Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алаң 6486 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 14:34

«Зачем мне казахский язык, я все равно в Россию уеду»

Астана қаласының әкімдігі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне байланысты «Армысың, әз – Наурыз» атты жылда байқау жариялайды. Биылғы жылқы жылғы іс-шараларға колледждер жеке, жоғарғы оқу орындар жеке сайысқа түсіп жатыр. Әкімдіктің атынан комиссия құрылды (комиссияның құрамында мен де бармын), байқауларды бағалап, қорытындысы бойынша жеңімпаздарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева марапаттайды. Сол байқаулардың барысынан әділ қазылар мүшесі ретінде байқағанымды  сіздерге әңгімелеп берейін. Астана қаласындағы кез келген колледж немесе жоғарғы оқу орындарында есіктен кіргеннен күзетші немесе оқытушысы орыс тілінде қарсы алып, сол тілде шығарып салады. Ішімді ит тырнағандай болады, бірнешеуіне ескерту жасадым. Тіпті, пысқырып қарамайды, әуелдесеңіз, «КСРО-ның кезде қайда болдың?» —деп өзіңе дүрсе қоя береді.

 Орыс тілінде білім беретін орта мектептердің өзінде 1-11 сыныптарда 1600 сағат көлемінде қазақ тілі оқытылады екен. Оның 500-дей сағаты бастауышта, 800-ден астамы орта буында, қалғаны жоғары сыныптарда. Бұл, әрине, аз емес. Алайда, мектептегі жүйе, оқу-әдістемелік құралдардың сапасы нақты нәтижеге ұласпай отыр. Яғни, түбегейлі өзгеріс қажет екендігін тәжірибенің өзі айғақтауда. Біздің мұндай «тәжірибеге» төзе беруімізге болмайды. Тілді үйрету де, үйрену де мемлекеттік іс деп жариялануы тиіс.

     Орыс мектептеріндегі жағдай тіпті жағаңды ұстатқызады. Өйткені, орыс мектептеріндегі оқушылардың 60%  өзіміздің қаракөздер.  Солардың дені тіпті аты-жөнін қазақ тілінде айта алмады. «Зачем мне казахский язык, я все равно в Россию уеду» («Қазақ тілінің маған қажеті қанша, мен бәрібір Ресейге кетемін») деп орыстың қаршадай баласы бөсіп отыр. Көпшілік орыстілді балалар болашақта бәрібір Ресейге көшіп кететінін ашық айтуда. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» деген қазақтың қанатты сөзі  осындайдан айтылса керек.

10-шы сыныпта оқитын қазақтың қыздары өздерінің темекі шегетіндерін жасыра алмады. Осы ұрпақтан не үміт, не қайыр? Одан шығып Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы халыққа қызмет ететін орталықтарын араладық. Онда да қазақтың аты-жөні дұрыс жазылмаған, кассада ақша қабылдайтын қазақтың қыздары мүлдем қазақ тіліне мақұрым болып шықты. Жер, су адам аттары қолдан бұрмаланып жазылып жатқанына куә болдым.  Мәселен,   Тілеуқабыл – Телекабель, Сүйінбай – Суюнбай, Қосшы –Косщей, Есіл – Иртыш, т.б.  болып кеткен. Мына қатені дұрыстап жазу керек деген менің сөзімді тыңдар пенде болмады.

 Біз қазір мынаны ашық айтуымыз керек. Мәскеудің жасырын қолдауымен, орыс тілін де мемлекеттік тіл жасау үшін бізде «үштұғырлы тіл» деген шығып отыр. Негізінен, ағылшын тілі басқа елдердегі сияқты қолданбалы тіл деңгейінде қалу керек еді. «Үштұғырлы тіл» идеясы жария етілген алғашқы кезеңде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Өскемен қаласындағы балабақшалардан басталды. Бұл педагогиканың заңына мүлде кереғар іс. Енді ғана өсіп келе жатқан балаға үш тілде сөйлеу қай жағынан алсақ та дұрыс емес. Әр ұлттың баласы бірінші кезекте өз ана тілінде тәрбиеленуі, өз ана тілінің жылылығы мен мейірім-шуағын жинауы шарт. Жапондар балаларын 12 жастан, яғни өз баба тілінің інжу-маржанын белгілі деңгейде бойына сіңірген соң барып өзге тілдерді үйретуге тырысады екен. Сонда біздің саясаткерлер қай ғылымға, қай заңдылыққа сүйеніп отырғанына таң қаласың?

     Демек, осы заманғы ғылыми-техникалық революция тілдік монополизмге емес, тілдік плюрализмге қызмет етеді деген сөз. Мұндай тиімді мүмкіндікті пайдаланбау – өз тілің мен өз мәдениетіңе жаның ашымау болып табылады.

Жұмамұрат  Шәмші,

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының орынбасары

Abai.kz

0 пікір