Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6590 0 пікір 17 Қыркүйек, 2014 сағат 10:05

ЗАҒИП БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Астанада зағип және көру қабілеті нашар балаларға қызмет көрсетуге бейімделген алғашқы психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Орталық №71 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан. Астана қаласының әкімшілігі 450 шаршы метрлік  аумақты бөліп, орталықта жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысын төлеуді міндетіне алды. «Дара» қоры өз кезегінде бөлмелерге жөндеу жүргізіп, арнайы қондырғылар, оқу құралдарымен жабдықтады. Орталықта емдеу-дене шынықтыру залы, Монтессори кабинеті, әдістемелік кітапхана бар.

Түзету орталығы ай сайын 50-ге тарта мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бірінші кезекте – зағип балалар қамтылады. Оларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, хореограф, шынықтыру мамандары мемлекеттік квота арқылы тегін қызмет көрсетеді. Мамандар балалардың тұрмыстық –әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай,   оларды балабақша, мектепке даярлайды. Орталықтың педагогтары «Дара» қоры «Самұрық» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ұйымдастырған тренингтерге қатысып, біліктілігін арттырды. Тренингке жаттықтырушы ретінде Италиядағы психология және психомоторика институтының директоры Франко Баскаини, Ресейдің белді тифлопедагогы Венера Денискина шақырылған.

Мамандардың айтуынша, зағип балалардың басым көпшілігі  интелекті дұрыс болып туады. Алайда адам бүкіл ақпараттың 90 пайыздан астамын көз арқылы қабылдайтындықтан, уақыт өте баланың дамуы тежеле бастайды. Ата-аналар арнайы білімі болмағандықтан, өз күшімен бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан да зағип балалар қатарларымен бірдей дамуы үшін білікті мамандардың уақыт жоғалтпай, ерте араласуы өте маңызды.

 Осы уақытқа дейін Астанада көру қабілетінен айрылған балаларға білікті көмек көрсететін  мекеме болған жоқ. 0-7 жас аралығындағы зағип балаларға тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік-медициналық-педагогикалық көмек ұйымдастырылмаған.  Жағдай биыл ғана өзгере бастады.

Қала тұрғыны Гүлжаһан Иманқұлова Санжар мен Сайдулла есімді егіздердің анасы:

-  Біз үшін орталықтың ашылуы көптен күткен оқиға болды. Менің егіздерім төрт жаста. Екеуі де дімкәс болып туылды.  Сайдулла мүлде көрмейді. Ол биылдан бастап арнайы балабақшаға баратын болды.  Санжар да сал болып туылды, көру қабілеті де өте нашар. Біз ауруханаларда жиі емделеміз. Бірақ баланың ақыл-ойының дамуы үшін бұл жеткіліксіз. Бұл орталық ашылғаны өте орынды болды. Мұнда мамандар балаларды көп нәрсеге үйретеді. Бірнеше күннен бері келіп жүрміз. Санжарға бәрі де қатты ұнайды – Монтессори бөлмесі де, балалармен араласып, ойнағаны, педагогтардың жылы қарсы алғаны. Орталықты ашқан азаматтарға, осында жұмыс істеп жатқан мамандарға алғысымызды білдіргім келеді.

  Өкінішке қарай, бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығын көмекпен қамти алмайды. Сондықтан ата-аналар болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық-әлеуметтік көмек жүйесі жетіле түссе деген тілекте.

 Жоба «Дара» қоры мен Астана қалалық білім басқармасының қатысуымен, спонсорлар мен әріптестердің қолдауымен жүзеге асты.

 

Баспасөз өкілдерін орталықтың ашылу салтанатына шақырамыз. Басталуы 16 қыркүйек 11-00.

Мекен жайы: «Жағалау» ауданы, 200 көше, 4 үй, №71 мектеп-гимназия

-----------------------------------------------------------------------------------------------------------

«Дара» жеке қоры мүмкіндігі шектеулі балаларға, ата-анасының қамқорлығынан айрылған жеткіншектерге, медициналық және білім беру мекемелеріне қолдау көрсетеді. Қор жобалары қолдауға мұқтаж топтардың балаларына, оларды әлеуметтік өмірге бейімдеуге және оңалтуға бағытталған. Қордың Астана, Алматы, Бурабайда филиалдары бар.

Астана қ, Қонаев д-ы, 12/2, 156 офис. Тел +7 (7172) 75 52 63 astana@dara.kz веб -сайт www.dara.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2169
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2447
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672