Сейсенбі, 19 Қазан 2021
Көршінің көлеңкесі 4369 0 пікір 24 Шілде, 2014 сағат 11:32

СОТТАР "АҢЫЗ АДАМДЫ" КӨКПАРҒА ТАРТЫП ЖҮР

 

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, тамыз айында 100-ші санын жариялап отырған қазақтың тарихи-танымдық ең үздік журналы «Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМНЫҢ» басындағы төрт айдан бергі дау сәуір айының 17-індегі Ресейдің «Регнум» атты ақпараттық агенттігінің бір жапырақ бұрмаланған нақақ жаласынан бастау алды. Ертеңіне ол жалалы мақаланы Қазақстанның орыстілді үкіметтік сайттары ақ-қарасын тексермей, сол күйінде бірінен кейін бірі көшіріп басты. КТК телеарнасы бұрмаланған ақпарат пен Адольф Гитлердің суреті басылған «АҢЫЗ АДАМНЫҢ» кезекті санын жасы тоқсандағы үйінде жатқан соғыс ардагерлеріне көрсетіп, міне, көрдіңіздер ме, Гитлерді дәріптеп, фашизмді насихаттап отыр деп, қазақша оқи алмайтын қарттарды журнал редакциясына қарсы қойды. КТК-ның «Новости» бағдарламасы күні бүгінге дейін мені – Ж.Қалыбайды СКАТ компаниясының ұшағында стюардесса қызды теуіп аты шыққан деп, менің оқиғамнан бір ай кейін шу болған атыраулық Мейрамбек Биғали туралы дауды көпе-көрнеу маған жапсырып, фактілерді ауыстырып, әдейі мені орыстілді әлемге «бұзақы» етіп көрсетуге барын салуда. КТК-ның жаласын тексеріп алмай, еліміздің үкіметтік және үкіметтік емес сайттары бірінен кейін бірі КТК хабарына сүйеніп, «менің стюардессаны тепкен бұзақы» (прославился тем, сначала пнул стюардессу, а потом издал журнал о Гитлере – КТК тілшісінің сөзі) образымды сомдау үстінде.

Осы өтірікке сенген бір топ ауған соғысының ардагерлері «НОД Казахстана» атты КСРО-ны қайта тірілтуді көксейтін сепаратистік ұйымның жетекшілігімен «АҢЫЗ АДАМ» журналын жұрт алдында (Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында) жағу акциясын ешқандай биліктің рұқсатынсыз жүзеге асырды. 

«Мы хотим привлечь главного редактора к уголовной ответственности и добиться отзыва лицензии у журнала. Любые экстремистские, провокационные или фашистские толкования должны мгновенно пресекаться. У нас есть свои герои, на которых нужно равняться гражданам Казахстана, и Гитлера в этом списке нет. Ставить его лицо на обложку журнала в канун 69-летия со дня завершения Великой Отечественной войны – это кощунственно и даже преступно. Мы усмотрели в этой публикации пропаганду фашизма и зачатки пропаганды национализма, противопоставления наций друг другу и в свете этого провели данную акцию», – деді бір ауыз қазақша білмейтін ауған соғысының ардагері Асылхан Хамитович Жанабаев. Бұл сөзді барлық орыстілді баспасөз жарияға жар салып хабарлады.

Осыдан кейін акциядан бері «АҢЫЗ АДАМ» журналына байланысты екі әкімшілік сот, бір азаматтық сот және бір қылмыстық сот жүріп жатыр. Тура сол күні Ұлттық баспасөз орталығында өткен жиында А.Әшімов, М.Шаханов, М.Қойгелдиев, Ж.Қуанышәлин бастаған қазақ зиялыларының «АҢЫЗ АДАМҒА» жабылған жала дәйексіз екенін дәлелдеген пікірлерін бірде-бір үкіметтік телеарна мен баспасөз халыққа таратпады. Бұл аздай Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдап, Қазақстан территориясында мұндай басылымның жарық көруіне ешқандай да жол берілмеуі керегін және тиісті ресми шара қолданылу керегін (В ноте подчеркивается абсолютная недопустимость такого рода публикаций на территории Казахстана и содержится призыв дать «адекватную официальную реакцию» – voxpopuli.kz) айтып, еліміздің ішкі ісіне араласып, заңсыз бұйрық берді.

Осы бұйрықтарды іле-шала жүзеге асыру шаралары қолға алынды:

1. Алматы қалалық әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының берген арызы бойынша 11 мамыр күні Алматы әкімшілік мамандандырылған соты «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ», «Жұлдыз-жорамал» журналдарының 2014 жылғы 4 санында баспахананың аты-жөні көрсетілгенімен мекен-жайы жазылмапты деп 120 есептік көрсеткіш бойынша айыпақы төлетті.

2. Алматы қалалық Алмалы ауданының №2 аудандық соты Алматы қаласындағы «Мамыр-7» шағын ауданының 8-үйінде орналасқан 13 ардагердің негізсіз шағымына сүйеніп, бір ай бойы бізді азаматтық сот отырыстарына үш рет сүйреп, 30 маусым күні «фашизмді насихаттағаны үшін» Қазақстан халқы мен Ұлы отан соғысының ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауды және шағым берген ардагерлердің «моральдық залалының орнын толтыру үшін» әр қайсысына 1 миллион теңгеден өтемақы төлеуімізді міндеттеді. Қазір біз бұл үкіммен келіспейтінімізді білдіріп, қалалық аппеляциялық сотқа жүгінудеміз. Бірақ сот үн-түнсіз жатыр.

3. Сот отырысына қатысқан 31 телеарна мен «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілшілері дәлелдегеніндей «Ардагерлер үйінде» жатқан орыстілді қариялардың Гитлер туралы журналды оқымақ түгілі, қолына ұстап көрмей бізді айыптап отырған айтып, бірақ олардың сенімді өкілі Нұртас Ахметов ұйымдастырған негізсіз шағым бойынша бізді нақақтан соттатқан ол өкілді қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, Алмалы аудандық сотына үш рет арыздандық. З.Ахметова деген судья арызымызды «анау жоқ, мынау жоқ» деп екі рет заңсыз қайтарып жіберді. Бізге көпе-көрнеу жала жауып отырған Нұртас Ахметовты тергеместен, соттамастан, сырттай кінәсіз деп тануда. Енді біздің үшінші қайтара жазған арызымызға жауап бермей отыр.

4. Алматы қаласы Ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тапсырысы бойынша жасалған сот-филологиялық сараптамасы: «зерттеуге ұсынылған «Аңыз адам» журналының №8 (92) сәуір 2014 жылғы санында жарияланған Адольф Гитлерге қатысты «Адольф Гитлер – фашист емес» мақаласында экстремизмді ақтау белгілері бар.

Сауалнама айдарында жарияланған «Сіз үшін Гитлер қандай тұлға?» сұрағына берген «Майн Кампфта» көп мәселелер дұрыс жазылған» және «Адольф Гитлер – фашист емес» мақалаларында экстремизмді ақтау белгілері бар болуы мүмкін», – деп қорытындысының бірінші бөлігінде «экстремизмді ақтау белгілері бар» деген «Адольф Гитлер – фашист емес» атты мақаланы қорытындының екінші бөлігінде «экстремизмді ақтау белгілері бар болуы мүмкін» деп өздері ақтап немесе экстремизмді ақтау белгілерінің бар-жоғын айыра алмай, екіұшты, дүдәмәл қорытынды шығарған. Яғни, қорытынды тиянақсыз.

Бірақ, осы сараптама қорытындысына сүйеніп Алмалы Ішкі істер басқармасы бізді «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің» 344-бабы 2-ші тармағына сәйкес және бір сотқа тартты. Бұл соттың 18 шілде күні алғашқы отырысы болды, енді 24 шілде күні жалғасы өтеді. Бұл сот редакцияның сауалнама сұрақтарына берген Нағашыбай Есмырзаның «Адольф Гитлер – фашист емес» атты жауабына ғана қадалып отыр. Тұтас кітап сияқты бір тақырыпқа арналған 52 беттік журнал санының мазмұнын тұтас контексте қарамай, бір беттік пікірді үзіп-жұлып бөлек қарастыруда.

«АҢЫЗ АДАМ» журналының Гитлерге арналған санына «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жанындағы Ақпараттық және құжаттық даулар бойынша сараптамалардың қоғамдық орталығы тапсырысы бойынша тәуелсіз сарапшылардың сараптамасы жасалды. Бұл сараптаманың сарапшылары «Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ» журналының 2014 жылғы №8 санында жарияланған материалдарда экстремизмді ақтау белгілері жоқ» деп әділ қорытынды шығарды. Бірақ бұған құлақ асатын әділ сот табылса жарар еді.

Осылайша «АҢЫЗ АДАМНЫҢ» сау басы Адольф Гитлердің зұлымдығын әшкерелеймін деп, қайта дауға қалды.

 

Құрметпен,

Жарылқап Қалыбай

(22.07.2014)

Abai.kz

0 пікір