Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3833 0 пікір 2 Қараша, 2009 сағат 07:49

Тіл. Терісбаққан әрекеттердің тізбегі

Мемлекеттік міндетті атқару жолындағы қатынас құралы болып табылатын тілді бүгінде мемлекеттік немесе ресми тіл деп атау қалыптасқан. Қазақ тілі Қазақстандағы мемлекеттік тіл ретінде заң жүзінде бекігенімен, ол мәртебені толық түрде орыс тілі атқарып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде даму және оның қоғамдық ортадағы мойындалу деңгейін көрсететін жәйттердің өзі бұл саладағы  басты кедергілер болып табылады. Соларды атап өту арқылы мемлекеттік тілдің шынайы ахуалына көз жетеді.

1.Саяси кедергі.

Қазақ тілі  мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңдама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін

Мемлекеттік міндетті атқару жолындағы қатынас құралы болып табылатын тілді бүгінде мемлекеттік немесе ресми тіл деп атау қалыптасқан. Қазақ тілі Қазақстандағы мемлекеттік тіл ретінде заң жүзінде бекігенімен, ол мәртебені толық түрде орыс тілі атқарып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде даму және оның қоғамдық ортадағы мойындалу деңгейін көрсететін жәйттердің өзі бұл саладағы  басты кедергілер болып табылады. Соларды атап өту арқылы мемлекеттік тілдің шынайы ахуалына көз жетеді.

1.Саяси кедергі.

Қазақ тілі  мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңдама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін

1-тармақтың құзыретін айқындайтын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң он төрт жыл бойы қабылданбай келеді. Оның үстіне, 2-тармақтағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.» деген уәж қоғамда және құқықтық салада «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тілді алмастырады.» деген уәж ретінде қабылданған. Бұл қабылдамның нәтижесінде, орыс тілін қоғам үшін міндетті ортақ тіл ретінде орнықтыру  үдерісі аяқталды. Қалыптасқан бұл жағдайда, қазақ тілі қазақстандық өзге диаспоралар тілінің қолдану деңгейінде қалып отыр.

Мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде ресми және заңдамалық жағынан толық мойындалмаған; бұған мемлекеттік тілді дамытудың міндетін атқаратын мемлекеттік органның жоқтығымен көз жеткізуге болады. Тіл саясаты жөніндегі уәкілдік орган болып табылатын Тіл комитеті мемлекеттік орган деңгейінде емес, ведомостволық (министрлік қарауында) құзырдың аясында болғандықтан, мемлекеттік міндетті атқаруға қауқарсыз, құзырсыз. Сонымен бірге Тіл комитетінің міндеті мемлекеттік тілді емес, Қазақстандағы барлық этнос тілдерін дамытуға міндеттелген. Оның үстіне Облыстық, қалалық тілдерді дамыту басқармалары тікелей әкімдіктердің құрылымы, олар Тіл комитетіне қаржылық және әкімшілік тараптан бағынбайды.

Тіл саясатының негізгі нысаны ретінде қазақ тілін дамыту жатқызылмаған, нысан ретінде оған барлық  130-дан аса этнос тілдері жатқызылып отыр. Алайда, бұл тіл саясатының салиқалылығы емес, оның жүйесіздігі мен мақсатсыздығын тудырып отыр. Жүзден аса тілді бір елде дамыту мүмкін еместігі ескерілмеген. Мемлекетте мемлекеттік тіл ғана дамуға жататыны, ал қалған тілдер этностық ортақ қатынас құрал мен этностық мәдени нысан ретінде қорғауға алынатыны саяси нақты мақсат ретінде айқындалмаған және саясатқа айналмаған.

Мемлекеттегі ісжүргізім үдерісін бақылау тетігі айқындалмаған. Конституция қабылданған күннен бастап мемлекеттік тілде іс жүргізуге тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, басты заңның құзырына қайшы түрлі мерзімдерді ойлап табу арқылы ісжүргізімді мемлекеттік тілде жүргізуден астыртын түрде бас тартып келеді. Бұл жағынан Тіл комитеті тілдерді дамыту жөніндегі басты Уәкілдік орган ретінде оларды бақылау жөніндегі дербес шешім қабылдай алмайды және оны жүзеге асыру құзыры жоқ. Ал, Мемлекеттік қызмет агенттігі бұл мәселеден өзін өзі мейлінше оқшаулаған.

2.Экономикалық кедергі.

Мемлекеттік тілдің дамуына бөлініп жатқан қаржы жалпы алғанда қомақты болғанымен, Тіл комитеті тарапынан құралған бұл бюджет барынша сарапталып айқындалған мақсаттарға емес, жолайы және субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларды қаржыландыруға жұмсалып келеді. Оның үстіне, мемлекеттік тілді желеу етіп бөлінген жергілікті билік деңгейіндегі қаржы да аса қомақты, бірақ олардың қандай мақсатқа және нәтижеге жеткізіп отырғандығы беймәлім. Қыруар қаржы көзінің тиімділігі үлкен күдік туғызады; әсіресе, тіл оқыту мәселелеріне миллиондап бөлініп жатқан қаржының тиімділігі аса төмен, бұл жөнінен әлі күнге мониторинг жасалған емес, әрбір мемқызметшіге қанша ақша бөлінді, оның нәтижесі қандай деген сауал сол күйінде қалуда; жалпы бұл мәселеде тиімді тактика қарастырылмауда. Қыруар қаржы бөліп тіл оқыту үрдісін ұйымдастырғаннан гөрі, тіл үйренушіге әлдеқайда тиімді тілдік орта жасақтау саясаты қолға алынбай отыр.

3.Менеджменттік кедергі.

Қазақстандағы қазақ тілінің орны нақты айқындалмағандықтан, әлі күнге оны мемлекеттік тіл ретінде қолдану мен лингвистикалық нысан ретіне дамыту шатасқан шаралардың көрінісі болуда. Бұл саладағы менеджменттің төмендігі қазақ тілінің даму және ену нысаны ретіндегі мақсаттардың нақтыланбағанынан туындап отыр. Соның кесірінен, Тіл комитетінің басты бағыты бұлдыр, ішкі құрылымы тиісті бағыттар мен міндеттерге сәйкестендірілмеген. Тіл комитеті мен Тілбілім институтының аражігі ажыратылмаған және Тіл комитетінің өзге салалар мен ведомостовалармен қатынас деңгейі де шешілмеген. Айталық, Тілбілім институты қазақ тілін дамытуды лингвистикалық ғылыми тұрғыдан қолға алу үрдісінде Тіл комитеті қандай деңгейде қатысуы керек, институтқа жоғарғы орган ретінде ме, тапсырыс беруші ме болмаса серіктес ұйым ретінде ме - беймәлім. Ал, сол институт пен Білім және ғылым министрлігінің ара жігі қандай екені тағы беймәлім. Содай-ақ, мемлекеттік тілдің енуіне бірден бір мүдделі орган болуға тиісті Мемлекеттік қызмет агенттігінің әлі күнге мемлекеттік қызмет аясындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін қарастырмауы мүлдем түсініксіз жәйт. Ең бастысы, мұның бәрін реттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның болмауы аталған мәселедегі парадокстық ахуалды одан әрі қоздыруда.

4.Лингвистикалық кедергі.

Қазақ тілін дамыту барысы кәзіргі кезде лингвистикалық мәселелердің шешіміне тәуелді болып отыр; әсіресе, тілдің орфографиялық және орфоэпиялық, фонетикалық және транскрипциялық, сондай-ақ ономастикалық салалар бойынша тұжырым мен стандарттың жоқтығы, қазақ тілінің одан әрі дамуы мен қоғамдық ортаға сіңісуін тұйыққа тіреуде.

Қазақ тілінің лингвистикалық проблемалары жекелеген ғалымдар мен бірен-саран тіл жанашырлары тарапынан жекедара көзқарас ретінде ғана айтылып, мәлімделуде. Ғылыми конференциялар мен отырыстардың қарарлары мен шешімдері, ұсынымдары тыңғылықты іске аспауда, олар қазақ тілін дамыту мен енгізуде стратегиялық және тактикалық жұмыс жоспарын жүзеге асыратын жүйеге айналмауда.

5. Қоғамдық кедергі.

Бұл кедергі, шын мәнінде, тілдік ортаның қаншалықты екенінен туындайды. Қоғамда белгілі бір тілдік орта қаншалықты болса, тілдің қолданымы да соншалықты деген сөз. Ендеше, тілдік ортаның аумағын қарастыру арқылы қоғамдық кедергіні де анықтауға болады. Тілдік ортаның аумағы ретінде мыналарды атап өтеміз: мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық құрылымдар және қоғамдық ұйымдар, БАҚ. Тілдік ортаны жасақтайтын тілдің екі түрлі сипаты бар: ауызекі және жазба тіл, соған сәйкес қазақ тілінің де қолданым аясы әр алуан болуда. Тілдің аталған екі сипатын қарастыру арқылы, бұл мәселе бойынша шынайы көрініске көз жеткізуге болады.

Мемлекеттік ұйымдар.

Мемлекеттік тілді ауызекі қолдану мемлекеттік ұйымдарда тұрмыстық деңгейде, одан қалды әшекей ретінде қолдану кең тараған; ауызекі қазақ тілі сәлемдесумен, қызметшілердің өзара жекелей пікірлесуімен ғана шектеледі. Ресми отырыстарда жұмыс тілі есебінде емес, сәлемдесу, кіріссөз бен түйінсөз ретінде, мемлекеттік тілдің атқарымпаздық үдерісі емес, әлдебір рәміздік кейпі ғана қалыптасқан.  Мемлекеттік ұйымдарда қазақтілді азаматтардың бар екендігіне қарамастан, оларды сол тілде сөйлеуге икемдеу, міндеттеу немесе ынталандыру мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған. Қазақша сөйлеуге мүдделі азаматтардың сөзі аудармамен қамтылмайды және ол ресми әрі хаттамалық дәстүрге енгізілмеген, техникалық жағынан ілеспе аударма штаттық кестемен және құралдармен қамтылмаған.

 

«Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру» науқаны өзін өзі ақтамайтын шара. Ол мемлекеттік ұйымдардағы жазбаша тілдік ортаның орыс тілінде қалыптасқандығын, мемлекеттік тілде жазбаша ортаның жоқтығын көрсететін айғақ болып отыр. Тілдік ортаның маңызын түсінбегендіктен, оған қарабайыр жолмен кірісуден туылған тұрпайы әрекет себеп болуда. Нәтижесінде бұл бағыттағы әрекеттен ешбір тыңғылықты тіл дамуы байқалмай отыр. Оның үстіне әлі күнге қандай құжат қай тілде жазылатыны, мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілде қандай деңгейді меңгеруге міндеттілігі айқындалмағандықтан, аталған істің бәрі құзыры мен мәртебесі беймәлім аудармашыға жүктелген. Сөйтіп, мемлекеттік тіл ресми жұмыс тілі емес, аударынды түріндегі жансыз мұрағаттың шала өніміне айналуда.

Биліктің сот, парламент бұтақтарының ресми тілі орыс тілі болып табылады. Мемлекеттік тілде сот ісін жатық жүргізетін сот төрешілері тапшы. Қазақтілді азаматтардың мүддесі аударма арқылы орыс тілінде жүргізіледі. Қазақтілді депутаттардың өздері депутаттық сұрауларын атқару билігінің өкілдері үшін орыс тілінде мәлімдеуге дағдыланған және қоғамды соған көндірген.

Ішінара жекелей жүргізілген тестілеу қорытындысына назар аударсақ: тестілеуге жергілікті атқарушы органдардан 1643 мемлекеттік қызметшінің 1352-сі, яғни 82,2 % қатысқан тестілеу қорытындысы бойынша - олардың 33,7%-ның мемлекеттік тілде іс жүргізе алатыны, 35%-ның пайызының іс жүргізуге мүмкіндігі бары, 20,3%-ның іс жүргізе алмайтындығы, 11%-ның тілді мүлде білмейтіндігі анықталды. Бұл - жергілікті деңгейде, мемлекеттік тілсіз де мемлекетті басқару мүмкіндігінің әбден орныққан көрінісі.

2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. Бұл білім саласындағы ел бойынша мемлекеттік тілдегі білім беру жағдайын көрсететін ахуал. Білім беру мекемелеріндегі қазақ тілінде білім мен тәрбие алушылардың, шын мәнінде, ауызекі және жазбаша қазақ тілін меңгеру  жағдайы аса төмен. Балалар өз ойын қазақша білдіре алмайды, бұл әсіресе, қазақтілді қала балабақшалары мен мектептеріне тән.

Коммерциялық құрылымдар.

Қазақстандық коммерциялық құрылымдар істерін бірыңғай орыс тілінде жүргізеді. Тіпті, қазақтілді азаматтар құрған фирмалардың өзі орыстілді қызметшіні жалдап ісжүргізімді орысша жүргізуге мәжбүр.  Ал, шетелдік фирмалар ауызекі тіл ретінде өз тілдерін қолданып, ал ісжүргізімі - бірыңғай орыс тілінде. Мұның бәрі сайып келгенде, коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік сектор арасындағы қатынастың тек қана орыс тілінде біржақты қамтылғандығын көрсетеді.

Қазақстандық коммерциялық құрылымдар үшін қазақтілді тұтынушылар құқығы басты емес. Мысалы, әлі күнге дейін банктерде тұтынушыларға арналған қазақтілді бланктар жоқ, олар тұтынушыларға орыстілді келісімшарттың мәтінін ғана ұсынады, компьютерлері қазақ қарыптарымен әлі күнге қамтылмаған.

Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана қолға алынады. Осыдан келіп, қазақтілді жарнама жасаушы кәсіпкерлік те атымен жоқ. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматы қаласындағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер тіл саясатында тууы мүмкін даудан қашқақтағаннан, амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт қазақшалаумен шектеледі. Ал, сауда орындарындағы импортталатын өнімдердің 10%-ы ғана қазақша жапсырмалар (этикетка) мен нұсқамаларды (инструкция) қамтиды, қалғаны орыс тілінде не басқа шет тілдерде.

Қоғамдық ұйымдар.

Қазақстандағы қоғамдық сектор тек қана орыс тілінде күн көруде. Қоғамдық ұйымдарды қаржымен қамтитын, тапсырыс жасайтын донорлық және халықаралық ұйымдардың барлығы дерлік тек қана орыс және ағылшын тілдерінде қатынас жасайды. Ішінара кейбіреуі ғана конкурстарды қазақша хабарлағаны болмаса, негізгі шаралардың барлығы дерлік орысша өтеді, қазақтілді тілмаш тартылмайды. Бұл жәйт қоғамдық сектормен қатынас жасауға тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынбайды. Нәтижесінде елде қазақтілді азаматтардың белсенімі енжар, қоғамдық-саяси және әлеуметтік шаралар мен науқандардан тыс, азаматтық құқықтарын талап ету мүмкіндігі төмен, қоғамдық-әлеуметтік ақпаратпен қамту жоқтың қасы. Қоғамдық үдерістен тілдік орта арқылы шеттетілген қазақтілді азаматтар өз тұрғысын талап ететіндей қоғам мүшесі болып қалыптаспауда.

Бұқаралық ақпарат құралдары.

Елдегі қоғамдық мәлімет көзіне қарағанда, (бұл сала бойынша ресми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан аспайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі. Бұл ахуал қазақтілді БАҚ-тардың деңгейі қаншалықты екенін көрсетеді. Қазақтілді БАҚтар күрделі кіріптарлықты бастан кешуде, оны былайша атап өтуге болады:

-         қаражаттық кіріптарлық; елдегі жарнаманың 100%-ы орыс тілінде беріліп, кейбіреуі ғана қазақшаға амалсыз аударылады, соған сәйкес қазақтілді БАҚтарда жарнамадан табыс табу аса төмен; олардың 90%-ы мемлекеттік бюджетке тәуелді;

-         саяси-идеологиялық кіріптарлық; қазақтілді журналистерді мамандыққа даярлайтын оқу орындарының көпшілігі қазіргі заманғы журналистиканы меңгермеген, кеңестік дидактикадан арылмаған, тоталитарлық санадағы насихатшылыққа негізделген;

-          біліктілік кіріптарлық; қазақ журналистері ескі әдістемелік оқу жүйесімен, практиканы меңгермеген күйі диплом алып шығуда, олар өздерінің қоғамдық миссиясын күнкөріспен ғана шектеуде, ал орыстілді журналистер қомақты табыс табуда.

6. Техникалық кедергі.

Қазақ тілінің замандық техникаларға сіңіспеуі де басты кедергінің бірі болуда. Бұл, әсіресе, электрондық техникалық салаға тән жәйт. Қазақстанға импортталатын барлық тұрмыстық және ұйымдық техникалардың барлығы дерлік мемлекеттік тілге сәйкестілігі қарастырылмастан, тұтынымға түсуде. Нәтижесінде елдегі миллиондаған ұялы байланыс тұтынушылары қазақ тіліндегі ақпараттан тыс қалып келеді. Тиісті органдар, ең болмаса, қазақ тілінің латындық волотюк (бейресми, азаматтық қолданысқа арналған уақытша әліпби) нұсқасын да бекіту жөнінде мәселе қоймауда.

Қазақ тілінің электрондық кеңістікті меңгеру мәселесі күрделі күйде қалып отыр. Елдегі электрондық сайттар мен порталдар бірыңғай орыс тілінде дамуда, ал мемлекеттің қамқорлығынсыз нығаю мүмкіндігі жоқ қазақтілді электрондық кеңістікті игеру саласы енді ғана қолға алынуда. Мемлекеттік органдардың барлығы дерлік электрондық ақпараттарын тек қана орыс тілінде тыңғылықты таратуда, ал қазақтілді ақпарат өнімдері жүрдім-бардым деңгейде. Нақты да жүйелі түрде қазақ тілін электрондау саясаты әлі қолға алынбауда.

ІII. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру жолындағы ұсыным

1. Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру бойынша Конституцияның 7-бабының 2-тарауы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.» түрінде өзгертіліп болмаса «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылданғаны жөн.

2. Заңдама талабын жүзеге асыру үшін «Қазақ тілін мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіру»  жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өз алдына бекітілгені мақұл. Бұл қазақ тілін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің барлық жұмыс үдерісі мен олардың коммерциялық құрылымдармен, қоғамдық  ұйымдармен және Қазақстан аумағындағы өзге де шетелдік алуан ұйымдармен қатынас құралы ретінде қалыптастырып, нығайтуын жүзеге асырудағы басты құжат болуы керек.

3. Бағдарламаны жүзеге асыруға тиісті Тіл комитеті тікелей үкіметке немесе Президент аппаратына қарасты Ішкі саясат департаментіне қарауы керек.

4. Мемлекеттік тілді дамыту мен елдегі өзге диаспоралар тілін қорғау мәселесі Ішкі саясаттың ажырамас бөлігі болып табылуы қажет. Қазақ тілінің кәзіргі жағдайы ең алдымен орыс тілінің деңгейімен теңестірілуі басқы мақсат етіп қойылуы керек. Бұл саясаттың негізі қалыптасқан біртілділікті (орыстілділікті) өзара кірігіңкі қостілділікпен ауыстыруды қамтуы қажет. Өзара кірігіңкі қостілділік - қазақтілді қызметшіге кемінде орыс тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғу, ал, орыстілді қызметшіге кемінде қазақ тілінің ауызекі төменгі деңгейін ұғуды міндеттеу арқылы екіжақты бірыңғай тілдік түсіністікке жеткізетін ең төменгі сатылық шарт. Бұл - мемлекеттік тілді мемлекеттік дәлізге енгізудегі алғышарт болып табылады.

5. Мемлекеттік дәліздегі тарылған қазақ тілі үшін тілдік орта, қазақтілді қызметшінің құқығының бұзылу айғағы ретінде мойындалып қоймай, мемлекеттік рәміздің бірі саналатын мемлекеттік тілдің мәртебесінің аяққа басылуы ретінде танылуы керек. Сондықтан да әрбір отырыс, жиналыс пен форумдар мемлекеттік тілсіз өтуін заңды бұзу ретінде танылатындай, заңдамалық өзгерімдер мен толықтырымдар қабылдануы керек.

6. Мемлекеттік тілді дамыту белгілі бір дәрежеде қоғамдық құндылыққа айналуы керек. Ол үшін қазақ тіліне деген жанашырлық қоғамдық тараптан туылатындай шаралар ұйымдастырылып, қоғамдық жобалардың атқарылуы мемлекет пен коммерциялық тараптан қолдауға ие болуы қажет.

7. Әрбір мемлекеттік, коммерциялық, қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік тілдегі ақпарат өндіру қабылеті бақыланатындай шаралар жасалуы керек.

8. БАҚ-тардағы қазақтілді өнімге деген талап айқын да жоғары болатындай көрсеткілер (индикаторлар) белгіленуі керек және сол бойынша тұрақты мониторинг жасалуы тиіс.

9. Әрбір жоғарғы оқу орнының қазақтілді өнім өндіру қабылеті ондағы оқытушылар әзірлеген оқулықтар мен әдебиеттердің саны мен сапасы арқылы өлшенгені мақұл. Ал, әр мектептегі оқушының қазақ тілін меңгергендігі сол тілдегі ауызекі ой білдіру деңгейі мен жазу қабылетімен тексерілгені дұрыс.

Баянды бекіткен ұйымдар:

«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі, Алматы

«Ұлт тағдыры - Астана» қоғамдық бірлестігі, Астана

«Арда» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе

«Анатіл» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе

«Детар» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда

«Сайлаушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда

«Мәртебе» қоғамдық қор, Қызылорда

 

(Сараптамалық баян қысқартылған күйде жарияланды)

0 пікір