Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4520 0 пікір 4 Мамыр, 2014 сағат 13:49

БІЛІМДЕ ШЕКАРА ЖОҚ

Жалпы, бұл күндері Еуразия кеңістігінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі қызу талқылануда. Мәселен, М. Ломоносов атындағы ММУ-нің Қазақстандық филиалы директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Сәбина Аязбекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде білім беру, ғылым және мәдениет мәселелеріне орай ой-пікірлерімен бөлісті. «Мемлекет басшысы тұрақты түрде экономикалық одақ аясынан шығып жататын ауқымды, көп қырлы мәселелерді қарастырады»,- деп атап өтті ол. С. Аязбекованың айтуынша, Елбасымыз еуразиялық интеграцияның келешегі туралы дәріс оқитын алаң ретінде ММУ-ін кездейсоқ таңдап алған жоқ. Бұл университет құрылғаннан бері жаңа идеялар мен ғылыми болжамдар қалыптасатын, қоғамдағы ең өзекті және көкейкесті мәселелерді шешудегі қызу пікірталастар жүргізілетін оқу ордасына айналды. Сонымен қатар, ММУ әрқашан еркін ой айтатын, қоғам алдында жоғары жауапкершілік жүктейтін ортасы бар оқу орны ретінде ерекшеленеді.

Еуразиялық интеграция идеясы экономикалық одақпен ғана шектелмейді. С. Аязбекова бұл идеяның Еуразиялық университеттер қауымдастығын құруға негіз болғанына тоқталды. Ғалымның пікірінше, КСРО күйрегеннен кейін ММУ-дың арқасында посткеңестік кеңістіктегі жоғары оқу орындарының арасындағы байланыстар үзілген жоқ. Сондықтан да, білім беру жүйесі, ғылымдағы тәжірибемен алмасуға деген қажеттілік еуразиялық интеграцияның қалыптасуының маңызды факторына айналды. «Еуразиялық интеграция идеясын санасына сіңірген мыңдаған мамандар – экономистер, саясаттанушылар, филологтар және т.б. Еуразиялық университеттер қауымдастығына кіретін оқу орындарын бітірді. Және осы түлектердің ерік-жігерімен еуразиялық бастаманың бағыттары айқындалып, жоспарлары жүзеге асырылды»,- деді С. Аязбекова.

«Қазіргі таңда ММУ-де тек Қазақстан үшін емес, күллі Еуразиялық кеңістіктегі құбылыстар мен қажеттіліктерге үндес ғылыми жобалар мен бағдарламалар дайындалады,- деп пікірімен бөлісті профессор С. Аязбекова.- Атап айтқым келгені, білім беру саласындағы интеграция бұрыннан бері жүріп жатыр: мемлекеттер өз егемендігін алып, шекараларын белгілегенімен, білімде шекара жоқ. ММУ-дың оқытушылары Қазақстанға тұрақты түрде келіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Екі елдің стратегиялық дамуына қажетті және маңызды ғылыми жобаларды жасап, іске асырады». Жалпы, бұл бағытта ММУ-дың Қазақстандық филиалын еуразиялық бастаманың жүзеге асырылған табысты жобасы деп атайтыны белгілі.

Профессордың айтуынша, университет студенттері басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті сияқты пәндерді тереңдетіп оқиды. Сонымен қатар, еуразиялық интеграцияға қатысты мәселелер зерттеліп, талқыланатын еуразиялық мәдениет атты пән де оқытылады екен. Сондықтан, қазақстандық студенттер өздеріне қандай жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеді. Университетті тәмамдаған соң елімізде жұмыс істейтін жастар да интеграциялық үдеріске өз үлестерін қосқысы келеді,- дейді ол.

Жалпы, қазіргі кездегі интеграциялық үдеріс ғылым мен инновация саласында Қазақстан мен Ресейдің университеттерінің бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашты. Мысалға, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті әртүрлі бағыттар бойынша РФ-сының 10 жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті Новосібір, Томск, Мәскеу, Барнаул, Санкт-Петербор, Дубна және басқа қалалардың университеттерімен, ғылыми-зерттеу зертханаларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары мыналар: материалдар синтезі мен қорытпасын зерттеу, энергетика, геодезия, машина жасау және т.б. бірлескен жобалар.

Білім беру мен ғылымдағы ынтымақтастықтың нәтижесінде өміршең идеялар пайда болуда. Мысалға, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында ғылым қалашығын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте: «Ғылым қалашығын салу тұрғысында біз Ресейдегі Бийск, Дубна қалаларының тәжірибесін зерттедік. Ресейде ғылым қалашығы туралы заң да қабылданған. Осы сияқты заңды бізге де қабылдауға болады. Осындай ұсыныспен мемлекет басшысына хат жазғанбыз. Елбасы бізді толық қолдады. Қазір Үкіметпен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ғылым қалашығын салуға Курчатов қаласы өте қолайлы. Өйткені, онда ғылыми, өндірістік және кадрлық база бар» деп мәлімдегені белгілі.

 

Әмірлан Әлімжан.   

Абай-Ақпарат

 

 

 

0 пікір