Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 7495 0 пікір 24 Шілде, 2014 сағат 13:09

Адам қанының құны қанша?

Адамзаттың ақыл-есі кемелденіп, өркениет өрге жүзген сайын, керісінше, адамның пиғыл-ниеті азып, ағзасы мен рухы азғындап барады...

Өшпенділік пен өркөкіректік – адамды жығып алып, жермен-жексен етті. Ақылдың күші кеміп, ашудың қуаты алдыңғы орынға шықты.
Неге? Өйткені, жер бетіндегі озбыр елдерді өзге елдердің тынышын алуға өмір бойы машықтанған қатыгез тыңшылар, яғни, арнайы бөлім өкілдері басқарып отыр. Бұл адамдардың болмысы тым қарабайыр, тегі мен түбі жоқ, түсінігі де жалғыз: “Мынау – біз, мынау -жау”...
Ресейдің қазына-байлығын аямай қарпып, бүгінде 40 млрд АҚШ долларынан астам дүние жинаған Ресей басшысы Владимир Путин әлемдегі 3-ші Дүниежүзілік соғыстың себепкері болуға бар күш-жігерін салуда. Ой-арманы – Ресейдің мүддесін көздеп, орыс ұлтына жәрдемдесу емес, мақсат біреу-ақ – тарихта өзінің атын өшпестей етіп қалдыру.
Арман – анық, мақсат – айқын.
Алдымен, шешендермен алысты: “Содырлардың бет-ауыздарын дәретханаларда қызылжоса қан қылу керек!” деп еді, ақырында, айтқаны өзінің басына келерін сезіп, шешендермен “достасып” алды...
Сосын, аулақта бейбіт күн кешкен тәуелсіз ел Гүржістанға ұрынды... Бұдан да айтарлықтай нәтиже шықпады...
Енді еркін ел Украинаға соқтықты. Сірә, Қырымды өзіне заңсыз әрі оп-оңай қаратып алған соң, күллі Украина жерін лезде қалпақпен қағып алармын деп ойласа керек. Олай болмады, болуы мүмкін де емес еді...
...Міне, 17 шілде күні сағат 16:20 шамасында Украинаның Донецк облысында Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған малайзиялық Boeing-777 жолаушылар ұшағы атып түсірілді. Ұшақ бортында 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі болған. Ұшақ «Бук» зенит-зымыран кешенінен атылған.
“Сезікті – секіреді” демекші, өз ісінен шошып кеткен Ресей президенті Владимир Путин: “Malaysia Airlines әуе компаниясының «Боинг-777» ұшағының апатына Украина айыпты. Қайғылы оқиға қай елдің территориясында болса, сол ел жауапты” деп сандырақтады.
Бірақ, дәп қазір Донецк облысын Путиннің баскесер лаңкестері басып алып, ойнақ салып жүр. Демек, ұшақты атып түсірген де, осынау қасіретке жауапты да бір адам, ол – Ресей президенті В.Путин! Мәселені осылай қою керек.
«Бук» зенит-зымыран кешенінің көмегімен террористер атқан Амстердам – Куала-Лумпур бағытындағы азаматтық ұшақ содырлардың бақылауындағы Грабово тұрағы ауданына құлады. Украина билігі сепаратистердің ұшақты атып түсіргені туралы телефон әңгімесін жазып алды. Телефон әңгімесі барысында террорист Игорь Безлер (“Бес”) өзінің кураторы РФ ҚК БББ полковнигі Василий Николаевич Геранинге ұшақты атып түсіргені туралы баяндаған. “Бес” былай дейді: “Қазір ғана “Минера” тобы ұшақты атып түсірді. Енакиевоға құлады...”.
Украина қауіпсіздік қызметі тағы бір жасақшының дондық атаман Николай Козицынмен сөйлескен сөзін келтіреді. Жасақшының: “Малайзиялық ұшақ Украина территориясында не істеп жүр?” деген сауалына, Козицын: “Шпиондар әкелген шығар, соғыс болып жатқан жерде несі бар?” деп жауап береді.
...Қазірге дейін жолаушылар ұшағы құлаған жерде 298 адамның қаза тапқаны туралы деректер анықталды. 247 адамның сүйегі Торез елді мекеніне жіберілді. Әлі де анықтау-тану жұмыстары жалғасып жатыр.
Украина президенті Петр Порошенко былайша мәлімдеді: “Бүкіл әлем нағыз қанышердің шынайы бейнесін көрді.Содырлар бір-ақ рет атып, 300 адамды жер жастандырды. Бұл – төтенше оқиға немесе апат емес, дүниежүзіне қарсы бағытталған әрекет, халықаралық террорлық акт. Бұл соңғы уақытта орын алған үшінші трагедиялық жағдай. Бұған дейін ресейлік террористер Украина Қарулы Күштерінің АН-26 және СУ-25 ұшақтарын атып түсірген”.
Украина басшысының жанайқайын күллі әлем естігенімен, өкінішке қарай, кәрі Еуропа Ресейге қарсы батыл қадамдарға бармай отыр. Жолаушылар ұшағын атып түсірген орыс содырлары өздерін ешкімнің жазалай алмайтынына сенімі күшейіп, лаңкестік әрекеттерін арттыра түсті. 21 шілденің таңсәрісінде орыс терроршылары Украин әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, үлкен шығынға ұшыратты. Луганск облысындағы Ровеньки жергілікті аумағына жақын “Град” реактивті атқыш жүйесінен атқылаған оқтардан шекараға жақын орналасқан Зеленополье ауылы маңында мемлекеттік шекараның белгілі бір аумағын қорғауға бағыт алған 23 украин әскері көз жұмып, 93 жауынгер жарақат алды...
...Бұрынғылар: “Адам қанының құнына баға жетпейді” деуші еді, бүгіннің ең құнсызы – адамның қаны болғаны ма?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір