Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Тарих 7519 0 пікір 18 Қазан, 2013 сағат 15:25

Олжас Сүлейменов: Қазақстан тарихын жаңа көзқарастағы, «таза», жас тарихшылар жазуы тиіс

 

Халықтың ар-ұжданы және намысы дейді ол туралы. Бүкіл әлемге танылған ақын және қайраткер. Олжас Сүлейменов бұл күндері Қазақстанда өтіп жатқан этика және өркениеттердің мәдениетаралық диалогы, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша халықаралық форумдарға және конференцияларға қатысуда.


 Тарихи зерттеулері мен ой-толғамдары қоғамда әртүрлі пікірлер мен пайымдаулар туындатып жүрген ақын мен Baq.kz сайтының сұхбаты.

- Олжас Омарұлы мына жайға орай сіздің пікіріңізді білгім келеді: неліктен дәл қазіргі уақытта Президенттің «Халық тарих толқынында» бастамасы осыншама қуатты қарқын алды? Бұлай деуімізге еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қазақстан тарихының мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өткізіп, тиісті мамандарға көптеген тапсырма беруі түрткі болып отыр. Мұндай қадамға не итермеледі әрі бұл немен байланысты?

- Әрине мұндай мәселелер қандай да бір уақыт кеңістігін, дайындықты қажетсінеді. Бәлкім, оның уақыты келген де шығар. Президенттің кітабы жарық көргеннен кейінгі күннен-ақ бірден іске кірісу керек те шығар. Дегенмен негізгі идеяны ой елегінен өткізіп, жан-жақты ұғыну керек. Әрине, негізінде бұл тақырып әсіресе біздер үшін пісіп-жетілген. Өйткені, қазақтарда іс жүзінде тарих «жоқ» дерлік деуге де болады, мен мұны өз басымнан да кешіргенмін. Мен бүкіл әлемнің, көптеген елдердің тарихын білемін, ал өзімнің төл тарихымды білмеймін. Сондықтан да мен бұл іспен Әдебиет институтының студенті болған жылдардан-ақ айналысқан едім. Қазақтардың тарихын, түркілердің тарихын алғашқы дереккөздерінен тіміскілеп іздей бастадым. Сондықтан да бұл тақырып біздер үшін әрқашан да өзекті

Дегенмен, мына соңғы шақыру біздерге көптеген нәрселерге қол жеткізуге көмектесуі тиіс, өйткені белгілі бір білімдер жинақталды, сонымен қатар әлі күнге дейін түп тарихымызды түгендей алмай жүрген өзіміздің тарихшыларымыздың қарекеті кейіс тудырады. Өйткені, олар өздерінің халқын, ұлтын және тілін қорғаудың орнына өздерінің диссертацияларын қорғап әлек. Міне бұл үндеу дәл қазіргі уақытта соларға бағытталған.

Тарихшылар да қаламгерлер сияқты, олардың арасында таланттылары да бар. Дегенмен талантты жазушыларға қарағанда, талантты тарихшыларды аз кездестірдім (күледі - автордың ескертпесі). Мәдениетіміздің аталған жанрын дамыту үшін Мемлекет хатшысы көтерген мәселенің зор маңызы бар. Бұл үндеу дүниетанымы жаңа, «ойлы» көзқарасы бар талантты тарихшылардың жаңа буынының өсіп шығуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

- Ұзақ уақыттан бері қазақтарды Кенесары ханның басы қайта жатқандығы мәселесі толғандырады. Сіз оның қайда екенін білесіз бе?

- Бұл сауалды тіпті Санкт-Петербордағы Эрмитаж мұражайының директорына да қойдым. Ешкім мұндай экспонат турасында білмейді. Бар болғаны осы. Бұл экспонат жоқ! Мен бұған сенімдімін әрі біз қазіргі уақытта бұл әңгімелердің барлығын босқа қоздырып отырмыз. Аталған экспонат болған жағдайда ол жақтағылар оны соншалықты құнды санамас еді. Ресей үшін оның ешқандай құны жоқ. Олар баяғыда-ақ берер еді. Сондықтан да, менің ойымша, бұған мойынсұнып, бұл тақырыпты жабу керек сияқты. Меніңше ол оқиға орын алған 19 ғасырда-ақ қыр астында қалған сияқты.

- Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихқа арналған жиында шетелдік қоймалардан қазаққа қатысты артефактілер мен құжаттарды елге қайтару қажеттілігі туралы айтқан болатын. Сіздіңше әлемде мұндай қызықты артефактілер бар ма?

- Болғанының барлығы да ашылды, ал ашылғандары мүлдем аз әрі қазірдің өзінде біздің қорымызда сақтаулы. Енді жаңасын ашу қажет. Ең қызықтысы, қазіргі уақытта оларды біз Қазақстаннан да тауып, аша аламыз. Мәселен, мен Қорқыт бабаның мұрасымен айналысуды ұсынамын. Таяуда Қызылордада өткен конференцияға қатысып, онда өз әріптестерімді Қорқыттың тарихи тұлға емес мифтік фигура екендігіне сендіруге тырыстым. Ол біздерге Мысырдан келіп, ата-бабаларымызбен 5 мың жыл бойы біздің заманға жеткен. Қорқыт - бұл ұясына батып бара жақтан күн құдайы.

- Сізді бұл ойға не жетеледі?

- Менің мұны білетінім, бірқатар ежелгі мысырлық дереккөздерін ақтарған едім. Оларда жердің үсті мен астына күннің шығуы әрі батуы бейнеленген ирек және тік сызық белгі болған. Менің ойымша, дәл осыдан аңыз туындаған сияқты, олар бұл белгіден су жыланының сұлбасын аңғарған.

Ал Қорқыттың су жыланының шағуынан өлетіндігі жайындағы аңыз тек бізде ғана сақталған. Сырдария бойы қазақтары ғана оны сақтап қалған. Бұл Қорқыттың өлімнен қашып, жердің барлық түпкірін аралап шығатындығы, Сырдарияға оралғаннан кейін өзеннің ортасына жүзіп барып, кілемнің үстінде қобыз тартып отырғандығы, сол кезде су жыланы жүзіп келіп, шағып өлтіргендігі туралы аңыз. Мұндай аңыз әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ. Тіпті түрік мифологиясында да Қорқыт туралы оның данагөй қария болғандығы айтылады. Жыланның шағуынан өлгендігі сипатталатын мұндай сюжет түріктерде де, әзірбайжандарда да, түркімендерде де сақталмаған. Бұл біздің мәдениетіміздің жасын білдіреді. Бұл аңыз осыдан 5 мың жыл бұрын ежелгі Мысырдан жетіп, ғасырлар бойы сақталып қалды.

Сондықтан тарихшыларға айтарым: достарым менің, тарихпен айналысыңыздар, дегім келеді. Мен ақынмын әрі өз ісіммен айналысып қана отыра алар едім. Бірақ мен барлық көне жазбаларды ақтарып, бүкіл әлемнен шумер, ежелгі мысыр, ежелгі орыс, скандинавия жазбаларын қотарып, оларды жазып алып, өз халқыма қатысты қандай да бір дерек білуге ұмтылдым. Және де мен көптеген жайттарға қанықтым. Алайда олар (тарихшылар) «шайнап бергенді» жұта алмайды. Өйткені сауатсыз, олар мұны түсінбейді. Мен олармен шумер тілінде жалынды сөз сөйлеп тұрғандай сезінемін. Бірақ менің қалай болғанда да түсіндіргім келеді және де ендігі уақытта докторлар мен академиктерге емес, түсінігі бар студенттерге, сауатты балаларға айтамын. Олар жас кезінен бастап түсіне берсін. Мен ескі сарында қалған ғалымдарға емес, жастарға сенім артамын.

- Осы ретте бір сауал туындап отыр: сіз таяудағы сұхбаттарыңыздың бірінде әлемдегі танымал әрі беделді жоғары оқу орындарының көпшілігінің құрметті профессоры екендігіңізді айттыңыз. Алайда еліңізде, Қазақстанда неге дәріс оқымайсыз? Өйткені сіздің студенттерге берер біліміңіз мол ғой.

- Өткен жылы ғой деймін, мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректордың оқытушыларды, филологтар мен тарихшыларды жинап беруімен шеберлік сабағын өткіздім. Дегенмен, бұл тым аз. Бірақ бастапқы қадам жасалды әрі меніңше бұл одан әрі жалғасатын болады.

- Мәселен, Сіздің «1001 сөз» атты этимологиялық кітабыңызды мысалға алар болсақ, онда да өзіңіздің ізденістеріңізді кеңінен тарқата жазып бере алар едіңіз ғой?

- Ол әлі де жазылу үстінде, бұл еңбектің алғысөзі ғана жазылды әрі басылымға дайындық үстінде. Әрине, онда мен біраз жайтты баяндаймын. Мен оларды Мәскеудегі бірқатар докторларға оқуға беремін, Қазақстанда да, дегенмен олардың дым түсінбегендігін байқаймын. Сондықтан да мен оларды Ғаламтор арқылы таратамын, таралымын көбейтуге күш саламын, адамдар оқысын. Мен мың адамның біреуі түсінетіндігіне сенімдімін. Ал ондай мыңдықтар өте көп. Миллион оқырман жинасақ, оның мыңы таза білетін адамдар болады.

- Қазақстандық-ресейлік қарым-қатынасқа, оның ішінде біздің аумағымызда зымыран сынақтарына қатысты таяудағы сөзіңізге орай адамдар ғаламторда: «Олжас Омарұлы Ресеймен дос не дос еместігін айқындамай ма, оны қалай түсінуге болады?», деп жаза бастады. Сіз осыған орай түсініктеме бере аласыз ба?

- Тарихи әрі болашақта да біздер, әрине доспыз әрі дос болуға тиістіміз. Бұл біздің сана-сезімімізде нақты сақталуы тиісті. Дегенмен достықта да ескертулер болатындығы шындық қой? Достық қарым-қатынасты жетілдіруге мүмкіндік беретін ескерту досқа да жасалады. Ол жақта орын алып жатқан жайттардың барлығы бірдей маған ұнай бермейді. Алайда, қалай болғанда да бүкіл өмірімде Ресейге, орыс мәдениетіне, орыс халқына деген жиналған пейілімді бұл келеңсіздіктер еңсеріп кете алмайды. Міне, дәл осы менің ұлы көршімізге деген қарым-қатынасымды айқындайды.

- Сіз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан үшін ешқандай жаман қадамға бармайтындығы және трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі тек қана келіссөздер жолымен шешілетіндігі туралы мәлімдемесіне сенесіз бе?

- Мен үміт артамын. Ол шын ниетімен айтқан да шығар. Бірақ ол қаншалықты жүзеге асырылады, міне бұл біздер үшін өте маңызды. Мен оның шынайылығы іс жүзінде де қуаттала түседі деп ойлаймын.

- Сайттардың бірінде сіздің Парижде берген сұхбатыңыз «Олжас Сүлейменов: «Бізге Ресей қажет» деген тақырыппен жарияланды. Сол сұхбатқа пікір қалдырған бір оқырман «Олжас Сүлейменов ең алдымен ұлы ақын, ал неліктен журналист поэзия туралы бірауыз сөз қозғамады?», деп жазды. Демек, қоғамның білгісі келетіні, сіз жазуыңызды әлі жалғастырасыз ба?

Поэзия - әмбебап түсінік. Поэзия өлеңмен, іспен және басқа да жайттармен көрініс табады. Тіпті менің тарихпен айналысуымның өзі поэтикалық шығарма. «Невада-Семей» - бұл да менің поэмам. Басқа да көптеген істер - мұның барлығы да ақынның бет-бейнесі. Ал өлеңді мен саналы түрде біраздан бері жазбаймын. Пушкинің «Года к суровой прозе клонят», деген сөзі есіме түсіп отыр. Ол 37 жасында прозаға бет бұра бастаған еді. Маған да сонымен айналысуға тура келіп отыр. Яғни мен жас шағымда бейімім болған басқа да жанрлардағы өзімнің қарым-қабілетімді көрсете бастадым.

 

Тапсырыс беруші:

Мәдениет және ақпарат министрлігі. Орындаған "Абай-ақпарат" қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры" қоғамдық қоры. 2013

 

0 пікір