Жұма, 26 Сәуір 2024
Әңгіме 9241 0 пікір 8 Мамыр, 2014 сағат 18:47

Оралхан Бөкей. АРЫСЫН ТОСЫП ӘЛІ ОТЫР

Мағрипа күйеуін майданға аттандырған жылы не бары жиырмаға толып еді.

Қайғы-қасірет пен тақсірет құрығының не екенін біліп, күннің көзіндей құбылмалы дүниенің күйдіріп те, тоңдырып та жіберетін құдіреті барын тұңғыш рет мойындап, ағыл-тегіл жылаған  шын жылаған жылы да осы. Ол жиырмаға толғанын білмеген де, ел басына күн туған зауал жылдың тандайда қалар тәттісінен гөрі ғұмыр бойы күтылмайтын зар арқалатып бергені ғана есінде. Егер бұл ғаламда пенденің: аз жасасын, көп жасасын, әйтеуір, бір ең қымбатты қимас шағы болатыны рас болса, керісінше мәңгі бақа ұмыта алмайтын қан жұтқан қасіретті мезеті де болады екен. Мағрипа осының екеуінің де дәмін татты. Жеңсігі болмаса да тағдыр атты тарантас мінгізіп әкетті үстіне. Тағдыр арбасы кімге жайлы, кімге жайсыз.  

Ал Мағрипа үшін...

Мағрипа күйеуін майданға аттандырған жылы жиырмада еді. Қазір қырық сегізге толғалы отыр. Бірақ сол бір сор маңдай жылдың Мағрипа үшін қаншалық жеңіл-ауыры бүгінгі мамыражай күнде ғана анықталып, бар салмағын енді салған секілді. Мағрипаның есінде сол жылдың күзі тым-тым сұрқай жаңбырлы болып, қыстың ерте түскені ғана қалғандай. Жылауық күздің ызғарынан гөрі қайғы-қасірет қаңтардың аязынан бетер жан-жарасын жұлқылап мұздатқан, тіпті қара қошқыл аспан да, қара жамылып күрсінген күрең дала да,
қарқарадай қасқайып тұратын тәкаппар тау да қайғыдан езіліп, қол-аяғын бауырына
алып бүрісіп, қалжырап жатқандай еді ғой. Мағрипа күйеуін соғысқа аттандырып тұрып,
алғаш рет күз лебін сезінген әрі осы салқын да салдақы лепте сандалған жұрттың күңіренісі, өзіндей сандаған жесірдің қазіргі немесе бұдан сансыз жылдар соңғы сағыныш еспесі барын көкірегіне түйген. Ол сонда ғана шын жыластың не екенін біліп, шын  қайғырудың, шын сарғая сағынудың дәмін татқан, тұңғыш рет өз-өзінің өксіген
өмірдегі орнының қандай және қай дәрежеде екенін, өзі ғана емес, барша
әйелдердің кайғыға мұншама қара нардай берік құдіретін таныған; тұңғыш рет
еркек қауымының бірөңкей күйеуі секілді, ары таза азамат қана емес, аш
қасқырдай араны кең, арсыз екенін де бағамдаған. Ол өткен емірін әсте де есіне
алып есіркеп, әлдекімге әңгімелеп көрген жоқ. Шерлі жылдардың шешуі әйелдің әрі
нәзік, әрі берік жұдырықтай жүрегінде шемендеулі. Асыл қазына болмаса да
аласапыран жылдардың сыр сандығы кілтсіз, иесіз.

Жүрек сырының кілтін ол жоғалтып алған жоқ, жастығын да, махаббатын да, өмірінің бар базары мен арманын да майданға ала кеткен жарына сыр сандығының кілтіне қоса беріп жіберген екен.
Сол Мағрипаның жарты ғасырлық ғұмырын, бүгін кез келген жесірдің тағдырына
балап, оның баз кешкен жылдарын жазуды басқаларға, батылдарға қалдырып, қазіргі
халінен хабардар етейік.

 

...Қара сиыр өрістен әлі қайтқан жоқ. Бағана таудан мал құлап, ауылдың іші азан-қазан болғанда, әне, келеді, міне, келедімен отырып қалған еді Мағрипа. Таласып байып батып бара жатқан күн астындағы Қоңыр төбе күйіп жатқандай жалқын түске шомылып, жаз
дидарының бар ажарын өз бойына жинақтап, бауырына басып алыпты. Қоңыртөбенің
қыр арқасы алтын шұғыланы қиып, күнбатыс көкжиектен анталаған қаятты нұрды арғы
қапталына паналатып, бергі бетіне қоңыр салқын ымырт кешін ұялата бастады.
Мағрипа осы төбеге күн салып қарап көп тұрды. Малдың бәрі ойға құлап сарқылып
біткен бе, қыбыр еткен зат болжанбады. Бағанағыдай емес, ауыл іші тынышталып,
намазшам алдындағы қарбаласка көшкен. Әр үйдің алдындағы бір-бір сиырының
борбайына жармасып, бір-бір ақжаулықты әйел отыр. Масадан қорғанып салған түтін
сыздықтай көтеріліп барып, көк күмбезіне мойнын соза-соза іріп-іріп жоғалады.
Ауада отқа салған жас ерменнің бықсыған қоңысы, сиырдың иісі бар. Тау
қойнауының кербез кеші бара-бара іңірге айналып, өзен жақтан майда ғана салқын
леп үп етіп қалады... Мағрипа Қоңыртөбеге беттеді.

Анда-санда "Ау-хау" деп тауды жаңғырықтыра айғайлағаны естіліп, біртіндеп ұзап, қыр асып бара жатқанын сездіргендей үзік-созық талып шалынады құлаққа... Мағрипа батысқа
беттеді. Жылдар бойы көз майын тауысып, сарғайған санамен үміт отын іздеген
батысқа қара сиырды іздеп енді өзі шықты. Қара сиырдың өрістен қайтпай қалатын әдеті
жоқ еді. Күн еңкейсе болды, табындағы сиырдың алды болып, аңырап жететін:
"Бүгін не қара басты, әлде сидаға түсіп қалды ма екен... Құдай оның бетін ары қылсын. Ақсыз қалдырса, биылғы қыс бір қырға бізді де таятып тастар".

Мағрипа жол тосып соғысқа аттанған күйеуін аңсаса, осы Қоңыртөбеге телміретін. Кейде оған дүниедегі бар пәле-жала осы қабақтың арғы бетінде болып жатқандай сезілетін. Құрбы қатындар сан реет масақ теріп қайтайық деп сүйрегенде: "Көрмегенім Қоңыртебе болсын", - деп, аттап баспайтын. Осы іші кепкен сиырдай теңкиіп жатқан үлкен төбені сонау шатқалаң шақта Бозтайлақтың да асып кетіп, күні бүгінге дейін қайтпай қалуы,
тіпті бұрнағы жылы қыста айналдырған үш ешкісінің бірі асып кетіп, қасқыр жеп кеткені
ойына әлденендей сезік ұялатып, секем алдырған. Содан ба, әлде Байжұма
молданың: "Бұл шаңыраққа келетін зауал - Қоңыртөбенің ар жағында", - деген көріпкел сөзі қамшы бола ма, күнбатысқа ұзақты жылдар бойы құрдан-құр көз сата қарағаны болмаса, аттап басқан емес.

Бір үйдің бір сиыры жоғалып кетсе, талшық етерінен айырыпып, от пен суға қарап қалғаны ғой. Бағана қара сиыр ұшты-күйді жоғалып кеткен соң, бар пәле-нала осы төбенің арғы бетінде жатса да, Бозтайлақтан жаным аяулы ма, не көрмеген қу бас, көріп алдым
әуселесін деп, белін буып, бекем шыққан.

Шылбырдай шұбатылған жалғыз аяқжол қабақтан асып, арғы күнгей бетіне құлағанда, Мағрипа, шынында да, жүрексінейін деді. Ғажап-ау, осы Жаңа үлгі ауылының бес жастағы баласына дейін жасырынбақ ойнап, жидек теріп қаңғылестеп кететін. Қоңыртөбе қойнауы зіңгіттей әйелдің зәресін алғаны несі. Көрер көз, естіген құлаққа ұят. Қайраты тас қайнататын әйел мынау жалпақ жаратылыста тек осы Қоңыртөбенің арғы бетінен ғана қорқады. Бұл Қажымұқанның тышқаннан қорыққанындай емес, мүлдем басқа... басқа... Оны Мағрипаның өзінен емес, соғыстан іздеу керек сияқты. Егер Қоңыртөбе күнбатыста
- Бозтайлақ соңғы рет қараң етіп көрініп, қарасы өшкен тұста болмаса, мұншама
жанға жат, тәнге салқын үрейлі болып сезілмес пе еді.

Мағрипаның денесі тітіркеніп, тоңази бастады. Ымырт жабылып, көз байланып қалған. Бағанағыдай емес, қарайған-құрайған молайып, әр бұта-қараған аюдай айбар көрсете бастады. Біртіндеп жұлдыздар шығып, бейуақтың тымырсақ дел-сал күйі жайлады өңірді. Қара сиыр жоқ.

"...Қасқыр жегір-ай, қайда ғана қаңғып кеттің екенсің? Алдыңнан шығып айдап келер бала-шағам тұр ма? Қуарған қу бас... Тіршілік-ай, өмір бойы ат ізін салмаған қойнауға жетелеп келдің-ау. Сиыр түгіл, Бозтайлақ жүр десе де, батылым барып, аттап баспап едім, келтірдің бе, дегеніңе көндірдің бе, қу өмір... ау-хау, ау-хау... қасқыр жегір-ай..."

Мағрипа қара сиырды таба алмады сол түні. Ертеңіне бақташы шал Қоңыртөбенің қойнауында у жапырақ жеп, іші кеуіп өліп жатқанын хабарлады. Осы хабарды естігенде, Мағрипа сазарып міз бақпады. Көзіне жас та алған жоқ. Бар айтқаны: "Қайтейін, Қоңыртөбе Бозтайлағымды да алып қалған. "Басқа түссе баспақшыл"... Бірақ... бірақ тоқсанға келген кәрі шешеме қиын болды-ау. Ақ баласынан басқа аузына нәр алмаушы еді..."

- Тәйт әрі! - деді Қанипа, - өлсе өле берсін. Мен де өлем.

- Құдайым-ай, таң неткен ұзақ едің. Бозтайлақ аттанған түні де дәл осылай кірпігім-кірпігіме айқаспай, бақырайып жатып алған едім. Мал ашуы - жан ашуы деген, тегі, рас па едің... уһ!

Кемпір ағаш тесекті сықыр-сықыр еткізіп бері аунап түсті.

- Әй, Мағаш, ұйқта, қалқам. Қайтесің жоқтан өзгеге басыңды ауыртып.

- Ой, апа-ай, ұйқы құрғырың қашып алғалы қашан... Қырық бірден бері... жиырма сегіз жыл.

Ондық шам өлімсірей жанып тұр. Алаша төселген аласа ғана ағаш үйдің іші қара көлеңке. Іргедегі екі тесекте бүк түсіп жатқан қос әйелдің көрпеден дудырай шығып жатқан шашы да аппақ, бір-бірінен айырғысыз. Бірінің шашы қарттықтан ағарды, бірінің шашы қайғыдан ағарды...

Үй іші алакөбең тартып тұр еді. Шағын бөлменің әр бұрышында орналасқан жұпыны ғана ол-пұлдар жарқылдап көз шағылыстырмай, қоңырқай семьяның қоңыр тірлігінен хабар
бергендей еді.

- Апа, - деді Мағрипа жуас үнмен, - торпақ сатып аламыз ба?

- Торпағың өсіп, аузынды аққа тигізгенше... Өзің біл.
Тиын-сиының жетсе... Кемпір осы сөздің өзін ауырлағандай сырылдап ұзақ жөтеліп
барып, демігіп жатты. Сосын үзілген әңгімесін жалғап: - Өзің біл, Мағаш. Маған
төрт-бес кез ақирет бұйырса да жарар. Ел бар, жұрт бар, аруағымды қор етпей арулап қояр. Әлгі... Уһ, аллай, әлгі... Сандықтағы сары майдай сақтағаныңды жұмса, менің өлімімді тосып қайтесің, - деді аса шаршаспен.

Мағрипа үндеген жоқ. Екі қолын көкірегіне айқастыра салып, ауыр дем алып
жатқан кемпір сәл үнсіздіктен кейін:

- Қызым, ұйқтап қалдың ба? - деді.

- Жоқ, апа.

- Ұйқтасаңшы енді, ұйқта, жаным.

- Өзің де көз шырымын алсаңшы, апа.

- Ұйқтайтын күн де жақын қалды ғой.
Қара шалдың қасына барып...

- Қойшы, апа, қорқыта бермеші!

Ондық шам өлімсірей жанып тұр.
Жанып таусылуға да таяу секілді. Мынау кәрілік меңдеген кемпірдің қазіргі халіндей, ол да бірте-бірте мәңгі тыныштық күйге бой ұсынып, өшіп бара жатқан. Күн өткен сайын, ертеңгі су ішкілігінен гөрі ендігі аттанар сапарының қамын көбірек ойлап, сол бір жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да құтылып кете алмайтын мәнзілді көксеп, әйтеуір,
алатын жаныңды тезірек ал деп, құдайға құлшылық ете көксеп жатқан. Мағрипа ұйқтап қалған секілді, бір қалыпты тынышты күйде тыныстап жатыр. Кемпір ағаш тесекті жылата сықырлатып, үш-төрт қозғалып барып іргеге аунап түсті. Тағы да сырылдап, тық-тық жөтеліп, әлденені күбірлеп, әлденендей өкінішті салқын күйде жатты.

"Әй, Мағаш-ай, сонда Қайсаға ти дедім - көнбедің. Өлмектің артынан өлмек бар ма. Енді, міне, қаңыраған үйде қара басың қалмақ. Басқа қатындар үш-төрт байға тиіп жатқанда, Бозтайлақтың суретін құшақтап шашың ағарды". Ондық шам бағанағыдан ары басылып, болар-болмас сәуле шашылып тұр. Қабырғада ілулі тұрған Бозтайлақтың суреті де шам сөнуге айналған сайын, қара барқынданып, құр нобайы болжанады.

Кемпір: "Әй, Мағаш-ай, Қайсаға бекер-ақ тимедің" деп барып, тық-тық жөтеліп қалды. Мағрипа бір қалыпты тыныс алып жатыр. Тыныштық. Мазаң дүниенің бәрі-бәрі де талықсып, мызғып бара жатыр. Зар жақ иттер ғана оқта-текте шәу етіп қалады.

"Қайсаға ти дедім".

Кемпір сырылдап жатыр.

 

 

* * *

Мағрипа шешесінің өліміне жұмсаймын деп тірнектеп жиғаң ақашасына торпақ сатып алды. Тамыз басталып, жұрт бірер малына шөп дайындауға кіріскенде, бұл да шалғысын сайлап, бүгін-ертең бұл дүниеден көшем деп жатқан шешесін сүйеп отырып шындатып алған. Биыл мамыр, шілде айлары құрғақшылық болды да, ойдағы шабындықтың көбі
сап-сары боп күйіп қалған. Бұта-қарағанның түбін шауып алайық деген мүшеге совхоз рұқсат бермей отыр.
Негізгі шабындықты тамамдаған соң, қол тартпамен совхоз малына шауып үйеміз,
сендер таудан тұрғызыңдар бір-бір шөмелені дескен. Астарында аты бар азаматтар шалғысын тақымдарына қысып, әлдеқашан-ақ аттанысып кетіп еді. Аяқ артары болмаған соң, Мағрипа секілді бір үйдегі бір жесір әйелдер ғана лажсыз омалып отыр.

Қанипа кемпір: "Мына өзіміздің Шілікте торпақтың қыстайғы азығы боларлық қырықбуын аралас қияқ бар. Денің сау кезіңде, осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шықтың емес пе. Ертелі-кеш барып, қыбырлай бер", - деген соң, тартпасын арқалап жәнеле беріп еді, қорықшы Қайдар жолдан қайтарып әкелді. Ертеңінде басқарушыға барды Мағрипа. Өтінішін қабылдамады.
"Болмайды, апай, болмайды. Совхоз малына шашымызды жұлып бере алмаймыз
қыста", - деп, Мағрипаның көзінен аққан ағыл-тегіл жасты шыбын құрлы көрмей шығарып салған.

Мағрипа осы күні түнде шалғысының орағын беліне қыстырып, сабын таяқ етіп жолға шықты. Бағыты - Шілік.

Ай әлі туған жоқ. Түн жамылып ұрланып шыққан жалғыз жаяудың жаулығы ағараңдап, Қоңыртөбені асып бара жатты. Ол бұл жолы Қоңыртөбеден сескенген жоқ. Ішін өрт боп жалаған өкініш, ашу-ыза, амалдың жоқтығына астасып, өз болмысында болмаған бөтен қимылға итермелеген. Ол қара сиыр іші кеуіп өлетін шілікке келіп, бел шешті. Ауыл енді Қоңыртөбенің күншығыс бетінде қалған. Мағрипаны мазалайтын қорқыныш сол төбенің
ар жағында, қорықшы келіп қала ма деп елеңдеп әрі-бері отырды да, шалғысын саптап, пішен шабуға кірісті.

Түнгі шыққа жіпсіп жатқан қырықбуын аралас қияқ шалғының жүзі тиер-тиместен, сырылдап барып мұрттай ұшады. Мағрипа, ай туғанша, едәуір жерді еңсеріп тастады. Қара сүмек боп терлеп, екі жаурынының ортасы удай ашып кеткен соң, бел жазып біраз отырды. Анандай жерде Қоңыртөбе әнеугүнгі қара сиырдай теңкиіп жатыр. Ар жағынан Тарбағатай тауы қарауытады. Ай туып келеді. Қоңыртөбенің ар жағы ағара бастады. Құлаққа аттың дүбірі шалынғандай болып еді, Мағрипа зәуде бір шошыныспен селк етіп
қалып, орнынан атып тұрды. Таудан қайтқан жігіттер болуы керек, шілікті орағыта
шауып өте шықты. Әне, төбеден асып барады. "Құдай-ай, - деді Мағрипа жүрек тоқтатып, - құдай-ай, Қоңыртөбенің ар жақ, бер жағы зәремді алып бітті-ау".

Өмір өзгермелі, әрі сынаптай толқымалы. Мағрипа ширек ғасырдан астам бар пәле, қайғы-қасірет, мұң-мұқтаж тек осы Қоңыртөбенің күнбатысында деп ойлап келген. Басындағы бақыт тарағын осылай қарай ала қашқан тағдыр солай ойлатқан да. Өйтіп ойламас еді. Бозтайлақ Қоңыртөбеден асып кетіп, қайтпай қалды, қылаяғы қара сиыр да қорқау төбенің ар жағында өліп қалды емес пе.
Мағрипаның қара көзін суалтқан да осы күн батар жоқ. Бозтайлақ майданға аттанар күні, жікжапар болып жүріп, ағаш тамның есігін күнбатысқа шығарып алған. "Бұның
не" деген елге: "Бозтайлақ Қоңыртөбеден құлдап келе жатса, көрмей қалуым мүмкін", - дейтін. Бәрі де алдамшы, бұралаңы көп, бұралқы үміттер, күндердің күні сарсып кететін сағыныштар екен. Бәрі де бір-біріне селбескен жамау-жамау шалажансар тіршілік, қалжауланған халдер екен. Бозтайлақ аттанарда айтып еді. "Егер менен тұяқ қалса, жетім-жетиегір деп қарғап-сілеме, боз биенің сүтіне шомылдырып өсірмесең де, бала-шағадан қақпай көрсетпей тәрбиеле.
Ал... ол болмаса - еркің білсін, өлімімді аза тұтпай-ақ, бақытынды басқадан ізде". Бозтайлақтан бала қалған жоқ. Мағрипа бақытын басқадан да іздемеді.

Ай туып, шіліктің іші жап-жарық болып кетті. Ай сәулесіне шағылысқан шалғының жүзі
наркескендей жарқырап жатыр. Мағрипаның екі көзі Қоңыртөбенің күнгей жағында.
Ендігі қорқынышы да, келетін зауал да бергі беттен ауысып, арғы бетке кешкен.
Терең де тұнық ағыстай саябыр өмірінде еш аламаннан қорқу, үрку дегенді білмейтін, қайта сол адамдарсыз ғұмыр кешу, әлдеқайда бақытсыз екенін зерделеген. Бірақ жалғыздықтан жапа шегіп, әлдекімдерден бірлі-жарым қағажу көрген сайын, адамдарға деген өз сенімінен қорқатын.

"Егер мен кейбіреулер секілді ұстамсыз немесе тас жүрек болсам, бұдан әлдеқайда бақытты болар ма едім", -деген іспетті түңіліске итермелейтін де баз бір қатындардың: "Егер мен Мағрипаның орнында болсам, Мағрипадай келбетім болса, әлдеқашан қарағайдай бай тауып алар едім", - деп көпіретін сөздері. Иә, олар Мағрипаның бар бақыты жар деп қосылған Бозтайлағының рухын еңку-еңку жылдарда бой тұмардай ардақтап, өмірінің бар базарындай мінажат тұтып өту екенін сезген емес. "Өзекті жанға бір өлім, мүмкін, Бозтайлақ мынау туған жер, тербеген бесігіне ажал бүркіп тұрған жауды жастанып өлген шығар" деуі содан.

Ол Қоңыртөбеге кадалып, ай астында ауыр тыныстап маңқиып жатқан даладан өзіне төнер қатерді күтіп көп отырды. Ай қарғалап, таң қылаң беріп келе жатқанда, ауылына қайтты. Мағрипаның бүл түнгі ұрлығын ешкім көрген жоқ. Түс әлетінде ғана басқарушы кеңсеге шақыртып әкеткен.

- Сіз - жесір адамсыз, - деп бастады сөзін басқарушы, -және жалғыз сіз ғана емес, сұм соғыс мыңдаған әйелді жесір қалдырды. Сол жесірдің барлығы менің күйеуім жоқ деп, мемлекет мүлкін талап-талап әкетсе, не болар еді... Өзіңіз ой жүгіртіп көріңізші, не болар еді?

_ ?

- Әне, үндей алмайсыз, үндеуге қақыңыз жоқ. Демек, масқара болар еді деген сөз. Рұқсатсыз совхоз жерінен шапқан шөпті жиып аламыз. Шапқан жеріңіздің
көлемін өлшеп, ақшасын өзіңізге төлейміз.

- Құдай-ау, мал ақша жемейді ғой.
Маған пішен керек.

- Күз түскенше, ептеп жиып аларсыз бірер шана шөпті. - Мағрипа түтігіп кетті. Алдында міз бақпай сазарып отырған бастыққа буыршындай шабынып тап берердей, оқталып барып:

- Қоңырсыған дүние-ай, көп көргенің жалғыз бұзау болса, оның басын шабармын. Бұл ауылға сенен гөрі менің терім көбірек төгіліп еді, "тұрымтай - тұсында, балапан - басында" деген осы шығар. Ал, бар мүлік малым сенікі, өткіздім совхозға, ал, жарқыным, ал он жыл бойы өлмелі екі қатынның талшық еткені - он саусағым еді - оны да кесіп берейін, ал, жарқыным, ал, мә, ақырғы он сом – мұны да ал, тек түні бойы шапқан шөбімді
қайтар өзіме. – Мағрипа жаулығының шетіне түйген он сомдықты басқарушының алдына тастай берді де, зар еңіреп шыға жөнелді.

- Апай, - деді басқарушы қалбалақтап, - шапқан шөбіңізді жинатып, үйіңізге жеткізіп
берейін, тек мына пәледен құтқарыңызшы... Ақшаңыз не...

 

- Маған енді Қоңыртөбе қауіпті емес,- деді шешесіне Мағрипа. - Шөпті жеткізіп алдым.

Теріс қарап бүк түсіп жатқан шүйкедей кемпірдің күңкілі естілді:

- Ендігі қауіп мен шығармын. Бірақ мені тағы бір жыл қыстататын түрің бар. - Түсіме әлгі байың кіріп жүр, - деді сонсын, - үстінде сап-сары ала бадана сауыт-сайманы бар екен деймін. Маған қарап ыржияды. Ой, құрып қалғыр, неменеге жетісесің, қара сиырдың іші кеуіп өліп қалған, не ғып сандалып, кімнің бодауымен жүрсің, қайт әрі қаңғырмай, - деймін. Құдайдың құдіреті ыржия береді. "Жауды жеңген соң, қайтам ғой, апа", - дейді. Қайдағы жау, жиырма сегіз жыл бойы құрымай жүрген. Өзгенің жерін қорғап жыртысын
жыртқанша, өз ошағыңның отын сөндірмесеңші, жетесіз неме! - деп ұрсып тастап едім, өкпелеп қалды ма, құлыным, сауыт-сайманын асынып, Қоңыртөбені асып кеткені.

- Артына қарады ма? - деді Мағрипа жүрегі лүпілдеп. Шешесінің соңғы кезде сандырақтап, есінен ауық-ауық ауып қалатынын ескермей.

- Қараған жоқ. Бірақ осы жолы, - деді кемпір сырылдап, - осы жолы күнбатысқа емес, шығар күнді бетке алып кетті ғой... Келетін шығар... келеді ғой тірі жүрсе... Әлі-ақ маңдайы жарқырап, Қоңыртөбеден түсіп келе жатады құлыным.

- Әй, апа-ай, алжиын деген осы-ау! -
Мағрипа ауыр күрсінді.

- Кет, салдақы! - деді кемпір шаңқ етіп. Үні өте ащы шықты. -
Менен сен бұрын алжисың. Жатыры кепкен жалмауыз. Сонда Қайсаға ти дегенде,
тілімді алмап едің, атты қарғысым. Ойнастан болса да бақыр басты бала тапсаң,
бүйтіп талақ қалмас едің. Ертең келер жауыңа қарсы шабар еркегің жоқ, қоңыр бұзауыңа
мініп өзің аттан, ку қатын.

Мағрипа үн-түнсіз жылап, шығып кетті.

- О несі-ай, Қайсаға ти дедім... - деген кемпірдің күбірі көпке дейін басылған жоқ.

"...Қайсаға ти дедім... тимеді. Байының соғыста өлгені өтірік. Қаңғылестеп бір жерде жүрген де. Құдай біледі, немістен қатын алып тұрып қалды, сол қансыз неме.

Жас қатынын паналап, қорғап жүр де соны... тос, із-түзсіз кеткен ынжық
неменді тос... мен де құдайдан тосайын .

Кемпір әлі күбірлеп жатыр.

 

Күн ала бұлтты еді. Тамыздың өліарасы болып қалған. Бұл өңірге қыс ерте түсетін. Күздің ызғары әлден білінеді. Төрт түлік өріске бұрынғыдай маңғыстап шықпай, керенау оттайды. Тойымдық бар. Далиғаң дала тобылғы түске бояла бастаған. Тырналар балапандарын ұшуға баулып, ұзақ бір сапарға дайындық жасауда. Өзеннің бұрынғыдай
тентектігі жоқ, мезгіл ырқына көніп, өкпелей ағып жатыр. Оқта-текте бұлт
арасынан жасқана сығалаған күн нұры маңдайды салқын ғана сипалап өтеді.
Қоңыртөбе әлі сол орнында, биіктеген де, аласарған да жоқ. Кемпір де сол ағаш
төсегін зар еңірете аунап, саржамбас боп әлі жатыр. Өлген жоқ. Ол соңғы кезде тек бір-ақ сөзді қайталай
беретін:

"...Қайсаға ти дедім - тимедің. Байың неміс қатынын асырап әлі жүр..."

| - Апа! - үйге ентіге кіріп келген Мағрипа өңі өрт сөндіргендей. - Қоңыр бұзау қорада жоқ қой.

- Жоғалған да.

- Қақбас, өзің жоғал! - Мағрипа шешесін тұңғыш рет тілдеді.

- Астына сарып жатқан мен шешіп жіберді деп тұрмысың? Қайтеді-ай, апшысын қуырып. Ұрлап кеткен де.

"...Қайсаға ти дегенде..."

- Құдай-ай, көп көргенің жалғыз торпақ па? Ендігі байым да, балам да - бар уайымым да сол еді. Аштан өліп, көштен қалмассың, бар ермегім, ынтызар көңілдің медет етер ықтасыны еді...

Мағрипа үйден жылап шығып кетті.

Кемпір әлі күбірлеп жатыр. "...О несі... Қайсаға ти десем, тимей..."

Мағрипа қоңыр бұзауды ертеден қара кешке дейін іздеп таба алмады.
Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Әркімдерден сұрастырып еді: "Көрмедік, жүрген шығар", - деп, бастарын шайқасты. Қорықшы Қайдар егінге түскен соң малды камап қойды ма деп, одан да сұрап көріп еді: "Көрсем - көзім шықсын", - деді
шекірейіп. Жер жұтқандай жым-жылас боп кеткен бұзауды табанын тоздырып адақтамаған жері қалмады.
Әйтеуір, бар қырсық сенің ар жағыңнан басталмаушы ма еді дегендей, Қоңыртөбеге беттеген.  Қоңыртөбе бүгін Мағрипаға әлдеқайда биіктеп, заңғар тартып кеткендей болды. Әлде екі қара саны талып шалдығып қалғандықтан ба, әлде сандалып сарсаңға салынғанда не нәрсенің болсын бұлдырап сағымдай жортын кететіндігінен бе, төбенің қыр басына үш рет демалып әрең шықты. Шықты да кеудесін кере қатты бір күрсініп, жүресінен отыра кетті. Ауыл жаққа қарады. Жаңа үлгі үстінен қарағанда, қызық пошымға енеді екен. Жетім баланың бүк түсіп ұйқтап жатқаны секілді. Мағрипаның басынан күн шығысты бетке алып, бір топ үйрек ұшып өтті. Қанат қағысының сусылдаған үніне дейін естіліп, тым аласа ұшты. "Құс екеш құс та басынып алды ғой", - деді Мағрипа жаулығын қайта тартып. Жаулығын көзіне түсіре тартса да, самай шашы аппақ болып, бұйраланып шығып тұр. Айнамкөлдей суала бастаған айнамкөзін енді Қоңыртөбенің түстік етегіне жүгірткен. Бұл тұста қалың егін болушы еді. Әбден пісуі жетіп, сыңси ырғалып тұрған масақ арасында омыраулай жүзіп жүрген малдың қарасы шалынды. Әуел баста қоңыр бұзау болар деп, солай қарай құстай ұшты Мағрипа. Жығылып-сүрініп жетіп келсе, қорықшы Қайдардың қасқа бұзауы.

- Қандай ғана қазақтың тасы өрге домалайды екен осы, -деп, ыңқ еткізіп ішінен бір тепті де, кері бұрылып кетті.
Мағрипа үйге жеткенше, ботасы өлген аруанадай боздады.

Ол ең соңғы ермегінен айрылған еді... Теріс қарап иленіп жатқан кемпір:

- Кет, албасты, көзіңнің жасын көрсетпе. Қайсаға тисең, қоңыр бұзау жоғалар ма еді... Түсімде әлгі қаны басқа қатын алып, кайтпай қалған ынжық күйеуің кіріп жүр... Ыржияды, - деді кеудесі сырылдап. - Менен бұрын сен өлесің...

Ондық шамның жағар майы бітуге айналған-ау, өлімсіреп болар-болмас сәуле шашып тұр.

Қоңыртөбе бұрынғыдан олдеқайда аласарып, шау болып шөгіп кеткен секілді.
Мағрипаны көп шаршатқан жоқ.
Бүгін оның ұшар басы сағымдай бұлдырап алыстан қол бұлғаған да, көңілге қаяу салып, жаныңды жаралар қорқынышы да білінген жоқ. Бүгін осынау ал күрең тарта бастаған төбе Мағрипаның ең бір ата қоныс ыстық жеріндей, Бозтайлақпен бірге түтін түтеткен ошақ отындай қымбат сезілді. Ол төбе басына етпеттей құлады да, тас аралас қара топырағын қарш-қарш шайнап, ері соғысқа аттанған күннен бері мұз боп қатқан көңілі тұңғыш рет жібіп, тұңғыш рет еркін әрі рақаттана күлді. Бозтайлақпен ғана қауышқан қатыгез һәм киелі құшағымен екінші рет Қоңыртөбені құшты. Аузы-басы топырақ-топырақ, ақ шашы қара жерге дудырай шашылып жатқан әйелдің ес-түссіз есеңгіреген күлкісі үлкен бір күрсініспен бітіп, аса қатты өксікке, еңірей жылаған боздауға ұласқан. Бірақ Қоңыртөбе де, үстінде шарадай төңкеріліп тұрған ала төс аспан да міз бағып, әйел күйзелісіне, әйел күлкісіне, әйел көз жасына ортақтаса алған жоқ.

Неге күлгенін, неге жылағанын мынау мақау дүниені қойып, Мағрипаның өзі де сезбеген. Әйтеуір, бір дүлей тылсым күш қолынан жетелеп, Қоңыртөбенің басына дырылдатып шықты да, бар сезім-түйсігін рәсуалап, қытықтап қинап ойнаған. Ол мынау алып төбені
Бозтайлақтың қабірі деп бір ойласа, іші кеуіп теңкиіп жатқан қара сиыр деп және сезінген. Бірақ бұл Бозтайлақ та, қара сиыр да емес, өзі үшін қайғы төбесі – Қоңыртөбе екенін білген жоқ. Білетін акыл да жоқ еді.

Мағрипаның көз жасына топырақ жабысып, бет-аузы қара ала-торы ала. Желкесіне сусып түсіп кеткен қап-қара жаулығын шешіп алды да, батысқа қарап...

"Бозтайлақ-ау, бері кел, жаным, бері к...е...ел", - деп, қолын бұлғап айғай салды. Осы сөзді әлденеше рет қайталап, қып-қызыл боп ұясына кіріп бара жатқан күн шапағын қап-қара орамалымен онды-солды кескілей көп шақырды Бозтайлақты.
"Келмесең ғой, - деді ернін қыз кезіндегідей бұртитып, - келмесең ғой".

Түстіктен самал есіп еді. Мағрипаның аппақ шашын желпіп ойнай бастады.
Мағрипа көйлегінің етегін дар еткізіп бір айырып алды да, сопақтау келген тасты жас балаша орап, алдына өңгеріп уата бастады. Өз басында бұрын-соңды болмаған аналық сезім, аналық мекіреніспен: ; Әлди-әлди абайым, Атқа тоқым жабайын, Сенің әкең қыдырмаш Қайдан іздеп табайын, - деп, әнге салып, мұңдық күйде күйзеліп отыр. Жас нәрестенің не екенін біліп, жөргек иісін иіскемеген әйел қаншама қатты болғанымен, күндердің күнінде аналық ардақ сезімді, ақ тілеу, ақ бесікті аңсап, ағыл-тегіл жылайтыны рас. Қара тасты иітіп, інгенді исіндірген күйшінің күйі, домбыраның сазы емес, аналық ақ жүректің запыранды аңсары мен сазды сағыныштары екен-ау. Мағрипа бұл жолы Бозтайлақты да, қара сиыр мен қоңыр бұзауды да жоқтаған жоқ. Қара тасты сұп-суық қып аққу төсіне басып, жалаңаш омырауына үйкелеп отыр. Қырықтан асқан әйелдің ешкім ұстап, еміп те көрмеген қос анары, бар демі, ынтызар көңілімен қопарыла, қара тасты бала ғып әлдилеген зар-запыранына шыдай алмады білем, иіп-ақ кетті. Екі емшегінен алдындағы мұп-мүздай тасқа аналық ақ сүті тырс-тырс тамып тұрғанын сезген жоқ ол. "Көкең ертең келеді, құлыным, жылама".

"Көкең секілді сен де соғысқа барар ма екенсің..."

"Көкең батысқа кеткен... сені енді ол жаққа жібермеймін. Мүмкін, шығысқа барармысың..."

"Көкең сені ұрып-соқпай еркелетіп өсір, - деп еді. -Жылама жаным, жылама, ертең келеді".

"Сен соғысқа қоңыр бұзауға мініп барасың, көкең қара сиырға мініп кеткен... Апаң екеуіміз осы Қоңыртөбенің үстінде көкең екеуіңді тосып аламыз. Сонда сен Қоңыртөбенің күншығыс жағынан келе жатасың, ал Бозтайлақ күнбатыс жағынан келе жатады. Түнде апаң түс көріпті: көкең екеуіңнің астыңда да есік пен төрдей ақ боз ат екен:
аман-есен еліне оралар, - дейді". "Апаң екеуміз сеңдерге ақ қозының жүнінен киіз басып, үй тігіп қарсы аламыз. Ақ отаудың түндігі қарадан болады. Одан қып-қызыл түтін шығады. Біз сендерге қап-қара тегенеге қып-қызыл қымыз құйып береміз..."

Кемпір іргеге аунап түсті. Кеудесі сырылдап, тық-тық жөтеліп алды да: "Әй, Мағрипа-ай, Қайсаға ти дедім - айтқан тілімді алмайсың. Мұндай күйге душар болмас едің. Менен бұрын алжасып кетермісің", - деді.

Бәріне де сен кінәлі - сор соғыс.

0 пікір