Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 10020 0 пікір 21 Шілде, 2014 сағат 10:12

СЫРТЫ СҮЙКІМДІ, ІШІ БІРТҮРЛІ...

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының  назарына!

Таяуда қолыма қаламгер Орынбай Жанайдаровтың 2013 жылы Алматы қаласында «Сораба» қоры шығарған «Қазақ жерінің жүз аңызы» атты қос кітабы түсті. Кітап үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріпті. Көлемі үлкен, көркемсуретті, мұқабасының өзі де ерекше бедерленген. Қос томдық Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұрынғы атауы – автор.) Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылған.

Кітапты қолға алып, парақтап, қазақ жерінің небір тарихқа толы, аңызға толы көз тоймайтын  суреттеріне қызыға қарап, тамсана отырып, жазушының еңбегіне ризалығымды білдірдім. Үш тілдегі мәтінді де бір өзі жинастырып, өзі жазған болуы керек, қосымша авторлар көрсетілмепті, ал фототүсірілім авторлары біршама екен. Корректоры да, техникалық редакторы да бар. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі тұтас екі бетті алып жатыр. «Ерің еңбектенген-ақ екен» деп ойладым. Бұл бір жалпы жұртшылық үшін, оның ішінде, әсіресе ұстаздар мен оқушылар үшін таптырмас құнды альбом-кітап болды-ау дедім. Қазақ жеріне келген шетелдік қонақтарға, елден жырақта тұрып жатқан қандастарымызға сый-кәде ретінде ұсынуға, ең бастысы, мен сияқты әжелер, аналар өсіп келе жатқан қаракөз балаларына, немерелеріне оқып, айтып беретіндей жер-су атауларын қамтыған аңыздар жинақталған салиқалы еңбек дүниеге келіпті-ау деп сүйсіндім. Оның үстіне кітаптың аннотациясындағы түйінді пікірлер де елең еткізді. «Топонимикалық аңыздар – әу баста дәлдікке негізделген, елді мекендердің немесе басқа да географиялық атаулардың шығу тегін сипаттайтын халық ауыз әдебиетінің жанры. Бұл аңыз-әңгімелерде халықтың тұрмысы мен менталитеті көрініс тапқан» делініпті.

Осындай іргелі еңбек жазған, үш тілде бірдей қалам көсілткен кітап авторы кім екен деген қызығушылық та пайда болып, интернет бетін шарладым. Көкшетаудың тумасы, педагогикалық институттың түлегі, мамандығы бойынша орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы екен.

Неге екенін қайдам, кітаптың аңдатпасын оқыған сәттен бастап біртүрлі алаңдаушылық пайда болды. Ең алғашқы жолы былай басталыпты:  «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйақысының (Бұдан әрі - курсив біздікі) және Мағжан Жұмабаев атындағы сыйақы лауреаты, Көкшетау Гуманитарлық экономикалық Университетінің құрметті профессоры Орынбай Жанайдаровтың «Қазақ жерінің жүз аңызы» кітабы Ұлы Дала халқының бай ауыз әдебиетінің аңыздарының өзіндік бір жинағы болып табылады». Осы бір ауыз сөйлемде қаншама сөлекеттілік жатыр десеңізші. «Сыйлығы» «сыйақысы» болып, бас әріпті қажетсінбейтін сөздер бас әріппен жазылып кеткен. Аңдатпадағы басқа да сөздердің өз мәнінде қолданылмауын, жіберілген емле қателерін тілге тиек етпедік. Ең бастысы автор аңдатпа соңында  аңыздардың қазақ тілінде әзірленіп, орыс тіліне, сонан соң ағылшын тіліне (орыс тіліндегі мәтінінде) аударылғанын (аударған да автордың өзі болуы керек) қадап айтқан екен.

Ендеше, төл тілімізде жазылған аңыздарға көшелік. Алғашқы әңгіме «Топан су жөніндегі аңыз және Қазықұрт тауы» деп аталыпты. 12-беттегі мына бір сөйлемге назар аударайықшы. «Оның дәлелі болып еліміздің түпкір-түпкірінде: Қызылтауда, Бөрікқазғанда, Шақпақ-Атада, Семізбұғыда, Ботайда және т.б. табылған көне адам қоныстары табылады». Осы курсивпен белгіленген екі сөздің біреуіне синоним қолданған дұрыс болмас па? 15-беттегі «бойыншга», 19-беттегі «қазықұрт» сөздеріндегі қателерді айтпағанда, «... түйе, жылқы, іріқара мен қойлар аман қалған.» деген сөйлемдегі «іріқараның» өзі жалғыз сиыр емес, түйе мен жылқыны да қамтып кетпей ме? (15-б.)

Сауатсыздың көкесі үшінші аңыздан атойлады. «Хундар (Ғұндар) салған Талас (Тараз) қаласы туралы аңыз» кітаптың 22-37 беттерінде берілген. Осы аңызда стильдік, орфографиялық, пунктуациялық қателерді қоса алғанда 53 қате «мен мұндалап» тұр. Соның негізгілерін тізбектеп өтейін:

1)  «Бұл жайлы қытайлық тарихшы Бань-Гу в «Хань патшалығының кітабы» еңбегінде...». (Осында «в» әрпі не үшін керек болды екен?) (22-б.)

2)  «... Орталық Азияның үш ірі мемлекеттерінің бірі...» (Үш деген сан есім көрсетілген соң көптік жалғауы артық). (22-б.)

3)  «Ол ескі жауымен батыл шайқасты, бірақ оның басы жеңіс алтарының орынан жеңілістің кеспелтек тақтасында болды...» (Мықты болсаң, түсініп көр!) (23-б.)

4) «... Бұл құпия саясаты тәңірқұт ғұндары тым кеш түсінген...» (Мүмкін «саясатты» шығар). (23-б.)

5) «Оның бастағанының барлығын жаңа қасіреттерге жетеледі» (Мықты болсаң, түсініп көр!)

6)  «...ешнәрсеге қарамастан соңына дейін азаттығы үшін күресу ұйғарды...». ( «еш нәрсе» бөлек жазылады, «күресуді» деп өзімізше оқыдық!) (24-б.)

7) «Алтайды, Тарбағатайды қаңғыған қашқындар Іле өзенінің жағалауындағы анасынан айырылған ботадай зарлай келген және өздерінің арасына сіңіскен...». (Не түсінуге болады?)

8) «...тәңірқұт Хухание солтүстік халқын артына түсуді мүлде ойламас еді...». 

9) «Қаңлы мен ғұндардың бір ғана одағы Юань-ди патшаның елеңдеуге мәжбүрледі...». (27-б.)

10) «Мұнда жауды алдын алу, қабырғаларымен қорғануға болады деп түйді».

11) «Орталық патшалықтың өзіне қарсы бекініс көтерін соның тәсілін өзіне қолдану дұрыс болар ма деп шешкен.»

12)«Қазақ халқының құрылу мен қазақ халқының бірегей өзегі болып табылатын үш негізгі жүздерді құрау тарихын осы жерлермен ажырату мүмкін емес...». (46-б.)

13)«...қаңлы иелігінің шекарасынан маңынан өтіп Ыстық көл өзенінің батыс жағалауларына дейін жеткен». («Өзенге» күдіктеніп, орысша мәтінін қарасақ, «озера» деп берілген екен. Осы іспеттес қате Алакөлге де қатысты кеткен. Тағы бір аңыз «Алакөл өзені туралы аңыздар мен хикаялар» деп аталады. Орыс тіліндегі мәтінінде «озера» яғни, бізше «көл.»).

«Теңіздің дәмін білу үшін оны түгел ішу шарт емес, тамшысынан-ақ білуге болады» деген қанатты сөз бар. «Қазақ жерінің жүз аңызы кітабының» алғашқы томынан-ақ алқымнан алған ағаттықтар алдымыздан шықса да,         ІІ томнан күдер үзбедік, оқып қарадық. Алайда үмітіміз ақталмады.                  ІІ томдағы «Хантәңірі туралы аңыздағы» сансыз сөлекет сөйлемдерден аздаған мысал келтіре кетейік:

1)  «Тәңірі персонификацияланған ер құдайдың бастамасы, адам, халық пен мемлекеттің көрсетеді, ежелгі түрік мифологиясы шығады».        (19-б.)

2) «Полярлы жұлдызға Тәңірі аспан жылқысын жалғастырып қойды, жұлдыздар мен шоқ жұлдыздар, олар барлық аспанмен жүреді».

3)  «Күркіреу мен Найзағай найзағай кезінде Тәңірі құдай мен адамдарға кедергі жасайтын зиян келтірді».

4)  «Тәңірі адам тағдырымен иелік етеді».

5) «Тәңірінің үлкен ұлы Гэсер, оның әкесі адамдарға әр түрлі ерлік жасау үшін жіберді». (23-б.)

22-беттегі бір абзацта «барлығын», «барлық», «барлығында», «барлығы» сияқты төрт бірдей жалпылау есімдігін қолдануы автордың тіл жұтаңдығын көрсетсе керек.

Неге екені белгісіз, тәржімалауға тісі батпады ма, осылай беруді оң көрді ме, «Маңғыстау аңыздары және хикаяларында» Ибн Наджиб Бекранның, якут саяхатшысының, Т.Г.Шевченконың пікірлері орыс тілінде берілген. Осындағы «Сельджук», «Альп-Арслан», «Лондон Королдік», «Баба-түкті-шашты-азиз» сөздерінде қаншама қате бар десеңізші. (29-б.)

Қос томдықтың атауы аңыздар деп аталғанымен, біраз жері мектептегі география оқулығы сияқты сипаттау түрінде жазылған. «Қорғалжың туралы аңыз» - бұл аты ғана, заты қандай? Мәтіннің басында қызыл қоқиқаз туралы аңыздан бастайтыны айтылады, алайда аяғына дейін аңызды таба алмайсыз. «Әрине, Қызыл қоқиқаз (неге екені белгісіз, құс атауы бас әріппен жазылған) туралы аңыз-әңгімені өзіміз-ақ ойдан құрастыруға болар еді»,- деген сөйлем бар. «Өзіміз-ақ ойдан» деген не сөз? Сонда қос томдықтағы көптеген аңыздар автордың қиялынан туған ба? Ұлттық мұраның, аңыздың да жекешеленгені ме сонда? Оған осындай сылдыр сипаттаудан ғана тұратын нәрі жоқ «Жығылған», «Қарақия ойпаты», «Балқаш көлі туралы аңыздар» мысал бола алады. Соңғысында балық атаулары қате берілген: бекірек, бобла. Ақ Жайықтың қызы ретінде біздің ертеден білетініміз: бекірек – бекіре, вобла – қаракөз.

Осындай қателерге қарап, кітап әуелгіде орысша жазылып, қазақ тіліне орашолақ аударылды ма деп ойлайсың. Мысалы, «Осы жерде Хань патшалығының астанадан келген бунчук табылған және Гу-жи сияқты адамдар көптеген жібек маталарды тапқан, онда мәтіндер жазылған...»       (37-б.)деген сөйлемнен ештеңе де ұға алмайсың. Ал орысша мәтінінде түп-түсінікті берілген. «В этом месте был найден бунчук царства Хань, прибывщий из столицы, и такие люди, как Гу-жи нашли множество шелковых тканей, на которых были записаны тексты...». (117-б.)

Бұл жерде аудармашының кәсіби деңгейі төмен екендігі байқалады. Аудармадағы қос тілдің біреуін ғана жете меңгеру шеберлікке апарар жол емес. Әсіресе, әлемдегі аса көркем бай тілдердің бірінен саналатын қазақ тілінің құнарын, сөлін, шырайын тура сол қалпында беру деген қияметтің қияметі. Сондықтан «Аудармашының жұмысы кілемнің сыртқы жағындағы өрнегі сияқты»-, деп Олжас Сүлейменов тегін айтпаған болар.

Қос кітаптағы стильдік қателерден көз сүрінеді. Автордың сөз қолданысында «мен» деген жалғаулық шылаудан басқа шылау жоқ сияқты. Кітаптың өн-бойында осы шылау басым қолданылады. Мына бір сөйлемге не дейсіз. «Міне, міне, садақтардан өлімге жетелейтін атулар басталуы керек еді, жылқылардағы адамдар жабайы аңдарға жетіп қалған...» (55-б.) Басқасын қойғанда, осындағы «жылқылардағы адамдар» деген сөз тіркесі өте өрескел, «аттылы адамдар» не «салт аттылар» десе, болмас па еді? Сондай-ақ «қарқырап күлген», «әйелге өкпесін қайтырып», «атын қамшап», «құтылджы», «күнініде», «тасмамақшы», «ол бар таусымен», «тиектес тұсынын басып өтіп», «айқалай салады», «360 әуленің бірі» деген сияқты сөз қолданысын кітаптан оқығанда, жаның күйзеледі. Ал грамматикалық жағынан төрт аяғынан бірдей ақсап жатқан кітапта үтір, сызықша, дефис, нүктелі үтір, тырнақша, көп нүкте, шылау емлесі, реттік сан есімнің жазылуы, төл сөздің тыныс белгілері сияқты тізбектеліп кете беретін қателерден көзің сүрінеді. Оның бәрін теріп көрсету үшін тағы бір туынды жазуға тура келеді. Бұл жерде корректор Б.Байғұлға деген өкпеміз қара қазандай.

Кітапта атақты адамдардың есімдері де орысшаланып кеткен: К.И.Сатпаев, А.Х.Маргулан, Батый т.б. Жер-су, ұлт атаулары да бірізділікке түсірілмеген: Көктума, Кокшетау немесе біресе арийлер, біресе арийялықтар, кейде ариялар. «Бурабай туралы аңызда» Көкшетау біресе бірге, біресе бөлек жазылады. ІІ томдағы «Хантәңірі туралы аңызда» тау атауы бірнеше түрлі беріледі: Тянь-Шань, Тян-Швань, Тянь Шань. (19-б.) «Баянауыл» деген жалқы есім неге екені белгісіз кіші әріппен жазылады. Біресе Маңғыстау, біресе Маңғышлақ; біресе Амудария, біресе Әмудария деп жазылатын атаулар көзге ұрады. «Сұлтан-епе қорымы» деген аңыздың бір жерінде «Сұлтан әпе», екінші жерінде «Сұлтан-әпе», үшінші жерінде «Сұлтан-епе» болып жазылады. «Кенті баба» да соның кебін киген. «Моңғол» сөзі кей жерде «мон гол» болып қолданылған.

Осының бәрін сана безбеніне салсаң, қазақ тілі  мазаққа айналыпты-ау деген ой жаныңды ауыртады. Аңыз емес – желқабыз. Бірақ одан не пайда, қос кітап жарымжан болса да жарыққа шықты, жұртшылыққа тарап кетті.

Жазушы  О.Жанайдаров кітабының 36-бетінде жазғанындай: «Бұл оларда бұрыннан бар дәстүр, ақ парақтың беті бәрін көтереді емес пе?» Автордың осы сөзі тура Мәдениет министрлігінің қолтығындағы Тіл комитетіне арналып айтылғандай. «Оларда бұрыннан бар дәстүр» деп соларды меңзеп тұрғандай. Тіл түзгіш мекеме қызметкерлерінің өздері тапсырыс берген кітапқа соншама селқос, соншама  енжар қарағаны бүгінгі қоғамдағы туған тіліміздің неліктен өзінің  текті тұғырына қонбай отырғанына айғақ болғандай.

Сонымен, «Қазақ жерінің жүз аңызы» қос томдығы қазақ тілінің жүз қатесін арқалаған кітапқа айналған екен. Жүз аңыз – халқымыздың аңызы, жүз қате - түз қатесі емес, Сіз бен біздің қатеміз.

 

Раушан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.

Талдықорған қаласы.

Abai.kz

0 пікір