Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2767 0 пікір 17 Ақпан, 2010 сағат 09:19

Амангелді Айталы қалай, қалай айтады?..

«Бүгінгі Парламент күшті президенттік басқару нысаны жағдайында қызмет етіп отыр, бұл заң шығарушы орган өкілеттілігінің шектелуіне алып келді».

Әлихан Бәйменов мырза жетекшілік ететін «Темірқазық» клубының кезекті бас қосуында баяндама жасаға экс-депутат Әбдіжәлел Бәкір өз сөзін осылай деп  бастады.

«Бүгінгі Парламент күшті президенттік басқару нысаны жағдайында қызмет етіп отыр, бұл заң шығарушы орган өкілеттілігінің шектелуіне алып келді».

Әлихан Бәйменов мырза жетекшілік ететін «Темірқазық» клубының кезекті бас қосуында баяндама жасаға экс-депутат Әбдіжәлел Бәкір өз сөзін осылай деп  бастады.

Осылай деп  сөз бастаған Әбдіжәлел Қошқарұлы тіл мен дінге, баспасөз бен мәдениетке байланысты түйткілдерді түйреп өтті. Аталған салаларға арналған заңдардың солқылдақтығын сынады. Атағы таудай болып қабылданған заңдарға, қадағалаудың жоқтығын еш жалтақтамай жайып салды. Соның салдарынан мүгедек хал кешкен ұлт мүддесінің күйін артық-кемсіз көз алдымыздан өткізді. Оған мысал өте көп. «Ұлттық мүддені жүзеге асыратын басты құрал - ұлттық саясат. Алайда осы күнге дейін бұл саладағы мемлекеттік бағытымызды арнайы тұжырымдай алған жоқпыз. Ал, Ресейде 1996 жылғы парламенттік тыңдауда мемлекеттік дума, мемлекеттің ұлттық саясатын қолдап, оған президент қол қойған болатын». Ғалым одан ары өзімізді мысалға келтіріп, ұлтты ұлықтайды деп сенген «Ел бірлігі» доктринасында теориялық та, тұжырымдамалық та қателіктердің қарақұртша қаптап жүргенін қадап айтты. Басқасын былай қойғанда доктринаның алдымен орыс тілінде дайындалғанын айтсақ те жеткілікті. Парламенттің тілі де, үні де заң. Бірақ, ұлтымыздың мерейін өсіреді деген заңдардың қолжаулық болып, қоқыста қалған құжат ретінде келе жатқаны анық. Айта берсең мұң-зар көп. Иә, Парламент әр салада түрлі заңдарды тобымен қабылдап жатыр. 1996 жылдан бері 1647 заң жобасы қабылданыпты. Ал, қызыл үкімет тұсында 50 жылдай ғұмыр кешкен Жоғарғы кеңес бар-жоғы 450 заң қабылдаған. Әлгі 1647 заңның көбі КСРО-ның көшірмесі. Бірақ, сол заңдардың нақты ұлттық мүддеге қызмет етіп жатқаны шамалы. Тіл баяғы сол қалпы. Үкімет бірде-бір заң жобасын Парламентке қазақ тілінде ұсынған емес. Оралық билік органдарында 30-40 пайыз ғана іс қағаздары мемлекеттік тілде жүреді. Елге келген кез-келген он азамат бірігіп, діни ұйым құра алады. Елде ұлттық ақпарат кеңістігі жоқ. Мемлекеттік бюдежеттен қаржыланатын БАҚ-тың бәрі жалтақ. Отандық газет-журналдардың тек 18 пайызы ғана қазақ тілді. Қысқасы, Парламент ұлттық мүддені қорғай алып отырған жоқ. Ол үшін заң шығарушы органның билікті бақылай алатын толық құзыреті болу керек. Қысқасы, «Темірқазық» клубының кезекті жиынына келген жұрт біздің ұлттық мүдде неге осынша аянышты халде? Оған қамқор болатын кім? Қалай қорғауға болады? Биліктің бетін бұл бағытқа қалай бұрамыз? деген секілді сұрақтар мен ойларға өздерінше пікір айтты. Біреуі қоғамдағы саяси ұйымдар, партиялар әлсіз деді. Біреулері, халықтың белсенділігін көтеру керек деді. Әркім, өз ойын ортаға салды. Бірақ, тіл жайындағы темірдей қатал, ащы болса да, тоқ етер шындық сөз Қоянды ауылынан келген қарапайым Қазақ Бақыт Алуайдың аузынан шықты. «Бәріміз о дейміз, бұ дейміз. Егер президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімов бүгін қазақша сөйлеп, бәріне тапсырма берсе, ертең-ақ, барлық шенді-шекпенді қазақша сайрап шыға келеді, тіпті, иттері де қазақша үреді. Өткенде Қытай басшысы келгенде Елбасы орысша сөйледі. Сонда қазақшаны қытайшаға аударатын бір адам табылмағаны ма!? Сонда біз қай елде өмір сүріп жатырмыз?! Ресйде ме, әлде Қазақстанда ма?!»,-деген Бәкең, маймөңкесіз сөзбен сын айтар нысанасын сойып салды. Әрине, бұндай ой, бұндай сөздің көзі ашық, намысы от әрбір жанның көмейін бүлкілдетіп жатқаны даусыз. «Темірқазыққа» жиналған жұрттың әңгімесі, Әбдіжәлел Бәкірдің баяндамасы, онда айтылған шындық, Парламенттің пәрменсіз күйі, қазақтың қадірсіз халі, биліктің білгенін істеп, дегеніне көндіріп отырғаны... Осының бәрі Ұлт басында айықпаған тұманның тұнып тұрғанының айқын дәлелі. Ал, осы жайдың нақты сипатын, қазақтың бүгінгі әлеуметтік портретін клуб отырысында белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы айнадай ашып көрсетті. Оның қазақ қоғамына, тіпті, Қазақстан деген мемлекеттің ауруына дәл қойған диагнозын өз аузынан естиік. Айтарымыздың қортындысы да сол болсын.

 

«Елдің тағдырын бірінші биліктің төңірегіндегі бес-алты адам шешеді. Басқаның бәрі соның айналасындағы әңгіме. Және сөйлей берсін, сөйлей берсін, тек ойламасын. Ойласа пәлеге қаламыз. Сондықтан бұларға сөйлетуге жағдай жасау керек. Енді, сөйлемей тоқтап қалса ойлайды, ал, ойласа бірдеңе шығып кетеді. Сондықтан, қазіргі биліктің істеп жатқаны олардың өз логикасы бойынша дұрыс. Солай істеуі керек, қитұрқылығы болу керек. Алдау керек, арбау керек, уәде беру керек. Және оны созу керек. «Қазір зейнетақыңды 10 пайызға өсіремін. Үш жылдан кейін тағы өсіремін», дейді. Сол, қолына қарап отырсың көретін күнің -осы. Бұл үлкен саясат. Оған қарсы тұратын қоғам болуы керек. Батыстың артықшылығы - осындай қитұрқыға қарсы тұрар халықта жігер бар, азаматтық қоғам бар. Мемлекеттік емес ұйымдар бар, саяси партиялар бар. Түрліше одақтар бар. Мысалы, осы Астананың әр жерінде түрліше ой-пікір айтатын «Темірқазық» секілді оншақты клуб болуы керек. Көшеге шығып айқайлаудың қажеті жоқ. Бірте-бірте қоғамдық пікір бірігіп, елге тарап, сол арқылы Парламентке де барады. 1999 жылы мен депутат болып келгенде демократтар көп еді. Сөз бостандығы бүгінгіге қарағанда молырақ еді. Журналистер «ойыңызға келгенін айтыңыз, жазыңыз» дейтін еді. Қазір «аға, байқап, байқап айтыңыз, бізге де нан жеу керек қой» дейтін болды... Ассамблеяны да қаралаудың қажеті жоқ. Ол да бір бейшара құрылым. Елдегі 130 ұлттың атынан сөйлетіп қойған ұйым. Жақында Ахмадиев деген шешен бір сұхбатында «бізді доктрина үшін қинамаңдар, біз де сіздер секілді оның не екенін білгеніміз жоқ. Ол бізге жоғарыдан түсті», депті. Ұлттық идеяның әлсіздігі туралы мен былай айтар едім. Елімізде 8-9 пайыз бай бар. Оларға ұлттық идеяның түкке де қажеті жоқ. Оларға байлық керек. Күні кеше мынау жарлы болған кеңес интеллегенциясының, иә жұмысшыларының балалары кешегі әке-шешесінің қалай нан тапқанын біледі. Бүгін сол тапқанын ұстап қалуды ойлайды. Олар итіне дейін шетелдің атын береді. Оған тілдің қажеті жоқ. Бұл бір топ. Екінші, ең басым топ - 60-65 пайыз ауылда тұратын қазақ. Қазақстанда 7 мың елдімекен бар. Қыстан қалай шығамын, баламды қалай оқытамын, үйімді қалай жылтамын деп отырған қазақ бар онда. Олар ұлттық идея деңгейінде ойлай алмайды. Мүмкіншілігі жоқ. Сол екеуінің арасында мына сіздер мен біздер секілді топ бар. Мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер деген секілді. Оларды орта тап дейік, бірақ, ортаға да жетпейміз. Осылар толғанады, ойланады, пікірлерін ортаға салады. Кейде мақалалар жазады. Осындай «Темірқазық» секілді клубтарға келіп іштегі буын шығарады, шерін тарқатады.  Социологиялық тұрғыдан қарағанда еліміздің әлеуметтік портреті осындай. Кеше бір газеттен оқыдым, Жамбыл облысына барған жаңа әкім кім еді, Қанат Бозымбаев. Қазақша білмейтін секілді, шамасы, бүгін жамбылдықтардың көбі әкімге жағынып орысша сөйлеп жатқан көрінеді. Соны жіберерде неге ойланбайды билік. Өзі қазақша білмейді, баратын жері қазақ, ұят болмай ма?! Сосын елдің беделі түспей, ұлттың беделі аяқ асты болмай ма?!..».

Жебе НОЯН

 

0 пікір