Сенбі, 27 Сәуір 2024
Арандату 7343 0 пікір 13 Мамыр, 2014 сағат 13:33

ZAKON.KZ және ҚОС АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢЖОБАСЫ

Закон.кз порталында (http://www.zakon.kz/4616658-integracionnaja-iniciativa-respubliki.html) «Интеграционная инициатива Республики Казахстан - двойное гражданство в Евразийском Союзе»   тақырыбымен жаңа заңжоба жарияланыпты.

Әрине, бұл жобаның авторы Қазақстан еместігі айқын, жоба солтүстіктен шығып отыр. Болмаса билікті кеулеген іштегі ресейшіл күштер жақсы жұмыс істеуде. Олардың екі нысанасы бар: аталған тақырыппен қазақтарды қақ жару, елге идеологиялық бүлк салу, екіжақты азаматтыққа егемен елдің иесі қарсы болатыны белгілі және соны бастама еткен билікке ұлтты қарсы қою. Шын мәнінде бұл қазақ билігінің қолын бұрау тәсілі. Орыстілді қазақ билігінің барлық іс қағазы Ресей мемтілінде болғандықтан кез келген заңжоба сол тілде әрі солтілділердің қолымен жасалатын мәлім. Бұл бір.

Екінші, аталған «заңжобада» арандату терминдерінен аяқ алып жүргісіз: басты қатырмай, «заңжобаның» «түсіндірме хатына» көз жүгіртейік: 

«ПОЯСНИТЕЛЬНАЯ ЗАПИСКА 
к проекту Закона Республики Кахахстан о внесении изменений и дополнений в  Закон Республики
Казахстан «О гражданстве Республики Казахстан» (о двойном гражданстве в Республики Кахахстан) – деп басталып, «Қазақстан» сөзін қасақана бұрмалап мазақ етіп отыр.

Одан әрі:

«1. Заңжобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі.

Кәзіргі әлемдік мемлекеттер экономикасының жаһандануындағы дүниежүзілік үдерістің даму, ТМД, Евроодақ, ЕврАзЭОд, ОДКБ, ШОС, Кеден одағын құру, ЕвразОд (ЕАС) – біртұтас саяси, экономикалық ,әскери, кедендік, гуманитарлық, мәдени кеңістігі бар мемлекеттердің конфедеративтік одағы және басқа да достасқан экономикалық және әскери-саяси одақтар құру нәтижесінде, азаматтардың жаппай заңдық-ұйымдық мәселелері туындайды, бұл – барлық сала бойынша өзара кіріккен егемен мемлекеттердің өміріндегі маңызы бар қос азаматтық алу мәселесі. Қос азаматтықта көптеген өміршең мүмкіндіктер бар, әсіресе көрші елде тұрып жұмыс істейтін және де оған әлеуметтік қорғаныс, тұрақты жұмыс, білім алуға, сондай-ақ өзінің тұрақты еліне деген отаншыл сезіміне қаяу түсірмеуге, оның психологиялық және әлеуметтік жайлылығына, өзіне өзі баға беру мен өз тұлғасын сәйкестендіруге (идентификация), азаматтық ұстанымын сақтауға -  шетелдік азамат үшін қолайлы (КО, ЕАО елдерінде уақытша жұмыс істеп, емделетін ҚР азаматы) – бұл ҚР үшін экономикалық және әлеуметтік пайдалы».

         Әсіресе, кекесін мен мазақ соңғы сөйлемде айқын: «бұл ҚР үшін экономикалық және әлеуметтік пайдалы»...

Әрине, бұл «бастама» тегін емес, елдегі ішкі идеологиялық ахуал мен әлеуметтік жағдайға жақсы мониторинг жасай келіп, ұрымтал жерге пышақ ұрып отыр. Авторлар Астананың орыс мектептеріндегі 47 пайыз қазақ балалар «чукча» секілденіп өз жұртынан жеру идеологиясына ұрынғанын білмей отырған жоқ, оның үстіне елдегі зейнетақы мөлшері мен Ресейдегі көрсеткіш айырмасы, тіпті, перзентпұлдың  айырмасы да жер мен көктей екенін де ескерген. Осы осалдық арқылы Қазақстанды қақпанға түсіру көзделген. Бұған ылығатын және осы саясатты алға бастыратын  билікте отырған шетелге берілген қазақ шенділері аз емес. Солардың ықпалымен ішкі-сыртқы миграция саясаты да бетімен кетіп барады: біресе оралмандарға жағдай жасалған болады, біресе оған қақпа жабылады, біресе шетелдіктерді елге қаптату саясаты бас көтереді, біресе...

Түптің түбінде қосазаматтық дегеніміз – Украинаның оңтүстік-шығысына таратылған ресейлік төлқұжат-бомбасын басқа жолмен қолдану тактикасы ғана.Қысқасы, Украиндық нұсқа Орта Азия үшін тым қымбат, бұл аймақты бөрікпен ұрып алу саясаты басталды.

Сырым Дат

Abai.kz

0 пікір