Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5391 0 пікір 26 Қаңтар, 2010 сағат 06:45

Болат Бөтеев: “Қазақ үні – біздің рухымыздың өлшемі”

Соңғы кездері ұлттық болмыс жайлы біраз ойлар айтып жүрсіз. Әңгімемізді де осыдан бастасақ, жалпы ұлттық болмысымызға жаханданудың әсері болды ма?

Әрине, болды. Жахандану үрдісі бүгін ғана басталған жоқ қой. Қазақтың ұлттық болмысының әлсіреуі, бүгінгі  қоғамдық санасының кеселі,  үш  ғасырға  жуық  Орыс-Кеңес  Империясының  отарында  болудың  нәтижесінде  пайда  болды.  Осы  кезең  ішінде  қазақ  халқы  өзінің  еркін  ойлы, кемеңгер, елдің  ертеңін  ойлайтын  асылдарынан  айырылды. Ал ұлттық болмысымызға орасан опат келтірген кеңестік геноцид екенін, тәуелсіздік алғалы, енді біліп отырмыз ғой. Әлемдік басым күштердің ойымен, империяның қолымен істелінген отаршылдық құйтырқы саясат өз дегеніне жетті.  Қазақ халқының біраз бөлігінің ойлау жүйесіне құлдық психология "вирусын" егіп кетті. Халқымыздың ұлттық ойлау қабілеті, яки ұлттық болмысы өзгермей тұрған кезде Қазақ ұлты көп нәрсеге ИЕ болған:

- асты-үсті байлыққа толы ұлан-байтақ ЖЕРГЕ ;

- бірегей бай  ТІЛГЕ ;

- дамыған ұлттық өнер мен мәдениетке;

- табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге бағыттайтын қазақтың ежелгі

САЛТ-ДӘСТҮР, ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫмен үйлескен және үндескен ислам  ДІНІНЕ.

Соңғы кездері ұлттық болмыс жайлы біраз ойлар айтып жүрсіз. Әңгімемізді де осыдан бастасақ, жалпы ұлттық болмысымызға жаханданудың әсері болды ма?

Әрине, болды. Жахандану үрдісі бүгін ғана басталған жоқ қой. Қазақтың ұлттық болмысының әлсіреуі, бүгінгі  қоғамдық санасының кеселі,  үш  ғасырға  жуық  Орыс-Кеңес  Империясының  отарында  болудың  нәтижесінде  пайда  болды.  Осы  кезең  ішінде  қазақ  халқы  өзінің  еркін  ойлы, кемеңгер, елдің  ертеңін  ойлайтын  асылдарынан  айырылды. Ал ұлттық болмысымызға орасан опат келтірген кеңестік геноцид екенін, тәуелсіздік алғалы, енді біліп отырмыз ғой. Әлемдік басым күштердің ойымен, империяның қолымен істелінген отаршылдық құйтырқы саясат өз дегеніне жетті.  Қазақ халқының біраз бөлігінің ойлау жүйесіне құлдық психология "вирусын" егіп кетті. Халқымыздың ұлттық ойлау қабілеті, яки ұлттық болмысы өзгермей тұрған кезде Қазақ ұлты көп нәрсеге ИЕ болған:

- асты-үсті байлыққа толы ұлан-байтақ ЖЕРГЕ ;

- бірегей бай  ТІЛГЕ ;

- дамыған ұлттық өнер мен мәдениетке;

- табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге бағыттайтын қазақтың ежелгі

САЛТ-ДӘСТҮР, ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫмен үйлескен және үндескен ислам  ДІНІНЕ.

Осыған мүмкіндік туғызған және ұлтымызды халықтық деңгейге жеткізіп, болмысымызды қалыптастырған - Алланың  Қазақ халқына берген  ҮНІ арқылы  атаға, АУЫЛҒА, руға топтасу негізінде құрылған, қазақ азаматтық қоғамына, дала демократиясына тән - төл Ел басқару ЖҮЙЕСІ.

Бұл жүйе  өз қуатында болған кезде Қазақ  Елі азаматтық қоғамы берік біртұтастықта болып, қазаққа тән ұлттық құндылықтар  сол кезеңде қалыптасты. Біз бүгін қалың жұртқа жайлы мемлекет пен азаматтық қоғамды қалыптастырамыз десек, өз мемлекеттілігін ұлт мүддесіне істете алатын халық боламыз десек, ата-бабаларымыз азат өмір сүрген кездегі азаматтық қоғамды бүгінгі заман талабына сай жаңғыртудың жолын іздейік.

Өкінішке қарай біз қазір ұлттық болмысымызға үйлеспейтін батыстық дүниелерге қызығамыз. Өзімізше «дүниежүзілік тәжірибе

-стандарт», «бәленбай мемлекет осы жүйе арқылы дамып отыр» деп әспеттейміз. Ал ол жат жұрттық нәрсе біздің елімізді жерсінбейді. Әсіресе, ұлттық болмысымызға жат, батыстық азаматтық қоғам үлгісінен бас тартсақ біз көп нәрседен ұтар едік. Біз әспеттеп жүрген дамыған елдердің өзі «... халық қаласа, хан түйесін сояды» деген қағидаға негізделген қазақ азаматтық қоғамының деңгейіне әлі жеткен жоқ.

Ал шетелдіктер, керісінше, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне соншалықты көңіл бөлгеніне, әрі оның нәтижелілігіне қызығып қарайды. Мәселен қаймағы бұзылмаған, жауапкершілік ортасы бар қазақы ауылдар балаларына тәрбие беру жағынан әлі алда. Инабаттылық, әдептілік, үлкенді сыйлау секілді қасиеттерді ол балалардың бойынан табуға болады. Қалада сорақылықты көре тұра үндемейміз, жалған мәдениеттілікке ұрынғамыз. Мысалы көшеде бір қыз темекі шегіп тұрса үндемей қасынан өтіп кетуге үйренгенбіз. Өзімізше ойлаймыз «бұл қала мәдениеті, өзі білсін» деп. Бұрын «қызға қырық үйден тыйым» деген қазақ едік, қалаға келіп өз болмысын жоғалтып алған қазақ болдық.

«Егер біз ұлттық болмысымызды сақтап қалғанда дамыған елдердің қатарына ертерек еніп кетер едік» демекшісіз бе?

Әрине, жапон халқын мысалға алар болсақ. Олар мың жылдық ұлттық құндылықтарын сақтап қалу арқылы бүгінде ұлттың рухани жетілуі жағынан да, экономикалық дамуы жағынан да алға түсіп кетті. Шығыс пен Батысты салыстырар болсақ, шығыстық болмыс-шығыстық ойлау қабілет мыңдаған жылдар бойы екшеліп қалыптасқан. Мысалы, сонғы екі ғасырда, Орыс-Кеңес империясының аумағында ТІЛІ-де, ЖЕРІ-де, ДІНІ-де, ӨЗІ-де жоқ болып кеткен ұлттардың саны 100-ге жуық болып, ал аман қалған қазақ ұлтының саны- 100 жыл бұрынғы деңгейге енді жетіп отырса, қытайдағы 50-ге жуық этнос өздерінің ұлттық қалыбын сақтап өсіп келеді. Мәселен Қытайдағы қазақтар осы уақыт ішінде  20 есе өсіп, ұлттық болмысын сақтап отыр. 40-қа жуық қазақ қытай жазушылар одағына мүше екен. Мәдениеті, шығармашылығы дамып жатыр. Ал Кеңес империясы аумағындағы өзге тілде білім алған қазақтар бет-әлпеті өзгермегенімен тіл мен ұлттық ойлау қабілеттен мақұрым. Егер осының бәрі керісінше болғанын, бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші, 150 миллион қазақ халқы қай деңгейде болар еді...

Біз кез келген жылтыраққа құмартамыз деп немесе басқаның тіліне, дініне, тіпті киіміне, затына былайша айтқанда басқаның «қаңсығын таңсық көреміз»  деп шын мәнісіндегі өзіміздің ұлтымызға тән біраз құндылықтардан айрылып қалдық.  Қарапайым мысал, докторлық, кандидаттық еңбектерін шетелден қорғап келген білімді азаматтардың басына тақия кигізсең шоршып түседі. Олардың санасында «мен тақия кисем доктор болмай қалам» деген түсінік қалыптасқан. Ұлттық болмыстың бойында жоқтығын осыдан-ақ байқауға болады. Шындығында сол докторларың шоршып түсетін ұлттық киімдеріміз талай шетелді таңқалдырып жүр.  Соның айғағы қазіргі таңда «Еркенұр» сән үйі ұлттық киімдеріміздің ерекшелігінің арқасында шетелден алдыңғы орындарға ие болып қайтып жүр. Осы орайда айта кетер жайт, ұлттық болмысымызды жоғалтып алу салдарынан, соңғы 70 жылдағы ұрпақ қазақ өркениетіне ештеңе қосқан жоқ. Шетел бізді әлі күнге сол ата бабалардан қалған мұралар арқылы танып жатыр. Осыны түсінетін уақыт жетті. «Болашақ» бағдарламасы  қазақ мәдениетін-үнін-тілін сүйетін, ұлттық ойлау қабілеті қалыптасқан жастарды ғана шетелге оқуға жіберуі керек.

Қазақ тілі демекші, қазақ тілінің мұңын мұңдаумен 20 жылдығын да «тойлап» өттік қой...

Жақында Өзбекстаннан Балтабай есімді ақсақал «...інім, «Ұлттық болмыс және урбанизация» атты сұхбатыңды «Қазақ әдебиетінен» оқып, ой бөлісейін деп едім» деп хабарласып, Алматыға іздеп келді. Өзі өмірден оқып-тоқығаны мол, ғұлама, нағыз ауыл ақсақалы екен. Тамырымыз бір өзбек халқы ұлттық болмысына қаяу түсірткізбей, мемлекеттілігін өз мүддесіне толық жегіп отыр. Өз жерінде өзбектің үні зор, сондықтан ұрпағымыз өзбектеніп барады. Қазақстанға барып-келіп, еңбектеніп жүрген біраз жекжаттарымыздың көңіл-күйі төмен. Олардың айтуынша Қазақстан мемлекеті бар, бірақ ұлттық үні пәс екен, Парламенті бар, бірақ оның ұлттық үні жоқ екен, Үкіметі бар, бірақ онда ұлттық үнге шорқақ екен, Экономикасы бар, бірақ онда өзгенің үні басым екен, Діні бар, бірақ олда 40 үнге бөлінген-100 тармақты екен деген әңгімелерін естіп, өзбек ағайындардың «орыс болам десең, алдымен қазақ болып ал» деген қағытпаларының жаны бар ма деп, көшуге жүрексініп отырмыз деп т.б. көп әңгімелер айтты.

Біз, осының бәрін күнде көріп жүрсек те, «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп іштен тынып жүргенде, шетелдіктер қазақтың тамырын басып, баяғыда-ақ біліп алған екен-ау. Сондықтан мерейтойды қай бетімізбен тойлаймыз. «Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін» деп кімді марапаттаймыз? Өзге тілді Қазақстан азаматтарын 3 жыл мемлекеттік бала-бақшада, 11 жыл мемлекеттік мектепте оқытып, мемлекеттік тілге үйрете алмайтын білім жүйесін бе? Әлде жыл сайын мектептерден мемлекеттік тілді меңгере алмай шығатын 100 мыңдай азаматты, 20 жыл бойы қыруар қаржы шығындап, мемлекеттік тілге үйрете алмай келе жатқан мемлекеттік шенеуніктерді ме? Әлде 16 миллион біртұтас халықтың ішінен мемлекеттік тілді білетін, ұлттық ойлау қабілеті жоғары, Еліміздің тарихын, салт-дәстүрін,әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білетін тәрбиелі-білімді мың азаматты, Парламент пен Үкіметте жұмыс істеуге, іріктеп ала алмайтын азаматтық қоғамымызды ма? Меніңше, мектеп бітіргеннен кейін азаматтарға тілді үйретуге ақша шығындау мүлде теріс жол. Ең дұрысы сенатор Ғарифолла Есім көтерген, бастауыш мектепте тек қана мемлекеттік тілде білім беріп, 5-ші сыныптан бастап өзге тілдерді қоса оқыту жобасын ертеңге қалдырмай бүгіннен бастау абзал.

Ерте кезде жастарға, жалпы қазаққа толыққанды, жан-жақты тәрбиені ата-ауыл-ру қауымының тәрбиелік әрі жауапкершілік ортасы  ғана берген. Ол кездегі ата-ауыл-ру қауымы нағыз зиялы, адамның жан-дүниесін ашатын орта болған, сондықтан ата-әжелерінен таза ұлттық тәрбие алып, ҚАЗАҚ ҮНІНЕ уызында қанған Абай, Шәкәрім, Мұқтар, Ілияс, Мағжан, Бейімбет, А.Байтұрсынұлы сынды зиялылар ұрпағына ұзақ жылдар рухани азық болар туындыларын беріп кетті. Ал Кеңес мектебі бізді сауаттандырып, білім бергенімен қатар, ұлттық болмысымызға жат  теріс тәрбие беріп келді. Сондықтан саналары Орыс-Кеңес мектебінің диірменінен өткен бүгінгі ата-әжелер өз ұрпағын, ҚАЗАҚ ҮНІНЕ қандыра алмай, сорлатып отыр. Жағдайды түзеу үшін, Елінің болашағына сенетін әр бір азамат балалары мен немерелерін ұлттық құндылықтар негізінде жаңғырған қазақ бала-бақшалары мен мектептеріне беруі керек. Біз әлі күнге дейін тіл-тіл деп үн деген сөзге мән бермей келе жатырмыз. Ертеде «үнің өшсін» деген қарғысты жойылып кет, құрып кет деген мағынада қолданған. Балтабай ақсақал айтқандай, Елімізде қазақтың үні бәсең, тіпті қоғамымыздың көп салаларында жоқ десе де болады. Кейде мен осы үніміз шықпай, өзіміз де жойылып кетіп бара жатқандай сезінемін.

Батысқа еліктеген бауырларымыз өзге тілде ойлап, өзге дыбысқа толғанып, өзгенің сырын түйсігіне түйіп, ұлттық болмысы өзгеріп барады. Тіпті кейде маған парасатты батыр бабаларымыздын рухы өзгелердің үнінен шошып, қазақ топырағына қона алмай жүргендей көрінеді. Үннің табиғаты тербеліс-толқын, ендеше ол энергия-күш. Осыны білген Қорқыт ата бабамыз:

Құлақ астым сыбысқа,

Ой толғадым дыбысқа.

Сырын түйіп түйсікке,

Үн жинадым тынысқа - деген өсиет сөздер қалдырыпты.

 

Қасиетті құранда да ҮН туралы мәлімет бар екен. Ақын Әубәкір Дастанұлының Бақара сүресінен еркін аудармасының  үзіндісі:

...Қиындық басқа түскенде, көмекке келсін төзімің,

Адамда төзім ұлы күш және ұлы күш өз үнің.

 

Түйсікке түйілген ұлттық сырлар үн арқылы халықты ұйытатын күш болса, онда  Қазақ үні - біздің рухымыздың өлшемі болды ғой.

Енді ұлттық болмысымызға негізделген даму жолына түсе аламыз ба?

«Экономикалық, рухани дамудың төте жолы өткеннен сабақ алып кемшілікті түзету» деп түйген, жапондықтар екінші дүниежүзілік соғыстан соң  дамуды қалай қолға аламыз дегенде, өткенге көз жүгіртіп барлық артқа тартар кемшілікті, ұлттың жаман қасиеттерін тізген. Сосын тікелей сол кемшіліктерді түзетумен ғана айналысып, соңында бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына қосылған. Сөйтіп дамыған бүгінгі Жапонияның өмір сүру дағдысы біздің бабаларымыздың рулық жүйесіне өте ұқсас екен. Жапон фирмаларының жұмысы еден жуушыдан бастап, президентіне дейін өздерінің бар әлеуетін өндіріске тиімді жұмсауды қамтамасыз ететін жауапкершілік орта қалыптастыруға негізделген. Ата-бабаларымыз орыс-совет империясы орнағанға дейін өз ақыл-ойымен, ұлан-байтақ қазақ  жерінде әрбір қазақ отбасын дербес, тұрақты өндіруші күш ретінде қалыптастырып, табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, шаруашылықты жерге орналастырудың және ұжымдық еңбекті ұйымдастырудың ең тиімді - рулық (фирмалық) жүйесін қолданудың арқасында экономикалық тұрақтылыққа жетіп, ертеңгі күніне сенімді болған соң, азаматтық  қоғамы мен мәдениетін дамытқан. Халқымыз осының бәріне - ЖЕР мен СУ ресурстары әр Ауыл, Рудың ортақ байлығы болғандықтан, оны бүкіл Ауыл, Рудың жауапкершілік ортасы көздің қарашығындай қорғап, дұрыс, тиімді пайдалану арқасында ғана - қол жеткізген.

Ал тәуелсіздік алғалы экономикамыздың өсуіне бағыт-бағдар беретін мекемелердің басқару тұтқасын ұстаған кейбір маман-ғалымдар мен шенеуніктердің ұлттық-ойлау қабілеті өте төменгі деңгейде болғандықтан өрескел қателіктер жіберілді:

-Әлем елдері ЖЕР және СУ ресурстары тапшылығын сезініп, қыруар қаржы бөліп, мухитты-мәңгі мұздықты-космосты-басқа планеталарды зерттеп, оларды өз игіліктеріне пайдаланудың бар мүмкіндіктерін қарастырып әлекке түсіп жатқанда, біздің өзге тілде оқып, шетелдіктерше «ойлайтын» кейбір бауырларымыз - кеше ғана ата-бабаларымыз мыңғыртып төрт түлік малын өрістеткен-ұрпағын өсірген-әлі іздері суымаған ауылдық өңірлерді - «болашағы жоқ (депрессивный) ауыл-аудан деп шатасты;

-Жердің жекеменшікке сатылуы, әлемдік басым күштерді басқа планеталардан ресурс іздеу машақатынан құтқарып, оңай олжаға кенелтті;

-Өзін-өзі бағуға ЖЕР және СУ ресурстары жеткілікті, мол табиғи байлығы бар 15-ақ миллион халыққа дәл бүгін қажетсіз салаларға - жүздеген миллиард долларлық шетелдік инвестициялар тарту арқылы, халықты ұлттық байлығынан айырды;

Біз ұлтымызға керексіз халықаралық форумдарды жиі өткіземіз. Ал жігіт ағаларын, ауыл ағаларын, ел ағаларын жинап ауылымыз не болып жатыр, алда не істейміз деп бір рет жиын өткізіп көрдік пе? Ауылдағы даму мен құлдыраудың себеп салдарларын көзімен көрген ағаларымыз ауылда елеусіз жүр. Қазір ауылдағылар «малды жаятын жер жоқ» деп дағдарып жатыр. Ал сол жер қайда кетті деп бас қатырған жан жоқ.

Еліміздегі 200  аса аудан орталықтарын, сол төңіректегі елді-мекен тұрғындарының мәдени-рухани-ғылыми-технократтық мұқтаждықтарын өтейтін және  олардың өндірген ауыл шаруашылық шикізаттарын кешенді түрде ұқсатып, экологиялық таза өнімдерді бірден экспортқа шығара алатын ұлттық технопарктерге айналдыру үшін,  ҮКІМЕТ әр ауданның  ДАМУ  ҚОРЫ-ның құрылуына ықпал етіп, оған тәжірибелі-білімді Ел ағаларынан қоғамдық бақылау жасап, Қорға жыл сайын ең болмаса1(бір) млн.евро бөліп тұрса, бірер жылдан соң аудандық  ДАМУ  ҚОРЫ-ның бақылауымен жұмсалған қаржы бірнеше есе болып қайтып, Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, иммиграция, демография т.б. мәселелер кешенді түрде шешілер еді.

Осы орайда тоқтала кетер жайт урбанизация арқылы неден ұтылдық, неден ұттық?

Урбанизация дегеніміз ауылдықтардың қалаға жаппай үдере көшуі емес. Ол экономикалық категория.  «Урбанизация» сөзінің кең мағынасы - жалпы қоғамның дамуындағы қалалардың рөлін көтеру, қала мәдениетін-тұрмыс жағдайын барша елді-мекендерге енгізу арқылы ел ресурстарын тиімді пайдалану болып табылады. Мысалы шетелдің ауылдары қала секілді, бұл олардың урбанизацияны дұрыс пайдалануынан. Әлем елдері жер және су ресурстары тапшылығын сезініп, көп қабатты үйлер салып әлекке түсіп жатқанда, біз ел мен жерді иесіз тастап урбанизация деп жаппай қалаға көшіп жатырмыз. Ғылымда жалған урбанизация деген ұғым бар. Біз соған ұрынып кеттік. Қазақ Елі  1964-1986 жылдары Д.А.Қонаевтың басшылығымен, сол кездегі кеңестік «өнеркәсіптік және аграрлық саясатты» ұтымды пайдаланып, кіші қалалар мен колхоз-совхоздардың экономикалық жағдайын көтеру арқылы, елді-мекендерде шын мәнінде урбанизация үрдістерін жүргізіп, екі ғасырға созылған бодандық кезеңде күйзеліске түскен тұрмысы мен құлдыраған мәдениетін көтеріп, өсіп-өніп, бір серпіліп қалып еді. 1985 жылғы санақ бойынша еліміздегі тек қана қой саны 40 000 000-нан асып түскен. Бұл жылдар қазақ ауылшаруашылығының гүлденген жылдары болды. Қазақ елінде артта қалған шаруашылық некен саяқ болды. Сол кездегі мемлекеттік саясатты халық мүддесі үшін дұрыс қолданып, байыған мыңдаған ауыл шаруашылықтарын мысалға келтіруге болады. Бұған, бүгінгі құлазыған ауыл шаруашылығындағы келеңсіздіктерді күнде көріп, шарасыздықтан өзегі күйген миллиондаған бұрынғы колхоз-совхоз еңбеккерлері куә. Негізі ол саясат қазақты жарылқаймын деген ниеттен туған жоқ. Кеңес үкіметіне халқын бағу үшін қазақтың кең байтақ даласын игеру керек болды. Осыдан келіп, ауылдар дамыды, ашылған өнеркәсіптердің айналасына кішкентай қалалар пайда болды. Әділдігін айтсақ, 1964-1986 жылдары Қазақ республикасы шаруашылығының ғылымға негізделіп дамуы арқасында халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып еді.

Біздегі жалған урбанизация дейсіз ғой сонда...

Жалған урбанизация дегеніміз экономикалық саясаттың қателігінен, ауыл шаруашылығының құлдырауы салдарынан халықтың жаппай қалаға көшуі. Нәтижесінде қала маңында шағын ауылдар пайда болады. Онда қалалықтарға арналғандай дұрыс жағдай да жасалмаған, инфрақұрылымдар қарастырылмаған. Өмірлері не таза қалалық емес, не таза ауылдық емес. Қазір үлкен қалалардың айналасында осындай ауылдар көбейіп кетті. Осындай жалған урбанизация үрдісінен үлкен қалалар ұлғайып бара жатыр. Сондықтан Қазақ Елінің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне сай келетін урбанизация үрдістерін жүргізе отырып, ұлттық экономикамыздың табиғи даму мүмкіндіктерін әлі толық игеру үшін:

бірінші кезекте, халқымыздың бүгінгі-ертеңгі несібесін опыра жеп жатқан, көп шығынды-үлкен қалаларды ұлғайтуды тоқтатып, Елдің бар қаражаты мен мүмкіндіктерін - барлық аудан орталықтарын тікелей Үкіметке бағынышты индустриалды кіші-қалаларға айналдыруға бағыттайтын Заңдар қабылдау керек;

екінші кезекте, тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елді-мекендерге қала статусын, тұрғындар саны 1 мыңнан асатын елді-мекендерге қала типті ауыл статусын беруді және оларда осы заманға сай инфраструктуралар мен ұқсатушы кәсіпорындар салуды көздеген бас жоспарлары бекітілген, ғылыми негізі бар нағыз урбанизациялық жобаларды орындау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс.

Алашқа айтар датым

Азат, еркін өмір сүрген, құлдық қамытын кимеген, бөтен елдердің тепкісі мен езгісіне түспеген, қазақтың үні өшпеген замандарда Қазақ Елінің жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде негізгі рөлді - Жігіт ағасы, Ауыл ағасы, Ауыл ақсақалы, Ел ағасы, Би атағына өздерінің парасаттылығымен ие болған - нағыз азаматтар атқарған.

Бабалары сияқты нағыз азаматтар болуға ұмтылған, бүгінгі тәуелсіз Еліміздің саналы жастары үшін Жігіт ағасы, Ауыл ағасы, Ауыл ақсақалы, Ел ағасы, Би деген атақтардың осы заманға сай стандарттарын баршамыз бірге жасап-қалыптастырып, ұлтымыздың өзін-өзі сақтау тетіктерін қалпына келтіріп, халқымыздың ұлттық ойлау қабілетін, яки болмысын жаңғыртуға ұмтылайық!

 

Болат Бөтеев, «АЛАШ ҮНІ» қоғамдық бірлестіктер Одағы үйлестіру қызметінің жетекшісі:

Сұхбат "Алаш айнасы" газетіне берілген

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1547
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1426
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1176
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1172