Жұма, 17 Мамыр 2024
Апат 7724 0 пікір 8 Сәуір, 2014 сағат 10:16

КӨКПЕКТІ: БОЖКОНЫҢ «БОЖЕ МОЙ» ДЕМЕСІ АНЫҚ

Қақаған қыс қаһарынан қайтып, күн күрт жылынды. Әншейінде қуанушы едік. Ал бұл жолғы көктем қуантпады. Көкпекті елді мекеніндегі қайғылы қасіретті естіп, білдік.  Білдік те  табиғаттың күрт өзгеруінен, жылымық ауа райының салдарынан деп жорамалдай салдық. Иә, су тасқыны табиғи апат. Дейтұрғанмен «Табиғи апат» деп қол қусырып отырғанымыз қалай болады? «Апат айтып келмейді» деп өзімізді жұбата аламыз ба? Өйткені мұның алдында еріген қар мен күннің күрт жылынуын төтенше жағдайлар департаменті байқады. Әсіресе, наурыз айының соңғы күндері қала орталығына жақын Нұра, Көкпекті, Шилі өзендері аумағынан асып, сол жерлердегі елді-мекендер жолдарын су шайды. Қайғылы қасірет орнаған Көкпектінің бел ортасынан ағып жатқан өзеннің суы көтерілгенін төтенше жағдайлар департаменті байқамады дегеніміз ертегі болар.  Әлде шынымен байқамады ма, біздің «қырағы» құтқарушылар? Ал көз алдындағы Көкпектіге қарамаса, шалғайдағыны қайтып көзі шалар? Тоғаннан тасыған қызылсуға «қарық» болғандардың обалы кімге? Кім жауапты? Кім кінәлі? 

31 наурызға  қараған түні Көкпекті ауылындағы су қоймасының бөгетін су шайып, жүз шақты үй су астында қалды.  Облыс әкімдігі ақпаратының мәліметінше: «су басқан үйлердің саны 300 ге дейін жетті.  400 ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Табиғи апат төрт адамның өмірін қиып кетті». Әрине,  бұл тек сөз жүзіндегі мәліметтер, ал шын мәнінде қанша адамның қара жамылғаны белгісіз. Ал  бұқаралық ақпарат құралдары 5 адам қаза тапты деген ақпарат таратқан болатын.  Алайда, төтенше жағдайлар қызметі ол адамның өлімін топан сумен байланысты емес екенін айтып отыр. Орны толмас оқиғаны ортақтасып, жапа шеккен жандарға қол ұшын беріп, көмектесудің орнына жергілікті билік өкілдері көп жағдайларды жасырып қалуға барын салуда. Әрине, түсінеміз, қайғылы қасіреттің салдарынан адам шығыны мен әлеуметтік шығын көрсеткіші көп болса, олардың атқарып отырған жұмыстарына сын көбейеді. Бірақ, барды бар, жоқты жоқ деп, жоғарғы жаққа халықтың қасіретін жеткізу олардың басты міндеттері емес пе? Қызылағаш трагедиясының қаншама шындығы ашылмай кеткені анық. Билік білмеді, сезбеді дегеніміз тағы болмас. Көлге айналған Көкпектінің шындығы да Қызылағаштікіндей қылқына шыңғырып жатыр.

       

Су қоймасындағы апатқа байланысты Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті оқиға себептерін көре отыра сақтық шараларын жасамағаны қалай? Оларға Көкпекті су қоймасының бөгетін су шаю фактісі туралы күн бұрын ақпарат келіп түскен. Олар төнген қауіптің алдын алу үшін Көкпекті ауылы мен Қарағанды қаласына жақын орналасқан Сұрыптау елді мекендерінің өзен арнасына жақын тұратын 300-ге тарта тұрғынды эвокуациялау жұмыстарын жүргізілгенін айтып отыр. Департамент мәліметі бойынша:  «Эвокуацияланған адамдар мектептер мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Көкпекті өзен арнасы мен Нұра өзенін жағалай орналасқан барлық елді-мекендерде хабардар ету жұмысы жүргізілді». Алайда оқиға орын алғанын естіген соң, бізде түнгі 3-тер шамасында Көкпекті мен Сұрыптау кентіне жол тарттық. Сол кезде Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын көшелеріне енді ғана дабыл қағылып, халықты жинай бастағанын байқадық. Түнгі үштер шамасында төтенше жағдайды жою жұмыстарына ҚР ТЖМ құтқарушыларының, медицина жасақтарының, құтқару техникалары мен ІІД қызметкерлері, денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерінің кеш жұмылдырылғанын өз көзімізбен көрдік. Сонда дабыл қағылып ескерту жасалды деген тиісті мекемелер болары болып, бояуы сіңгеннен кейін іске кіріскені қызық болды. Көкпектідегі дүрбелеңді бел ортасын байқамасақ та, су шайып өткен Сұрыптау кентінің өзен арнасына жақын қоныстанған тұрғындарды эвокуация жасап, жұрттың бәрін  56-шы орта мектепке жинап жатқанын көрдік. Қаралы жұрттың қайғысын жұтып, сәл де болса жәрдем көрсетуге енді жиналған билік басындағылардың біразын осы жиылған топтың ішінен байқадық. Не керек, «жау» кеткен соң қылышын қайраған олардың жарытып тыңдырар көмегі не болмақ? Бұл әлбетте, біздің сауал емес, жиылған жұрттың назы мен өкпесі еді. 

Мадина Пазылова, Сұррыптау кенті, өзен арнасына жақын Деповская көшесінің тұрғыны:

- Сағат 22.30 да далаға шыққам. Сонда көшеде  полиция машиналарының көптеп жүргенін байқадым. Жүрегім бір жамандықтың боларын сезді. Бірақ Көкпекті де су тасқыны болады деп ойламадық. Тіпті су қоймасының барын да білмедік қой. Түнгі үштер шамасында полициялар үйімізге кіріп, ескерту жасады. Документтеріңізді алып, мектепке барыңыздар деді. Сосын балаларымды алып, осында келдік.

Олег Смирнов Сұрыптау кенті, Лермонтов көшесінің тұрғыны:

- Неге биліктегілер апатты жағдайды ойласа, бізге ерте хабар беріп, мектепке жинамады. Олар оқиға орын алған соң бізді жинап жатыр. Ал, Көкпектідегі халықта біздің кешкен тағдырымызбен бірдей. Оларға да оқиға орын алған соң көмек келді. Бірақ Көкпекті ауылының көрген трагедиясы қатты жүрегіме батты. Біздің көше тұрғындары олардың көргендерін көргіміз жоқ. Бірақ әлі де бір плотина жарылуы мүмкін деген. Одан да қауіп бар.

Нейла Осиповна: Сұрыптау кенті өзен арнасына жақын көше тұрғыны:

- Өзен жақтан қатты суық ауа келді. Сол күні желдің күші де қатты болды. Бізді түнде Төтенше жағдайлар штабының әскерлері осы мектепке алып келді. Апатты жағдай орын алды деді. Әлі су тасқыны болады деді. Мектепте бәрімізді тізімдеді.

Тұрғындардың сөзінен байқағанымыз, қауіп алдын ала ескертілмеген. Апат Көкпекті мен Сұрыптау кентінің тұрғындарына қаннен қаперсіз уақытта келген. Апаттың алдын ала алмағанымыз өкінішті. Мүмкін билік тарапы мен төтеншеліктер апатты жағдайдың дәл қай уақытта орын алатынын білмеген болар. Бірақ біздің байқағанымыз, олар халықты басында дүрліктірмеуді ойлап, әліптің артын баққан. Апат айтып келмейді, әрине. Көкпекті тұрғындарының жан айқайы мен билікке айтқан базынасын біз де жақын маңнан естіп тұрдық. Көкпектіге жете алмасақ та, Сұрыптаудағы су шайып өткен көшелерді көрдік.

Оқиғаға себепкер болған су қоймасының қайда орналасқанын халықтың  көбі білмейтін болып шықты. Көкпектідегі су қоймасы жеке меншіктің үлесінде екен. Облыс әкімі Б.Әбдішевтің мәлімдемесіне сүйенсек меншік иесі «Шаңырақ» ЖШС екен. Алайда «Шаңырақ» ЖШС су қоймасын «Сантехпром» ЖШС меншігіне берген. Осы орайда, кімнің айып арқалап, жауапқа тартылатыны сұрақ болып тұр. Бір кездері Қызылағаштағы жағдайдың басты себебі, бөгеттің жекешеленіп кетуінен орын алған болатын. Бүгінгі Көкпекті трагедиясының себебі де осы болып отыр. Өйткені меншігіне өткізіп алған, ЖШС-ны халықтың қауіпсіздігі қайдан ойландырсын. Олар жауапкершілікпен қараса бұндай күйді басымыздан өткермес едік. Дәл осы іске жауапты «Шаңырақ», «Сантехпром» ЖШС-тары су тасқынының алдын алу мәселесін жіті қадағалап,  нысандардың жағдайын тексеріп отырса ел аман, жұрт тыныш еді ғой. Хош, өкінгенмен не пайда, келерге сабақ алсақ керек-ті. Ендігі кезекте аталған қасіретті Көкпекті трагедиясының тағдырын билік тарапы қолға алып, қайғы жұтып отырған халықпен қасіретті бөліссе болғаны. Бірақ  «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей енді әкім-қара дүрлігіп, өлгендердің орнына жұмақ орнатқалы жатырмыз. Көкпектінің бес шаңырағы аяулы жандарынан айрылып қан жылап қалды. Бауыржан Әбдішев жағдайды тікелей бақылауға алып, зардап шеккен барлық азаматтардың шығынын өтеп беруге уәде берді. Қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн. теңгеден қаражат бөлінеді деді.  «Қазір 14 топ әрбір көше бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгін бізде жалпы мәлімет болады. Арнайы комиссия бәрін тіркеп алғаннан кейін, шығындарды өтеуге кірісеміз. Апатта қайтыс болған азаматтардың отбасыларына да көмектесіп, жерлеу рәсімін өз мойнымызға аламыз», деді аймақ басшысы. Ендігі кезекте үкімет және де облыс әкімі тарапынан бөлінген қаржы халық жәрдеміне тез арада беріліп, көмек көрсетілсе ол да жанға қуат, көңілге медет. Маңдай термен тұрғызған үйі, тырнақтап жинаған малы мен дүниесі  бір мезетте суға ағып, бала-шағасының көз жасын көріп күн кешу кеудесінде жаны бар әрбір адамға оңай соқпасы анық.   

Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың келгенін айтып, жарыса жазып жатыр. Министрдің келелі іс тындырғанын көрсетіп, тікұшақпен бақылау жасап жүргенін айтып бағуда. Шындығына келер болсақ, сол Божко Көкпектінің қаралы жұрты көрген нәубетті көзімен көріп емес, оқиға біткен соң келіп ауылды үстінен яғни аспаннан бақылап қайтты. Аспаннан қарағанда Божко «Боже мой» дей қоймасы бізге аян. Халықтың арасына келсін, көзімен көрсін. Мұңдас екенін білдірсін. Жоқ, Министр мырза бөгеттің жарылуына ауа-райы себеп деп жылы жауып қоя салды. Бөгеттің тексерілмегендігі немесе жекеменшік иесінің жауапсыздығы демеді. «18 градус жылы болды. Жан жағынан қар жауған. Ағын болған, мұзды көріп тұрсыздар, әлі ерімеген. Жан жақтан сумен мұз қалқып келген» дей келе, тіпті су қоймаға жауапты ЖШС-тардың өзін кінәлі емес деп тауып отыр. «Плотинаның жағдайына мониторниг жүргізілген, облыстық қызметтер жұмыс істемеді дей алмаймын. Шлюздердің бәрі ашық. Күзде тоғандардан су шығарылған Бұл су қоймада ешқашан проблема болған емес» дейді Божко. Жыл да осындай қайғылы қасірет елімізде орын алып келе жатқанына министрдің беті қызармайтын болса керек. Министрдің осы уақыт аралығында қаншама апатты жағдайлардың орын алуына жол беріп отырғанын халық байқап келеді. Ендеше, Божко барлық туындаған қасіреттерді «табиғи апат» деп, оған кінәлі тараптың өзін көрсетпесе министрлігін қайтейік. Жаз бойы шетелдерде қыдырып, ел аралағанша су қоймаларының тағдырын неге ойламайды? Ендігі жерде Божконың үкіметтен қатаң сын алуы керек-ақ еді. Алмады. Көкпектінің қасіретін тағы да «Табиғи апат» деп құтылды.  Бәрін айт та бірін айт, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Алла сақтанғанды сақтайды. Биліктегі «белсенділер» апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу мен тексерістен өткізуді еш ойлаған емес. Апатты жағдай орын алған соң бірақ тәубәсіне келіп, аһ ұрып отыр. Елімізде апатты күні бұрын болжап, оның алдын алып, елдің ертеңгі тағдырына алаңдағаннан гөрі, оқиға орын алған соң «төтенше жағдай жариялау» дәстүрге айналдырып барады.  Біз Көкпекті апатының салдарын назарда ұстап, ондағы ел-жұртпен әлі талай сұхбаттасатын боламыз. Ең бастысы апат қайталанбасын, шенеуніктеріміз шешімтал болсын деп Алладан тіледік. Божконы басқаға айырбастап жіберсе, қуанбасақ ренжімейтінім де анық.

Алтынбек Құмырзақұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2238
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636