін арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көруім" деген екен. Сол секілді Ресей журналиситерінің талай көкігендігін білетін едік, мынау тіпті сорақысы екен. Біздің Қостанайда шығатын "Наша газета" деп аталатын апталықтың жазуына қарағанда осы айдың 12 шілдесі күні, яғни  сенбіде Ресейдің "Бірінші арнасының" "Время" атты бағдарламасында Украинананың Славянск қаласынан босып келдім деген Галина Пышняктің сұхбатын жариялапты. Бұл әйелдің әңгімесін естісеңіз төбе шашыңыз тік тұрады. Славянскіге кірген Украина әскерлерінің жауыздығы шектен асыпты. Олар қаланың орталық алаңына жұртты жинап алып қатты қинаған. Дүйім жұрттың көзінше бір әйелдің баласын бақанға керіп тастап, өзін танкінің құйрығына байлап алып, сілікпесі шығып, өліп қалғанша қала ішінде сүйретіп жүрген көрінеді. Мұндай сұмдықты естіген көрерменнің не ойлайтындығы түсінікті. "Ойбай-ау, мыналар шынымен де фашистер екен ғой, Анау азапқа түскен азаматтарды құтқаруға аттанайық" деп өре түрегелетіндігі айдан-анық.
    Ал сұмдығы сол, бұл әйелдің айтқандарының бәрі шылғи өтірік болып шығыпты. Біріншіден, бұл әйел Славянскіден емес, Донецкіден келген көрінеді. Екіншіден Славянск қаласында орталық алаң деген мүлде жоқ екен. Үшіншіден, осы Пышняктің өзінен басқа, бұл жайтқа куә болатын жан табылмапты. Демек, не теледидар мәселенің мәнісіне бармастан осы сұхбатты бере салған да, немесе бұл Украина жұртын жауыз етіп көрсету үшін әдейі істелінген арандатушылық. Біздіңше, бұл екіншісіне келіңкірейді. Өйткені қазіргі Ресейдегі өтірік пен өсектің қаулап тұрғандығын ескерсек, мұндай ақпараттық қастандыққа таң қалуға болмас.
    Ал жалпы мұндай арандатушлықтың бастау алып жатқан жері бар көрінеді. Оған мына жайт себеп болса керек. 9 шілде күні бір философсымақ Александр Дугин деген (кім екендігін шамалап отырған боларсыздар) өзінің "Фейсбугінде" біреулердің өзіне "Украинада бір жас баланы бақанға байлап кеткендігі туралы айтқаны бар" деген жазба қалдырған. Міне, ешбір фактіге негізделмеген, базардағы бір шайпауыз әйел айтты деген өсек Ресей мен Украинаны аралап кеткен. Мына "әсіре евразияшыл" Дугиннің Украинадан бөлінеміз деп қару алып күресіп жатқан сепаратистердің арасында да тілектестері көп екендігі ескерсек. бұл арандатушылықтың қайдан шыққандығын бажайлау қиын болмас.
  Осы орайда мынадай ой туындайды. Біздің елдің ақпараттық кеңістігін Ресейдің біржолата жаулап алғандығын ескерсек, мұндай арандатушылықтың қайда әкеліп соғатындығын айтып жатудың өзі артық.
      P.S.  Айтпақшы, жақында ғана бүкіл елімізді шулатқан Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Дружба ауылының әкімі шақырған осындай украинаналық босқындардың ішінде әлгіндей Пышняктардың болмасына кім кепіл?

Мұратбек Дәуренұлы.
Қостанай.

0 пікір