Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3072 0 пікір 7 Желтоқсан, 2009 сағат 05:25

Қабадан ұшқан қаршыға

Ғасырлар бедерінен асылдар сынығы болып бүгінге жеткен арыстарымыз аз емес. Бабалар ерлігін жалғаған ерен ерлер де жетерлік. Соның бәрі болмаса да бірі туралы айта кетудің артығы болмаса керек. Бабаларымыздың ата қонысы, бүгінде Қытай отарына айналған алтын Алтай топырағында дүниеге келіп, дүбірі күллі әлемді дүрілдеткен оғландарымыз Оспан батыр Сіләмұлы мен Қанат баһадүр Сіләмұлы туралы тоқталуым тосын емес.

Ғасырлар бедерінен асылдар сынығы болып бүгінге жеткен арыстарымыз аз емес. Бабалар ерлігін жалғаған ерен ерлер де жетерлік. Соның бәрі болмаса да бірі туралы айта кетудің артығы болмаса керек. Бабаларымыздың ата қонысы, бүгінде Қытай отарына айналған алтын Алтай топырағында дүниеге келіп, дүбірі күллі әлемді дүрілдеткен оғландарымыз Оспан батыр Сіләмұлы мен Қанат баһадүр Сіләмұлы туралы тоқталуым тосын емес.

«Қытайға бағынбаймын, ұрпағым кәпір болады. Орысқа бағынбаймын, қызым шолақ етек болады» деп ұранын көтеріп, Аллалап атқа қонған аруақ алдында Алаштың азат ұрпағы қарыздар.
Оспанның елі отар болғанмен, орыспен қытай қатар қонғанмен өр кеуде елдің рухын бодандық бұғаулай алмады. Арысын жоқтап аңыраған Алтай ана, намысын ақтап арысқа түсер алыпқа жүкті болды. 1984 жылы 13-қыркүйек күні Қытай елінің туы астында қазақ ұлтының абыройын асырып, айбынын асқақтатар темір жұдырық, тегеуірінді ұлымыз дүниеге келді. Оспан бабасының жүрек жұтқан ерлігі мен, бетінен қайтпас өрлігін араға алпыс жыл салып қайталаған Қанат ерлігінің жөні бөлек, мәні басқа. Алайда Алаштың ерлігі, қазақтың теңдігі тұрғысынан алып айтқанда Қанатты баба рухын жалғаған, еш жауынан таймаған баһадүр деп түсінген жөн.
Мен Қанатты жастайынан жақсы білемін. Алтайдың ақборан аязы, аптап, шіліңгір ыстығы шыңдаған Қанаттың қыран текті қылығы бәрімізді қызықтыратын.
Бойында бар ерлігін бағамдай білген Қанат жастығына қарамай жаттығуын жалықпай жалғастырып, ортасынан озып, 2001 жылы ауылдан автономиялы аудан бокс командасына жолдама алып, жол тартады. Мықты білегі, түкті жүрегі теңдесін тентіреткен Қанат төрт жылға жетпейтін қысқа уақытта толағай жеңістерімен көзге түсіп, 2004 жылы мемлекеттік бокс құрамасына қабылданады. Осыдан бастап, Қанаттың бокс өміріндегі нағыз тартысты күндері басталды деуге болады.
- Әкем мен шешем бала-шағасының амандығын ойлаған, қарапайым адамдар, - деп бастады өз әңгімесін Қанат. - Әкем кезінде мұғалім болып, қазақ бастауыш мектебінде сабақ беріп, бала оқытқан. Қазір - зейнеткер. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін пірәдар адам. Жалпы, менің әкем де, шешем де дінге өте жақын, дін оқуын оқыған жандар. Біз ағайынды бесеуміз. Алдымда екі ағам, екі әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Ес біле салысымен тетелес ағама еріп, бокс үйірмесіне қатыстым. Ағамның Мұрат Бошайұлы деген ұстазы бар еді, бокстің тәсілдерін алғаш осы кісіден үйрендім. Ал 12 жасымда Үрімшідегі спорт мектебіне оқуға келдім. Менің бокстағы жолым осы сәттен басталып кетті деуге де болады. Осындағы бапкерім Әбдірашит ағамен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқаныма биыл он екі жылдың жүзі болыпты. Соңғы үш жылдан бері Қазақстандағы Мұхтархан Ділдәбеков, Нұржан Сманов сынды бокс өнерінің майын ішкен майталмандардың бапкері Нұрғали Сафиуллин ағамыз мені баулып келеді. Жалпы, мен көптеген бапкерлермен бірге етене жұмыс істедім. Қазақстан құрамасының кезіндегі бас бапкері Дамир Буданбеков те мені бір жарым жылдай баулып, бойыма жақсы айла-тәсілдерді сіңіре білді. Ал өзбекстандық Михаил атты бапкерім мені жақсы даярлап, Афины Олимпиадасына алып барды.
Басқа жеңісін былай қойғанда, күллі әлем көз тіккен Афины Олимпиадасына екі миллиард қытай елінен бокстан тұңғыш болып арысы алаштың, берісі қазақтың қара домалақ Қанатының қатысуы ұлтымыз үшін де, ұлысымыз үшін де оңай мақтаныш емес екендігін қызғанышсыз айта аламыз. Бұл Қанаттың Алаш алдында абырой арқалауымен қоса, әлем сахнасында шаң көруі еді.
- Мен Афиныда бір майдан жеңдім де, екінші кезекте ұтылып қалдым. Сол жолы көңілімде үлкен сенім орнап, жүлденің ауылы алыс емес екендігін сезіндім. Афиныда 69 келі салмақта алтын медальды Бақтияр Артаев алды ғой. Күндіз-түні Бақтиярдың қасынан бір елі қалмай, жасаған жаттығуларын қадағалаумен болдым. Кейіннен Бақтияр чемпион атанғанда «оның жасағандарын мен де жасай аламын ғой, ол да қазақтың баласы, мен де қазақтың баласымын» деген ой келді. Осы ой мені төрт жылда көптеген жақсылықтарға жетелеп, жетістіктерге жеткізді, - деп Қанат бауырымыз сабырмен сыр ақтарды.
Расында, жүлдесіз оралдым деп жерге тығылған жігіт жоқ, ерді намыс қайрады. Күш атасын тани ма?! Екі миллиард қытайдан қарсылас таппаған Қанат былтырғы бүкіл құрлықтарды қобалжытқан Қытай Олимпиадасына қатысып, бағын сынады.
«Мен бұл жеңісімді дүние қазақтарына арнадым!», - деп шаршы алаңда ағынан жарылған Қанаттың өмірде досы, өнерде қарсыласы Бақыт Сәрсекбаев алтыннан алқа тағып, еліміздің туын төрткүл дүние жұртшылығы алдында желбіреткен шағында «өзім ұтылсам да алтын медальдың қазағымның мойнында кеткеніне қуандым» деген сөзді миллиардтың мінбесінде тұрып айта алған Қанаттың «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрғанын көрген қандастарымыздың тебіренбегені жоқ шығар.
Жырақта жүрсе де, жұрт тілегіне жүрегі жылыған Қанат Атажұртта алғашқы сөзін осыдан бастаған болатын.
- Мен үшін жаны ауырып, мен үшін риясыз қуанған еліме, жұртыма рахмет айтқым келеді. 12 жасымнан үйден ұзап, сыртқа шықтым. Талай мәрте қазақ болғандығым үшін шетке қағылдым, осының барлығы ішімде ашу-ыза тудырып «мен әлі қазақтың мықтылығын дәлелдеймін» деген сенім орнатты. Шабыт болып жанымды қамшылады. Өзімнің қазақ екендігімді ешбір сәтте ұмытқан емеспін. Әлі алда талай асу бар. Осы асуларда қазақтың мықтылығын әйгілеуге тырысамын....
Елге келген Қанатты жер бастырмай төбесіне көтеріп әкеткен жанкүйер жұрты «қолдан-қолға» қошаметпен өткізіп, тиісті құрметін көрсетіп жатты. «Қанат келгелі жатыр» дегенді жақындарымнан естіп жүретінмін. Қазанның 21 жұлдызында таңғы шай үстінде теледидарды қосып қалсам, мен күткен Қанатым экран алдында қонақта отыр. Ұлттық арнаның таңғы қонағы болып келген Қанатты көрген жерден ұшып тұрдым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» демеуші ме еді дана халқымыз. Жерлес, сабақтас досым ауылға келгенде жайғасып отыра алмадым. Жарыма дастарқан әзірлетіп, асығыс жиналып, жолға шықтым. Алып ұшқан көңілім адал ғой, алдамады. Ұлттық арнаның алдына барып сәл тұрғанымда, ақ маңдайы жарқырап, алаштың аяулы ұлы да сыртқа шықты. Құшақтасып табысып, төсімізді қағысып, қолымызды алысып, шүйіркелескен соң оғлан ұлды отауыма бастадым. Осылайша құрғанымызға ай болмаған отауымыздың алғашқы қонағы - Олимпада жүлдегері Қанат Сіләмұлы болды....
Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш боксшылардың бірі, Қанаттың сыйлас ағасы Нұржан Қаниоллаұлы осы күндері Қанаттың Қазақстандағы жол серігі болып ертіп жүрген-ді. Қанатты құрдасына табыстағанына қуанғандай Нұржан ағамыздың арқасы кеңіп сала берді. Мақтаумен марапаттан басы айналған Қанаттың да бір сәт құрбыларының қасында жүргісі келгендей, жарым күн менімен бірге болды. Сол жарым күнде «Қазақ радиосы», «Хабар» арнасы, «Жас қазақ», «Түркістан», «Ана тілі» қатарлы бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру барысында Қанаттың қасында болып, талай сырларына қанықтым. Жерлесіме жол серік болып жүріп сезінгенім - оның биік адами болмысы, қай ортада болмасын, қандай мақтауларға кенелмесін өзін ұстай білетіні. Сөзі салмақты, мінезі орнықты, ешбір менмендік, өр көкіректілікті көрген емеспін. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналар нақылын жадына жақсы тоқыса керек.
- Жетпеген арманыма Қанаттың жеткеніне қуанамын, Қанат бәріміздің мақтанышымыз,- деп жиі қайталайтын Нұржан ағамыз өзі бас болып, Қазақстандағы шеттен келген ағайындардың басын қосып, Қанаттың атажұртқа келуін айрықша атап өтті. Мейрамхана толы той қонақтарының алдында Қанатқа және оны тәрбиелеп додаға салған жаттықтырушысына темір тұлпар мінгізіп, иықтарына шапан жапты.
Жиналған жанкүйерлері Қанатқа деген ыстық ықылас, ізгі тілегін айтып, жеңісімен құттықтады. Оның алдағы Лондон Олимпиадасынан алтынан алқа тағып оралуына тілектестік білдірді.

Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ

«Айқын» газеті, 05.12.09.

 

0 пікір

Үздік материалдар