Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 6057 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 02:18

СӘРІНЖІПОВТАН ЖАУАП КҮТКЕН СҰРАҚ - 1

Abai.kz ақпараттық порталы шілде айының 17-сі күні білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповты интернет-конференцияға шығарған еді. Оқырмандар тарапынан министрге ұзын саны 95 сұрақ қойылды. Аслан мырза шілденің 31-і мен тамыздың 1-і аралығында 27 сауалға жауап берді. Міне, арада тура бір ай өтті, 68 сұрақ Сәрінжіповтан жауап күтіп сарғайып әлі тұр. Оқырмандар күн сайын редакцияға хабарласып, министр әлі де болса жауап беріп қалар деген үмітте екендіктерін айтысып жатады. Біз де үміттіміз!

Бүгін -  бірінші қыркүйек. Алғашқы қоңыраудың сыңғыры да естілді. Ал, жауап әлі жоқ. 68 сұраққа жауап беруге ала жаздай қолы тимеген министрдің енді қауырт жұмыстан қолы босамайтынын ішіміз сезіп отыр. Сондықтан, Аслан Сәрінжіпов жауап бермеген 68 сұрақты күніне бір сауалдан жеке-жеке 68 күн бойы жариялауды бастап отырмыз.

Әйтесе де, күндердің күні болғанда, Астанадан оңтүстікке  - Алматыға бет түзеген құстардың қанатына байлап жіберсе де бір жауап берер, үміт үзгіміз келмейді...

Abai.kz

ЖАУАБЫ ЖОҚ ЖЕТІМ САУАЛ - 1

17/07/2014 - 14:23

Мен 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университінен дайындық факультетінде оқығанмын. Ол кезде шетелден келген қазақтардың оқуында көп проблема болмайтын еді... Айталық, шетелден келген 130 талапкер қазақ тілі мен математикадан тест тапсыру арқылы "КазГУ"-ден білім алу мүмкіндігіне ие болдық. Жаңылыспасам, соңғы кездері сол орындарды Ауғанстаннан келгендер басқан. Осы үрдіс былтыр ғана өзгеріпті деп естідім. Өте қуаныштымын. Шетелде жүріп, Қазақстанның бас университетін армандаған қазақ жастарының маңдайынан қақпау керек шығар. Сұрайын дегенім, кейінгі кездері бакалаврды шетелде тәмамдап (өзі тұрған мемлекетте), магистратура мен докторантураны Қазақстанда оқып, осында тұрақтап қалығысы келетін бауырларыңыздың қатары артып отыр. Соларға қандай жеңілдіктер қарастырлады? Егер өз білімдерін дәлелдеп, грантқа ие болып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені біз олардың мектепте, университетте оқуына бір тиын жұмсаған жоқпыз. Дайын маман. Тек өзімізге бейімдеп, оқуын толықтырып жіберсек болғаны. Осы тарапта шетелде жүрген 5 миллион қазақ ұрпағы өзіңізден қолдау күтеді.

0 пікір