Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2732 0 пікір 3 Наурыз, 2010 сағат 05:54

Әшірбек СЫҒАЕВ: Елбасы солай деді, бірақ біздің кінәміз не?

- Президентіміз бір сөзінде "билік басында бала-шаға қаптап кетті" деді. Жалпы, соңғы кездері өзінің орнынан адасқан адамдар көбейді. Осылар қоғамымызды бүлдіріп жүрген жоқ па?

- Елбасы солай деді, бірақ, біздің кәніміз қайсы? Оларды жайлы орындарға біз қойып отырған жоқпыз ғой. Бала-шаға Елбасыдан жасырын қойылмаған шығар? Оны кімнен көріп отыр? Мамандығына сай емес шала сауаттыларды халықтың қамын ойлайтын орынтақтарға кім бекітіп отыр? Премьер-министр ме, министрлер ме, жауапқа  тартылсын. Неге өз ісін білмейтіндерді жұрттың тағдырын шешетін қызметтерге отырғызады? Сондықтан, мен бұл мәселені Елбасының өзінен сұрағым келеді, шынында да неге бала-шаға қаптап кетті? Олай дейтінім, әрбір қызмет - біздің тағдырымыз.

- Бір кездері сіз Мәдениет министрлігінде үлкен қызмет істедіңіз. Жаңа министр келгенде сол қызметтен өзіңіз бас тартыпсыз...

- Президентіміз бір сөзінде "билік басында бала-шаға қаптап кетті" деді. Жалпы, соңғы кездері өзінің орнынан адасқан адамдар көбейді. Осылар қоғамымызды бүлдіріп жүрген жоқ па?

- Елбасы солай деді, бірақ, біздің кәніміз қайсы? Оларды жайлы орындарға біз қойып отырған жоқпыз ғой. Бала-шаға Елбасыдан жасырын қойылмаған шығар? Оны кімнен көріп отыр? Мамандығына сай емес шала сауаттыларды халықтың қамын ойлайтын орынтақтарға кім бекітіп отыр? Премьер-министр ме, министрлер ме, жауапқа  тартылсын. Неге өз ісін білмейтіндерді жұрттың тағдырын шешетін қызметтерге отырғызады? Сондықтан, мен бұл мәселені Елбасының өзінен сұрағым келеді, шынында да неге бала-шаға қаптап кетті? Олай дейтінім, әрбір қызмет - біздің тағдырымыз.

- Бір кездері сіз Мәдениет министрлігінде үлкен қызмет істедіңіз. Жаңа министр келгенде сол қызметтен өзіңіз бас тартыпсыз...

- Ол рас, онда премьер-министр Сергей Терещенко болатын. Министрдің бірінші орынбасары болып қызмет істейтінмін. Кісі жамандап, ұпай жинайын деп отырған жоқпын, бірақ, оның жұмыс істей алмайтынын сол кезде-ақ білгенмін. Көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырудың не қажеті бар? Кәсіби адам мен кәсібилігі жоқ адамның қызметтесуі өте қиын. Мен "а" десем, ол "б" дейді. Сосын шәлкем-шалыстық мінез-құлықтар шығады. Жаманатты болып қайтем? Қай жақтан жел соғатынын, нөсердің қай жақтан жауатынын біліп қалған кезім. Саяси ойындарға ермек болмай, уақытымды қағаз қаламға арнайын дедім. Есесіне 20-ға тарта кітап жаздым.

- Ең басты кітабыңызды атасаңыз...

- "Сахна саңлақтары" үшін Мемлекеттік сыйлық алдым. Бір жақсысы, бұл сыйлықты қызметтен кетіп алдым. Бүгінгілер атақты қызметте отырып алып жүр ғой. Президент аппаратындағы, Премьер-министрдің кеңсесіндегі жігіттердің көбісінің атағы бар. Қызметте отырып кез келген нәрсені алуға болады. Жоғарыдағылар өздері бөліп алып жатса, күндіз-түні тері сүмектеп жұмыс істеп жүрген қарапайым халыққа не тиеді?

- Терещенко демекші, ол израйлдіктерге «Қазақстаннан жер сатып алыңдар» дегенге саятын әңгіме айтыпты-мыс. Бұл жер, жесір дауын бірінші орынға қоятын қазақты басынғандық емес пе?

- Мұның қайсысы шын, қайсысы жалған білмеймін. Бірақ, жер Терещенконың әкесінен қалған жоқ. Оның қандай қатысы бар? Жер сатуды мен айта алмаймын, ол неге айтады. Терещенконың орынтақта отырғаны болмаса Қазақстан үшін ешкім де емес. Менен артық па, Сіздерден артық па? Қазақстанның жерін саудалап үлестіретіндей құқықты кімнен алыпты? Өзінің, ата-бабасының қазақ жеріне қандай еңбегі сіңген? Бөгенбайдың, Қабанбайдың қасында жүріп пе әлде... Абылайханның кеңесшісі болған ба? Терещенко біреудің ісіне сұғынбасын. Кешегі дақпырт, кешегі қызметінің буымен аузына келгенін көкіп жүр.

- «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру арқылы діттеген жерден шыға аламыз ба?

- Мәдени мұраның ауқымы өте кең әрі терең ұғым. Бұл мәселені тек бір бұйрықтың немесе бір бағдарламаның төңірегінен іздестірсек, түбіне жете алмаймыз. Ғасырлық мұраларды белгілі уақыт аралығында бітіреміз десек те қателесеміз. Мәдени мұраны бір күнде есімізден шығармауымыз керек. Мекемтас Мырзахметов бір ғана Бауыржан Момышұлы  жазып кеткен дүниелердің 100 томға жететінін айтты. Соның 15 томы жарық көрсе, 15-і дайын екен. Бұл дегеніңіз баға жетпес байлық. Біртіндеп игеруді қажет етеді.

- Қазіргі қазақ киносы жайлы не айтасыз?

- Елбасы "Көшпенділер" фильмінен түк шықпағанын айтты. Біз кезінде марқұм Сәкен Жүнісов, Дулат Исабеков, Бауыржан Нөгербеков төртеуміз "фильм болмай қалыпты" деп мерзімді басылымдарға шығып шуладық. Балалардың ойыны сияқты, "анадай Әбілмансұры бар қазақ  бақытсыз. Біреудің костюмін уақытша сұрап алып тойға  барып келгендей көңіл-күйде отырмыз" дедім. Мұны цитата етіп көп газеттер берді. "Қыз Жібек", "Атаманның ақыры" сияқты фильмдерге зар болып қалдық қазір. Жас режиссерлердің барлығының көргені аз, талантсыз. Мен мұны жауапкершілікпен айтып отырмын. Көркем ойылылық кем. Тек қана ішімді жылытқаны "Сіз кімсіз, Ка мырза?" фильмі болды. Әйтеуір, қазақ рухы бар. Тайландта, осында болсын, наркомандармен алысып-жұлысып жүріп қазақ елінің таза болуын, моральдық, физикалық, табиғи, тағы басқа жағынын елімізге нұқсан келмесін деп жанұшырып жүрген қазақ шалының бейнесі Асанәлі Әшімовтың орындауында көңіліме жақты. "Мұстафа Шоқай" киносынан мен қиялдаған Мұстафаны көре алмадым. Бізге қазақ ұлтына қызмет ететін, қазақ ұлтының көңілінен шығатын фильм керек. Біз мемлекетпіз, біз өз фильмімізді өзіміз таразылайтын дәрежеге жеттік. "Біржан сал" туралы анау-мынау дегенімен онда қазақтың тарихы бар. Ел-жұрт көреді. Жалпы соңғы қазақфильмдердегі қыздар бейнесін сомадаған актрисалар менің көңілімнен шыққан жоқ. Қазақы келбетті, іші ән салып тұрған, күміс көмей, сыңғыр қаққан қазақтың керемет табиғи сұлу қыздары көп. Жігіттердің талғамына таң қалдым.  Фильмге сұлудың сұлуы түсу керек. Қыз Жібекке 500-ден аса қыз таңдалған. Бізде ондай жоқ. Апыл-ғұпыл, тамыр-таныс осылай кететін болу керек. Қазақта Мұстафа Шоқайды ойнайтын актер құрып қалды ма? Мұстафа Шоқайды ойнай алмаса қазақ актерларының қадір-қасиеті бір тиын.

- Біз ауыл жылын өткіздік. Ауылға барып тұрасыз ба?

-Ауылға миллиардтардың бөлінгенін естідік, газеттерден оқыдық. Бірақ, мен ауылға барғанда сол миллиардтардың буын сезінбеймін. Сезінсем айтар едім.

- Тайлы-тұяғымызбен тіл мәселесін көтеріп жүрміз.

- Қазақ алдымен демографияны түзеуі керек. Өйткені, халықтың саны өссе тілдік проблема өзінен өзі шешіледі. Демографияны қалай түзейсің, қазақтың әйелдері жаңбырдың астында құрт, шемішке сатып отыр. Жігіттер бар баласына  тамақ табудың қамымен Сейфуллинде тұр. Қызыңның жүрісі анау, ұлыңның тұрысы мынау. Жетім бұрышта пәтер іздегендер кілең қазақтар. Ал, оны жалға беріп отырғандар өзге ұлттың өкілдері.

- Екі қолға жұмыс табылады, бірақ қазақтың өзі жұмыс істегісі келмейді деген де әңгімелер айтылып жүр ғой.

- Қай халықта да жалқаулар бар, "тек қазақ" деп айтудың қажеті жоқ. Жұмыс істегісі келмесе  жігіттер көшеде неғып тұр? Солар байшыкештердің қара жұмысын істейді. Жұмыстан қашса тұра ма? Соны түсінбеймін. Қайсыбіреулерімен сөйлестім. "Бала-шағама құр қол барам ба" деген сөзді өз құлағыммен естідім. Еліміз тым құрыса қаламсап шығармайды, зауыт, фабрика жоқ, олар қайда барып нан тауып жейді?

- Петр біріншінің кезінде орыстар Еуропаға терезесін ашты. Біз соны енді бастап жатқан сияқтымыз.

- Біз о баста Батысты да, Еуропаны да орыс мәдениеті арқылы қабылдадық. Театрларымыз бен киноларымыздағы қаптап жүрген еуропалық элементтердің бәрі соның әсері. Тек қазақы ұғымның айналасында шектеліп қалуға тағы болмайды. Барлық мәдениеттерді біле отырып ұлтымыздың үрдістерінен айрылып қалмауымыз керек.

- Болат Атабаев соңғы кездері көп эксперименттер жасап жүр. Біз қашанғы эксперимнетшіл боламыз?

- Баяғыдан келе жатқан дәстүрлеріміз өз ағымымен жүре берсін, бірақ, бізге қай салада да жаңашылдық керек. Қайта бізде экспериментаторлар аз болып тұр. Әдебиетіміз, өнеріміз қандай бай, ізденіске баратын режиссерлар аз. Эксперименттің де оңтайлысы, оңтайсызы болады. Болат Атабаевтың Бекежан образына жасаған акценті маған ұнайды.

- Батысшыл емеспіз бе?

- Гете "Бар гәп Шығыста, Шығыстың жеті жұлдызының біреуінің кішкентай тырнағына татысам өзімді бақытты ақын санар едім" деді ғой. Фильмдерімізді де, спектакльдерімізді де Шығыспен ұштастыруымыз керек. Сонымен қатар Батыстың керемет шығармаларымен де сусындауымыз қажет. Бірақ, солармен тыныс алу міндет емес. Шығыстық үлгіні пір тұтуға тиіспіз. Өйткені, біз шығыстықтармыз. Абай екеуін де бойына сіңірді ғой. Содан үлгі алсақ жаман болмаймыз.

- Келешекте қазақтың бойынан тәуелсіздігімізді, мемелекеттігімізді нығайтатын қандай қасиет көргіңіз келеді.

- Турашылдық, еңбекқорлық, бірсөзділік, сосын сатқындықтан аулақ болу керек. Білім, ғылым.

- Қазақтар, қазақстандықтар материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылыққа ұмтылғаны жөн дейсіз ғой.

- Сөз жоқ. Білімсіз, ғылымсыз ел болмайды. Жапондар әлемге тек мәдениеті, өнері арқылы танылды. Кәрістер дүние жүзінде бір-ақ халық, кәрістер ғана бар сияқты сезінеді. Ауыздарында тек кәрістің проблемасы, кәрістің мәртебесі. Біз сондай жағдайға көтерілгенде ғана қазақ пен Қазақстанның айбары асқақтайды. Соғыс жылдарында бар халық қазақтың құшағында жылынды ғой.

- Бізді паналаған ұлт өкілдерінің кейбірі бізге қарсы шығып жатса не дейміз?

- Ол - санасыздық, мәдениетсіздік. Өткенін ұмыту.  Бірде қасымдағы жігітпен қазақша сөйлесіп келе жатқанмын. Жүн сатып отырған бір қора кемпір алдымнан шу етіп өре түргелді "Қазақсың ба?", "қазақ" деп жылап көрісті. Сөйтсем біздің елден кеткен қарашайлар екен. Бүкіл қазақ халқына рақмет айтып, ұлардай шулады.

- "Жас қазақ" газетіндегі Олжас Сүлейменов жайлы мақалаға не дер едіңіз?

- Өз басым Олжекеңді қабылдамаймын. Маған ол кісі даңғойлау көрінеді. Күңгірлеп сөйлеп өзімен өзі "бесқап" болып жүргені. Олжастың біздің мемлекет болуымызға қатты араласып, қазақ халқының тағдырына жан салғанын байқамадық. Қайта бізді мұқатып, итеріп жүргендей. Олжассыз да басқа игі жақсыларымыз жетеді.

- Қазаққа шәкірттіктен ұстаздыққа көтеріліп, қарапайымдылықтан саяси тұлғаға айналатын кез туа ма?

- Жақсы сөз - жарым ырыс. Ұлт бола алмасақ,  біз неғып жүрміз? Несіне ұл-қыз өсіріп жатырмыз? Болуға тиіспіз. Сенім, оптимистік рух, тек алға қойған мақсат қазақ ұлтын өсіріп-өркендетеді. Қазақ ұлтына тән әрекет жасасақ тұлғаға айналамыз, неге айналмасқа?

Аманхан ӘЛІМ,

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ

Түпнұсқадағы тақырып - «Шынында да неге бала-шаға қаптап кетті?»

Дерек көзі - zan.zanmedia.

Сұхбат ықшамдалып жарияланды.

 

0 пікір

Үздік материалдар