Сенбі, 19 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107199. Жазылғандар — 101822. Қайтыс болғандар — 1671
Жаңалықтар 1772 0 пікір 23 Ақпан, 2010 сағат 04:10

Ақша «асаудың» атыраулық рекорды

Баяғыда бір патша өзіне қарсы жолыққан дәруішке:

- Әй, сен неге маған тағзым етпейсің? - деп өктемдік танытыпты.

- Оу, байеке-ау, о заманда бұ заман құлға тағзым еткенді қайдан көрдіңіз?, - депті дәруіш.

- О, иттің баласы?!. Тіліңді кесіп алайын ба? Мен не құлмын ба?

- Әрине, құлсыз. Сіз сараңдық пен дүниенің құлысыз. Ал олар - менің құлым. Яғни, сіз менің құлдарымның құлысыз! Сондықтан да маған тағзым еткеніңіз абзал.

«Өмір сүрген жақсы, ал бума-бума ақша «асап» өмір сүрген одан да жақсы». Бұл - жалғанды жалпағынан басқан атыраулық ақжағалы жемқорлардың бүгінгі шығарып алған «свежий» мақалы. Өйткен себебі, мұнайлы мекендегі жемқорлық деген жеті басты жалмауыз көз ілеспес жылдамдықпен «семіріп», жан-жағын жаппай жалмап барады. Дәлел керек пе, мінекиіңіз... (Айтпақшы, бұл дәлелдерді бөтен біреу емес, «батпанқұйрық» облысты тексеруге барған «нұротандық» ревизорлар келтіріп отыр).

Баяғыда бір патша өзіне қарсы жолыққан дәруішке:

- Әй, сен неге маған тағзым етпейсің? - деп өктемдік танытыпты.

- Оу, байеке-ау, о заманда бұ заман құлға тағзым еткенді қайдан көрдіңіз?, - депті дәруіш.

- О, иттің баласы?!. Тіліңді кесіп алайын ба? Мен не құлмын ба?

- Әрине, құлсыз. Сіз сараңдық пен дүниенің құлысыз. Ал олар - менің құлым. Яғни, сіз менің құлдарымның құлысыз! Сондықтан да маған тағзым еткеніңіз абзал.

«Өмір сүрген жақсы, ал бума-бума ақша «асап» өмір сүрген одан да жақсы». Бұл - жалғанды жалпағынан басқан атыраулық ақжағалы жемқорлардың бүгінгі шығарып алған «свежий» мақалы. Өйткен себебі, мұнайлы мекендегі жемқорлық деген жеті басты жалмауыз көз ілеспес жылдамдықпен «семіріп», жан-жағын жаппай жалмап барады. Дәлел керек пе, мінекиіңіз... (Айтпақшы, бұл дәлелдерді бөтен біреу емес, «батпанқұйрық» облысты тексеруге барған «нұротандық» ревизорлар келтіріп отыр).

Бірінші факті. 2005 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің арасындағы бармақ басты, көз қысты қылмима қылмыстар 36,6 пайызға (2005 жылы - 71, 2009 жылы - 97) өсіп кеткен. Яғни, қарашаның қалтасын қағатын, қазынаның қаржысын қылғытатындардың «пәртреті» өзгерді. Бұған дейін табан ақы, маңдай терімен тапқан жалақысы жұмырына жұқ болмайтын мұғалімдер мен дәрігерлер параға өлердей «ғашық болса», енді оларды атқарушы биліктің қызметші-бәтшағарлары шаңына да ілестірмей отыр.

Екінші факті. Құқықтық статистика органдарының есеп-қисабына сүйенсек, өткен жылғы осы облыстағы сыбайластыққа жататын 116 қылмыстың 97-сі (!) «Мемлекетке қызмет етемін!» деп ант-су ішкен ақжағалылардың еншісіне тиіпті. Мінеки, нағыз жемқорлықтың жаңа рекорды!?. Ақша «асауға» келгенде атыраулық әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметшілері алдына жан салар емес. Яғни, мұнайлы мекендегі барлық жемқорлық қылмыстардың жартысынан астамы (52,5 пайызы) соларға тиесілі көрінеді. Атап айтқанда, жемқорлар жарысында Атырау қаласы (45) мен Жылыой (31), Мақат (11) аудандары алда келеді. Ең қорқыныштысы, 2008 жылмен салыстырғанда жылыойлық жемқорлардың қатары 2,5 есеге көбейіп кетіпті.

Үшінші факті. Сыбайластар сайысында кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері өзгелерден оқ бойы озып келеді. Өткен жылы «Ұлық болсаң - жемқор бол» деген жаңа тәмсілді нық ұстанған 6 әкімге қатысты 9 қылмыс тіркеліпті. «Қара алтынға» бай аймақтағы ақжағалылар арасындағы жемқорлық қылмыстардың үлесі 9,7 пайызды құрайды. Бұл - еліміздегі атқарушы билік өкілдері арасындағы жемқорлықтың ең үлкен үлес салмағы.

Төртінші факті. Бажайлап қарасақ, айы оңынан туған жемқорлық деген жалмауыздың тұмсығын тықпаған, «уылдырығын» шашпаған жері жоқ. Мемлекеттік сатып алу, үй бөлу, жер бөлу сияқты «батпанқұйрық» салалармен қоса, білім беру мен денсаулық сақтау, құрылыс пен ауыл шаруашылығы, жылу-энергетикалық кешен мен банкі, мұнай өндіру мен балық өнеркәсібі дейсің бе, әйтеуір санасаң саусағың жетпейді. Мәселен, Экономикалық қылмыстар және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2009 жылы Атырау облысында «бармақ басты» қылмыстардың нәтижесінде жылу-энергетикалық кешенге 269 021 313 теңге, білім беруге - 155 336 009 теңге, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына - 114 056 954 теңге, ауыл шаруашылығына - 25 143 246 теңге, денсаулық сақтауға - 15 600 000 теңге зиян келіпті. Ол ол ма, салық саласында 75 қылмыс әшкереленіп, соның кесірінен мемлекет 18 862 988 332 (!) теңге шығынға бөккен.

Бесінші факті. Мұнайлы мекендегі жемқорлықтың былығына белшесінен батқан мекеменің бірі - АШМ-нің (Ауыл шаруашылығы министрлігі) балық шаруашылығы комитетіне қарасты «Орал-Каспий облысаралық бассейндік басқармасы». «Нұр Отан» ХДП-ның жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның тексерушілер тобы осы органның табиғат-ананы қорғаудың орнына тірідей тонаумен айналысатынын анықтағанда төбе шаштары тік тұрыпты. Міне, дәлел. Мемлекеттік басқарманың Б. Каметова, Г. Горбачева, М. Жанбатырова сияқты басшылары мен қызметкерлері «Жамбыл» өндірістік кооперативінен ауланған жайындарға төленетін құжаттарды төмендетілген бағамен қабылдап алған. Қу құлқынның қамын ойлағандардың қарекетінен мемлекет 142 186 681 теңге шығын шеккен. Сондай-ақ, Б. Каметов табиғатты пайдаланушылардың мүддесін қорғап, ғылыми-өнеркәсіптік кеңес ашып, белгіленген межеден артық көлемде балық аулауға рұқсат беріпті. Яғни, жымысқы әрекетінен түскен табысты жан қалтасына тыққылай берген.

Алтыншы факті. Жасыратыны жоқ, шіренген шетелдіктер Атырауда алшаң басқанымен қоймай, еліміздің көші-қон және салық заңдарын белінен басып жүр. Соның дәлелі, 2009 жылы біздің көші-қон заңдылықтарымызды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетелдіктердің саны 48,2 пайызға артқан. «Алтын көрсе періште жолдан таяды». Шетелдіктер ұсынады, біздікілер алады. Бір ғана мысал. «ER MET SERVIS» ЖШС-нің директоры, Түркия азаматы Озсой Әли Осман өз қолымен жасаған қылмысын жасыру үшін қаржы полицейіне 3 млн. теңге көлемінде пара ұсынған.

Иә, мұрнынан тізе берсек фактілер жетерлік-ақ.  Бәлкім, бұл фактілерден көзі қарауытқан облыстың әкімі де (суретте - Бергей Рысқалиев), орынбасарлары да, өкілетті органдар да естерін жиып, бір әрекет жасар. Бірақ... мүйізді мәселенің оң шешілетініне үміттен гөрі күдік көп. Өйткені, Орекең (Оралбай Әбдікәрімов) басшылық ететін құзырлы кеңестің бұрын жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған облыстық әділет басқармасының бастығы Н. Өтесіновті қызметінен босату жөнінде Әділет министріне ұсыныс айтуға ғана шамасы жеткен еді...

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

Астана.

Ескерту:

Бұл мақала «Нұр Отан» ХДП-ның жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің сарапшылар комиссиясының материалдары негізінде әзірленді.

 

0 пікір