Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәселенің мәні 5997 0 пікір 22 Тамыз, 2014 сағат 11:34

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ МАҚСАТЫ – «ОТЫЗДЫҚҚА» ЕНУ

Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының (бұдан әрі - ҰКП) пайымдауынша, жекешелендірудің негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу. «Жекешелендірудің өзі осынау ауқымды үдерістегі негізгі мақсат болып табылмайды. Менімше, жекешелендірудің мақсаты - еліміздің экономикалық өсімінің сапасын көтеріп, Қазақстанның барынша бәсекеге қабілетті болып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарыну кіруіне жағдай туғызу»,-деп мәлімдеді Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы төрағасының орынбасары Жаннат Ертілесова 14 тамызда Астанада өткен брифингте. Оның айтуынша, «жекеменшік мүлік мемлекеттік мүліктен жақсы» деген қағидатты өзіміз ұмтылып отырған дамыған елдердің тәжірибесі толық дәлелдеді.

Жаннат Жұрғалиқызының пікірінше, ең өзекті мәселенің бірі – отандық экономикадаға квазимемлекеттік сектордың үлесі туралы ресми мәліметтің жоқтығы. ҰКП-ның бағалауынша, Қазақстанның ЖІӨ-дегі квазимемлекеттік сектордың үлесі 40 пен 60 пайыздың мөлшерін құрайды. «Бұл мәселені көтеріп, біз құзырлы министрлікке бірнеше рет хат жаздық. Оған әлі жауап жоқ. Жаңадан құрылған Ұлттық экономика министрлігі осы мәселеде бізді қолдайды деп сенеміз»,- деді ол.

Атап айтарлығы, отандық сарапшы «Жекешелендіру бізге не үшін қажет?» деген сауалға: «Жекешелендірудің түпкі мақсаты – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту» деп әрі нақты, әрі түсінікті жауап берді. ҰКП қазіргі кезде мемлекет араласып отырған үш ірі саланы анықтаған. «Біріншіден, бұл аурухана, мектеп, коммуналдық мекемелер сияқты мемлекеттік кәсіпорындар. Екіншіден, соңғы 10 жылда барлық министрліктер мен әкімдіктердің жанынан құрылған толып жатқан әртүрлі ЖШС-лар мен АҚ-лар. Олар сараптама, кеңес беру сияқты қызмет түрлерін көрсеткенімен, жекеменшік секторды түбегейлі өлтіріп тынды. Ең өкініштісі, біз қаншама рет айтсақ та, олар жекешелендіруге шығарылмайды. Үшінші бөлік: біздің ұлттық холдингтеріміз, яғни, өнеркәсіпте және басқа да салаларда бизнеспен айналысатын АҚ-лар мен ЖШС-лар»,- деп түсіндірді ҰКП төрағасының орынбасары.

Сонымен бірге, ол ҰКП-ның Yellow Pages қағидатына қатысты елімізде арнайы заң қабылдауға ұсыныс жасағанын, осы ұсынысты мемлекет басшысының қолдағанын ерекше тоқталды. Яғни, Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосыламын десе, осы қағидатты басшылыққа алуы тиіс. Ол қағидат – егер де экономиканың қандай да бір саласында жекеменшік компания болатын болса, онда ол жерге мемлекет араласпауы керек. – Мұны анықтау үшін тауарлық нарықтарға сараптама жүргізіледі. Өйткені, сондай анықтама арқылы нарықтың көлемін, ондағы компаниялардың сапалы қызмет көрсетіп, сұранысты қаншалықты өтей алатынын білуге болады. Көптеген елдерде, тіпті көршіміз Ресейде осындай сараптаманы жуырда таратылып кеткен Бәсекелестікті қорғау агенттігі сияқты мекеме жүргізеді. Шетелдерде мұндай сараптама қоғамға әрі ашық, әрі қолжетімді болғанымен, Қазақстанда ол құпияланған. Сондықтан, біз мемлекеттік органдарға ҰКП-мен бірлесе отырып, осы сараптаманы ашық, жария түрде жасауға ұсыныс білдірдік. Бірақ бұрынғы Өңірлерді дамыту министрлігі де, Бәсекелестік қорғау агенттігі де бізді қолдаған жоқ. Соған қарамастан, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Және жаңадан құрылған мемлекеттік органдардың бізді қолдайтынына үміттенеміз,- деді Ж. Ертілесова аталған брифингте. 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар