Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4605 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 16:57

«АН-72» ҰШАҚ АПАТЫНА ҚАТЫСТЫ ДИСПЕТЧЕРДІ СОТТАДЫ

Бүгін Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2012 жылы желтоқсан айында болған ұшақ апатына қатысты қозғалған қылмыстық іске үкім шығарды. «Азаттық радиосының» хабарлауынша «Ан-72» әскери ұшағының апатына қатысты «Қазаэронавигация» компаниясының Шымкенттегі филиалының диспетчері Қанат Ақылбеков айыпты деп танылып, 6 жылға сотталды.   Қанат Ақылбеков қылмыстық кодекстің «абайсызда екі, не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танылған. Сот залында қамауға алынған Ақылбеков жазасын қоныстандыру колониясында өтейтін болды. Сонымен бірге сот оған 3 жыл әуе диспетчері қызметін атқаруға тыйым салды. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап үй қамауында болған айыпталушы Қанат Ақылбеков өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейді. Апат алдында «экипаж мүшелерінің қонуына нұсқаманы дұрыс бермегені салдарынан көп адам қазаға ұшырауына себеп болды» деп айыпталған ол «экипаж нұсқаулықты дұрыс орындамады» деп санайды. Естеріңізде болса 2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың 20-сы – әскери қызметкер, жетеуі – экипаж мүшелері болатын. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.

Абай-ақпарат

0 пікір