Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3260 0 пікір 26 Сәуір, 2010 сағат 04:48

Тоқтар Әубәкіров: «... Енді оқытушымын»

Жас қазақ: Әлі күнге Қазақ елінен Талғат Мұсабаев екеуіңізден кейін ғарышкер шықпауының себебі неде деп ойлайсыз?
Тоқтар Әубәкіров: «Біздің жолымызды біреу қуа ма, соңымыздан ере ме, ермей ме?» - деген сұрақ мені көп мазалайды. Екі азаматымыз ұшуға дайын еді, бірақ ақырғы сәтте қаржы табылмай қалды. Осы жайтты бүгінге дейін түсіне алмаймын.

Жас қазақ: Әлі күнге Қазақ елінен Талғат Мұсабаев екеуіңізден кейін ғарышкер шықпауының себебі неде деп ойлайсыз?
Тоқтар Әубәкіров: «Біздің жолымызды біреу қуа ма, соңымыздан ере ме, ермей ме?» - деген сұрақ мені көп мазалайды. Екі азаматымыз ұшуға дайын еді, бірақ ақырғы сәтте қаржы табылмай қалды. Осы жайтты бүгінге дейін түсіне алмаймын.

Өздеріңіз естіп жатырсыздар - анда ақша бөлінді, мында ақша бөлінді, бір банкке 19 миллиард теңге бөлінді дейді, ал шын мәнінде сол 19 миллиардтың қайда кеткенін ешкім білмейді. Ал бұл жерде миллиард емес, бірнеше миллион ғана керек болатын. Қазір екі азаматымыз оқуын аяқтады. Айдын Қазақстанға қайтып келді. Ал Мұхтар  оқуын жалғастыру үшін Ресей азаматтығын алғалы жатыр.  Мен үшін өте ренішті жағдай - екі дайын азаматымыздың ғарыш көгіне самғай алмай жүргені. Үкіметке айтарым: мұндай жағдай болмау керек еді. Бұл мәселе тезірек шешімін табуы тиіс.
Жас қазақ:  Қазақ ғарышының болашағын қалай елестетесіз?
Тоқтар Әубәкіров: Қазақ ғарышының болашағы болатын шығар. Біршама қаражат бюджеттен бөлініп жатыр. Байқоңырды да басқару көзқарасы өзгерді деп ойлаймын. Үлкен космопорт салғалы жатыр. 1991 жылдан бері айғайлап келе жатқан менің осы арманым орындалатын шығар деген ойдамын. Жалғыз Ресей мемлекетінде ғана емес, Франция, Италия жұмыскерлерімен жаңа «ҚазСатты» жасағалы жатыр. Енді дұрыс жолға түсуі мүмкін.
Жас қазақ: Осы сіз айтып отырған «ҚазСат» біраз дау тудырған жоқ па?..
Тоқтар Әубәкіров: Мен «ҚазСат» туралы айтқанмын тағы да айтам. Бұл да техника болғандықтан бұзылады. Бәріміз де машина мініп жүрміз. Анау Еуропадағы  көлік индустриясы мықты дамыған Германия жасаған «Мерседестер» сынып жатыр. «Ойбай, анау кеңістікте «ҚазСатымыз» сынып қалды», - дейді. Жасағаны сол болса не істейді енді. Техникалық қателік жіберген мамандар қазір өз кінәсін мойнына алды. Екінші «ҚазСатты» жасаған кісілер ол қателіктерге жол бермеуге тырысатын шығар деп ойлаймын. Біреулер айтады: үлкен қаражат шығарып керегі не бізге осы жер серігінің деп. 
Мен ойлаймын жаңа ғылымға, жаңа өркениетке ұмтылмасақ, миымызды тәжірибе жасап ойлантпасақ, біз қалып қоямыз. Жаңа заман ағымына ілесе алуымыз керек. Жәй ғана қой бағып, мал асырап, біз үлкен мемлекет бола алмаймыз. Әрине күн көру, үшін сол жететін шығар, бірақ болашағымызды ойлауға келгенде бұл мәселелер аса маңызды болып табылады.
Жас қазақ:  Қазақта талантты жігіттер көп қой, әлі де ұшқыштар шығатын шығар-ау, егер қолдау табылса?
Тоқтар Әубәкіров: Әрине, мен қолымнан келгенше, ұшқыш болуға талаптанғандарды қолдаймын. Келген жігіт­тер­дің бәріне ақылым­ды айтып, шығарып салам. Менің тәжірибеме сүйеніп айтқан ақылымның өзі оларға көп көмек болады деп ойлаймын. Жігіттердің кейбірі біраз жетістікке қол жеткізген соң, өздері келіп маған рахметтерін айтып жатады. 
Жас қазақ:  Бар қазақтың арманы мен үмітін кезінде көкке алып ұшқан сіздің еңбегіңіздің көмескіленіп, тірлігіңіздің көлеңкеде қалуы ойландыра ма? Неге осы «Тоқтар ағамыз осындай ерлік жасаған» деген әңгіме жиі айтылмайды? Еңбегіңіз не себепті еленбей жатыр деп ойлайсыз?
Тоқтар Әубәкіров: Оның бірден-бір себебі - менің Үкіметке қарсы шыққаным. Меніңше, биліктің кейбір әрекеттері дұрыс болмады-ау. Ауылдағы қарапайым халықтың дені өзіміздің қара көздер. Басқа ұлттар ол жақтан баяғыда көшіп кеткен. Қиыншылық көріп жатқан - қазақтар. Оларға деген саясат неге өзгерді? Неге оларға көмек қолын созбаймыз? Құдайға шүкір, Үкіметтің бұған шамасы жетеді. Саясат дұрыс болмаған соң, біраз жерде қатты сөздер айтқанмын. Үкімет те өзіне қарсы айтқан адамды жақтамайды. Өзіне қарсы шыққан адамды кім жақсы көрсін? Сонымен қазір мен жұмыссызбын. Депутаттықты таратып жібергеннен кейін бірде-бір Үкімет саласынан қызмет ұсынылған жоқ. Жұмыссыз жүрген соң, біраз қиыншылықты да көрдік. Қазақтың нағыз азаматтары ана жерге, мына жерге жұмысқа шақырды. Қазір енді Астанадағы бір университетке оқытушы болып жұмысқа тұрып жатырмын.
Жас қазақ:  Бізде авиациялық оқу орындарында оқытушы, нағыз мамандар тапшы екені бәрімізге мәлім. Сол орындарға  жұмысқа шақырмады ма?
Тоқтар Әубәкіров: Олардың бәрі Үкіметтің мекемесі болған соң, шақыра алмады. Өзім де үкіметке қарсы шыққан соң, бармас едім...

 

Сұхбаттасқан Абай Аймағамбетов

«Жас қазақ», 23.04.2010

0 пікір