Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2696 0 пікір 9 Желтоқсан, 2009 сағат 10:21

Жармахан ТҰЯҚБАЙ: ДҮДӘМАЛ ДОКТРИНА - ұлтсыздыққа апаратын дүбәра әрекет

Жыл соңында кенеттен белсендiлiк таныта бастаған билiк «Ассамблея» деген заты беймәлiм ұйым арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық бiрлiк» деген доктринасын жария еттi. Тағы бiр саяси науқанның тықыры таяды ма, әлде желтоқсан айындағы тарихи даталар алдында жұрт назарын басқа жаққа аудару керек болды ма, әйтеуiр дегенi дүдәмал идея ел талқысына түстi. Әдетте, «ұлттық» деген ұғымға билiк те, демократиялық оппозиция да аса сақтықпен қарайтын. Дегенмен бұл жолы «алабөтен» ойлайтын оппозициялық күштер бұл доктрина елдi ала тайдай бүлдiруге бастайтын құжат екенiн мәлiмдеп, ой‑пiкiрлерiн ашық жариялады.

Мiне, осы және қоғамдағы басқа да қордалы сұрақтар төңiрегiнде ой бөлiсу мақсатымен «Азат» Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ мырзаны әңгiмеге тарттық.

- Жармахан Айтбайұлы, бiздiң идеяшыл президентiмiз шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң кезектi отырысында тағы бiр «жаңалық» ұсынды ғой. Қытайлар ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру үшiн бiзден бiр миллион гектар жердi жалға сұрап отырған көрiнедi. Осы мәселе сiздiң көңiлiңiзге қаншалықты қонымды ой тудырды?

Жыл соңында кенеттен белсендiлiк таныта бастаған билiк «Ассамблея» деген заты беймәлiм ұйым арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық бiрлiк» деген доктринасын жария еттi. Тағы бiр саяси науқанның тықыры таяды ма, әлде желтоқсан айындағы тарихи даталар алдында жұрт назарын басқа жаққа аудару керек болды ма, әйтеуiр дегенi дүдәмал идея ел талқысына түстi. Әдетте, «ұлттық» деген ұғымға билiк те, демократиялық оппозиция да аса сақтықпен қарайтын. Дегенмен бұл жолы «алабөтен» ойлайтын оппозициялық күштер бұл доктрина елдi ала тайдай бүлдiруге бастайтын құжат екенiн мәлiмдеп, ой‑пiкiрлерiн ашық жариялады.

Мiне, осы және қоғамдағы басқа да қордалы сұрақтар төңiрегiнде ой бөлiсу мақсатымен «Азат» Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ мырзаны әңгiмеге тарттық.

- Жармахан Айтбайұлы, бiздiң идеяшыл президентiмiз шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң кезектi отырысында тағы бiр «жаңалық» ұсынды ғой. Қытайлар ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiру үшiн бiзден бiр миллион гектар жердi жалға сұрап отырған көрiнедi. Осы мәселе сiздiң көңiлiңiзге қаншалықты қонымды ой тудырды?

- Бүгiнгi Қытай тек қана халқының санымен ғана емес, әлемдiк экономикадағы үлес салмағының басымдылығымен дүние жүзiндегi алпауыт мемлекетке айналып барады. Сондықтан миллиардтан астам халықты асырау және экономикасының тоқтаусыз өсуiн қамтамасыз ету үшiн қосымша шикiзат көзiн iздеуге мәжбүр болуда. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн ұлғайту үшiн жердiң тапшылығынан көршi елдерге көз тiгуi - Қытайдың астарлы сыртқы саясатының бiр бағыты. Арысы Америка мен Африка десек, берiсi Шығыс Азия мен Батыс Еуропада арзанқол та­уары жетпеген ел қалмады. Басқа елдiң шикiзат байлығын иемдену үшiн, оны сұраған бағасына сатып алуға дайын. Қытайдың осы саясатымен ойланбай келiсе салу, қайсы елдiң болса да, келешекте экономикалық тәуелсiздiгiне қауiп төндiретiнi - сөзсiз. Ал бiздiң Қазақстан сияқты бұғанасы қатпаған жас мемлекеттер үшiн мұндай «көзсiз батырлық» олардың экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси тәуелсiз­дiгiнен де айырылып қалу қаупiн ұлғайтады. Бұл айдан анық.

Солай бола тұрса да, бүгiнгi қазақстандық билiктiң жүргiзiп жатқан сыртқы саясатына көз жүгiртсек, дәл осы мәселедегi iс-әрекетiн түсiну қиын. Әйтпесе өзiнiң мемлекеттiлiгiн, ел-жұртының келешегiн ойлайтын билiк ең басты байлықтардың бiрi - ұлттық мұнай  қорының үштен бiр бөлiгiн өзге мемлекетке - Қытайға бере сала ма? Бұл саясат бiздiң елге тек инвестиция алып келген жоқ, қытайлық жұмысшылардың ағылып келуiне жол ашты. «Қытайлықтар қай жерге орнықса, сол жер - Қытай» деген сөз бекер айтылмаған шығар. Сондықтан ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiремiз деген сылтаумен бiр миллион гектар жердi бере салатын болсақ, оны «игеру» үшiн ұлы көршiмiзден қанша көлемде жұмыс күшi келедi? Бiзге ол жағы беймәлiм. Бiрақ бiр миллион гектар жердi игеруге келетiн қытайлар ат төбелiндей қазақты Қазақстанда кiшi ұлттар өкiлiне айналдырып жiбермесiне кiм кепiл? «Жер» деген киелi ұғымға қатысты кез келген саясат аса үлкен сақтықты қажет етедi.

- Дәл осы пiкiрдi жер үлесiнен қағылған мыңдаған қазақ қолдайды деп ойлайсыз ба?

- Әрине, қолдамайтыны анық. Бiрақ сол қазақпен есептесiп, үнiн, мұңын тыңдап отырған билiк бар болса, дәл осындай оғаш мәселенi көтермес едi. Бүгiнгi күнi халықтан рұқсат сұрап жатқан кiм бар?

- Президенттiң бұл пiкiрi халықаралық жер қатынасы саясатында тәжiрибеде болған жағдай ма, жоқ әлде кезектi волюнтаризмнiң көрiнiсi ме?

- Жер кодексiн 2003 жылы қабылдаған кезден бастап, жер ресурсына қатысты волюнтаристiк көзқарастың үстемдiк құрған заманына тап келдiк. Жердi тауарға айналдырғаннан, нарықтық қатынастарға енгiзуден бастап, оның талан-таражға түсуiнiң куәсi болып келемiз. Сондықтан шетелге жер беру идеясы да - сол көзқарастың «жемiсi».

- Жер мәселесiнiң ойыншық емес екенiне «Жер кодексi» қабылданған кезде, өзiңiз тiкелей куә болдыңыз. Президент ел арасында сол қаһар қайтадан оянады деп қаймықпай ма екен?

- Қаһардан сескенер болса, содан берi жерге деген көзқарасы өзгерер едi ғой... Жердi нарықтық қарым‑қатынастың нысаны ретiнде саудаға салу - елдiң наразылығын тудыратыны алдын ала баршаға белгiлi болғалы қашан. Бiрақ билiк оны еледi ме? Пыс­қырып та қараған жоқ. Осы күнге дейiн ел iшiн аралап жүргенiмiзде, «жер неге сатылып жатыр», «жердi саудалауға неге жол бересiңдер» деген, бiз жауабын бере алмайтын сұсты сауалдар алдымыздан шығады. Ауылдағы қазақ халқын осындай кең далада меншiк малын жаятын өрiске зәру еттiк. Жер емген диқанды дән егiп, өнiмiн терiп жейтiн несiбесiнен қақтық. Ерiксiз ауылдан қалаға ағылған қазақ күнкөрiс көзiнен бiр айырылса, ендi келiп баспана тұрғызар алақандай жерге зар болып отыр. Осы наразылық бiртiндеп бiтеу жараға айналып, халықтың ашу‑ызасын туғызып жатқаны айдан анық. Қорқыныштысы сол - бiтеу жара бiр күнi жарылады. Ал ол жарылыстың дүмпуiн көз алдыға елестетудiң өзi қорқынышты. Билiк осы жағдайды неге түсiнбейдi?

Осындай кезде халықтың «Өлетiн бала молаға қарай жүгiредi» деген сөзi ерiксiз еске түседi. Сондықтан миллион гектар жердi қытайлықтар­ға жалға бере ме, жоқ астыртын жолмен сата ма, оның соңы үлкен тол­қуға әкелетiнi қақ.

- Қытайлардың дәл осы ұсынысы жүзеге асып жатар болса, президенттiң өзi ұсынып отырған «Ұлттық бiрлiк» доктринасы тумай жатып туа шөгетiнiне кәмiлсiз бе?

- Әрине, кәмiлмiн! Егер Қытай алам дегенiн алып, үн‑түнсiз келiп, жерге иелiк етуге шындап кiрiссе, ол доктринаны жасаудың қажетi де болмайды. Керiсiнше, ұлы Қытайдың доктринасын басшылыққа алудың қаупi таяды дей берiңiз. Тағы бiр қауiп - Қытайға мойынсұнып, арзан жұмыс күшiне қол жеткiздiк деп масаттансақ, көршi отырған ормандай орыс қарап отырады дейсiз бе? Ресей еш уақытта өзiнiң гео-саяси ықпал ету аймағында (ал Қазақстанның ол аймаққа кiретiнi - даусыз) бөтен елдердiң тайраңдауына жол бермейтiнi анық. Қарсы әрекет етедi. Ол дегенiң - аймақтық қақтығыстардың басы.

- Айтпақшы, осы доктрина дәл дағдарыс жағдайында бiздiң елге қаншалықты қажет бола қалды? Бiздiң елдегi «тұрақтылық пен ынтымақ» деген мақтан сөзден қазақтың даласы онсыз да тұнып тұрған жоқ па?

- Сол тұнып тұрған тұрақтылықты билiк өзiнiң ғана жетiстiгiне телiп, әуре болып жатқан жоқ па? Әрине, мемлекеттiң ұлттық бiрлiк пен халықтық ынтымаққа қатысты доктринасы болуы керек те шығар, патриоттық сезiмдi шыңдау, қазақстандық бiрлiк идеясын ұсынып, iске асыру, - шынында да, елге қажет мәселе. Бiрақ дәл бүгiнгiдей елдегi әлдеқайда әлеуметтiк маңызы жоғары проблеманы шешпей тұрып, ұлттық бiрлiк идеясын мұжып кетсек, бар кесапат кетедi деу - далбаса түсiнiк. Себебi, «Ұлттық доктрина» жасауға алғышарт болатын басты мәселелер шешiмiн тапқан жоқ. Мемлекеттi құрушы халықтың, осы жердiң иесi - қазақтың тiлi күнi бүгiнге дейiн мемлекеттiк дәрежеде қолданысқа ие болған жоқ. Конституцияда мемлекеттiк тiл ретiнде белгiленгенiмен, қазақ тiлi тәумендi күй кешуде. Бұл мәселеге өзге ұлттардың сыңаржақ менсiнбеушiлiк көзқарасы өзгермесе, «Ұлттық бiрлiк» идеясы iске аспайды. Ең алдымен оған қазақ ұлты қанағаттанбайды.

Екiншiден, мемлекеттiң негiзiн қалаушы әрi тұрғындарының басым көпшiлiгi болып табылатын қазақ халқының әлеуметтiк‑тұрмыстық жағдайы басқа ұлттардың деңгейiнен төмен күйiнде қала беретiн болса, өз жерiнде өгейдiң күнiн кешiп, еңсесi түсiп, бәсекелестiкке деген қабiлет-қауқардан айы­рылса, оларға ұлттық бiрлiк деген ұғымның өзi жат болады. Сондықтан дегенi дүдәмәл доктринадан бұрын, қазақ ұлтын жаңғырту бағытындағы кешендi шараны қолға алу керек. Тек қана нық орныққан қазақ ұлттық мемлекеттiгiнiң негiзiнде толыққанды баянды азаматтық қоғам құру мүмкiн болады. Басқа жолмен бiздiң елде өмiршең тұрақтылық орнату - екiталай.

- Айтпақшы, социал‑демократиялық партия алғаш құрылған кезде «Қазақ ұлтын жаңғырту» бағдарламасын ұсынған едiңiздер, оның соңы не болды?

- Ол бағдарлама жалғасын тауып, бiрiккен партияның да жұмыс жоспарына енгiзiледi. Жаңғырту деген идеяны өзгеге басымдық көрсетiп, астамшылық таныту идеясы деп түсiнбеу керек. Бүгiнгi қазақ өзгеге басымдық көрсетпек түгiлi, басқа ұлттармен терезесi теңесетiн дәрежеге де жете алмай отыр. Сондықтан қазақ ұлтының күптi бол­ған, алаңдаған көңiлiне бұл доктрина майдай жағады дегенге сенбеймiн. Өзiн өзгеден кем санайтындар кiммен кеңесiп, кiммен бiрiгiп доктрина жасай алады? Қазақ мұндайда: «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», - дейдi.

- Бiр саясаткерлердiң айтуына қарағанда, бұл доктрина Назарбаевтың келесi сайлауға арнаған бағдарламасының бiр үлгiсi деген жорамал бар. Сiз қалай ойлайсыз?

- Ондай жорамалды жоққа шығара алмаймын - бәрi мүмкiн. Алда келе жатқан сайлау науқаны да алыс емес. Өткеннен тәжiрибе түйсек, бiр адамның ырқындағы билiк сайлау­дың (парламент, президент) мерзiмiн кез келген уақытта жариялауы мүмкiн. Сол саяси науқанның алдын ала осындай пiспеген, шала ұсыныстар жарияланып жататынын бiлемiз. Елде қалыптасқан ұлтаралық келiсiмдi, тұрақтылықты доктриналық құжаттың жемiсi деп, оны өзiнiң саяси науқанына пайдаланып қалу ниетiн де жоққа шығаруға болмайды.

- Тағы бiр сарапшылардың бағамдауынша, бұл доктрина халықты бұдан да маңызды мәселелерден алдарқатуға, елдiң назарын басқа жаққа бұруға арнал­ған саяси амал деген пiкiр бар ғой...

- Ел назарын осы доктрина арқылы алдарқату - нағыз сауатсыздық болар едi. Ұлттық мәселенi сан-саққа құбылту - жанып жатқан отқа май құйғанмен бiрдей, билiктiң өзiнiң арандап қалу қаупi бар.

- Жармахан Айтбайұлы, «Азат» Жалпыұлттық социал-демократия­лық партиясының басшылығы бұл күндерi ел iшiн аралап жүр ғой, қандай көңiлге түйген жағдайларыңыз бар? Дағдарыстың ауыл жақтағы салмағы қандай екен?

- Партия басшылығы Қазақстанның барлық облыстарын аралап қайтты. Ел iшiнде тек партия жақтастарымен ғана емес, аймақ тұрғындарымен кездестiк. Бүгiнгi билiк жол берiп отырған жемқорлық, жаппай жұмыссыздық, жергiлiктi атқарушы билiк тарапынан жасалған әдiлетсiздiктерiмен бiрге, экономикалық дағдарыстың нәтижесiнде халықтың әлеуметтiк тұрмыс‑тiрлiгi де нашарлап кеткен. Бiз аралаған барлық жерде де күнкөрiстiң төмендегенiн өз көзiмiзбен көрдiк. Бүгiнгi билiктiң бұл мәселенi шеше алмайтынына елдiң көзi әбден жеткен. Тiптi сыбайлас жемқорлықпен күрес ешқандай нәтиже бермейтiнiн де бiлiп отыр. Сондықтан бүгiнгi билiкке деген халықтың ашу‑ызасы, назасы қатты. Елдiң осы жағдайын айту арқылы билiктi бүгiн‑ертең аударып тастағалы жатыр екен деген дабыра пiкiр тумауы керек. Алайда билiктiң әлi де болса ел жағдайын шешуге мүмкiндiгi бар деп бiлем. Шындыққа жүгiнсек, ел арасы бүлiнiп, қантөгiске апармасын десе,  билiк оппозициялық демократияның ұсынған дағдарыстан шығу жолдарына арналған iс­әрекет бағдарын iске асыруға тиiс.

- Осы уақытқа дейiн ешкiмнiң де пiкiрiне құлақ асып көрмеген, оның үстiне оппозицияны жау санайтын, «өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтын» билiк ол ұсыныстарыңызға ден қояды деген үмiтiңiз әлi де үзiлген жоқ па?

- Әрине, жоқ. Бiрақ билiкке тағы да қайталап ескертемiз: егер осы бiрбеткей бетiнен қайтпаса, ертеңгi күнi жағдай оңалмастай ушығады. Ашуға булыққан елдiң толқып, көтерiлiп кету қаупi де жоқ емес. Бiздiң ұсынысымыз билiкке ұнасын, яки ұнамасын, бiрақ өздерi үшiн, қолындағы билiктi сақтап қалуы үшiн демократиялық оппозициямен санасуына тура келедi.

- Айтпақшы, ел iшiнде екi партия­ның бiрiккенi жөнiндегi лебiз қандай?

- Бiр‑ақ ауыз сөзбен айтар болсам, барлық жерде бұл қадамды қос қолдарын көтерiп қолдауда, халық iзгi тiлектерiн айтуда. Ол аз десеңiз, басқа да оппозициялық күштер қатарымызға қосылса екен деген өтiнiштерiн де жасырған жоқ.

- Алдағы шаруаның беталысы қандай болмақ?

- Алдымызда қыруар шаруа күтiп тұр. Облыстық бөлiмшелердегi конференцияларды өткiзiп, екi партияның бiрiккен жарғысын қайта тiркеуден өткiзу жөнiндегi кезектi ұйымдастыру шараларын жүргiзiп жатырмыз. Содан кейiн «Азат ЖСДП» атауын ресми түрде жариялаймыз. Құрылтай съезiн өткiземiз.

Ел‑жұрттың алдында партияның мақсат-мүддесiн, құндылықтарын жария етiп, оның беделiн өсiру үшiн, үгiт-насихат жұмыстарын күшейтемiз. Бүгiнгi күнге дейiн орталықта отырып, жоғарғы билiкке ықпал ету үшiн текетiреспен жүргенде, тұрғындардың күнделiктi хал-ахуалына назарымызды аз аударған едiк. Ендi елдiң iшiне шығып, алыс ауылдағы азаматтармен жұмыс iстеймiз. Халықтың күнделiктi басына түскен қиындықтарын шешуге заңды‑құқықтық кеңес берiп, олардың әлеуметтiк-тұрмыстық талаптарын қолдауға партия тiкелей араласатын болады.

- Ендеше, iске сәт, Жармахан аға!

Бақытгүл МӘКIМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 10 (35) от 9 декабря 2009 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2237
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1635