Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3242 0 пікір 1 Наурыз, 2010 сағат 07:29

Ораз ЖАНДОСОВ: Бәрінен бір елге тәуелді болмау маңызды

Өткен жылға есеп - келешекке болжам. «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры, экономист Ораз Жандосов былтырғы жылдың басты экономикалық нәтижелерін қорытындылаумен қатар биылғы жылға жорамал жасайды.

Өткен жылға есеп - келешекке болжам. «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры, экономист Ораз Жандосов былтырғы жылдың басты экономикалық нәтижелерін қорытындылаумен қатар биылғы жылға жорамал жасайды.

Кеден одағының пайдасы мен зияны?

- Биылғы жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстан Ресей, Беларусьпен кезекті интеграциялық бірлестік - Кеден одағына кірді. Осы одақтан қандай нәтиже күтесіз?
- Стратегиялық тұрғыдан алғанда, егер Қазақстанда бизнес немесе инвестициялық климат Ресей мен Беларусьқа қарағанда тәуір болса, онда елімізде экспортқа, кеңірек рынокқа тауар шығаратын өндірісті дамытуға жол ашылады. Өйткені Қазақстандағы он алты миллиондық рынокты үлкен деуге келмейді. Бірақ ең түйінді сауал: Ресей мен Беларусьқа қарағанда өзімізде жақсырақ бизнес және инвестициялық ахуал қалыптастыра аламыз ба? Әзірге бұл - шынайылықтан гөрі арман-тілек қана. Кеден одағының оң жақтары - осы.
- Ал одақтың қандай теріс салдары болуы мүмкін?
- Ең алдымен бұл - бірінші күннен бастап бірқатар тұтыну тауарларының қымбаттауы. Оның ішінде автокөлік бағасының көтерілетіні сөзсіз. Өйткені үшінші елден әкелінетін импорт тауарларына тариф өсті. Ал автокөліктер Ресей мен Беларусьтан емес, басқа елдерден - Еуропадан, Жапониядан тасымалданатыны мәлім. Бірыңғай импорт тарифтері енгізілуімен қатар табиғи монополия қызметтерін (темір жол, электр желісі, тұрба құбырлары) пайдалану бойынша бірыңғай ереже қабылдануы керек еді. Біздің тауар шығарушылар ресейліктермен тең жағдайда болуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, Үкімет оған қол жеткізе алған жоқ. Бәлкім, оған көндіккен шығар? Енді бұл шаруаны екі жыл ішінде бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуына қарай тындырмақ.
- Егер Кеден одағына артып отырған үміт ақталмай, міндеттер орындалмаған жағдайда не күтуге болады?
- Соңғы жылдары байқалған тенденциялар дами бермек. Біз тек шикізатты экспорттап, басқа елдерден өңделіп, әкелінетін импорт көбейе түседі. Мына жағдайда Қазақстан рыногындағы Ресей мен Беларусь тауарларының үлесі артады.
- Яғни отандық өнімдерді одақтастардың тауарлары ығыстыруы мүмкін бе?
- Біздің өндіріс онсыз да төмендеп кеткен.
- Дағдарыстың әсері де бар шығар?
- Дағдарыстың қатысы жоқ. Дағдарыс макроэкономикалық сипатқа ие. Үкімет жөнді іс-шаралар қабылдаған кезде оны айналып өтуге, әсерін азырақ сезінуге болар еді. Мен ортамерзімді тенденция жайлы айтып отырмын. Соңғы 5-7 жылда бізде бәсекеге төтеп бере алатын шикізаттық емес өндірістер пайда болған жоқ. Егер осы тенденция сақталып, тереңдей берсе, бұл Кеден одағының негізгі салдары болып саналады.
- Бұл одақ қаншалықты ұзаққа барады? Мәселен, Ресей мен Беларусь арасындағы соңғы мұнай баж салығына қатысты жанжалды еске алсаңыз да болады...
- Беларусь - спецификалық мемлекет. Оларды болжау қиын. Дегенмен Беларусьтың Ресеймен бір одақ құруға мүдделі екендігін ескерсек, ұзақмерзімді серіктес болатын шығар. Ал Қазақстан мен Ресейге келсек, олардың одағы айтарлықтай ұзаққа созылады. Алғашқы жылдары бұл құбылыс қалыптасса, содан кейін одан шығу тіпті бізге қиынға соқпақ.
- Егер бұл ұзақмерзімді одақ болса, оның қандай да бір геосаяси қауіптері бар ма?
- Геосаяси қауіп-қатерлер әрдайым болады. Ең алдымен, біз дербестігімізді экономикалық саясат арқылы жоғалтып алмаймыз ба? Өйткені Ресейдің бізден бірнеше мәрте үлкен екендігін және маңызды шешімдердің, бәлкім, сол жақта қабылданатындығын ескеру керек. Егер елдің ішінде ешнәрсе өзгертпей, соңғы жылдары алған бағытты ұстансақ, бұл қатер жылдан-жылға тереңдей бермек. Ішкі экономикалық саясаттың, экономиканың әлсіздігі бұл қауіпті күшейтеді.
- Осы экономикалық кеңістікте ортақ валютаның қалыптасатындығы туралы айтылған. Бұл қаншалықты жуық арада болатын оқиға?
- Ортақ валютаны құру міндетті емес. Кеден одағында болып, әртүрлі валюта ұстануға болады. Егер тіпті саяси ерік-жігер болған күннің өзінде де жуық арада ортақ валюта бола қоймайды.


Мұнайдың төрттен бір бөлігі - қытайларда

- Келесі алып көршіміз - Қытаймен соңғы жылдары экономикалық байланыс нығая түскені аян. Қазақстан басшылығы Қытайдың ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге миллион гектар жер сұрағанын айтқан. Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?
- Жерді жекеменшікке беру түгілі оны жалға беруге қарсымын. Егер Қытайда мемлекеттік немесе жекеменшік компаниялардың соя немесе басқа ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс болса, олармен бұл өнімдерді соларға жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт жасасуға болады. Міндетті түрде Қытайға қарап қалмай, халықаралық нарықта қайта қаржыландыруға қол жеткізудің жолдары бар. Біздің кәсіпкерлер бұл өндіріспен дербес түрде айналасуына болады. Ең бастысы - сұраныстың болуы.
Демографиялық, жаппай қоныстану салдарын ескермегеннің өзінде біздің бизнеске тиесілі санаулы саланың бірін алмақшы ғой? Бәлкім, өзіміздің қолымыздан келмейтін, күрделі жұмыстар мен жоғарғы технологиялар қажет ететін бағыттарда шынымен біріккен кәсіпорындар құру керек шығар. Ал соя өсіру үлкен жетістік пе? Жерді шетелдік жекеменшікке мүлдем беруге болмайды. Жер - онсыз да қолда қалған соңғы меншіктердің бірі ғой.
- Жақында қытайлық басылымдарда Қытайдың мұнай импортына тәуелділігі «алаңдататын деңгейге» жетіп, былтыр елде пайдаланылған мұнайдың жартысынан астамы шетелден әкелінгені жазылды. Егер қытайлық компаниялардың Қазақстанның мұнай өндіру саласындағы үлесінің соңғы жылдары артып отырғанын ескерсек, елде қытай экспансиясының қаупі бар ма?
- Қытайда шикізат импорты артады. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Егер өзінің шикізат орындары көп болмаса, ал ең алдымен мұнай өнімдеріне деген сұраныс артып жатса, сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелділік те өсе береді.
Белгілі бір экспансия жасап жатқаны түсінікті. Яғни мұнай компанияларын сатып алуға немесе бай кен орындарын игеру бойынша келісімшартқа қол жеткізуге тырысады. Мысалы, Қазақстанда қытай компаниялары жалпы мұнай өндірісінің төрттен бір бөлігін бақылап отыр! Қытай мүддесі тұрғысынан бұл - дұрыс, бірақ біздің әрекеттер ше? Жалпы, бұл салада шикізатты өзіміз өндіріп, оны басқаларға, оның ішінде қытайларға өзіміз сатқанымыз әлдеқайда дұрысырақ.
Егер рационалды түрде қарасақ, бөтен елден бизнестің келуі бизнес өз уысымыздан шығып кеткенін аңғартады. Егер шетелдік инвестор әліміз келмейтін салаға келсе, түсінікті. Ал талай жыл мұнай өндіріп келдік емес пе? Онда оны жалғастырып, өндірілген мұнайды немесе мұнай өнімдерін өзіміз экспорттауға не кедергі?
Әрине, экспансия бар. Біздің экономиканың ауқымымен салыстырғанда Қытайдың сұранысы шексіз. Әлбетте сондықтан олар осы бағытта жүруге тырысады. Ал бізге соңғы жылдардағы бағытымызды өзгерткен абзал. Тікелей инвестиция ғана емес, қарызға да байланысты да қазір шектен асып кеттік. Яғни бір елге, тіпті борыш капиталы немесе басқа қаржы түрлері бойынша да тым тәуелді болу дұрыс емес.
- Онда не істеу керек?
- Үлкен сұрақ. Қытайдан басқа қай елден ақша аламыз? Бұл - сауалдың бір жағы. Ол: «Неге біздің елдің жинақтау нормасы соншалықты төмен» деген сауалмен байланысты. Бұл - үлкен мәселе. Егер үстірт деңгейде қарасақ, бізге бір елге өте күшті тәуелді болмау маңызды.

Жағдай нашарламайды да, жақсармайды да...
- Қазір өткен жылға жаппай есеп беру науқаны жүріп жатыр. Егер 2009 жылға көз жүгіртсеңіз, қандай қорытынды жасар едіңіз? Жақында бір депутат сайлаушыларымен жүздесіп, олар былтыр дағдарыстың әсерін сезінбей өткенін айтыпты. Сіз не ойлайсыз?
- Бәлкім, кейбіреулер дағдарысты шынымен аңғармаған шығар. Өйткені оған дейін де жағдай өте нашар болған. Экономиканың әртүрлі саласын жеке алып қарасақ, бәрі түсінікті болады.
Шикізат саласында, шынымен дағдарыс болған жоқ. Мұнай өндіру, оны экспорттау былтыр жыл бойы өсті. Тау-кен саласында бірінші жарты жылдықта белгілі бір төмендеу, екінші жарты жылдықта өсу байқалды. Өндіру саласынан экономиканың басқа саласына тиетін пайдасы мардымсыз. Өйткені бұл сала, негізінен, шетелдік компанияларға немесе азаматтарға тиесілі. Олардан мемлекеттің алатын салық түсімдері жеткілікті түрде үлкен емес.
Одан өзге бюджеттен жалақы алатын қызметкерлер бар. Олар да дағдарыстың әсерін қатты байқаған жоқ. Өйткені былтыр жалақы көлемі қаңтардың 1-нен 25 пайызға өскен. Зейнеткерлердің бір бөлігінің зейнетақысына үстеме қосылды.
Бірақ олардан өзге біздің экономиканың үлкен екі саласы қалады: шағын және орта бизнес ұйымдары және қаржы секторы. Осылардың бәрі дағдарысты қатты сезінді. Бұл отандық шикізаттық емес бизнес саласында жұмыс істейтіндердің жалақылары мен кірістеріне әсер етті. Өйткені осы саладағы кірістердің азаюының айқын көрсеткіші - бөлшек саудадағы тауар айналымының кемуі.
Егер көбірек ақша болса, адамдар оны екі нәрсеге: тұтыну немесе жинауға жұмсайды. Онда банктегі депозиттер көлемі өсуі тиіс еді. Бірақ үлкен өсім байқалмады, бөлшек сауда айналымы айтарлықтай құлдырады. Бұл - осы салада жұмыс істейтіндер кірісінің нақты индикаторы емес пе?
Ал азаматтарымыздың негізгі бөлігі осы салада жұмыс істейді.
Орта және шағын бизнес нашар жағдайда болды. Бұл сұраныстың төмендеуі мен несиені банкке қайтару қажеттілігімен байланысты. Егер мемлекеттен қомақты қаржы жұмсалғанын ескерсек, жағдайлары өте күрделі болғандығына қарамастан, банктердің аман қалуы - ғажап емес. Бірақ депозиттердің банктерден «жылыстамағаны» - таңғажайып жағдай. Банктер жұмыс істеуші кәсіпорындар ретінде сақталды.
- Сіз айтып отырған салалардағы қызметкерлер, яғни жапа шеккендер жұрттың қанша бөлігін қамтиды?
- Шағын және орта бизнес, қаржы секторында жұмыс істейтін адамдар - жалпы, жұмыс істейтіндердің үштен екі бөлігі.
- Жақында Саяси шешімдер институты сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, олардың дені биыл дағдарыстың үшінші толқыны қайталанатындығын айтыпты. Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?
- Шынымды айтсам, үшінші толқын дегенді түсінбеймін. Бәлкім, жекелеген елдерде Үкіметтің экономиканы жандандыру шараларынан кейін (бюджеттің үлкен тапшылығына байланысты оны шексіз жалғастыра беруге болмайды) сұраныстың құлдырауына орай тағы да өндіріс деңгейі төмен түсуі мүмкін. Бірақ мұны дағдарыстың үшінші толқыны деп атауға келмейді. Өйткені бұл барлық елдерді емес, тек кейбіреулерін ғана қамтиды. Әрі бұл қаржы жүйесі үшін үлкен соққы әкеледі деп ойламаймын. Оған қосымша дамушы елдер бойынша түрлі қауіптер бар, бірақ олардағы жағдайдың нашарлап кетуіне негіз көріп тұрған жоқпын. Сондықтан дағдарыстың үшінші толқыны да болады деп ойламаймын.
- Ал ендігі тенденция қандай болмақ? Өйткені кейбір сарапшылар дағдарыс аяқталды десе, енді біреулер одан шығуға тағы біраз уақыт кететінін айтады...
- Шикізат саласында өсім байқалып, бұл әрі қарай да жалғаса бермек. Себебі шикізатқа деген сұраныс әлемдік рынок деңгейінде жандануда. Дамыған елдер құлдыраудан шығуда. Дамушы елдер, ең алдымен Қытай, Үндістан сияқты мемлекеттер өсіп жатыр. Өндіруші саладағы жағдай оң болады.
Бюджеттік жағдайға тоқталсақ, қабылданған бюджет пен Президент Жолдауында айтылған жайттарға сүйеніп, бюджет қызметкерлері мен зейнеткерлер жағдайы жақсарады деп айтуға болады.
Басқа салаларды алсақ, жағдай онша мәз емес. Қаржы саласы үшін сын сағаты былтыр соққан. Енді жағдай біршама тәуір болады. Бірақ оңалу процесі өте баяу жүреді. Орта және шағын бизнес несиелеуге тәуелді. Несиелеу баяу қалпына келсе, онда олар да ақырын реттеле бастайды.
Жалпы, бұл салалардың жағдайы Үкіметтің іс-қимылдарына тәуелді. Егер Үкімет бюджетте көрсетілгеннен өзге қосымша шараларды қолға алмаса, биылғы жылы жағдай нашарламайды, бірақ жақсармайды да. Егер қосымша қажетті шаралар қабылданса, онда жағдай жақсаруы да мүмкін.
Үкімет орта және шағын бизнеске мемлекеттік бағдарламадағы үлкен жобалардың жүзеге асуы оң әсер етеді деп ойлайды. Бұл жобаларға қатысты, негізінен, Қытайдан несие алынып отыр. Олардың шағын және орта бизнеске жанама ықпалы болады. Бірақ бұл іске аса бастаса, оның әсері тек келесі жылы білінуі мүмкін. Өйткені олар қазір қаржы салымын жаппай игеру деңгейінен алыс жатыр. Сондықтан биылғы жылға айрықша әсер етпейді. Меніңше, ірі индустриалды-инновациялық жобалардан өзге қосымша іс-шаралар керек. Оны банк секторы арқылы немесе онсыз да жүзеге асыруға болады.
- Орта және шағын бизнеске қатысты қосымша шаралар қандай бағытта болуы тиіс?
- Біріншіден, олардың тауар мен қызметіне сұраныс тезірек өсуі керек. Екіншіден, белгілі бір мөлшерде олардың қарыз жүктемесін азайту қажет. Олар қазір банкке өте күшті қарыз. Шағын және орта бизнес үшін бұл - ауыр жүк.

Не күшті: баға ма, бағдарлама ма?
- Ал былтыр қабылданған Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы қаншалықты тиімді болды? Өйткені Үкіметтің алдын ала берген мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылы Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің өсімі (0,5 пайыздан 1 пайызға) байқалып, инфляция 6,3 пайызды құрап, «10 жыл ішіндегі ең төмені» болған, жұмыссыздық 6,3-6,5 пайыздан аспапты...
- Мұндағы ең жеңілі - инфляция. Ол Үкімет жоспарлағаннан төмен болып шықты. Бұл - ел тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
- Қалайша?
- Ең алдымен тұрғындар мен кәсіпорындардың сұранысы өте төмен түсіп кетті ғой. Сұраныстың түсуі кез келген жағдайда бағаның құлдырауы болмаса да, бағаның тұрақтануына әкеліп соқтырады. Мұнай, мұнай өнімдері, астықтың әлемдік бағасы басқа жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды. Бұл да - инфляция үшін жақсы көрсеткіш.
Ішкі жалпы өнімнің өсімі немесе төмендеуіне келсек, Үкімет оның өсімін көрсетіп отыр. Бұл былтырғы жылдың 4-ші тоқсандағы күрт өсімнің арқасында болды. Жалпы, Үкімет қорытындысындағы 4-ші тоқсанға қатысты біраз сандар күмән тудырады. Статистика агенттігі деректері шыққан кезде оларды салыстырып көруге болады.
Жалпы, бағдарлама жыл қорытындысына оң ықпал еткені түсінікті. Бірақ дұрысырақ айту үшін оны басқа факторлардан ажырата білуіміз керек.
- Қандай факторлар?
- Шикізат бағасы былтыр сәуір айынан бастап жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда қатты жақсарды. Бұл баға Үкімет бюджетте бекітілген болжамнан жоғары шықты. Яғни Үкімет бағдарламасының ықпалы шамамен үштен бір пайыз болса, сыртқы факторлардың, мысалы, шикізат бағасының әсерін үштен екі пайыз деп бағалауға болады.
- Былтыр теңгенің девальвациясынан кейін есеңгіреп қалған көпшілікті доллардың құны алаңдатады. Жыл басында Ұлттық банк теңгенің күшею мүмкіндігін жоққа шығармаған.
- Ұлттық банкке қарамай, әлемдік рыноктағы мұнай бағасына көз жүгірту керек.
- Дегенмен Ұлттық банк басшысы биыл теңгенің әлсіреуінен гөрі оның нығаюы мүмкін екендігін мәлімдеді емес пе?
- Біреудің айтқаны бізді азырақ қызықтыруы тиіс. Мұнай бағасын мен болжай алмаймын. Сондықтан доллардың теңгеге шаққандағы бағамын да айта алмаймын. Мұнай бағасы өсе ме? Теңге нығаяды. Егер баға төмендесе, теңге де құлдырайды. Бәрі - қарапайым нәрсе. Оған Ұлттық банк те айтарлықтай ешнәрсе істей алмайды. Әрине, бұрынғыдай бірнеше ай бойы ұстап тұруы мүмкін. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Егер мұнай бағасы өсе бастаса, онда Ұлттық банкке теңгенің бағамын арттыруға тура келеді.

Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА

«Айқын» газеті, 24.02.10.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1424
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1260
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1021
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1079