Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3637 0 пікір 9 Сәуір, 2010 сағат 06:27

Мұхтар Мағауинді Қазақстанға қай бетiмiзбен шақырамыз?..

Ақпан айының басында, нақтырақ айтсақ, 2 ақпан күнi қазақ әдебиетiнiң классигi Мұхтар Мағауин 70 жасқа толды. Естуiмiзше, Мұхаң өзiнiң 70 жылдық мерейтойын шалғайдағы Прагада (Чехия), бала-шағасының ортасында, бәйбi­шесi жайған шағын дастархан басында қарапайым түрде ғана атап өткен көрiнедi...

Мұхтар Мағауиннiң шетел асып кеткенiне де бiраз жылдың жүзi болды. Әзiрге елге қайтатын түрi жоқ. Осы жайт шынымен-ақ жандарына батты ма, жоқ әлде мұның басқалай бiр себебi (саяси себебi!) бар ма, соңғы бiр-екi аптаның көле­мiнде билiкке жақын жүретiн бiраз әдеби-мәдени қайраткерлерi­мiздiң аузынан: «Бiз сенi сағынамыз, Мұхтар! Сен де бiздi, елiңдi, ел-жұр­тыңды, туған жерiңдi сағын­бай­ды деп ойламаймыз. Сағынасың, әрине. ...Мiнез кiмде жоқ дейсiң, «битке өкпелеп тоныңды отқа салма!» деген бар емес пе, базбiреудiң кiнәсi болса болар, бiрақ елдiң кiнәсi жоқ - елге орал!» және «Мұхтар Мағауиннiң Қазақстанға қайтуы керек...» деген сөздер естiлiп те қалды.

Ақпан айының басында, нақтырақ айтсақ, 2 ақпан күнi қазақ әдебиетiнiң классигi Мұхтар Мағауин 70 жасқа толды. Естуiмiзше, Мұхаң өзiнiң 70 жылдық мерейтойын шалғайдағы Прагада (Чехия), бала-шағасының ортасында, бәйбi­шесi жайған шағын дастархан басында қарапайым түрде ғана атап өткен көрiнедi...

Мұхтар Мағауиннiң шетел асып кеткенiне де бiраз жылдың жүзi болды. Әзiрге елге қайтатын түрi жоқ. Осы жайт шынымен-ақ жандарына батты ма, жоқ әлде мұның басқалай бiр себебi (саяси себебi!) бар ма, соңғы бiр-екi аптаның көле­мiнде билiкке жақын жүретiн бiраз әдеби-мәдени қайраткерлерi­мiздiң аузынан: «Бiз сенi сағынамыз, Мұхтар! Сен де бiздi, елiңдi, ел-жұр­тыңды, туған жерiңдi сағын­бай­ды деп ойламаймыз. Сағынасың, әрине. ...Мiнез кiмде жоқ дейсiң, «битке өкпелеп тоныңды отқа салма!» деген бар емес пе, базбiреудiң кiнәсi болса болар, бiрақ елдiң кiнәсi жоқ - елге орал!» және «Мұхтар Мағауиннiң Қазақстанға қайтуы керек...» деген сөздер естiлiп те қалды.

Бiле бiлсек, Әкежан Қажыгел­диннiң, Мұхтар Әбләзовтiң, Мар­ғұлан Сейсенбаевтың шетелге кетiп қалуынан гөрi Мұхтар Мағауиннiң шетелге кетiп қалуы - әлдеқайда сестi, әлдеқайда сұсты. Саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да. М.Мағауиннiң шетелге ың-шыңсыз, дау-дамайсыз, дабырасыз кеткенi де мәлiм. Соның өзiнде бүгiндерi шетелдiк журналистер мен шетелдiк саясаттанушылар «Қазақ әдебиетiнiң көзi тiрi көшбасшысы елiн тастап, жұртын тастап, неге Чехияда жүр?» деп сұрай бастапты. Мұхтар Мағауин - сұрауы жоқ адам емес. Және Мұхтар Мағауин - көптiң бiрi емес. Аса iрi қайраткер-жазушы. Iрiнiң сұрауы да iрi болуға тиiс. Сондықтан да бiз билiкке жақын жүретiн әдеби-мәдени қайраткерлерiмiздiң Мұхтар Мағауиндi дәл бiр кәмпитке өкпелеген жас балаға ұқсатып, «мiнез кiмде жоқ дейсiң... елге қайта ғой» деуiн мүлде қабылдай алмадық. Бiздiңше, шетелге кеткен Мұхтар Мағауиндi елге шақырудың жөнi бұдан бөлекшелеу болу керек сияқты. Неге?

***

Уақыт пен заманның тынысын тап басып танушылық, адам танығыштық, аңғарғыштық, асқан байқампаздық, айрықша сезiмталдық, ерекше сезiнгiштiк, жүйрiк интуиция, шалқар дарын, терең бiлiм, мол тәжiрибе... Мұхтар Мағауиннiң бойынан артығымен табылатын осы қабiлет-қасиеттер оған Қазақстанның ұлтсыздануға ұрынғанын да баршамыздан бұрын сездiртiп, бәрiмiзден ерте дабыл қақтырды. Қазақстанда 700-ден астам ақын-жазушы бар болса, соның iшiнде бiздiң ұлтсыздануға ұрынғанымызды, ұрынғанда да оңбай ұрынғанымызды алғаш рет тапжылтпай дәлелдеп, түбейттей саралап, кеңi­нен таратып айтып берген жазушы - осы Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздануға қалай, қайтiп ұрынғанымыз жөнiнде сериялы мақалалар (өзi айт­қандай: зарлы толғаулар) жазып, бұларды артынан «Ұлтсыздану ұраны» деген атпен кiтап етiп бастырып та шығарды. Әттең, көрер көз, тыңдар құлақ болмады, әйтпесе Мұхтар Мағауиннiң «Ұлтсыздану ұраны» әрқайсымыздың, әсiресе, мемлекеттiк шенеунiктерiмiздiң үстелiнiң үстiнен түспейтiн қажеттi құралға айналуы керек-ақ едi...

Кезiнде «Комсомольская правданың» бетiнде жарияланған А.И.Солженицынның «Бiз Ресейдi қалай жөнге келтiремiз?» деген публицистикалық толғауын Ре­сейдiң үлкен-кiшiсi түгел (парла­ментi бастап, зиялылары қостап) талқыға салғаны, талдағаны бәрi­мiзге де белгiлi. Мұхтар Мағауиннiң «Ұлтсыздану ұраны» атты зарлы кiтабы А.И.Солженицынның «Бiз Ресейдi қалай жөнге келтiремiзiн» он орап алады. Мазмұны жөнiнен де. Мәнi жөнiнен де. Тереңдiгi жөнiнен де. Өтiмдiлiгi мен өткiрлiгi жөнiнен де. Зәрулiгi мен құндылығы жөнiнен де. Бiрақ, Мұхтар Ма­ғауиннiң сараптамалық ыңғайда жазылған зарлы толғаулары билiк тарапынан да, қазақ зиялылары тарапынан да қолдау тапқан жоқ. Жарайды, әбден орыстанып, мейлiнше орысшаланып кеткен билiктiң жайы мен жағдайы түсiнiктi-ақ болсын. Ал ендi айтылмаса бiр сәрi, жазылмаса бiр сәрi, Мұхтар Мағауиннiң жетер жерге жеткенiмiздi қадап айтып, ұлтсыздануды дәл осылай жалғастыра берсек ұлттан айырылатынымызды, «қазақ» деген ұлтты бiржолата жоғалтып алатынымызды тиянақтап саралап берген және тығырықтан шығудың жолын көрсеткен «Ұлтсыздану ұраны» атты еңбегiн қазақ зиялылары неге қолдап, қостап-қуаттап кетпедi?

Бiз пақыр да бiраз жасқа келдiк қой, бiрақ қазақтiлдi зиялылардың дәл бүгiнгiдей бейдауа бойкүйез­дiкке ұрынғанын, дәл бүгiнгiдей жаппай мәңгiрттiкке ұшырағанын, дәл қазiргiдей қауқарсыз, шарасыз һәм дәрменсiз күйге түскенiн, дәл қазiргiдей алтыбақан алауыздыққа жеке-жеке жем болып, майдаланып, күйкiленiп кеткенiн бұрын-соңды көрген емеспiз. Қазақтiлдi зиялылардың осындай алтыбақан алауыздығы, жаппай бойкүйездiгi мен бейдауа дәрменсiздiгi Мұхтар Мағауиннiң теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да аса құнды, күнделiктi қоғамдық-саяси-әлеуметтiк-мәдени өмiрiмiзде басшылыққа, одан қалса кеңесшiлiкке алуға жарайтын «Ұлтсыздану ұраны» атты еңбегiн елеусiз қалдыртты...

Әйгiлi Бұғыбай жолбасшы Кенесары ханға «Мен сенiң жауыңды шауып берушi емеспiн, жауыңа барар жолыңды тауып берушiмiн» деген екен, сол сияқты Мұхтар Мағауин де жазушы ретiнде, қайраткер ретiнде, ұлтының адал сүт емген азаматы ретiнде ұлт алдындағы перзенттiк парызын адал атқарды: өзгелердей үнсiз қалған жоқ, өзгелердей «балам мен келiнiм iрi қызметте едi, әйтпесе...» деп (демек, бұл сормаңдайға ұлттан гөрi, Мұхтар Әуезов айтқандай халық-ата, халық-анадан гөрi баласы мен келiнiнiң қызметi қымбат) өтiрiк көлгiрсiген жоқ, өзгелердей марапат пен мансаптан дәмегөйленiп, маймылдық кейiпке енiп мәймөң­келе­ген жоқ, өзгелердей емпелеңдеп, етпеттей жығыла жаздап, бар салмағы мен сабырынан айырылып, ең аяғы өзiнiң қалың оқырманы бар қадiрмендi жазушы екенiн де, бiр басына жететiн абыройы мен атағы бар ел ағасы екенiн де ұмытып, екi көзiн тарс жұмған күйi Елбасының қолын жұтып қоятындай емiне сүйiп, есi кете жалап шыққан жоқ, бiздiң, яки күллi қазақтың «ұлтсыздану» деп аталатын ұшы жоқ ұзын, түбi жоқ терең құрдымға құлап бара жатқанымызды айтты, жазды, жарлады, зарлады. Және Мұхтар Мағауин жеке-жеке мақалалардан тұратын зарлы толғауын (яки, ұлтқа қарата айтқан ащы әрi қатал, бiрақ әдiлеттi ескертулерiн!) бiр сәтке де тоқтатқан жоқ. Өзi басқарып отырған «Жұлдыз» журналына жариялады да отырды. Мiне, осы тұста жоғары билiк Мұхтар Мағауиндi «Жұлдыздың» бас редакторлығынан алды да тастады («жоғары билiк» деуiмiздiң мәнiсi де жоқ емес, бiзде жоғары билiктiң келiсiмiнсiз тышқанның мұрны қанамайтыны да белгiлi ғой).

Мұхтар Мағауин - артына адам ертiп, ереуiл жасап, көшеге шығып, өзi дiттеген мәселеге көпшiлiктiң назарын осылайша аударатын жария саясаткерлердiң (публичный политик) санатынан емес. М.Мағауиннiң майдан алаңы - ала қағаз. Ала қағаздың бетiндегi айқас. Бiз Мұхтар Мағауиндi «Жұлдыз» журналынан кетiру ар­қылы оны осы ала қағаздың бетiн­дегi айқастан (яки, ұлттың мақсат-мұраты жолында жүрiп жатқан майдан алаңынан) әдейiлеп сырт қалдырып, әдейiлеп шеттетiп тастадық. Ұлт үшiн оқтан да, оттан да қаймықпайтын, қайраулы ала балтадай аса өткiр әрi айбынды тұлғаны сақтай да, қорғай да алмадық.

Ендi дәл осы жерде басын ашып алатын бiр жайт бар. М.Мағауиннiң шетелге кетiп қалуының басты себебiн оның қызметтен шеттетiлуi­мен байланыстыруға бола ма? Бiздiңше, басты себеп - басқада. Рас, төтеннен, аяқ астынан және ескертусiз, ескерусiз «Жұлдыз» журналының бас редакторлығынан алып тастау - бүкiл қажыр-қайраты мен шығармашылық қызметiн тек ұлттың мұрат-мүддесiне арнап келе жатқан жазушының жүрегiн ауыртқанын, қолындағы қаламын әлдекiмдер тартып алып, мұның өзiн керексiз дүниеге ұқсатып күресiнге лақтырып кеткендей сезiнгенiн жасыруға болмас. Десек те , Мұхтар Мағауиннiң шетел асып кетуiнiң басты себебi басқада әрi басқаша едi. Ендi соған келейiк.

***

Қазақ елiнде, қазақ жерiнде, қазақ мемлекетiнде күннен-күнге күш алып, күннен-күнге қанатын кеңге жайып келе жатқан ұлтсыздану үдерiсi Мұхтар Мағауиндi ала­бөтен құлазытып, қатты күйзе­лiске ұшыратты. Өзге жазушыларымыз күйзелiске түспей-ақ, құлазымай-ақ, бейғам тiршiлiк кешiп, жайбарақат өмiр сүрiп жатқанда, Мұх­тар Мағауиннiң мұнысы несi?

Ежелден мәлiм, ұлтпен тамырласып, тағдырласып, рухтасып, кiндiктесiп, балқыған қорғасынша бiте қайнасып кеткен, сөйтiп бiртұтас организмге айналып кеткен аса iрi тұлғалар, алып жазушылар болады. Мұхтар Мағауин де - осындай алып жазушылардың санатынан. Мағауиннiң жазушылық жаратылысы да, қаламгерлiк қырағылығы да, дарын қуаты да - аса ауқымды әрi аңғарлы. Алысты шолып, қиырдан шалады. Ол бiз көрмегендi көрiп, бiз сезбегендi сезiп қояды. Ол бiз байқамағанды байқап, бiз танымағанды танып қояды. Мағауиннiң көркем шығармаларын былай қоя тұрып, оның тек публицистикалық толғауларын ғана алыңызшы: неге соншалықты өтiмдi? тiрiнi өлтiргендей, өлгендi қайта тiрiлткендей неге соншалықты қуатты? неге дәлшiл? неге көкейi ұзын? Өйткенi, оның әрбiр сөйлемiнде қазақ ұлтының мың жылдық (бәлкiм, екi мың жылдық, немесе одан да көп) тарихи-рухани-саяси-мәдени тәжiрибесi жатыр. Әдебиеттануда сығымдап жазу дейтiн ұғым бар. Қазақ тарихын, түркi тарихын, Шығыс пен Батыстың тарихын, жалпы әлемдiк өркениеттердiң тарихын өте терең бiлетiн қаламгер осының бәрiн көкiрек көзiнен өткiзiп, қорытып, дұрыс-бұрысын таразылап, осы сан мың жылдық бай тағлым-тәжiрибенi қазiргi күнмен байланыстыра, салыстыра қарап, сiзге әбден екшелген, iрiк­телген, сығымдалған өз ойын ұсынады. Мұхтар Мағауиннiң әрбiр сөйлемiнiң құнды, қапысыз, кө­кейкестi болып келетiндiгiнiң сыры да осында, сығымдап жаза бiлуiнде (Адам айтам деп айтпайды ғой, осындайда ерiксiз тiлiңнiң ұшына өзi кеп оралады: қазiргi күнi бiзде мыжыңдап жазатын жазушылар пайда болды. Бұл соры қайнағандар билiктiң сойылын соғам деп, аса лауазымды шенеунiктердiң атүстi әрi асығыс айта салған қате пiкiрiн дұрыс етiп шығармақ болып, күшенiп-тышанып, тарихтан тартып, Қойқаптан қозғап, малтасын езiп, көлдей-көлдей мақалалар жазатын боп жүр. Бұларды арагiдiк «сарай ақындары», «сарай жазушылары» деп атап жүргендер де бар. Шын мәнiн­де, ертедегi сарай ақындары, iлгерi­рек­тегi сарайдың ақын-жазушылары билiктiң халықтан алшақтап, алыс­тап кетпесi үшiн қызмет еткен. Бұлар - билiктiң айналасында жүр­ген халықтың өкiлдерi, одан да түсiнiктiрек етiп айтсақ, ұлттың тыңшылары, ұлттың көзi мен құлағы. Егер билiктiң ая-айналасында жүрген бiздiң бүгiнгi ақын-жазушыларымыз сол ертедегi сарай ақындары сияқты билiкке ықпал етiп, олардың халықтан алшақтап кетпеуiне кәдiмгiдей тер төгiп жатса, бiз де жұмған аузымызды ашпас едiк-ау... Сондықтан да бұларды «сарай ақындары», «сарай жазушылары» деуге ешқандай қисын да, себеп те, салдар да жоқ. Бұлар - өздерiнiң қу құлқыны мен күнкөрiсi үшiн, нәпсiсi мен нәпақасы үшiн билiктi сағалап жүрген жарапазаншылар).

Орыстың қызуқанды әрi аса бiлгiр әдебиет сыншысы Василий Розанов 1914 жылы өткен «Досто­евский­дiң публицистикалық толғаулары және орыс қоғамы» атты үлкен әдеби жиында былай дейдi: «Кейбiреулер айтып жүргендей Дос­тоевский «ұлттың ұстазы» да емес, «ұлттың ар-намысы» да емес, Достоевский дегенiмiз - ұлттың өзi. Егер жалаңаш денеңе бiреу желiм жағып кетсе, не болмаса бiлегiңде құмырсқа жорғалап жүрсе, сезер ме едiң? Бiрден сезетiнiң анық. Досто­евскийдiң ұлтпен бiрiгiп-кiрiгiп, бiр денеге айналып кеткенi соншалық, ол да орыс қоғамы мен орыс мем­лекетiне, орыстың рухани кеңiстi­гiне төнген қауiп-қатердi дәл осылай, тап бiр өзiнiң жалаңаш денесi­не жабысқан шөп-шалам секiлдi бiрден сезедi...». Егер сiз Мұхтар Мағауиннiң қазақ қоғамындағы орны мен Сөзiнiң (яғни, шығармашылығының!) құнын дұрыс өлшей алсаңыз және оны ұлтқа керектiгi, пайдалылығы, зәрулiгi жөнiнен дұрыс бағалай бiлсеңiз, В.Розановтың жоғарыдағы анықтамасының Мұхтар Мағауинге де дөп келетiнiн айқын аңғарасыз. Ешбiр қырнап-жонусыз. Ешбiр артық-ауыссыз (Бiз де мұны журналист ретiнде емес, М.Мағауиннiң шығармашылығын бiр кiсiдей бiлетiн кәсiби маман, яғни әдебиетшi ретiнде айтып отырмыз).

«Ұлтқа төнген қауiп-қатердi дәл өзiнiң жалаңаш денесiне жабысқан шөп-шалам секiлдi» бiрден және оны бәрiмiзден бұрын, бәрiмiзден айқын сезiне бiлген Мұхтар Мағауин қазақ қоғамындағы ұлтсызданудың белгi-сипаттарын (билiктiң жаппай орыстiлденiп һәм орысдiл­денiп, бөтенденiп һәм бөлектенiп кеткенiн және оның қазақ халқынан мүлде алшақтап-алыстап кеткенiн! орнықты, парықты, байсалды ұлт­тық кадрлардың орнын ұлтсыз, бiлiмсiз, парықсыз, жарамсақ кадрлардың алмастырғанын және қазақтiлдi кадрлардың жауапты қызметтерден мейлiнше шеттетiл­генiн! қазақ тiлiнiң айдың-күннiң аманында «отставкаға шығып» кеткенiн! қазақ ұлтына тиесiлi, қазақ халқының игiлiгiне жұмсалуға тиiстi ұлттық байлығымыздың бұрын-соңды көз көрiп, құлақ естiмеген алапат талан-таражға ұшырағанын, оның басым бөлiгiнiң шетел асып кеткенiн және осы ұшан-теңiз байлықтың ендiгәрi еш­уақытта қазақтың мүддесi мен мақсатына қызмет етпейтiнiн! Қазақстанда ұлттық мүддеден де биiк тұратын мүдделер бар екенiн және әлдебiр сыртқы, құпия күштердiң сойылын соғатын бұл мүдденiң ұлттық мүдденi тапап, жаншып, жұқартып, әбден әлжуаздандырып, артынан жойып жiберетiнiн және т.б. және т.с.с!) асқан аңғарымпаздықпен дәл танып, бұған «ұлтсызданудың аса белсендi, жа­уынгер түрi» деп дәл диагноз қойды. Рас, бiздiң қоғамымызда ұлттық құндылықтардың қадiрi кеткенiн, өнердiң қасиетi қашқанын, алдыңғы планға ұлттың мүддесi мен өнердiң мұраты емес, жеке бастың мүддесi мен тiршiлiк­тiң қамы шыққанын жазушылардың басым көпшiлiгi бiлдi. Сәбит Досанов секiлдi «әдебиеттiң асыранды, өгей балалары» болмаса, «әдебиеттiң өз балаларының» бәрi де мұны көре де, тани да бiлдi. Бiрақ, 700 жазушының бiрде-бiреуi бiздiң қоғамымыздағы ұлтсызданудың көлемi мен қарқынының барлық сала-сатыда (iшкi саясатта да! сыртқы саясатта да! ғылымда да! өнерде де! оқу-ағарту саласында да! бұқаралық ақпарат құралдарында да! өндiрiсте де! өнеркәсiпте де! қаржы-қаражат саласында да! қыл аяғы балабақшада да!) аса қатерлi шекке жеткенiн, ендi бiр бел асса бұл жойқын апаттың ұлтты түгелi­мен жалмап-жұтып, тұтастай жойып жiберетiнiн (қалмақтар сияқты! чуваштар сияқты! удмурттар мен ноғайлар сияқты!) дәл Мұхтар Мағауиндей терең, түгел әрi түбегейлi сезiне алған жоқ.

Мұхтар Мағауин мұны тек терең, түбегейлi сезiнiп қана қой­ған жоқ, азапқа түстi. Не iстеу керек? Тiлсiздену мен дiлсiзденуден, дүбәралану мен дүмшеленуден қалай арыламыз? Ұлтсыздануды қалай тоқтатамыз? Ұлтсыздануды тоқтатудың орнына, оның отына май құйып, жаппай әрi жұмыла ұлтсыздануды ресми саясаттың тiрегiне айналдырып алған билiктiң түрi анау... «Ұлтсызданумен күреседi» деп жүрген ұлттық зиялыларымыздың түрi мынау: шетiнен жарамсақ, сатымсақ, сұрамсақ. Одан қалса, бойкүйез, марғау, тартыншақ... Табанды, бiлiктi, бiлiмдi деген зиялыларымыз саясаттан ойын да, бойын да аулақ ұстап бағуда... Осының бәрiн таразыға салған Мұхтар Мағауин қатты ширықты: шұғыл жиналып, шетелге кеттi. Бұл - жазушының қазақ қоғамындағы ұлтсыздану дертiне деген қарсылығы һәм қарғысы едi. Лағнетi һәм наласы едi...

Күрестiң де, қарсылықтың да түрi көп. Көшеге шығып, ереуiл жасаудың Мұхтар Мағауинге қол емес екенiн жоғарыда айттық. Ал аштық жариялау... Ел мұны «қызметтен кеткенiне күйiнiп, өкпе-ренiшiн бiлдiрiп жатыр...» деп ұғынатын болды. Сондықтан да М.Мағауин күрестiң, қарсылықтың осы түрiн таңдады. Саясаттану ғылымы мұны «үнсiз қарсылық», «жеке тұлғаның үнсiз саяси қарсылығы», не болмаса «әдеби-мәдени қайраткердiң қоғамдағы рухани азғындау мен ұлтсыздануға қарсылығы», «iрi тұлғаның қоғамдағы өте өрескел бастамалар мен келеңсiз құбылыстарға деген қарсылығы» деп таниды. Қарап отырсаңыз, Мағауиннiң мұнысы да - iрiлiк. Буниннiң iрiлiгi секiлдi. Быковтың iрiлiгi секiлдi...

Айтпақшы, Быков дегенiмiзден шығады, 1994 жылы белорусь жазушысы Василь Быков Белоруссия­ны тастап, Ресейге кетiп қалды. Сол кезде Белоруссияның билiгi мен белорусь зиялылары қалай дүрлiктi десеңiзшi?! Мұхтар Мағауин Чехияға кеткенде қазақ зиялылары тырс еткен жоқ. «Бұ қалай? Мұның мәнiсi неде?» деуге жарамады...

***

Менiң өз басыма Мұхтар Мағауиннiң шетелге кетiп қалуы Қожахмет Яссауидiң көзi тiрiсiнде қылуетке түскенiн еске түсiредi. Қожахмет Яссауи 63 жасында қылуетке түстi. Солай ғой? Солай. 63 жас - кәрiлiктiң соңы емес (бүгiнгi 63-тегi еркектердiң қызға қырындайтынын еске түсiрiңiз).

Көрер қызығы мен татар дәм-тұзының бәрiн тәрк етiп, Қожахмет Яссауи 63 жасында неге қылуетке түстi? «Мен жаныммен ұрыс қыл­ғанда, халық ең болмағанда нәпсiсi­мен ұрыс қылсын!» деп. Яссауидiң мұндағы ойы - өзiн пида қылу арқылы өзгелерге ой салу, ой тастау. Шынында да, өзiн пида қылып жатқан адамды көзiменен көргеннен кейiн өзгелер де ойлана бастайды. Мұхтар Мағауин де өзгелердi ойландыру әрi ояту үшiн шетелге кеттi. Әйтпесе, танымайтын бөгде ортаға, танымайтын бөтен елге кiм құмар дейсiз...

Ең ғажабы, ең сүйiнерлiгi, Мұхтар Мағауин күйзелiске түссе де, күйректiкке бой алдырмапты. Өзiнiң майдан алаңын, яки ала қағаздың бетiндегi айқасын қайта тауыпты. Ұлт әдебиетiнiң сәруары (лидерi) шетелде жүрiп, бiр роман және бiрнеше әңгiме жазып-жария­лады. Бұл шығармалардың барлығы да - ұлтсызданудың қасiретi мен кесапаты жөнiнде.

***

Мағауиннiң шетелде жүрiп жариялаған «Жармақ» романында екi линия қатар өрiледi: 1. Бiз қалай азғындадық? 2. Бiз ұлт ретiнде жо­йылып кетпеймiз бе? Осы екi ли­ния­ны қатар өрiп, қазақтың көркем әдебиетiнде бұрын-соңды көтерiл­меген тың әрi өте күрделi тақырыпты жазушы жаңа өрiске шығарып, зау биiкке көтердi. Ащы шындық пен батыл ойлардан түзiлген  бұл романда қазақ қоғамының бүгiнгi кiрiптар, қорлықты ахуалы бүкпе­сiз, боямасыз баяндалады. Жанры жағынан «Жармақ» - роман-ескерт­пе (роман-предупреждение). Сонымен бiрге, «Жармақ» - мiнездi роман. Аквариумның балығындай мiнезсiз, өрiссiз, бiркелкi шығармалардан жалыққан жұрт «Жармақты» ерекше ықыласпен қабылдады. Ал әдебиет сыншылары бұл романды «жаңа әдебиеттiң басы», «тәуел­сiз қазақ әдебиетiнiң төлбасы-романы», «жаңа әдебиеттiң өрiсi мен бағытын белгiлеп берген құнды шы­ғарма» деп өте жоғары бағалады.

«Жармақтан» соң Мағауин «Талайсыз әңгiмелер» деп аталатын циклды әңгiмелерiн жариялады. «Талайсыз әңгiмелер». «Талайсыз» деген не сөз? Бұл - «бақытсыз» деген сөз. Демек, «бақытсыз әңгiмелер».

«Ақордамыз асқақтап, Елордамыз еңселенiп, шат-шадыман һәм бақытты өмiр сүрiп жатқан шақта» Мағауиннiң «бақытты қоғамның бақытты адамдарына» өзiнiң «бақытсыз әңгiмелерiн» тықпалағаны неткенi? Мұның мәнiсiне бойлау үшiн төмендегiдей жайттарға бiр сәтке назар аударып бағалықшы.

ХIХ ғасыр бiзге, бiздiң халқымызға қандай сый ұсынды, кiмдi бердi? Абайды бердi. Ұлы Абайды. ХХ ғасыр бiзге кiмдердi бердi? Ахмет Байтұрсыновты, Мұхтар Әуезовтi, Мағжан Жұмабаевты, Бауыржан Момышұлын... Бұл бақыт па, бақыт емес пе? Сөз жоқ, бақыт. Ал ендi ХХI ғасыр бiзге кiмдердi бердi? Машкевичтi, Шодиевтi, Ибрагимовты, Храпуновты, Рахат Әлиевтi... Бұл бақыт па, бақытсыздық па? Әрине, бақытсыздық.

Әрi қарай тыңдаңыз. Дәл қазiр Қазақстандағы орыс мектептерiнде оқып жүрген оқушылардың 70 пайыздан астамы - қазақтың балалары. Бiз ертеңгi күнi қазаққа, қазақтыққа қарсы шығып, қазақтың ұлттық құндылықтарының күл-талқанын шығаратын «болашақ кадрларды» осылай даярлап жатырмыз. Бұл не? Бұл - ұлттық сананың кемшiндiгi. Ұлттық сананың өлуге, семуге қарай бет алып бара жат­қандығы. Ұлттық сананың кемшiн­дi­гi бақыт па, жоқ әлде бақытсыздық па? Әрине, бақытсыздық. Мiне, М.Мағауин да өзiнiң «Талайсыз әңгiмелерiнде» бiздiң жоғарыдағы сөз еткен бақытсыздықтарымыздан да сорақы, одан да бесбетер бақытсыздықтарды, шын мәнiн­дегi ұлттық қасiреттердi көзiнен тiзiп тұрып көгендеп бередi. Ендi автордың «Талайсыз әңгiме­лер» циклымен жариялаған бiр ғана әңгi­месiне, «Қара ләйлек» атты әңгiме­сiне аз-кем тоқталып өтелiк­шi.

Осы әңгiмедегi бас кейiпкер (бас кейiпкердi М.Мағауиннiң өзi деп түсiнiңiз) ұзақ жылдар Чехияда болып, кезектi демалысында Шыңғыс­таудың сыртындағы, Бақанас өзенiнiң бойындағы өзiнiң туған ауылына келедi. Туған өлкенiң тау-тасы мен аң-құсын бес саусағындай бiлетiн бас кейiпкер ежелден осы өңiрдi мекендеген қара ләйлектi (қыр арқасы - көмiрдей қара, бауыры мен қолтығы - ақсұр, тырнаға ұқсас ұзын сирақ құс), «Қызыл кiтапқа» баяғыда енген сирек құсты «тұқымымен тұздай құрып, жойылып кеттiге» санап жүредi екен. Сөйтсе, қара ләйлек жойылмапты. Аман екен: Бақа­наст­ың бойындағы қиын жартастың қуысына ұя салып, балапанын өргiзiп жүрiптi. Қара ләйлектi де, оның балапандарын да бас кейiпкер өз көзiмен көредi.

Әңгiменiң соңғы қайырымында автор «Қара ләйлектiң қамын айтып отырсың-ау, қалың қазақтың жөнi не болмақ?» деп бiр сауал тас­тап алады да, құстың бiр нәсiлi ретiнде жойылудан аман қалған қара ләйлектiң тағдыры мен ұлт ретiнде жойылуға бет алып бара жат­қан қазақтың тағдырын салыс­тыра келiп, былайша зар төгедi: «Киелi қара ләйлек мәңгiлiкпен бiрге жасап келедi екен. Ендi жоғалса, обалы адамға ғана. Ал қайран қазақ... Обалы кiмге деймiз? Әрi ойлап, берi ойлап, ақыры таптым. Қатерден сақтанып, ұясын алыс аймақ, онда да қол жетпес тас қияға салатын қара ләйлек құрлы түйсiгi болмаса... бұл қазақтың бар обалы өзiне. Аңдап тұрсаңыз, қалауы да, тiлеуi де өзiне қарсы. Бүгiнгi бар iсi - ертеңгi тiрлiгiне қайшы».

Ендi Мұхтар Мағауинге параллель жасай отырып, бiз де жазушымен бiрге жарыса ойланып көрелiкшi: шынында да, неге бұлай? Неге құс екеш құс құрлы (қара ләйлек құрлы) түйсiгiмiз жоқ? Құс екеш құс та өзiн-өзi сақтай, қор­ғай алады екен ғой? Бiзге не болды? Бiздi неге соншама қара бас­ты? Жер-жаһанның жүзiнде өзiнiң тiлеуi өзiне қарсы, өзiнiң қалауы өзiне қайшы келетiн қазақтан басқа ұлт бар ма екен, сiрә? Бүгiнгi пәтуасыз, парықсыз iсiмiз­дiң (жаппай ұлтсызданып жатуымыздың) ертеңгi тiрлiгiмiздiң ойран-ботқасын шығаратынын неге ойланбаймыз?..

Ащы ыза-күйiк, ауыр құса, өксiктi мұң-наладан туған Мұхтар Мағауиннiң осы зарлы монологының өзi-ақ оның шетелде ерiгiп жүрмегенiн, көкiрегi ат басындай шерге толып, ұлттың мүддесi үшiн iшқұста болып жүргенiн көрсетедi. Түркiнiң киелi Көк Бөрiсi секiлдi...

***

Қош, сонымен Мұхтар Маға­уин­дi шетелге кетiрген не («кiм?» демей-ақ қоялық)? Ұлттың тағдыры. Ұлттың мүддесi. Мұхтар Мағауиндi елге шақырудан бұрын ең әуелi оның шетелге кетуiнiң шын себебiн бiлiп алуымыз керек едi. Сонда ғана адасып емес, қыдырып қайту үшiн емес, ұлттың мүддесi үшiн шетелге саналы түрде кеткен жазушыны елге шақырудың жөнi де бөлекшелеу болар едi...

Екiншiден, М.Мағауин шетелге кеткен бiраз жылдан берi ұлтымыздың рухани дүниесiнде, әдеби-мәдени әлемiнде, саяси кеңiстiгiнде қазақтың мүддесiн түгендеуге бағытталған қандай оң өзгерiстер болды? Не оңалды? Не түзелдi? Ештеңе де! Тек керi кету, керi сию... Осыдан кейiн «...қай бетiмiзбен шақырамыз?..» деп тағы дағдарасың...

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, «Жас Алаш» газеті, №16, 25.02.2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2147
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2552
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2372
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661