Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 7298 0 пікір 23 Сәуір, 2014 сағат 16:02

СОЛТҮСТІК НЕГЕ ҚАЗАҚТАРДЫ ШАҚЫРМАЙДЫ?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік өңірге барып қайтты. Әкімнің бастамасымен Шымкент жұртына келген топ құрамында тиісті мамандар мен аудан әкімдері бар.  

Шындығын айтқанда, еңбекшілдігімен, жатпай-тұрмай қызмет ететін қажырлылығымен аты шыққан Оңтүстік жұрты Қазақстанның барлық облыстарына үлгі болуға лайық.  Гүлденген аймақты, тұрақты экономиканы, қазақы ортаны ойласаңыз, ойыңызға бірден Шымкент келетіні жасырын емес. Бұл үрдіс белгілі журналист Берік Уәлидің Оңтүстік баспасөзін қолға алуымен тіптен қарқын алды.

Өздеріңіз білетіндей, соңғы кездері Қазақ үкіметі шетелдегі қазақтар мен халық жиі қоныстанған Оңтүстік Қазақстан жұртын  Шығыс-Солтүстік аймақтарға шақыра бастады. Өйткені солтүстік өңірлерде еңбек күші жеткіліксіз.

Дәл осы игі бастаманы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев іліп әкетті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті жазды.
- Біз Оңтүстік Қазақстан облысының оншақты ауданында және Шымкент қаласында болдық. Негізгі мақсатымыз – шыбық шаншысаң, көктей беретін жеріміздің артықшылықтары туралы айтып, оңтүстік шаруаларын мемлекеттік бағдарламаға үлес қосуға шақыру, оларды Ұлан ауданында жер шаруашылығымен айналысуға, көкөніс өсіруге үндеу болатын. Оңтүстік шаруаларының бұл кәсіптің шебері екенін біз жақсы білеміз. Өздерінің құнары аз жерлерінің өзінде зор тәжірибенің арқасында олар көл-көсір өнім алады. Ал Шығысқа қоныс аударатын болса, олардың алдынан жаңа көкжиектер ашылмақ, - дейді шығысқазақстандықтар.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, егер Оңстүтік егіншілері Шығыс Қазақстанға келсе «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жеңілдіктер жасалмақ. Соның арқасында облыс экономикасы алға ілгерлеп қана қоймай, Семей мен Өскемен тұрғындары экологиялық таза өнімдерді тұтынуға мүмкіндік алады. Сәйкесінше өндіруші де көл-көсір пайдаға кенелмек.

«Дидар» газетінің жазуынша, Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен бірнеше жыл бұрын Ұлан ауданына қоныс аударған Оңтсүтік тұрғыны Арапбай Орынбаев бұл күнде үлкен кәсіпкер, «Нұрмұахммед» шаруа қожалығының тізгінін ұстап, кәсібін дөңгелентіп отыр.   

Сөйтіп, Оңтсүтік тұрғындарына Шығыс қақпа айқара ашылды. Еңбекшіл ағайын ендігі жерде ұлан-байтақ далаға жан бітіріп, егін-шаруашылығын дамытпақ.

Іскер әкім Бердібек Сапарбаевтың Үкімет қаулысына сәйкес белсенді жұмыс жасауы Солтүстік әкімдеріне үлгі болса игі. Бос жатқан аймақтарға еңбек күшін тартып, ел экономикасын көтеру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауында. Сондықтан алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында ауылшаруашылығы жаңа белеске көтеріліп, жұрт тіршілігі оңалса,  ол – оралман ағайын мен Оңтүстік жұртының тікелей ықпалы деп біліңіз.

Abai.kz

0 пікір