Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 8294 0 пікір 9 Қыркүйек, 2014 сағат 10:14

ПАРЛАМЕНТ ҮЙІ – БҰРХАНДАР МҮЛГІП ОТЫРАТЫН БҰТХАНА ЕМЕС

Менің осы мақаланы жазуыма бірден бір себепкер болған кісі – депутат Камал Бұрханов! «Алдар Көсе деген кiм өзi? Ол – алаяқ, алдамшы бiреу. Оның үйретерi – заң бойынша жазалануға лайық қылмыс – алаяқтық» – деп, ауыз әдебиетінен Алдар Көсені алып тастау туралы тепсініп мәселе көтеретін  кәдімгі Камал Низамұлы.

Осыдан шамамен үш апта бұрын Астанадағы Орынбор көшесінің бойында, «Тайқазан» дәмханасының алдында осы Камекеңмен кездесіп, амандасқаным; БАҚ-қа көп шығатын белсенді депутат ретінде өзін сырттай жақсы білетінімді айтып, алда қайта қаралғалы жатқан Көші-қон заңы туралы сөйлескенім бар.

– Камал аға, Қытайдан келген бір жігітті Сізге таныстырсам. Амал болса, уақытша болса да, штаттан тыс көмекші етіп алсаңыз, біз сол жігіт арқылы Қазақ көшіне байланысты ұсыныстар берсек, ол ұсыныстардың ендігі жасалатын Көші-қон заңына кіруіне Сіз ықпал етсеңіз, - дедім Депутатқа бірден қолқа салып..

Өйткені, мен ол жігітті осының алдында тарап кеткен Парламент Мәжілісінің дәурендеп тұрған кезінде экс-депутат Бекболат Тілеуханға да таныстырғам. Бекболат Қанайұлы бірден келісіп, сол азаматты штаттан тыс көмекші етіп алып, қолына куәлік беріп, Көші-қон заңының жобасын талқылауға қатысуға мүмкіндік тудырған-тұғын. Соның арқасында, 2011-жылдың 22-шілдесінде Президет қол қойған, 16-тамыздан бастап ресми қолданысқа енген Халықтың көші-қоны туралы заңға шетелден фамилиясыз келетін қандастарымыз үшін «3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар» деген су жаңа тармақ қосылды. Сонымен бірге, оралмандар алдымен Қазақстан азаматтықығын алып, сосын барып квотаға қол жеткізетін тармақ та осы Заңға кірген болатын. Енді сол Бекболат Тілеуханға істеген «әдісті» Камал Низамұлына да қолданбақпын ғой мен пақыр. Оның үстіне, бұл кісі өзімізбен тағдырлас жан, шетте –Ташкент облысы, Шұралысай ауылында туған. Шеттегі қазақтың бір үлкен қанаты осы Өзбекстанда жатыр. Сондықтан, бұл мәселеге, басқа-басқа, Камекең бей-жай қарамауы керек қой! 

– Ол жігіт қайда тұрады? – деді депутат ағамыз.

– Алматыда.

– Жасы нешеде? 

– Елуден енді ғана асты. Кезінде Бейжіңнен жоғары оқу орнын бітірген. Атажұртқа келгелі де жиырма жыл болды. Қытайшаға жүйрік, екі жақтың да Көші-қон заңын жақсы біледі. Тұңғыш Көші-қон Заңын жасауға да қатысқан. Жақында Көш жайында жазған мақалалары жеке кітап болып баспадан шықты. Өте сауатты жігіт...

– А, ол мұнда келсе, қайда тұрады?

– Пәтер жалдайды немесе Қонақ үйде тұруына да болады!

– Болмайды! Үлкен адам екен, қиналып қалады. – ол көзін ақшитып, екі алқанын жайып, иығын қомдап-қомдап жіберді.

– Жоқ, ол жағынан алаң болмаңыз, Камал Низамович! Ол Астанада үнемі тұрмайды, тек Заң талқыланған кезде ғана келіп, Сізбен тізе қоса отырып, жұмыс істейді. Сізге көмектеседі. Оның үстіне, ол өзі кәсіпкер жігіт, қалталы. Елінен ештемесін аямайды... – деп жатырмын мен байқұс. Камал Низамұлы одан бетер шыр-пыр:

– Ол қалай болады? Отбасы Алматыда, өзі мұнда, салт қалай тұрады?! Қиналып қалады ғой, болмайды!

– Онда Сіздің үйде тұрсын!

– Жоқ! Үлкен адамға ыңғайсыз, қысылып қалады ғой.

– ...?

– ...!!!

... Қойшы, тау десем, бау дейді. Бас десем, құлақ дейді. Анау десем, мынау дейді...

Жаңа – басында Камекеңнің «болашақ» көмекшісін Қытайдан келген азамат дедім емес пе, соған қарап, «Оралман екен ғой» деп Камал Низамовичтің өзінше жаны ашып, күйініп, емешегі үзіліп тұрған түрі ғой бұл. Оу, шын жаны ашитын адам былтыр анау «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң талқыланып, Мәжіліске түскенде қайда жүрген, неге бір мәу демеген??! «Көп айтса, көнді, Жұрт айтса, болдымен» кеткен ғой баяғы.

– Жарайды! Онда мені алыңыз, Кәмеке. Мен осында – Астанада тұрам, үйім де Парламентке жақын, әне, әнеу үй, жаяу-ақ келе салам! – дедім діңкем құрып!

Депутат көкем маған визиткасын беріп, хабарлас деп жолға түсті.

Хабарласауым керек пе, жоқ па?! – ойланып жүрмін. Хабарлассам, осы кісі мені штаттан тыс көмекшілікке бірден ала қояр ма екен? Алса, мына түрімен, алдағы жерде,  бұл кісімен түлкі алуға бола ма өзі?! Әй, қайдам!?.

Шыны керек, біздің депутаттар, көңілдеріне келмесін, барған сайын тым сапасызданып, ұсақталып кетті. Оған мысал, 1997-жылы тұңғыш рет қазақ тілінде жасалған Көші-қон заңы! Әкім Ысқақ ұйтқы бола отырып, шеттен келген ағайындармен ақылдасып жасалған сол Заң, шын мәнінде, ұлтты ұйыстыратын Заң еді. Бұл күндері Елбасы мақтанышпен айтатын миллионнан астам қазақтың алғашқы қомақты легі Атажұртқа сол заңның арқасында оралып, ың-жыңсыз орналасқан болатын. Сол көп-көрім Заңды, көріп отырсыздар, осы бұрынғы-соңғы Бұрқандар жүнін жұлған тауықтай қып бүлдірді. Көші-қон заңы содан бері қаншама рет өзгертулер мен толықтыруларға ұшырады, әйтеу қандастарымызды қан қақсататын бір ілік қосылып отырды. Ақыр-аяғы былтырғы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін, ұлтты екіге бөлшектейтін фашисттік заңға келіп бір-ақ тоқтады.

Ал, оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы шыққалы қашан?! Елбасының «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» дегеніне не заман?!

Былтыр жыл аяғында осы бұрхандар шаш ал десе, бас алып қабылдаған Көші-қон Заңы, міне, бір жылға да жетпей шиі шығып, Мәжілістің аладғы бір отырысында қайта қаралғалы жатыр. Шиі шыққаны өз алдына, жыл басынан бері Тұрақты тіркеуге тұра алмай қан сиген қандастарымызды айтсаңшы! Кері көшіп кеткендері қаншама?! Айыппұл төлеп шығындалғаны нешеу?! Тіпті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін әлем алдында ұятқа қалдырған жоқ па сол Заң!!? Аямайды екен бұлар ешкімді де!

Алматы облысына тұрақты тіркеуге тұра алмай сергелдеңге түскен жүз шақты отбасы жайлы БАҚ жаз бойы шулады. Іргемізден итін оқтын-оқтын үргізіп, тап-тап беріп отырған Ресей «Совет Одағы аймағында өмір сүрген орыс тілді азаматтар тұрақты тұруға рұқсат алмай-ақ, Ресей азаматтығын бірден алуға қақылы болады» деп жатыр. Ал, біздің Халық қалаулыларының түрі анау, сол қандастарымыздың хал-күйі туралы, тым құрыса, біреуі мыңқ етпеді-ау шіркін! Алматы облысы – мына тұрған жер. Шауып барып, кездесу өткізуге, жағдайын білуге, мұң-мұқтажын тыңдауға бір мұсылман шықпады-ау, әттең!

Ең құрығанда, қандастарымызды табанынан тоздырып отырған ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қанқұйлы қаулысын, уақытша болса да, өзгерте тұруға бір депутаттық сауал жолдауға жарамаған соң, не сұрайсың бұл Бұрқандардан?!! Қандастарымен кездесуден гөрі, қай жерде Президент Кубогы үшін ат бәйгесі өтеді, қай жерде Елбасы қатысқан жиналыс бар, – соған жүгіреді. Сонда сұхбат беріп, көзге түскенді жандары қалап тұрады...

Өткенге салауат дейік, ал алдағы қаралатын Көші-қон Заңында қамтылуы керек ұсыныс бізде шаш етекен:

- Жоғарыда айтылған, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысынан бастап, осының алдында көші-қон мәселесіне салқынын тигізген барлық қаулы-қарарлар мен заңдардың күшін жойып немесе тиісінше түзетулер енгізуі керек. Өйткені, мазмұны қайшы заңдар мен қаулылар қазақ көшіне тағы да залалын тигізеді. Оны көш басталғалы бергі жылдардан ел жақсы біледі.

- Қытайдан көшіп келетін қандастарымызға Қазақстан азаматтығын беру мәселесін ҚХР Елшісінің құзырынан қайтарып алу керек. Толайым бөтен елге азаматтық берудің анықтамасын қолына ұстап отырған елшілік ешбір елде жоқ. Бұл – Елшінің миссиясына жатпайды.

- Көшіп келген бауырларымыздан қылмыс жасамағаны туралы анықтама талап етілмеуге тиіс. Мысалы, Қытайда істі болған, заң алдында жауапқа тартылған тұлға шетелге шықпайды. Ресми түрде рұқсат жоқ. Демек, Атажұртына ат арылтып, тон тоздырып жеткен қазақ – қылмысқа қатыссыз таза қазақ. Ол қазақтан «қылмысқа қатысыңның жоқтығын растайтын құжат әкел» деп қанша дігірлегеніңмен қытай хүкіметі ондай анықтама бере алмайды. Міне, екі ел арасындағы көші-қон жайына қатысты осы бір аз ғана сәйкессіздіктің өзі көштің іркілуіне себеп тудырады.

- Қытайдан келетін қандастарымызға сол елдің азаматтығынан шығып келу дейтін орынсыз талап қойылмауы тиіс. Өйткені Қытай елі шетел азаматтығын қабылдаған өз тұрғынын сол күні-ақ автоматты түрде шығарып тастайды. Ал алдын ала азаматтығын қайтарып алу дейтін тәртіп ол елде жоқ.

- Шеттен келетін ағайындардың өндіріске, ауыл-шаруашылығана істететін құрал-сайманын, тракторын кеденнен кедергісіз алып өтуіне Заңда қолайлық тууы керек. Қанша жерден одақпыз дегенмен, Белорыс техникасын тегін бермейді бізге.  

- Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан оралман бауырларымызға жатақхана тіркеуінде тұрып, Қазақстан азаматтығына құжат өткізуіне мүмкіндік жасауымыз керек.

 - Тұрақты тіркеу тез шешімін табуы тиіс. Бұл - ең басты жайттардың бірі.

- Көші-қон ісіне көштің ыңғайын білетін, тәжірибесі бар, ысылған азаматтар тартылуы қажет.

- Көші-қон агенттігі қайтадан құрылуы керек.

-   «Көші-қон қорын» құру керек!

- Көшіп келген ағайынды жерсіндіру, қазақ өкіметінің заңдарымен таныстыру, тұрмыс-салт жайын ұқтыру осы агенттікке жүктелуі керек.

- Керек, керек, керектер көп...

Парламет үйі бұрхандар мүлгіп отыра беретін бұтхана емес!  Сондықтан, бұрхандар ес-ақылын жиып, алыстан келген ағайындармен кездесулер ұйымдастыруы, түсінісуі, не кедергі екенін өз ауыздарынан ет құлақтарымен естулері керек! Мемлекет қауіпсіздігі, ұлт тағдыры үшін, мынадай сын сағатта, Халық Қалаулылары жалған намысты, сасық бирократияны, өтірік білгірсуді қойып, Қытайдың, Маңғолдың Көші-қон заңын жақсы білетін шеттен келген азаматтардан арнайы көмекші алғандары жөн. Олар сенен ақы сұрап жатқан жоқ, тегін істейді. Шетелдің Заңдарына құрмет ете отырып, еліміздің Көші-қон Заңын кемелдендіруі, арадағы сәйкестікті сақтауды қамтамасыз етеді. Штаттан тыс көмекші алу – тағы бір жағынан, жасы жетпістен асқан, жер таянып тұратын Депутаттар үшін тіпті табылмайтын қолғанат!

Шыны керек, бұрхандарға «штаттан тыс көмекші болу» деген де – «шарасыздан шалға тию» болып тұр ғой бізге! Ең дұрысы – осы Көші-қон заңын шеттен келген ағайындардың өздеріне жасату! Әр елден оралған білікті жігіттер, Құдайға шүкір, баршылық. Жұмыс тобын құрып, тәуелсіз заңгерлермен бірге, керек болса, парламенттің бір-екі депутатын ғана тарта отырып кемелді Заң жобасын жасап шыға алады. Жеті обылыс белгіленіп, бағыт айқындалды. Енді Елбасы тапсырмасына сай, қолданыстағы және бұрынғы заңдар негізінде Көші-қон заңын жасасуға олардың қарым-қабілеті де, тәжірибесі де қаптал жетеді! Қандастарға керек  тетікті жақсы біледі. Тіпті, осы заңды жасауға қазір үлкен сауаттың да керегі қалмады, білтырдан бері тұрақты тіркеуге тұра алмай көкбалақ болған орташа не бастауыш мағлұматы бар малшының кез-келгені-ақ керек тармақтарды құлағынан тізіп, айтып береді сізге. Парламенттің қос палатасы соны қарап, көкпарға салмай, бір ауыздан мақұлдап берсе ғана болғаны!

 Ауыт Мұқибек

"Жас Алаш" газеті.

0 пікір