Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2640 0 пікір 9 Желтоқсан, 2009 сағат 08:07

Мақатаевқа «әлімжетік» жасаған Әлімжанов емес

Қазекемнің қасиетті бір сезімі - аруақты силау, аруақтан аттамау; халыққа, қоғамға кесір келтіргенін сынау болмаса, басқалары туралы ғайбат сөз айтпау. Аруаққа тіл тигізбеу Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде бірнеше мәрте айтылған. Өкініштісі сол, біздің кейбір пысықайлар мұны елемейді. Олар үшін аруақ қақпақылдап ойнайтын асық сияқты. Мысалы, «Әнуар Әлімжанов одақты басқарып тұрғанында Мұқағали Мақатаевты, Тоқаш Бердияровты Жазушылар одағының мүшелігінен  шығарып тастады" деген қаңқу сөзді күні бүгінге дейін көкпарға салып жүр. Соның Мұқаңа қатыстысы, «буы әлі басыла қоймағаны» - жорналшы Дарын Секердің «Алашорда» апталығында (41-санында) жарияланған «Ұлтын сүйген үлкен жүрек» мақаласындағы мына бір сөйлемдер: «1973-жылы Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жіберген кезде Зәмза (Қоңырова, - Ғ. Қ.) 2-курстың студенті болатын. Оқудан шығартып жіберуі мүмкін екенін біле тұра, Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжановтың алдына барып: «Жазушылар одағының 400 мүшесі болса да, 400 Мұқағали жоқ. Мұқағалиды Одақтан шығарғанда, Одақ кім үшін жұмыс істейді? Тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында қылмыс жасап отырсыздар», дейді тайсалмай». Пай-пай-пай-ой!

Қазекемнің қасиетті бір сезімі - аруақты силау, аруақтан аттамау; халыққа, қоғамға кесір келтіргенін сынау болмаса, басқалары туралы ғайбат сөз айтпау. Аруаққа тіл тигізбеу Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде бірнеше мәрте айтылған. Өкініштісі сол, біздің кейбір пысықайлар мұны елемейді. Олар үшін аруақ қақпақылдап ойнайтын асық сияқты. Мысалы, «Әнуар Әлімжанов одақты басқарып тұрғанында Мұқағали Мақатаевты, Тоқаш Бердияровты Жазушылар одағының мүшелігінен  шығарып тастады" деген қаңқу сөзді күні бүгінге дейін көкпарға салып жүр. Соның Мұқаңа қатыстысы, «буы әлі басыла қоймағаны» - жорналшы Дарын Секердің «Алашорда» апталығында (41-санында) жарияланған «Ұлтын сүйген үлкен жүрек» мақаласындағы мына бір сөйлемдер: «1973-жылы Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жіберген кезде Зәмза (Қоңырова, - Ғ. Қ.) 2-курстың студенті болатын. Оқудан шығартып жіберуі мүмкін екенін біле тұра, Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжановтың алдына барып: «Жазушылар одағының 400 мүшесі болса да, 400 Мұқағали жоқ. Мұқағалиды Одақтан шығарғанда, Одақ кім үшін жұмыс істейді? Тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында қылмыс жасап отырсыздар», дейді тайсалмай». Пай-пай-пай-ой! Болмаған оқиғаны әлде Зәмзәнің қиялы, әлде Дарынның сенгіштігі бір жыл бұрын «болды» дегізген бұл бәтуасыздыққа: «Ей, шалалық-ай!» дей салайын да, негізгі сөзімді Әнекеңнің аруағынан аттағыштарға арнайын (осында келтірілген деректердің негізінде жазылған, бәз-баяғы өсекшілерге тоқтам болар деген ниеттегі мақалаларым соңғы жылдары екі-үш гәзетте, «Жалын» және «Мұқағали» жорналдарында жарияланды, бірақ «менбілемдерге», «тайсалмастарға» басқаның оң сөзінен өздерінің солақай сөзі қымбат екен).

1999-жылы Жазушылар одағының және өзім он жыл директор болған Әдеби қордың бір мәселелерін анықтау үшін мұрағатжайда болып жүріп, мына құжатты көріп, көшіріп алдым:

 

«Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшылығы мәжілісінің

№3 а    қаулысы

Алматы қаласы                                                24 қаңтар 1974 жыл

Қатысқандар: І.Есенберлин, Қ.Тұрсынқұлов, О. Сүлейменов, Д.Ф. Снегин, С.Мәуленов, Ғ.Мүсірепов, И.П.Шухов жж., ҚЖО әдеби кеңесшілері: А.Сатаев, Х.Абдуллин, Т.Әлімқұлов, А.Шамкенов, Қ.Ысқақов, С.Бақбергенов, Ж.Өмірбеков, Х.Жантемірова, Ә.Жәмішев - партбюро хатшысы, А.Жақсыбаев - ЖК төрағасы, Ә. Ахметов, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қ. Исабаев - Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры.

Төрағалық етуші - О.Сүлейменов.

1. Тыңдалды: Кеңес әдебиетінің Қазақстандағы Күндері туралы (Қ. Тұрсынқұлов).

Қаулы қабылданды: Кеңес әдебиетінің Қазақстандағы Күндерін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілсін...»

Одан арыда бірнеше жазушының тәртібі қаралып: «КСРО ЖО мүшесі қатарынан бір жылға шартты түрде Мақатаев Мұқағали шығарылсын» делінген.

Құжат көшірмесін Қалаубек Тұрсынқұловқа көрсетіп: - Мұнда Мұқағалидың одақ мүшелігінен бір жылға шығарыла тұрғаны айтылыпты, ал сыпсыңсөз: «Әнуар Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарып тастаған», дейді. Мәжілісте баяндамашы өзің болыпсың, шындығын айтып берші, - дегенімде ол: - Бұған сенбе, жалған құжат. Кім жасағанын білмеймін. Бұл туралы әнеугүні мен де естідім. Бекер сөз. Одақтың бірінші басшысы қатыспаған мәжілісте ондай мәселе ешқашан қаралмайды. Әнуардің қатыспаған себебі ол Мәскеуде, үлкен одақтағы  кезекшілікте болатын, - деді. Бұл - бір.

Одақтас республикалар Жазушылар одағының бірінші басшылары Үлкен одақта (Мәскеуде) жылына бір ай кезекшілікте болатын дәстүр бар еді, ал  Әнуар онда кей жылы тіпті екі-үш рет шақырылатын, шет елдерден жазушылар келген кезде оның аты жүргіш-ті. Ол сол жолғы кезекшілігінен ақпанның аяқ шенінде келді. Яғни Мұқағалидың «бір жылға шығарылуына» да қатысы болмады. Ешкім оның алдына барып тебініп, «Мұқағали мәселесі» туралы «жауап алған»  емес.  Бұл  - екі.

Қырық жыл қызмет істеген тәжірибемде қаулы атаулының өзі: «а», «ә», «б»... деп нөмірленгенін көрген жоқпын, ондай болмайды. Егер мәжілістің күнтәртібінде болған мәселеге қатысты бір жәйт сол күні дайындалып үлгірмей, ол ертеңінде, немесе екі-үш күннен кейін  қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә»...  деп енгізіледі. Яғни мынау «№3 а  қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарді арандату үшін керек болған да, кейін жазылып, іс қағаздарына қоса салынған. Оның жалғандығына және бір дәлел-ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болғаны, кімнің не дегені (бірер сөйлеммен болса да) айтылуы, Мұқағалидың ақталу не мойындау сөзі, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны мәжілістің хаттамасына міндетті түрде жазылуы керек, ал мына «мұрағатжайлық құжатта» ондай дәнеңе жоқ, пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар («шпаргалка»). Бұл  - үш.

Сол мәжіліске қатысқан жазушы Қалихан Ысқақов Әнуар туралы естелігінде «Мұқағалидың одақтан қуылғаны» жөніндегі өсектен жиіркене былай деп жазған:

«Әнекең көпшіл еді. Көптің ортасында жүрсе көңілді еді. Сыр жасырмайтын. Біреуді жеке шақырып сыбырласуды, біреудің жұрттан жасырған сыбырын жеке тыңдауды жақтырмайтын. Өз басым Одақта 24 жыл үзіліссіз кызмет істегенде Әнекеңнің, Жұбанның, Олжастың, Қалдарбектің алдын көрдім, солардың ішінде ешуақытта дауыс көтермейтін, бірде-бір қызметкерге ауыр сөз айтпайтын, сыртынан болса да ғайбат жасамайтын Әнекең болды. Жұмасына бір дүркін секретариат межілісі өтеді, қандай бір жауапты шаралар болмасын, сонын өзінде әзіл-қалжыңнан жігіттердің езуі жиылмайтын...

Естелік жазушылар ылғи да Мұкағалидың қасында жүрмеген шығар-ау. Азаматтың қасіретіне тек қана ортасы мен заманы кінәлі емес те шығар... Мұны айтып отырғаным... «бір кезде Әнуар Әлімжанов Мұқағалиды Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жіберіп қорлады» деушілер де бар. Өтірік!.. Бір секретариатта Мұқағалиды мүшеліктен шығаралық деген пікірдің болғаны  рас. Тоқтатқан Әнекеңнің өзі еді. «Бір жылға дейін күтелік, егер бейбастақтығын коймаса, көре жатармыз» деген. Ол кезде мүшеліктен шығару Мәскеудің қолында. Оған керекті документтерді жіберу менің қолымда, мен қабылдау комиссиясының жауапты  хатшысы  болатынмын. Мұқағалиға  қарсы  бір  әріп түртілген жоқ. Мәскеуге  ешқандай  қағаз  жөнелтілген  жоқ. Мұқағалидың мүшелік билетін тартып алған да ешкім жоқ. Бұдан кейін оны сөз қылған да ешкім жоқ. Жоқ!.. («Әлем таныған Әнуар», 2000 ж. Алматы. «Нұрлы әлем» баспасы).

...Он бес жыл қызметтес, жолдас болып жүргенімде Әнекеңнің қоластындағы кісілердің бірде-бірін, тіпті, жұмыстан шығармақ тұрғай, ренжіткенін де көрген емеспін. Үлкен-кішімен әзілдесіп, қатар құрбысындай тең сөйлесетін, олардың ағаттықтарына кешірімді еді. «Жүйріктің түбін берік аладыны» бекер айтпаған ғой. Әнекең сол Берік Азамат болды.

Мен Мұқағалидың «одақ мүшелігінен шығарып тасталғанын» сол 1974 жылдың қазан айында естідім. Бір күні Мұқаң кабинетіме келіп, ауруханада бір айдай жатқанын айтып, қолындағы бюллетеньді ұсынып: - Мынаны бухгалтерің қабылдамайды, қызталақ, - деді. Әдеби қор бөлімшесінің директорлығына тағайындалғаныма екі апта ғана болған. Бухгалтер Фарида Миникееваны шақырып алып, мән-жайды сұрасам, бұрынғы директор Мәскеудегі Орталық әдеби қорға «Мақатаев одаққа мүшеліктен шығарылды, ол - Әдеби қордың да мүшелігінен шығарылғаны» деп құжат жіберіп кетіпті. Бірінші хатшымыз Әнуарға дереу барып:

-Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? - деп едім, Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:

-Әкәу, (Әнекенде осылай "әкәу" дейтін одағай сөз бар-ды, -Ғ.Қ.), бір рет сыртынан ақылдасқанбыз оның мәселесін. Біріміз: "одақтан шығарайық!" деп, біріміз: "мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!" деп талқылағанбыз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын. Ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, кәсіподақ мүшелігінен шығып қалған Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! - деп иығын кужың еткізді.

...Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердің бірі - Мұқағали Мақатаевтың тәртібі. Жиналысты төртінші хатшы Олжас Сүлейменов  ашып, жүргізіп отырды. Негізгі мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, одан соң күнтәртібіндегі басқа мәселелерді қарауға кезек келді.  Олжас Мұқағалиды әдетінше мұқата біраз сөйлеп: "Мақатаевты кәсіподақ мүшелігінен шығару керек!" деп ұсыныс жасады. Мінберге шыққандардың көпшілігі қостай бастады. Екі-үш кісі қарсы сөйледік. Мен: - Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ, Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды кәсіподақтан куып тастап, мұнда жолатпай қою ма? Жазушылардың мына қасиетті қара шаңырағында Мұқағали жүрмегенде, кім жүруі керек?! - дей келіп, орынсыз, қасақаналық қисық  ұсынысқа қарсы болдым (бұл жәйт жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың «Кездесулер күнделігінен» жинағында айтылыпты. 141-бет). Ию-қию өршіді. О тұстан, бұ тұстан ала-құла айқайсөз шықгы. Сол кезде әлдекім:

-Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі! - деді.

Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Шақыртқан соң келген ғой. Жұрт: "Иә, иә, айтсын!" десіп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Және біреу: "Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!" деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары Әдеби қор бухгалтері Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: Мүшелік жарнасын үш жыл бойы төлемегендігі себепті Мақатаев жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығарылған болатын, - деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызылшеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы қолды бір-бір сілтеп, тарап кете барды. Жиналысты шақыртқандар тобы жұртта қалды. Әнекең еске алған «біздің жігіттердің қызығы» - сол!..

Енді мына бір құжатқа назар аударыңыздар (Әнекеңнің туғанына 80 жыл толуына орай  дерек іздеу барысында мұрағатжайынан тауып алғаным).

«Әнуар!

Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің Жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма.

Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім...»

Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.

Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл -менің азаматтық сөзім!

Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па -білеймін. Мендегі бар айып -жеккөретін, құлқым сүймейтін адамға жеккөретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).

Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті...

Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан... Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім!

Сәлеммен, Мұқағали.

20. 03. 1973 ж.

Панфилов, 147, кв.95. Телеф. 27497».

 

Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілді. Ол Әнуардің: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын, деген қамқорлық ниеті еді. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973-жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Құрметті  Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің ерекше қадірлейтінін айтып (орысша нұсқасынан қазақшалағанымды ұсынып отырмын): «...Мұқағали Мәскеуден қайтып келген кезде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: -Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін, - деп кетіпті... Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», деп жазыпты. Көп ұзамай ақынымыздың Мәскеуде «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар -Ю.Александрова мен М. Курганцев), үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына  жазған алғысөзін Әнуар: «...творчество Мукагали Макатаева - яркая страница казахской поэзии  шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом...  Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардің Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына негізгі дәлелдің бірі -  осы. Егер әу баста Әнуар қорғамаса, Мұқағали, жинағын орыс тілінде Мәскеуден шығартуы былай тұрсын (әлбетте, Әнуардің ұйымдастыруымен, орысшаға аудартуымен!), одаққа мүшелікпен қоштасар еді.

Сөз ретіне қарай айта отырайын: Әнуардің Мұхтар Әуезовті КГБ-ның құрығынан құтқарғанына сенбейтіндер де бар. Сондайлардың бірі: «Өй, Әнуар өтірік айтады» деп өзеурегенде оған Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» кітабынан Мұхаңның: «Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардің азаматтығына өлсем топырағым разы!.. Егер ол қашып кетудің алуан түрлі айласын таппаса, мен қазір Мәскеудің мынандай төрінде емес, Алматыдағы түрмелердің біреуінің түбінде отыратын едім, - деді де, сағатына қарады...» - дегенін оқып бергенімде қабақ шытып, қырыстанып кете барғанын көрдім.

Міне, біздің кейбір әсіребілгіштер осы тәрізді дұрыс істерді өзінің, не өзіне ықпалы күшті өзгенің ыңғайына қарай  әдейі бұрыс етіп көрсетуге тыраштанып, аруақ пен асықты шатыстырып жүр. Абайымыз айтқандай, «десін» деп жүріп «демесінді» ұмытып кетеді.

Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫ.

 

................................

Ескерту: түпнұсқадағы мақаланың тақырыбы -

«ӘНУАРДІҢ   АРУАҒЫ  АСЫҚ  ЕМЕС!»

 

29.11.2009 ж.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2245
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1637