Жұма, 17 Мамыр 2024
Мәселенің мәні 4674 1 пікір 22 Сәуір, 2014 сағат 09:41

АТЫ ДАРДАЙ ЕДІ, ЗАТЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Суретте: Тұрсынбек Өмірзақов, депутат

Осы «Арнаулы экономикалық зоналар (АЭЗ) құрамыз, олар ең жаңа технологияларды пайдаланып, жоғарыөнімді, бәсекелестікке қабілетті тауарлар өндіретін болады. Ол жерлерге инвестиция құюдың жеңіл жолдары қарастырылады, жұмыс орындары көбейеді т.с.с.» деген әңгімелер көп айтылды. Тіпті, 10 АЭЗ құрылды, оларды әлі де көбейтеміз деген сөздер де шықты. БАҚ оларды барынша насихаттады. Шенеуніктер шіреніп тұрып, құрып жатырмыз, қиратып жатырмыз, ертең қатырамыз деп талай мақтанды. Қазір сол не болды?

«Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дегендей сол АЭЗ-дер сиырқұйымшақтанып барып, жоғалған тәрізді. Әрине, жәй жоғалып қойған жоқ, осы бағдарламаға бөлінген өкіметтің бәленбай миллиард теңгесін жұтып барып жоғалған болуы керек.

Өкіметтің ұмытыла бастаған осындай бағдарламаларын Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов (суретте) қана жалғыз жоқтап жүреді. Палатаның соңғы пленарлық отырысында ол Премьер-Министр К.Мәсімовке сауал жолдап, осы АЭЗ-дер жәйін сұрады. Оларға бөлінген қаражаттың қаншалықты ақталғанын білгісі келетінін айта келіп, депутат жұмыс жүрмей жатса қандай кедергілердің барын және соны еңсеру үшін қандай жоспарлар жасалып жатыр деген секілді сауалдар қойды. Бүгінге дейін инвестиция тарту, арнаулы экономикалық зоналарды дамыту және олардың экспортын ынталандыру жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама әлі күшінде. Оған қажетті қаражат бюджетте қарастырылған. Алайда Есеп комитетінің 2012 жылғы (одан жаңасы болмағаны ғой) тексеруіне қарағанда, АЭЗ жұмысының тиімділігі шамалы екендігі анықталыпты. Тіпті АЭЗ-ге берілген көптеген аймақтарда осы бағдарламаны іске асыруды көздеп тіркелгендер барлық жаңадан тіркелген кәсіпорындардың 10-ақ пайызын құрапты. Сонда бюджетте қарастырылған қаражатты кім игермекші болған өзі? Былтырғы жылғы қазан айында Елбасы өзінің сөзінде АЭЗ жұмысын қатты сынаған еді. Соның ішінде Мемлекет Басшысы 30-ға жуық жобаны іске асырамыз деген Атырау облысындағы АЭЗ соның үшеуін ғана іске асырғанын, ал Алматы, Павлодар облыстарындағы АЭЗ-дер тіпті бірде-бір жобаны іске асыра алмағанын айтты, дей келіп депутат Т.Өмірзақов: енді сол тиімсіз АЭЗ-дер жойыла ма? Қалғандарының жақсы жұмыс істеуі үшін қажетті заң жобалары әзірлене ме? Жұмыс істеген АЭЗ-дер не жұмыстар тындырды, қандай жобаларды іске асырды, олардан мемлекеттік бюджетке қанша салық түсті деген тәрізді сұрақтарды қойды.

Ай, осы сұрақтарға жауап бере алар ма екен, өкімет. Көп болса бір сырғытпа жауап жаза салатын шығар, қағаз деген жарықтық бәрін де көтере береді ғой.

Жақсылық ҚУАНДЫҚ, журналист   

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636