Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Ел іші... 4018 0 пікір 20 Мамыр, 2014 сағат 11:04

ҚОСТАНАЙ: ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІНЕН ШЕТЕЛДІҢ КӨЛІГІ ҚЫМБАТ

 

Мен кейінгі кездері еліміздің ең бай облыстары Атырау немесе Ақтөбе емес, біздің осы Қостанай облысы ма деп қаламын. Өйткені бізде адамдардан тірнектеп жиналатын ел байлығы – бюджеттің ақшасын оңды-солды шашуға келгенде ешкімге дес бермейді. Түсінуге де болатын шығар. Өзің маңдай терлетіп таппағаннан кейін, обал-сауабын ойлап, бас қатырып қайтесің. Мол қарпы да, жұмсай бер. Сұрауы жоқ дүниенің құны да жоқ. Біздің облыстың Қамысты аудынының әкімі Жаңабай Смайлов мырза дәл осылай ойлаған сыңайлы. Бұл "мырзаңыз"  "Құласаң, нардан құла" дегендей анда-мында жүріп-тұруға деп, анау-мынау емес құны 13 миллион теңге тұратын Land Cruiser Prado секілді тым қымбат көлікке тапсырыс берген. Несі бар, жанға жайлы, сүліктей сылаңдаған көлікті  мінгенге не жетсін. Тек осы ауданның тасы өрге домалап, өзгелерге өнеге ететіндей жағдайда болса, не шаруамыз бар. Алайда бұл өңірдің шекесі шылқып тұрған жоқ. Экономикасы шатқаяқ күйде. Іргелі өндіріс орнынан мүлдем мақұрым. Ел-жұрты «шықпа жаным шықпа» деп, әзер күн көріп отыр. Сөйтсе де, аудан бюджетінен биылғы жылға аудандағы жодарды жөндеуге деп 10,5 миллион теңге, көшелерді жарықтандыруға 8,2 миллион теңге, ауыл-аймақты көгалдандыруға 2,1 миллион теңгені әзер тапқан. Бір қызығы, осы бар шаруаны тындыруға деп бөлінген ақша жаңағы бір машинаның құнымен пара-пар көрінеді. Сонда дейміз-ау, халық үшін жолды жөндеп. ауыл-аймақты көгалдандарып, көше-көшелерді самаладай етіп, жарқыратып қойған дұрыс па, әлде соның бәрін әкімнің "темір тұлпарына" жұмсап, бастықтың жайлы жүріп, жақсы тұрғандығын қызықтаған дұрыс па?
      Біз бұл жерде тек Смайыловты ғана кінәлі етуден аулақпыз. Шетелдік көлікке деген ерекше құмарлық облысымыздың барлық қала мен аудан әкімдерінің басын айналдырып алған сыңайлы. Жарайды, Қамысты ауданы облыс орталығынан тым шалғай, жолы нашар, қалаға қатынау қиынға соғады деген сылтауға сенелік. Сондай-ақ алыстағы Арқалықтағы Ғазиз Бекмұхамедов мырзаның да астындағы осындай джипке де қызғана қарамайық. Анау алыстағы Жітіқара қаласының әкімі Мейрам Өтешов мінетін Toyota Camri-ді сөз етпелік. Алайда мына облыс орталығының тап іргесінде, қол созым жерде  тұрған Қостанай ауданыынң әкімі Ахмедбек Ахметжановтың құны 9 миллион 455 мың 600 теңге тұратын Toyota LC көлігін мініп жүргендігін қалай түсінуге болады? Ал облыс орталығынына бас-аяғы 40 шақырымдық тақтайдай тегіс тамаша жолы бар, іргеміздегі Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовтың да астындағы тұлпары ешкімнен кем түспейді. Құны 7 миллион 600 мың теңгеге жетіп жығылады.
     Би-ағаң айтпақшы, "Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт" дегендей, біздегі 19 аудан мен қаланың әкімінің қай-қайсысы да көлік жөнінен көштен қалып жүрмеген сыңайлы. Мінгендері негізінен Toyota, болмаса ең сорлысы Mitsubishi болып келеді. Теңге тілімен сөйлесек, ең кедейінің көлігі құрығында 4 миллион теңгеге жетіп жығылады.
     Осы жерде мынадай сауал сананы сандалтады. Біздегі қала мен аудан әкімдерінің шетел көліктеріне құмарлығының сыры неде? Біздің елде шетел машинасынан басқа алыс-жақын жерлерге баратын дені дұрыс көлік жоқ па? Әлде бұлар бюджеттің қаржысын айдалада жатқан батпан құйрық деп ойлап, "мұрның барда бір пысқыр" деген саясат ұстанып жүр ме? Біздің ойымыз осындай ұстанымға қарай ойыса береді. Себебі, біздің өңірде құрылған, атағы жер жаратын "Агромашхолдинг" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Сидоренконың айтуына қарағанда әкімдердің бұл қылығы патриоттық сезімге сына түсіргендік. Осы жерде құрастырылатын машиналардың қай-қайсысы да жаңағы шетелдік машиналардың ешқайсысынан де сорлы емес. Өзгесін былай қойғанда бізден шығатын Ssang Yong Rexton көлігі жаңағы ел қызығатын Land Cruiser Prado-дан кем түспейді. Беріліс коробкасы, цилиндрдің саны, жолға шыдамдылығы секілді техникалық сипаттамасында айырмашылық жоқ. Ал двигателенің көлемі 0,8 литрге кем. Яғни күші бірдей болғанмен, бензинді үнемді жұмсайды. Ал бағасына келсек өзіміздің машина жаңағы шетелдік көліктен екі есеге жуық арзан, бағасы 7 миллион теңгеден сәл ғана астам. Мұны аз десеңіз, осы өзімізде құрастырылатын  Ssang Yong  Chaiman l кез-келген джипіңізбен бәсекелесе алады. Оны тіпті облыс әкімінің орынбасарлары да мініп жүр. Ал құны 3 миллион теңгеден сәл ғана астам Ssang Yong Kuron  да ешкімнің де тақиясына тар келмейді. Бұл жерде біз тау-тасқа салса да шаршамайтын, жұмсақ та жайлы "Нива шевроле" секілді көліктерді ауызға да алмай отырмыз. Шенеуніктер "бізді мазақ қылды" деп сотқа сүйреп жүрер. Айтарымыз, тіпті олар біздегі, Қостанайдағы машиналарды менсінбесе Алматы немесе Өскемендегі машина құрастыратын орталықтарға неге тапсырыс бермеске?
     Жалпы, біздегі аудан мен қала әкімдері Елбасының сол өңірдегі өкілдері екендігі белгілі. Ендеше, олар елден жиналатын бюджеттің әр тиынын есептеп, артық шығынның алдын алып, үнемділік пен қарапайымдылықтың үлгісін танытуға міндетті емес пе? Өзімізден шығатын тәп-тәуір көліктер тұрғанда шетелдік машиналарды артық санауы қандай пратриоттыққа жатады? Кезінде "біздің Қостанайда керемет машина шығады, біз осылайша қазақстандық машина жасау өндірісін өркендетеміз" деп айды аспанға бір-ақ шығарғанымыз қайда? Егер өзіміз шығарған дүниені өзіміз пайдаланбасақ, онда ол кімге арналғаны? Мұнымыз, түптеп келгенде өзімізді де, өзгелерлді де алдағандық болып табылмай ма? 
     Тағы бір түйін. Елбасымыз қашанда әртүрлі шенеуніктерге елімізде шығатын тауарларға ерекше көңіл бөлуді, сол арқылы өзіміздің өндірісті өрге бастырудың қажеттілдігене назар аударып отырады. Жақында ғана, нақтырақ айтқанда осы жылдың сәуір айының 11 күні өткен Ұлттық инвенсторлар кеңесінде шенеуніктердің өзімізде шығатын автомобильдерді мінуі керек деп қадап айтты. Бұдан кейінгі бір кездесуде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменовтің қызмет бабаында мінетін көліктерді үнемді пайлдалану қажеттігін тағы бір еске салып өтті. Сонда дейміз-ау, біздегі әртүрлі деңгейдегі әкімдерге Елбасының ескертпесінің де, болмаса агенттіктің төрағасының сөзінің де ешбір әсері болмағаны ма?
           Біздегі әкімдердің осынау келеңсіз қылықтары жайлы жергілдікті деңгейдегі газеттерден бастап, республикалық баспасөздер дабыл қақпағанда бұл дүние жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, кім білсін. Жұрттың жүйкесін жұқартқан жайт облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың да құлағына жеткен болу керек, өзінің кезекті бір мәжілісінде осы мәселеге арнайы тоқталды.
      – Қамысты ауданының әкімі джипті алмайтын болды,– деді ол.– Мұндай шешім газеттер көтергендіктен қабылдап отырғаным жоқ. Жалпы, мұндай машинаны алғанның еш айыбы жоқ.Облыс әкімінің пікірі міне осындай.
      Тағы бір қызығы, талай жұртты алаңдатып отырған осы жайт хақында жоғары жақтағы биліктен тырс еткен хабар болмады. Бейне бір мұның өзі ұсақ-түйек, көңіл аударуға тұрмайтын мәселе сияқты. Сонда желге ұшып жатқан миллиондарға ешкімнің де жаны ашымағаны ма?
     Айтпақшы, жақында облысымызға Парламентіміздің бір топ депутаттары келді. Соның ішінде Парламентте бюджеттің қаржысын тікелей бақылайтын Гүлжан Қарақұсова ханымды да байқап қалдық. Бұлар әдеттегідей, қалыптасқан дәстүр бойынша облысымыздың мақтанышы, маңдайымызға біткен жалғыз машина құрастыратын алпауыт зауыт – "Агромашхолдинг" қоғамына бас сұқты. Алайда олардың ешқайсысы да "Сендердің машиналарыңды жергілікті әкімдер неге менсінбейді?" деген сұрақты қоймай кетті. Сонда еліміздің машина шығару өндірісінің жай-күйіне тек журналистердің ғана жаны ашуы керек пе?
   Мұны бір делік. Ал екіншіден біз мүмкін қателесіп отырған болармыз. Облысымыздың экономикасы қарыштап алға басып, әлеуметтік мәселелердің бәрі ойдағыдай шешіліп, өндірістен толағай табыс түсіп, содан құйылған қаржыны не  істеуді, оны қайда жұмсауды білмей, дағдарып отырған шығармыз? Олай деуге де ауыз бармайды. Мына бір фактіні сөйлетсек, көп нәрседен хабардар болармыз.
   Ағымдағы жылдың сәуір айында «Рейтинг.kz» Зерттеу агенттігі облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімшіліктерінің 2014 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс сапасына қатысты объективті баға беру үшін сарапшылар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға бизнес қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының жоғары тәжірибелі 40 сарапшысы қатысты.

Осы зерттеу агенттігінің айтуынша Қостанай облысы былтырғы жылғы деңгейден бір сатыға төмендеген. Сөйтіп еліміздің он алты облысының ішінде оү үшінші орынға құлдилаған. Бұған себеп, өңірдегі ең өткір проблеманың бірі – коммуналдық қызмет, оның ішінде коммуналды инфрақұрылымның әбден ескергені.Сонымен қатар Үдемелі индустриалды инновациялық бағдарламасының аясындағы аймақтың жобалардың орындалуы да баяу, бұл әсіресе көктемгі маусымда агрокешені мықты саналатын өңірде ерекше байқалып отыр. Ал әкімдік шекаралық әріптестіктің бар мүмкіндіктерін әлі күнге дейін толық пайдалана алмай отырған жайы бар. Аталмыш агенттіктің берген бағасы, мін, осындай.

   Бұған енді біздің қосып-аларымыз жоқ.

Мұратбек Дәуренұлы
Қостанай

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2176
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2577
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2480
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1675