Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3768 0 пікір 2 Ақпан, 2010 сағат 05:51

"ҚЫЛЫШЫМНЫҢ МАЙЫН БЕР!"

Сал-серілер жайлы бір үзік сыр

- Таласбек, бүгінгі ұрпақ сал-сері дегеніміз, ел кезіп, ән айтып, жұрт үстінен күн көрген әулекі топ деп түсінетін сияқты. "Біржан сал" фильмінің сценарийін жазу барысында сал-серілер өмірін, мұндай адамдардың ел арасынан суырылып шығу негізін әбден зерттеген боларсыз. Ендеше, сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Бұл сұрағыңыз баяғыдан көкейде жүрген бір ойды қозғап кетті. Олай дейтінім, салдар мен серілер туралы жазу, оң мен солды тани бастаған бозбала кезімнен көкейімде жүретін. Содан бері талай жыл өтті, мәдениет пен өнердің тарихына, қыр-сырына қанығу үстінде көптеген жұмбақ жайттардың мән-мағынасы ашылып, мүлдем басқа қырынан көрінді. Әлемдік ғылымда қордаланған мәліметтер кешенін зерделеген сайын, бұл көне әскери әулеттің тұлғасы зорая берді.

Бұл жерде сал-серілер әулетінің тарихына аздап тоқталып өтуге тура келеді.

Дәстүршілдіктің (традицио­нализм) негізін салған кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда (Рене Генон, Герман Вирт, Мирча Элиаде және т.б.), бұрынғы-соңғы тарихта ізі қалған барлық дерлік жұрттардың әскери ісінің негізін қалаған әулет (бізше "сал-серілер", Еуропа халықтарының тілдерінде "рыцарьлар") бір кездері жойылып кеткен жаһандық патшалықтың әлеуметтік құрылымынан тамыр тартады екен.

Сал-серілер жайлы бір үзік сыр

- Таласбек, бүгінгі ұрпақ сал-сері дегеніміз, ел кезіп, ән айтып, жұрт үстінен күн көрген әулекі топ деп түсінетін сияқты. "Біржан сал" фильмінің сценарийін жазу барысында сал-серілер өмірін, мұндай адамдардың ел арасынан суырылып шығу негізін әбден зерттеген боларсыз. Ендеше, сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Бұл сұрағыңыз баяғыдан көкейде жүрген бір ойды қозғап кетті. Олай дейтінім, салдар мен серілер туралы жазу, оң мен солды тани бастаған бозбала кезімнен көкейімде жүретін. Содан бері талай жыл өтті, мәдениет пен өнердің тарихына, қыр-сырына қанығу үстінде көптеген жұмбақ жайттардың мән-мағынасы ашылып, мүлдем басқа қырынан көрінді. Әлемдік ғылымда қордаланған мәліметтер кешенін зерделеген сайын, бұл көне әскери әулеттің тұлғасы зорая берді.

Бұл жерде сал-серілер әулетінің тарихына аздап тоқталып өтуге тура келеді.

Дәстүршілдіктің (традицио­нализм) негізін салған кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда (Рене Генон, Герман Вирт, Мирча Элиаде және т.б.), бұрынғы-соңғы тарихта ізі қалған барлық дерлік жұрттардың әскери ісінің негізін қалаған әулет (бізше "сал-серілер", Еуропа халықтарының тілдерінде "рыцарьлар") бір кездері жойылып кеткен жаһандық патшалықтың әлеуметтік құрылымынан тамыр тартады екен.

Әрине, әскери әулеттер, барған жеріне сіңіп, ассимиляцияға ұшырап, байырғыл­а­нып кетіп отырған. Алайда қалай байырғы­ланса да жер шарының екі шетінде тұратын, бірімен бірі ешқашан ұшырасып көрмеген халықтардың әскери аристократияларының әдет-салттары бір-біріне ұқсас болып келуі осыдан, олардың осы ортақ тегінен болса керек. Батыс Еуропада рыцарьлықтың та­ри­хы Тамплиер орденінің күйреуімен аяқтал­ды. Ал Шығыс Еуропадағы серілердің тарихы ХІХ ғасырға жетіп жығылады. Белгілі мәскеулік дәстүршіл ғалым Роман Багдасаровтың пікірінше, бірде Запорожье казактары, бірде черкастар деп аталатын украин әскер жасақтары Польшаның, Ос­ман империясының және Қырым хан­ды­ғы­ның соққысына шыдамай, тоз-тоз болған әл­дебір рыцарьлық орденнің қалдықтары. Сондай-ақ Украинада кейіннен пайда бол­ған гайдуктер мен гайдамактар, Польша­да­ғы полковниктер (мысалға Генрик Сен­ке­вичтің "Топан суы" атты романындағы пол­ков­ник Кмициц және оның достары), Болгария түріктің телімінен кетіп, Ресейге бағынғаннан кейін орыстың отарлық саяса­тына қарсы бас көтерген қыржалылар, неше мың жыл бойы жапон жұртына, жапон рухына сақтау болған, ақырында несібесі таусылған күні елдің тағдырын басқа әулетке табыстап, өздері тарих сахнасынан кеткен самурайлар, міне, осылардың барлығы баяғы бір тектен тараған ұлы әскери әулеттің түрлі тарихи тағдырды бастан кешкен, түрлі кепке енген жұрнақтары.

Ал қазақ жұртындағы серілердің тұлғасы, алатын орны сәл басқашалау болған. Көш­пелі тайпалардың барлығы дерлік жауынгер әулеттен тарайтын болғандықтан, қазақ әлеуметі, қазақ халқы тұтастай әскери халық болып саналады. Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі жаугершіліктің тарихын зерттеген ғалымдар көшпенділерге қатысты "әскер-халық" ("народ-войско"), "мәңгі ел" ("вечный народ" немесе "вечный народ - войско") деген терминдерді пайдаланады.

Белгілі ғалым Серікбол Қондыбай қазақтың Алтын Ордадан кейінгі тарихында кәсіби әскери адамдар құрған "Үш қиян" деген орденнің болғандығын айтады.

Енді қазақтың сал-серілерінің кім екендігін қысқаша ғана түсіндіріп кетейік. Орта Азия сопыларының басты пірі - Қожа Ахмет Ясауи. Осы Қожа Ахметтің көп шәкірттерінің бірі және ең қабілеттісі - Бекташ есімді сопы болған. Қазақтың сал-серілерінің пірі - осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азиядан шыққан сопылардың есімі ерекше құрметпен аталады. Қазіргі Ыстамбұл, бұ­рынғы Византияның астанасы Константи­нопольді жаулаған әскердің алдыңғы легі тұтастай Қожа Ахмет Ясауидің жаужүрек шәкірттері болған деседі). Қазақтың сал-серілері соғысқа жеке шерік болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған. Әрине, кәсіби әскери адамның қан майданға бұлай қамсыз шығуы күмәнді сауалдарға жетелеуі мүмкін. Бұндай сауалдарға жауап сал-серілердің, пидагер, құрбаншыл әскер екен­дігінде жатыр. Қарапайым тілмен айта­тын болсақ, сал-серілер - өз еркімен тұтас­тай өлімге кесілген әскер. Бүкіл тарихы ат үс­тінде, қанкешу - соғыс үстінде өткен ел­дің қатыгез әскери заңы. Оқырман, бұндай қатыгездік не үшін керек деуі мүмкін. Тұтас бір шерік әскердің жауға сауытсыз шабуы - қалған әскер үшін, ат жалын тартып мініп, алғаш рет қан майданға шыққан көкорай жас ұрпақ үшін ерліктің теңдесі жоқ үлгісі, үлкен рухани және психоло­гиялық көмек деп жауап береміз бұндай сауалға. Қол бастап тұрған кәрі батырлар: "Әне, сал-серілер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың?" деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демдейді екен. Әрине, көп жағдайда сал-серілердің шерігі тұтастай қырылатын болған. Ал осы аяулы әскердің кездейсоқ тірі қалғандары болса, бейбіт кезде олар елдің еркесі санал­ған. Қазақта "аттың майы" немесе "аттың тері" деген ұғым бар. Біреудің атын мінуге алған адам, атты иесіне қайтарғанда "аттың майын" береді екен. Қазақта "аттың майы - бір тоқты", немесе "аттың майы - бір қо­зы" деген ұғым да бар. "Қылыштың майы" да сол көне күндерден жеткен қа­сиет­ті ұғым. Ұрыстан әлдеқалай аман шық­қан сері ел шетіне, алғашқы кездескен ауыл­дың сыртына келіп жығылады. Ауылдың адамдары аңырап жылап кеп үстіне түскенде, сері: "Қылышымның майын бер", - дейді. Бұл, серінің: "Қылышымды қапы­сыз шауып, жаудың да қанын, өзімнің де қанымды аямай төктім, енді сол қылы­шымның өтеуін бер" деген назы екен. Бүкіл аймақ жиналып серіні кілемге салып немесе жатқан жерінде үстіне отау тігіп, басына көтеріп ардақтайтын болған. Қан жұтып жауды жеңіп келген серінің тілегін беріп, оған ләззат сыйлау қандай ұрғашы үшін болса да үлкен абырой көрінеді.

Қазақтың кәсіби ән өнерін және аспаптық музыкасы - күй өнерін тудырған осы сал-серілер. Үнемі ажалдың өтінде жүретін адам - ерекше экзистенциалдық тәжірибе иесі. Ажал менен махаббат - амбивалентті құбылыстар. Сондықтан жорыққа аттанып бара жатқан сал-серілер болашақ қанды ұрысты емес, қарындастың назы менен қылығын жырлаған. Міне, көне күндерден жеткен жәдігер осылай баян етеді.

Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде сал-серілер бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Қару-жарақ асынып жүруге тыйым салынды, сол себепті сал менен серілер қылыш пен найзаны қабырғаға іліп қойып, енді қолдарына домбыраны алып, әртістік богемаға айналды.

Қазақтың ұлы әншісі Біржан сал Қожа­ғұлұлы, міне, ұлтымыз биліктен айрылып, тізгіні сырттан болған, малы мен жаны талауға түскен, ардагер ұлдары абақтыға айдалған шерменде заманда туып шерленіп өткен ер еді.

- Ал "Біржан сал" фильміне сценарий жазуға қалай келдіңіз?

- Бірде белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бө­пежанова маған: "Таласбек, осы сен сце­на­рист емес пе едің. Досқан Жолжақ­сы­нов­ты білетін шығарсың, сол кісінің өмір бойғы арманы Біржан сал туралы фильм түсіру. Бірақ қолына жақсы сценарий түспей жүр. Біржан туралы жазу қолыңнан келер ме еді. Келсе, екеуіңді таныстырайын",- деді.

Әлі есімде, 2003 жылдың ғажайып көк­те­мі. Досқан Жолжақсынов, жазушы Асыл­бек Ықсан және мен, үшеуміз Қабанбай батыр мен Фурманов көшелерінің қиы­лы­сында кездестік. Досқан Жолжақсынов бізді сол маңайдағы бір кафеге алып барды. Дәм үстінде түйгенім, Біржан сал туралы фи­льм­ге негіз болатын жақсы сценарий керек. Асылбек екеуміз әңгімеге қанғаннан кейін іске кірістік. Бірақ, арада үш-төрт ай өткен соң Асылбек мені оңаша шақырып алды да: "Ренжімесең, мен осы жобадан шеттесем деймін. Дұрыс түсін, мен "Хабар" агенттігінде тұтас бір бөлімді басқарып отырмын. Жұмыс мойын бұрғызатын емес", - деді. Сонымен жалғыз жазуға кірістім. Жеті-сегіз ай мәлімет іздедім. Әрине, Біржан сал туралы әңгіменің денін бала кезімізде ауылда естігенбіз, әнін де алғаш сол кезде тыңдағанбыз. Бірқатар кандидаттық және докторлық диссертацияларды қарап шықтым. Көкшетау, Қызылжар өңірлерінен жиналған далалық материалдарды оқыдым. Ақырында ең басты дерек - Біржан салдың өз поэзия­сында екеніне көзім жетті. Осы байламға жеткеннен кейін жазу да өз жүйесін тапты. Барлық мәліметті жинап, реттеп, болашақ сценарийдің сюжетін тиянақтап болған кезімде Парижге баратын болдық. Бес адам­нан тұратын шағын ансамбль Францияға барып келгеннен кейін, әлі есімде, 2004 жыл­дың наурызының соңы еді, мешітке ба­рып садақа беріп, аруақтарға құран оқып, "біс­міллә" деп жазуға отырдым. Тоқтаусыз бір ай жазып сценарийді аяқтадым. Ком­пьютерге терілгеннен кейін бажайлай оқып, тағы бірқатар эпизодтарды жаңадан жазып қостым. Дайын сценарийді шілденің орта шенінде Досқан Жолжақсыновтың қолына табыс еттім.

- Әдетте режиссер мен сценарист арасында көзқарас қайшылығы туындап жатады ғой...

- Бекер обалы не керек, Досекең сценарийді бірден ұнатты. Әрине, фильм бір күнде түсірілген жоқ. Сценарийдің көркемдік кеңестен өтуінің өзі бір машақат болды. Әрқайсысы өздерін Феллини мен Антониониден кем санамайтын режиссер­лер, өздерін Франсуа Аркалли деп есеп­тейтін сценаристер Досқан Жолжақсынов екеумізді қасқырша талады. Әйтеуір шегінумен өттік. Одан кейін де толып жатқан қиыншылық. Досекең келешек күннен ешқашан үмітін үзбейтін оптимист адам. Сценарий қабыл­данбай жатып болашақ фильмге керек ат әбзелін, киім-кешек, түрлі мүлікті жинай бастағанда қайран қалған едім.

- Фильмді түсіруге дайындық бары­сында сіздер үшін ең қиыны не болды?

- Ең қиын шаруа - кастинг өткізу және Біржанның даусын дубляж жасайтын әншіні табу болды. Бүгінде кинофильм экранға шыққаннан кейін Досқан Жол­жақ­сыновтың кастингті қалай шебер өткізгеніне тәнті боласыз. Басты рөлдерде ойнаған кә­сіби актерлерден бастап, көпшілік массовка-сахналарда ойнаған ауыл адамдарына дейін, барлығы сол Біржан өмір сүрген заманнан келе қалған типаждар сияқты әсер береді.

Сценарий қолына тиген күннен бастап фильм түсірілген 2008 жылға дейін, яғни төрт жыл бойы Досекең жақсы әнші іздеумен болды. Сахнаға шығып танылған, аты шықпай көлеңкеде қалған таланттардың барлығын тыңдады, зерделеді. Заманында Еуропада "Энрико Карузо" фильмі түсірілді. Итальяндықтарға оңай еді, себебі Италияда, Энрико Карузоның өзіндей болмаса да соған жетеғабыл Марио Ланца бар еді. Ал бізде Біржанға ұқсайтын әншіні былай қойғанда, оның қарасын алыстан шалатындарды табудың өзі қиын. Алайда Досқан Жолжақсынов бұл істі де абыроймен тындырды.

Көмейіне кие қонған әнші Еркін Шүкіманов Біржан салдың дауысын дубляж жасайтын болып бекітілді. Фильмді көрген талғампаз жұрт ондағы орындалған әндерді өте жақсы қабылдады.

Біз бұл фильмде қазақтың сұлулық жайындағы ең асқақ ұғымдарын бейнелемек болдық. Ең әуелі, әрине, қазақ жерінің көркі мен келбеті. Режиссер бірнеше ай бойы натура іздеп, ақыр соңында Біржанның өз ауылы Көкшеге жететін жер жоқ екен деп тоқтады. Алайда фильм Көкшенің ғана табиғатын қамтымайды. Онда қазақ жерінің жиынтық табиғаты көрініс тапқан. Содан соң халқымыздың киім киіс салтанаты, тұрғын үй, мүлік салтанаты, жол-жоралғысы, адамдық әдет-салттары бояуы қанық бейнеленген.

- Фильмді түсіру барысында режиссер тарапынан сценарийдегі көріністерді толықтыра түсетін сәттер болған шығар. Мұндай өзгерістер өз көңіліңізден шықты ма?

- Режиссер Досқан Жолжақсынов қазақтың сүйіспеншілік жайындағы ең биік ұғым-түсініктерін Біржан мен Ләйлім арасындағы қатынас арқылы бедерлеген. Бірер мысал. "Абай жолы" романындағы Майбасардың өнерлі баласы болған. Ол белгілі әнші, сері Мұқаметжан. Ұмытпасақ, Мұқаметжанның "Жиырма бес" атты жалғыз әні ғана сақталған.

- Басымнан өтті дәурен, қайран жастық,

Бұл күнде белге шықтық, таудан астық.

Жиырма бес өтіп кеткен еске түссе,

Жасиды көңіл шіркін қоңылтақсып,- деп басталатын тамаша ән қазір бірнеше белгілі әншілердің репертуарына еніп отыр. Соның бір шумағында:

- Шомылып ай нұрына қимас қалқам,

Тұрушы ед құшағымда балқып еріп,- деген жолдар бар.

Досекең маған: "Біржан мен Ләйлімнің алғаш кездескені осындай болуы керек", - деді. Бұл сөз менің де көкейіме қонды.

Фильмде Біржан орманды аралап келе жатқанда Ләйлім: "Сері, мен мұндамын", - дейді. Камера айдың нұры төгілген алаңқайда көзі жалт-жұлт етіп, сезімге мас боп тұрған Ләйлімге қарай ақырын жыл­жиды. Композитор Төлеген Мұхаметжанов осы эпизодқа лайық музыка таба алмай әбден басы қатқан. Ақырында режиссер Біржанның өзінің "Ләйлім-Шырақ" әнінен артық махаббат әуені жоқ деп тапты. Бұндай режиссерлік шешім, махаббатты осындай асқақ етіп жырлау, әлемдік кинемато­графиядағы үздік әдіс.

Сондай-ақ, фильмде мінсіз түсірілген көптеген эпизодтардың бірі: Біржан мен Ләйлімнің бірінші және соңғы серуені. Өмірдегі жалғыз ғана серуені. "Махаббат тілі - тілсіз тіл, Көзбен көріп, ішпен біл",- деген ғой. Досқан Жолжақсынов фильмнің бүкіл бойында, бүкіл бейнелеу қатарында ұлы Абайдың осы қағидасын ұстанған. Мысалға, Біржан мен Ләйлім суды кешіп келе жатқанда, аттардың су астында алшаңдап басуы, керемет музыка - бұл режиссердің, жасамыс Біржан мен албырт Ләйлімнің арасындағы махаббатты тамашалауы емес, тіпті Біржан мен Ләйлім екеуінің жүрек түкпіріндегі сезімнің сыртқа шыққандағы көрінісі де емес. Бұл, Құдай қоспаған екі адамның арасындағы, сыртқа шықпаған, сол сыртқа шықпағандығымен, аян болмаған­ды­ғымен қымбат биік ықылас-пейілдің көрінісі.

Ал Біржан мен Ләйлімнің соңғы рет кездесіп қоштасу эпизодын, әлемдік кино өнерінде ұқсасы жоқ эпизод деп мақта­ныш­пен айта аламыз. Ләйлімге хабар жеткізем деп қолға түскен Байкенжені босатып алу үшін Жанбайдың ауылына барып қайтқан Маңғабыл би Біржанмен қоштасып тұрып: "Айттырылып қойған қызды бұзып алам деп еліңе пәлекет әкеліп жүрме. Есіңде болсын, ұр­ғашы көп, ел біреу-ақ", - дейді. Кемең­гер бидің осы сөзіне амалсыз тоқтаған Біржан Ләйліммен соңғы рет көріскенде қынжыла тұрып бәрінен бас тартады. Серіге созған қолы жетпеген аяулы Ләйлім: "Қош бол, ардағым, асылым. Енді махшар күнінде кез­де­сейік",- деп жылап қала береді. Кеңес зама­нында тарихи немесе әлеуметтік-тұр­мыстық тақырыпқа түсірілген фильмдердің, қойылған спектакльдердің ортақ кемшілігі, ондағы кейіпкерлердің арасындағы тартыс, антагонизмнің сол замандағы идеологиядан өрбитіндігінде еді. Бұрынғы кейіпкер көп ретте өзінің адамдық мүддесін тәрк етуге мәжбүр болатын. "Біржан сал" фильмінің басты жетістіктерінің бірі - оның осы бұ­рынғы бейнелеу этикасынан арылғанды­ғын­да. Фильмнің кейіпкерлері "жағымды-жа­ғым­сыз" деген белгісімен емес, әрқай­сысы өзінің адамдық атымен, адамдық мүд­десімен танылады. Бұны жаңа реализмнің басы деп есептей беріңіз.

Әрине, айта берсе әңгіме көп. Біз бұл сұхбат аясында "Біржан сал" фильмінің бүкіл көркемдік жүйесін талдап бере алмаспыз. Ұлттық мәдениет тарихында елеулі құбылыс болған осы шығарманы жан-жақты талдап, қасиет-сырын ұғындыру - болашақ кино сыншылардың міндеті.

- Сөз соңында не айтқыңыз келеді?

- Біздің бұл шағын сұхбатымыз, баяғы өткен тарихтағы сал-серілер сияқты ақ найза мен алмас қылышқа емес, заманына лайық қоңыр домбыраға машықтанған, өзінің алашына өнерімен пана болған, өзінің шерменде елін әнімен аялап жұбатқан сал Біржан, сері Біржан туралы болашақтағы үлкен әңгімеге тамызық болса болды.

Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.

«Егемен Қазақстан», 2010-01-27

0 пікір