Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4975 0 пікір 26 Сәуір, 2010 сағат 04:24

Әмiре Қашаубаевты Парижге жiберген – Нығмет Нұрмақов

Нығмет Нұрмақов - қазақтың ХХ ғасыр басындағы саяси ерiк-жiгерiн ұлт қызметiне арнаған, осы ұлы мұратта жанын пида еткен аяулы күрескерлерiнiң бiрi.

Биыл Нығмет Нұрмақовтың (суретте) туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласы әкiмдiгiнiң қолдауымен, Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдас­тығының ұйымдастыруы бойынша №4 кiтапханада аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Нығмет Нұрмақовтың өмiрi мен қоғамдық қызметi турасында құнды деректер мен мәлiметтерге толы дөңгелек үстел болып өттi.

Аталған жиынға Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдi, Әлихан Бөкейхановтың немере iнiсi Сырым Бөкейханов, Нығмет Нұрмақовтың немере iнiсi, медицина ғылымдарының докторы, профессор Аман Нұрмақов және нығметтанушы-ғалым Болат Қабдөшев қатысты.

Расында, сталиндiк жүйенiң құрсауында қалған қазақтың ағартушы-зиялы тобындағы көрнектi өкiлдердiң сол қанқызыл дәуiрдегi күрескерлiк жолы мен тағдыры бiр-бiрiне тым жақын, тығыз байланысты. Нығмет Нұрмақов та осы сенiм жоғалған, үмiт жаншылған тынысы ауыр қоғам­да жанкештiлiкпен қызмет ету ұстанымынан тайған жоқ.

Нығмет Нұрмақов - қазақтың ХХ ғасыр басындағы саяси ерiк-жiгерiн ұлт қызметiне арнаған, осы ұлы мұратта жанын пида еткен аяулы күрескерлерiнiң бiрi.

Биыл Нығмет Нұрмақовтың (суретте) туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласы әкiмдiгiнiң қолдауымен, Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдас­тығының ұйымдастыруы бойынша №4 кiтапханада аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Нығмет Нұрмақовтың өмiрi мен қоғамдық қызметi турасында құнды деректер мен мәлiметтерге толы дөңгелек үстел болып өттi.

Аталған жиынға Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдi, Әлихан Бөкейхановтың немере iнiсi Сырым Бөкейханов, Нығмет Нұрмақовтың немере iнiсi, медицина ғылымдарының докторы, профессор Аман Нұрмақов және нығметтанушы-ғалым Болат Қабдөшев қатысты.

Расында, сталиндiк жүйенiң құрсауында қалған қазақтың ағартушы-зиялы тобындағы көрнектi өкiлдердiң сол қанқызыл дәуiрдегi күрескерлiк жолы мен тағдыры бiр-бiрiне тым жақын, тығыз байланысты. Нығмет Нұрмақов та осы сенiм жоғалған, үмiт жаншылған тынысы ауыр қоғам­да жанкештiлiкпен қызмет ету ұстанымынан тайған жоқ.

1924 - 1929 жылдары ҚазАКСР Халкомкеңесiнiң төрағасы, 1931 - 1937 жылдары Бүкiлресейлiк ВЦИК хатшысының орынбасары және ВЦИК президиумының ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi, есеп-ақпарат бөлiмiнiң меңгерушiсi сынды аса жоғары қызметтерiн атқарған Нығмет Нұрмақов азулы саяси жүйенiң iшiнде жүрiп, қазақ ұлтының мүддесi жолындағы еңбегiн табандылықпен жалғастырды.

Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президентi Мәмбет Қойгелдiнiң айтуынша, сталиндiк билiк ХХ ғасыр басында қазақтың саяси элитасындағы тұтас екi буынның көзiн жойды. Оның алғашқы легiнде, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытұлы тұрған болса, екiншi буынға Смағұл Сәдуақасов, Сейiтқали Меңдешов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтар енетiн едi. Осы екiншi буынның қатарында өскен өте талантты һәм ұлтқа жанашыр қайраткерлердiң бiрi Нығмет Нұрмақов болатын.

««Кiшi Октябрдiң» авторы Ф.Голощекиннен бiр жыл бұрын Қазақстан билiгiне келген Нығмет Нұрмақов сынды ұлтжанды тұлғаларды билiктен шеттету - қанқұйлы Сталиннiң Голощекинге жүктеген негiзгi тапсырмасы болатын», - дедi Мәмбет Қойгелдi өз сөзiнде. Оның айтуынша, Мәскеуде Қазақстанға «Кiшi Октябрь» төңкерiсiн жүргiзiп, байларды кәмпескелеу туралы мәселе қойылып, бұл мәселе талқыға салынғанда, Голощекиннiң бастамасына бiрден-бiр қарсылық көрсеткен басшылардың бiрегейi Нұрмақов болған екен. Осы жиында сол кездегi қазақстандық атқарушы билiк өкiлдерiнiң бiрi болған Ораз Исаев Голощекиннiң сөзiн толық қолдаған. Жалғыз тұрып, айға шапқан арыстандай болған «Нұрмақов мәселесi» осы тұстан бастап қозғалған сияқты. Өйткенi, сол жолы Голощекин Сталинге Нұрмақов сияқты байшыл, ұлтшыл адаммен бiрге қызмет iстеудiң қиын екенiн айтып шағымданады. Сөйтiп, байларды тәркiлеу ел эконо­микасын құрдымға апаратынын айтып көндiре алмаған Нығмет Нұрмақов өзiн қызметтен босату туралы И.Ста­линге өтiнiш жазады. Алайда, Сталин бұл мәселенi Қазақстанда, өз араларыңда шешiп алыңдар деген екен. Сөй­тiп, Қазақстанға Сталиннiң тiкелей қолдауын арқаланып келген Голощекин Нұрмақовты қызметiнен алмай, қайта барлық кәмпескелеу жұмыстарын соның қолына тапсырады.

«Кiм күштi, бай ма, кулак па, мұның бәрi бос сөз. Кешегi 1912 жылдары мыңдаған қазақ жiгiттерi Семейге түрлi өндiрiске жалданып жұмыс iстеуге шығатын. Қазiр ол жоқ. Кедей ендеше қайда барады, әрине байға. Ол тамағын тауып, күнiн көрудiң жалғыз жолы. Байларға салық салып, оның есесiне жергiлiктi және мемлекеттiк бюджеттi өсiру, кедейлерге көмек беретiн қор құру, кооперацияны қолдап, мектептер салып, мәдени жұмыс­тарды өркендету керек. Ендеше Октябрьдiң лебiн осылай түсiну керек. Яғни, кедейлерге төңкерiс лебi барды деген сөз», - деген Нығмет Нұрмақов голощекиндiк «Кiшi Октябрьге» мүлдем басқаша рең бередi», - дедi жиында баяндама жасаған белгiлi нығметтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Қабдөшев.

Иә, осыдан-ақ, сталиндiк жүйе мен Нұрмақов ара­сында үлкен саяси келiспеушiлiк туындағанын бағам­дайсыз. Голощекин осы ретте өзiнiң саяси оппонент­терiн «сәдуақасовшыл», «ең зиянды, қауiптi ағым» деп сынайды. Әлбетте, бұл нақақ жаланың iшiнде Нұрмақов та бар едi.

«Бүгiн бiздiң әулетiмiз үшiн бiр жағынан қуанышты күн болса, бiр жағынан көңiлiмiз жабырқау болатын күн. Бiздiң отбасымызда алты адам сталиндiк репрессияның құрбаны болды. Менiң атам - Нұрмақ Тәукебаев. Жетпiс жасында еш саясаттан хабары жоқ адамды үштiктiң шешiмiмен атып тастайды. Ол кiсiнiң үш ұлы, бес қызы болған. Үш ұлының бiрi - Нығмет Нұрмақов. Екiншiсi - Құрманғазы Нұрмақов. Үшiншiсi - менiң әкем Жәнел Нұрмақов. Сол үш ұлының екеуiн атып тастаған. Менiң әкем кездейсоқ тiрi қалады. Бiрақ, ол кiсi белгiсiз себептермен елден кетiп қалып, Қарағандыдағы еңбек армиясына, шахта жұмы­сына жiберiлген. Кейiн Алаш арыстарының бiрi, Қазақ­стандағы жоғары бiлiмi бар алғашқы заңгер (Санкт-Петербор университетiнiң заң факультетiн бiтiрген - ред.) Жақып Ақбаевтың немере қарындасы -Зүнфүн Ыбыраева (Нығмет Нұрмақовтың жары) да қуғындауға түседi. Сонан кейiн Нықаңның қаршадай екi баласын бiр балалар үйiне жiбермей, екеуiн екi жаққа жiбередi. Бiреуiн Пензаға, бiреуiн Саратовқа. Мiне, бiр әулеттiң өзiнен осы алты адам репрессияның құрбанына айналды. Қазiргi заманда, ең өкiнiштiсi, осындай зобалаң тарихтың себепкерi Сталиннiң атын жаңғыртып, оны ұлы адамдардың қатарына қосқысы келiп жатыр. Әсiресе, Ресейде осындай ниет танытып жүргендер жиi кездеседi. Ал Қазақстанға Сталиннiң жасаған зұлымдығы кешiрiлмейтiн дүние деуге болады», - дедi жиында сөз алған Нығмет Нұрмақовтың немере iнiсi, медицина ғылымдарының докторы, профессор Аман Нұрмақов.

«Өмiрлерiнiң соңғы жылдарында, яғни, алты-жетi жыл айналасында Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақовтар Мәскеуде тұрды. Сонда олар бiр-бiрiмен араласты ма деген ой туады? Әлекеңнiң қызы Елизавета Әлиханова Кеңес Одағының алғашқы Ден­саулық министрi Симашконың қоластында iстеген екен. Яғни, олардың үйлерi көршi тұрған, бiр-бiрiмен араласып тұрған. Осы құрылымның бiлiм жетiлдiру институтындағы партия ұйымын Лиза Бөкейханова он шақты жыл басқарған. Қараңыз, әкесi Әлихан халық жауы делiнсе, қызы партия ұйымын басқарады. Қандай, парадокс! Ал, Симашко мен Нығмет Нұрмақов ВЦИК-тiң президиум мүшелерi. Бiрге түскен суреттерi де бар. Сондықтан, Әлекеңнiң қызы Симашконың қарамағында жұмыс iстесе, олар өзара Әлихан туралы сөйлеспедi дей алмайсыз.

Елизавета өмiрiнiң соңғы уақытында науқастанып, қатты ауырған кезiнде Әлекеңнiң немере iнiсi Сырым Бөкейхановты шақырып алып, «Менiң осындай жақсы көретiн жолдасым, Нығмет Нұрмақовтың әйелi - Зүнфүн Ыбыраева деген апаң бар едi. Соны тауып әкелшi», - деп өтiнiш бiлдiредi. Сырым Бөкейханов осы естелiктi айта отырып, Әлекеңнiң қызы Елизавета мен Нығметтiң аяулы жары Зүнфүн Ыбыраева екеуiнiң жылап көрiсiп, қимай қоштасқанын айтады.

Смағұл Сәдуақасов Кремль ауруханасында белгiсiз жағдайда кенеттен қайтыс болғанда, оны крематорийге өртейдi. Осыны көрiп тұрған Әлекеңнiң, Әлихан Бөкей­хановтың сол кезде жағдайы нашарлап, талықсып кеткен екен. Сол кезде Әлекеңдi бiр жағынан Рысқұлов, бiр жағынан Нұрмақов екi қолтығынан демеп ұстап тұрыпты. Яғни, әр бағытта қызмет iстеген олар Мәскеуде бiр-бiрiмен тығыз қарым-қатынаста болған деуге негiз бар.

«Нығмет Нұрмақовтың өнер саласына көрсеткен қамқорлығының өзi бiр төбе. Сонау Семейдегi қызметi жылдарында (1921 жылдың күзiнде) Александр Затаевичтi Семей өңiрiн аралатып, белгiлi музыка зерттеушiсiнiң жанында болған екен. Халком кеңесiнiң төрағасы болғанда астанада өтетiн әншiлердiң жиынына А.Затаевичтi жиi-жиi шақырып отыратын. Сондай-ақ, Қазақстан Халық әртiсi Затаевичтiң Мәскеудегi мүшкiл халiне көңiл бөлiп, Н.Нұрмақовтың тағы да араласуына тура келдi. Қажеттi ақшалай жәрдемдi бөлдiрiп қана қоймай, Халық Ағарту халкомы құрамында тұрақты еңбекақысын алып тұратын қызметке тiркеттi», - дедi Болат Қабдөшев өз сөзiнде.

Жас журналист ретiнде Семейде болған көрнектi жазушы Николай Анов та өз естелiктерiнде Нұрмақов жайлы кезiнде ашық жаза алмағанына өкiнедi. «Крылья песни» атты романының негiзгi кейiпкерiнiң бiрi - «Әмiре Қашаубаевты Нұрмақовтың Парижге жiбергенi шындық», - деп ұзақ жылдар бүгiп келген құпиясын бертiнiректе ашып айтқан екен жазушы.

Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов Ленинградта студент болған жылдары Қазақ үкiметiне жазған хатында Семей губатқару комитетiнде қызметтес болған Нығметтiң өзiн жақсы бiлетiндiгiн айтып, ақшалай көмекке зәру екендiгiн айтады. Көп кешiкпей, ол үкiмет тарапынан белгiленген арнайы стипендияға тiркелген. Әдеби-лингвистика бөлiмiнiң III курс студентi Мұхтар Әуезовтi  Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов секiлдi қазақ қайраткерлерi сол кезде-ақ  болашағынан зор үмiт күттiрген ұлтымыздың жазушысы деп мойындап, жас кезiнен қамқорлықтарын аямаған екен.

Жалпы, Әлекең мен Нығметтiң Мәскеуде бiр күнде ұсталып, бiр күнде атылып, Дон зиратында бiрге жерленуi де олардың қызыл империя алдындағы сұсы мен мысы өте жоғары болғандығын көрсетедi.

«1920 - 1930 жылдардағы көптеген ақтаңдақтарды зерттеушiлер аршып жатқанымен, олар туралы көптеген мәлiметтер халыққа жетпей жатқандығын көрiп жүрмiз. Мәселен, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожановтарды көп ешкiм бiле бермейдi. Ал, «Алаш Орданың» 15 министрi болған арыстарды бiлу - бүгiнгi ұрпақтың парызы. Осындай елдi ел қылған, ұлтқа көсем болған тұлғаларды мектеп пен жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгiзiп, кеңiнен насихаттау керек. Әр халық өз басына түскен қиындықтарды айтады. Бiрақ оның бәрi қазақтың басына орнаған зұлматтай болған жоқ. Бiз ХХ ғасырдың басындағы 6 миллион қазақтан 1934 жылы 2 миллион 400 мың ғана қазақ қалды деп айтып жүрмiз. Жуырда жазушы Смағұл Елубай 1911 жылы жазылған бiр орыс ғалымының еңбегiн тауып алыпты. Сол еңбекте келтiрiлген дерек бойынша 1911 жылы 8 миллионнан аса қазақ болған екен. Шынында, бiр халықтың 75 пайызын қырып жiберу нағыз геноцид болып табылады», - дедi Жұмабек Ашуұлы конференцияда.

Әлбетте, бұл жиында Нықаңның, Нығмет Нұрмақовтың азаматтық, ұлтжандылық бейнесi толықтай ашылғанында күмән жоқ. Оны конференцияға қатысқан оқушылар мен студенттердiң жиын соңынан белгiлi тарихшыларға қойып жатқан көптеген сауалдары да айғақтайды. Мұның өзi, бүгiнгi жас өскiндерге ұлтжандылық пен елсүйерлiк қасиеттердi осындай ұлт қызметiнде жанын пида еткен тұлғаларды айта отырып, сiңiруге болатындығын тағы да дәлелдей түседi.

 

Думан АНАШ,

«Алматы Ақшамы», №48, 22-сәуiр

0 пікір