Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3569 0 пікір 13 Қазан, 2009 сағат 09:10

Еренғайып Қуатайұлы. БАЛБАЛ ТАС – БАБАМНЫҢ КӨЗІ (жалғасы)

23 маусым 2009 жыл

Тәтті ұйқыда жатыр екенбіз, Ерекең сирағымыздан суырып алды. Сағат түңгі 3.00. Бір байқағаным, партия хатшысында ұйқы жоқ. Құс ұйқылы. Тұрсын Жұртбай айтатын ер Бауыржан мен Ержан көліктерін киіз үйге  тіреп қойыпты. Екеуіне төрт-төрттен бөлініп отырдық. Бірінші балбал тас 43 шақырым жерде тұр. Моңғолияның батысына қарай жол тарттық. Бөкен тауын бөктерлеп, шатпен өрлеп, Қобда өзенін жағалап келеміз. Жерде қылтан да жоқ. «Түнде жеген қойымыз майдан жүре алмаған сияқты, не жеп семірген?!» деп қоямыз. Қаратұмсыққа келгенде Сақсай алақандағыдай көрінді. Сақсайды жанай өтіп, Баққарағайдың аузына барып бір-ақ тоқтадық. О құдірет, қолында құмырасы бар бабамыз бізге қарап тұр! Биіктігі 1,5 метр. Біразға дейін жанына бара алмай тосылып тұрып қалдық. Бір тылсым күш бары анық. Дәуірлер бойы адам баласы іздеп таба алмаған өз қалыбын тапқандаймыз. Кешелі бері мұражайлардан көрген балбал тастар мұндай сезімге бөлей алмап еді. Кешкен күйімізді сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Бұл осыдан он бес ғасыр бұрын орын тепкен өзінің табиғи мекенінде тұр. Сонысымен құнды! Сонысымен құдіретті! Бабаларымыз бұл мүсінді осы жерге өз қолымен орнатқан!..

23 маусым 2009 жыл

Тәтті ұйқыда жатыр екенбіз, Ерекең сирағымыздан суырып алды. Сағат түңгі 3.00. Бір байқағаным, партия хатшысында ұйқы жоқ. Құс ұйқылы. Тұрсын Жұртбай айтатын ер Бауыржан мен Ержан көліктерін киіз үйге  тіреп қойыпты. Екеуіне төрт-төрттен бөлініп отырдық. Бірінші балбал тас 43 шақырым жерде тұр. Моңғолияның батысына қарай жол тарттық. Бөкен тауын бөктерлеп, шатпен өрлеп, Қобда өзенін жағалап келеміз. Жерде қылтан да жоқ. «Түнде жеген қойымыз майдан жүре алмаған сияқты, не жеп семірген?!» деп қоямыз. Қаратұмсыққа келгенде Сақсай алақандағыдай көрінді. Сақсайды жанай өтіп, Баққарағайдың аузына барып бір-ақ тоқтадық. О құдірет, қолында құмырасы бар бабамыз бізге қарап тұр! Биіктігі 1,5 метр. Біразға дейін жанына бара алмай тосылып тұрып қалдық. Бір тылсым күш бары анық. Дәуірлер бойы адам баласы іздеп таба алмаған өз қалыбын тапқандаймыз. Кешелі бері мұражайлардан көрген балбал тастар мұндай сезімге бөлей алмап еді. Кешкен күйімізді сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Бұл осыдан он бес ғасыр бұрын орын тепкен өзінің табиғи мекенінде тұр. Сонысымен құнды! Сонысымен құдіретті! Бабаларымыз бұл мүсінді осы жерге өз қолымен орнатқан!..

Желкесінде  сарқырап Сақсай өзені ағып жатыр. Арқасында көгеріп Көкадыр тауы тұр. «Сақсай» сөзі туралы «осы сайда сақтар мекендеген шығар...» деп жорамалдадым. Мүсін тас пен Сақсай атауында қалай да байланыс бар. Балбал тас біткеннің шығысқа қарап тұратын заңы. Бұл балбалдың жоқ іздеп батысты бетке алған біздің алдымыздан ұшырасқанында да бір қисын бар...

Сақсай оңтүстікке қарай қозы көш жер ағып барып Қобдаға құяды. Өзеннің басы сайға ұласып, жасырынып қалған. Күн әлі шыға қоймаған. Таң бозарып атып келеді. «Балбалды фотоға түсіретін уақыт енді басталды» деп Ерекең көктен іздегенін жерден тапқандай қуана қимылдап жатыр.

Сақсай өзенін жағалап Бітеуге қарай беттедік. Бес шақырым жер жүріп екінші мүсін тасқа ұшырастық. Мұхтар Мағауиннің «Алла!» деп етбетінен түсетін балбалы осы. Бұл жерді жергілікті халық Ақтомпақ дейді. Қыр мұрынды, қабағы түксиген, қолында құмырасы бар алып мүсін адам баласының мысын басады-ақ. Сұраш шабыттана өлең оқыды. Ақтомпақ дегені - үйілген ақ құм. Мойма яғни, жүн жуатын цехтың орны. Кезінде Иван деген орыс бұл жерде жүн қабылдапты. Балбал тас әуелгі өз орнында емес. Көшірілген. Оның тарихын Жанарбек біледі екен. «Кезінде осы ауылға да орыстар келген, олармен бірге ұлтсыздандыру саясаты да қатар жүрді. Сол кезде мына тасты олар трактормен басып сындырмақ болған. Қандай құдіреті барын кім білген, тас сынбаған. Сосын мұны өзен аңғарына әкеліп тастапты. Кешікпей орыстар кеткен соң біздің әкелеріміз, биіктеу жер ғой деп, Ақтомпақтың үстіне тұрғызған» деді Жакең мұңайып. Балбал жерден 1 метр 20 см. биіктікте тұр. Дене пошымына қарағанда, тағы бір метр жерде жатыр. Өйткені ұстаған құмырасының түбі жерге тиіп тұр. Ені 80 см. Қалыңдығы 35 см. Құлағында сырғасы бар. Баққарағайдағы балбал  қызғылтым еді, ал бұл ақшылтым. Ақтомпақ балбалы теңіз деңгейінен 2 473 метр биікте тұр. Сонау жерден іздеп келгеніміз осы ғой, жан-жағынан фотоаппаратқа, бейнетаспаға түсіріп алдық.

Оңтүстік батысқа қарай жол тарттық. Қарағанды тауының етегімен өрлеп келеміз. Сеңгілге дейін 45 шақырым жер бар. Жол нашар, әлі екі сағат жүретін сияқтымыз. Үшқара мойнағынан асып түскен соң-ақ жақындағанымызды сездік. Тау қойнауы толы мал. Түп-түп қарағаны үшін Қарағанды аталған-ау. Сеңгіл Қобда өзенінің біз жағында орналасыпты. Ауыл әкімінің үйіне түстік. Мән-жайдан кейін отағасы «партияға тас не керек, адам керек емес пе?» деп бір мысқылдап алды. «Қазір партияға адам керек болмай қалған» деген сөзімді ішке бүгіп қалдым. Тысқа шыққанда «Мына кісі мені қатырды, а!» деп Ерекең әкімнің юморына тәнті болғанын жасырмады. Жалпы қағытпа қалжың, әдемі әзіл Баян Өлгей қазақтарына тән қасиет. Өле жатқаны мысқыл айтады. Және соған ашуланып ерін баурына ала тулап жатқан ешкімді көрмейсіз. Тағы бір қасиеті - кездесе қалсаң, шүйіркелесе кетеді. Бір-бірімен, кем дегенде, бір сағат амандасады ғой. Әке-шеше, бала-шаға, ауыл-аймақ түгел қамтылады...

Әкім өзеннің аржағында екі балбал тастың барын айтып қуантып тастады. «Судан сіздердің көліктеріңіз өте алмайды, қазір мен шақыртайын» деп телефонына қол салды. «Жалпы балбал тасты таңертеңгі сағат онға дейін түсіріп алу керек, әйтпесе күн тас төбеден түсіп, бейнесі анық көрінбей қалады» деген Ерлан Тынымбайұлының уайымына орай көлік те тез келе қалды. Онға дейін әлі бір жарым сағат уақыт бар. 66 көлігі ышқынып Қобда өзенін жарып келеді. Өзеннен өте оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде екі тас тұр. Бірі жіңішке, бірі жалпақ. Биіктігі 2 метр 50 см. Төңірегі тола қорған. Жіңішкесі сұры, жалпағы көкшіл. Көк тастың ені 50 см. Сұрысы 30 см. Сұры тастың басында адам басы бейнеленген. Төмен жағына ою салынған. Ал көк таста тек дөңгелек белгі қашалған. Бір қызығы, бұл екеуі оңтүстікке қарап тұр. Ғажап! Тұрған жерін шамамен Ақсу өзенінің Қобдаға құяр тұсы деп мөлшерледік. Өзеннің Ақсу аталуы - суы аппақ. Бесбоғда тауынан басталып Қобдаға құяды.

Әкімнің аты Мәңкей екен. Өзінің айтуынша, бұл атау ертедегі манжы билігінің бір шені болса керек. Әкесі ұлын шенді болсын деп ырымдап Мәңкей қойыпты. Көрмейсіз бе, әке арманы орындалып, оның білдей бір ауылдың әкімі болып отырғаны. Әкімшілік алдынан атақты палуан Әбдіқажының 1946 жылы көтерген тасын көрдік. Астына үш тас қойып, қазан ошақ сияқты орнатыпты. Палуан көтерген тастың салмағы - 306 кг.

Қобданы өрлей жағалап әрмен кеттік. Жыланды жайлауына жол тарттық. Күннің қызуы енді білінді. Аспанда бір шөкім бұлт көрінбейді. Көкпеңбек. Мәңгі көк аспан елі десе дегендей. Өзен жағасында қаңқылдаған қаз, шаңқылдаған шағала, қоқиқаз, саралақаз сынды құстардың қосылған концерті өтіп жатқандай. Ара-тұра аспаннан шаң етіп кезқұйрық та қосылып қояды. Аракідік жолымызды тараққұйрық кесіп өтеді. Өзен жағасы жап-жасыл қалы кілем іспетті. Көк майсаң. Шалқадан түсіп жатар ма еді, шіркін! Өзен таудан тасып ағып жатыр. Тап-таза. Жата қалып ішуге болады. Оң қапталы биік-биік шағыл тас. Бәлкім мұнда бүркіт те бар шығар. Жолды өзеннің жағасына салыпты. Жол деген аты ғана. Басқа жер жоқ. Жердің бәрін тау иемденген. Ар жақта сайдың аузынан Кемелек кені көрінді. Жыландыға жақындаған сияқтымыз. Бағана әкім «Кемелектен кейін көп жүрмейсіңдер» деген. Бұл кеннен вольфром шығады. Қобда солтүстік батыстан ағып келіп Жыландының аузынан өтеді екен. Ал біз енді өзенмен қоштаса тұрып оңтүстік батысқа беттеуіміз кәдік. Ағаш көпірден өте қалып Бауыржан көлігін тоқтатты. Күн тас төбеде тұр. Өзенге күмп-күмп түстік. Тастай. Рахат!

Жыландының ішіне кірдік. Күнгейі жалаңаш. Теріскейі орман. Ортасында Жыланды өзені ағып жатыр. Жанға жайлы, малға қолайлы өңір. Айнала толы қорған. Бұл жерді Сұраштар бекер таңдамапты, алты бірдей ғажайып балбал тас тұр. Әрқайсысының арасы 2-5 шақырым. Олжа деген осы! Бас жағында тұрғаны тіпті керемет: әкесі мен шешесі екі баласын алдына алған. Ғажап! Мұнда біз екінді уағында жеткенбіз. Күн балбалдың желке тұсына барып алған. Фотоаппаратқа шағылысып, бейнесін дұрыс түсірмейді. Амал жоқ, таңды күтуге тура келді. Ерекеңнің қолында анау-мынау фотожурналистің қолына түсе бермейтін аппарат бола тұра солай шешті. Байқаймын, балбал тас үшін түн ұйқысын төрт бөлуге бар.  Алып шыққан тамағымызды Сеңгілге жетпей жеп тауысқанбыз. Сұраштың ұйғаруымен Жыландының басындағы ауылдарға барып қонатын болдық. Көз жетер жерде шашылған жұмыртқадай ақшаңқан үйлер ағараңдайды. Қаз-қатар тізілген. Найман қарағайды жағалап соқпақ жолмен ырғалып-шайқалып бір ауылға жеттік. Бұл жақта екі үйді де ауыл дейді. Біз алты үй тігілген ауылға ат басын бұрдық. Бұл Жыландының басы. Ауылдың келін-кепшегі қой саууға кіріскен. Жігіттер жылқы ащылатып әлек. Ащы жеген жылқының қазысы дәмді болады.

«Он адамды қалай қабылдар екен» деп қорғалай басып біріне бас сұқтық. Қарын аш. Іште ит ұлиды. Терлеп-тепшіп шай жатыр едік, отағасы үйге қой сүйреп кірді. «Құтты қонақ болыңыздар, бата жасаңыздар!» дегенде бір-бірімізді түртісіп қуанысып қалдық. Жаз жайлау болса да от жағып отыр жұрт. Таудың басы. Күн суық. Тысқа шығып, төңіректі шолып қайттық. Бір қазан қылып майбауыр пісіріп қойыпты. Ал соқпайсың ба! Етке қарай да алмай қалдық. Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді, сол майбауырдың дәмі-ай!..

Ерекең таңғы төртте тұратынымызды «естіртті». «Онсыз да ұйқымыз шала, алтыда тұрсақ та үлгереміз» дегенге қаратпады. Бірақ құдай тілеуімізді беріп, түнде басталған жаңбыр алтыға дейін жаумасы бар ма?!. Алтыда тұрып аттанып кеттік. Қара қошқыл  бұлттар жөңкілеп жөніне кетті. Аспан шайдай ашылды. Құдайдың өзі бізге қолғабыс жасағандай. Құстар әнге басты. Көкектің үні ерекше шығады. Кешегі олжаны Ерекең суыр аңдығын аңшыдай жата қалып түсірсін. Әке-шешесінен гөрі екі баласының бет-бейнесі анық. Одан төмен 200 метр жерде басы жұлынған балбал тұр. Мал сүйкеніп сындырған тәрізді. Ал мына балбал өзінше ерекше. Өзі жіңішке. Сақал-мұрты анадайдан көрінеді. Бойы 1,6 метр. Артында 4х4 көлемінде қорған бар. Ал алдында 60 метрлік дәліз жасалған. 5 метр сайын тас қағылған. Шамасы, отырған сарбаздар іспетті. Балбалдар тұрған жердің теріскей беті орманды тау. Жал-жал болып өскен қарағай. Ал күнгей беті жалаңаш тау. Қоржын толы. Көңіл тоқ. Талдыда жатқан атақты Ұлтарақ байдың басына барып құран оқыдық. Ағаштан салған алты қырлы қорған алыстан көрінеді. Тақтайды ешкінің майына қайнатып, жылқының қылын шылап жасаған бейітке 100 жылдай уақыт болған. Со күйі тұр. «Ұлтарақ байдың жылқысы Жыландыдан су ішкенде өзен құрып қалады» деген әңгімені жұрт аңыз қылып айтады.

Сағат онға дейін Қуүйдегі атақты балбалды түсіріп үлгеруіміз керек. Ол Моңғолия мен Қытайдың шекарасы түйіскен жерде. Яғни, Моңғолияның батыс нүктесі. Бауыржан көлігіне қамшы бассын-ай келіп! Кеше өткен Жыландының ауызындағы көпірден өте қалып оңға бұрылдық. Самырсын шатқалын жағалап өрлеп келеміз. Қарсы беттен Қобда өзен ағысы қол бұлғайды. Баукең төте тартып Құлын өзенінің Қобдаға құятын тұсынан өте шықты. Су белуардан келді. Бесқарағайдың астымен өтіп, Шүмектің көпіріне келгенде «жақын қалдық» деп бізді сабырға бір шақырып алды. Қолағаш өзені бойымен жүйткіп келеміз. Оң қапталымызда Даян (Дайын) көлі. Өзен жағасындағы көлшіктерде қос-қостан аққулар жүзіп жүр. Уайымсыз. Сарыалақаз бен қоқиқаздың отаны осы жер сияқты. Бізге тырналар да маңғаздана қарайды. Арқалық асуына жақындағанда, сізге өтірік, бізге шын, бес қадым жерден бүркіт ұшты. Тояттап алған, әрең көтерілді. Асудан асып түскенде таяқ тастам жерде Қуүй тұр. Орыс ғалымдарының «бұл христиан дініндегі адам, мойнындағы крест» деген байламына, түркітілдес ғалымдардың «оның мойнындағы крест емес, тұмар» деп нақты уәж айтқан атақты балбалдың жанында тұрмыз. Ғажаптың ғажабы! Қияқ мұртты. Былай қарасаң, Мағауинге ұқсайды. Бет-пішіні айқын. Ерекше мүсін! Түсі қара көк.

Арқасында 200 метр жерде Асылбек батырдың бейіті жатыр. Көбеш батырға қытай билеушілері иелігіңдегі ел-жұрттан мал жинап бер деген әмір түседі. Кепілдікке 18 жастағы баласын алып кетеді. Сонда 18-дегі Асылбек «Әкем мен үшін елді жылатып, жанын бағып отырған малын қытайларға алып бермесін. Ел үшін менің жаным пида» деп дұғай сәлем жолдап жібереді. Көбеш батыр баласының дегеніне көніп, қытай билеушілерінің заңсыз салығын беруден бас тартқан. Межеленген мерзім біткен соң қытайлар Асылбектің басын алып әкесіне жібереді. Денесінен ажыратылған басты арулап көмеді. Кейіннен денесін әкеліп бастың басына бөлек жерлейді...

Өңірдің орман инспекторы Ахмет Шәпейұлы «алыстан келген екенсіздер, сіздерге көрсететін тағы бір нәрсе бар» деп тошала үйдің ығына ертіп барды. Жерде сұлқ түсіп балбал тас жатыр. «Әнеу күні шекарадан қытайлардың көлігін тінтісем, мынаны алып кетіп бара жатыр екен, дереу түсіріп алып қалдым» деп ыржиып тұр. «Міне, азамат» деп Ерекең оның қолын алды. Рас, әлгі халықаралық «Түркі дүниесіне қосқан үлесі» сыйлығына Ахмет неге лайықты емес?! Ол үшін міндетті түрде кірпіштей кітап жазу керек емес болар.

Күн төбеге жақын қалды. Қаратастан түстеніп алдық. Жамағайындар қой соямыз деген. Оған қарамадық. Мейіздей кептірілген сүр еттің қойдан несі кем?! Ащыбұлақ мойнағынан асып түсіп, Қаракөлді жағалап келеміз. Толқыны жағаны ұрып буырқанып жатыр. Көл деген көкшіл болушы еді, ал бұл Ащыбұлақтан қап-қара болып көрінді. Жергілікті жұрт тереңдігін әсірелеп түпсіз көл деп те айтады. Жағасында жайлап ел отыр. Жолда қорған қазып жатқан археологтарға дамылдадық. «Әй, мыналар біздің ата бабамыздың көрін қазып жатыр ғой» деп Жанарбек пен Ержанды айдап салдым аналарға. Сөзім екеуіне де оңай тиген жоқ білем. Жанарбек екі бүйірін таянып алып көрдегі екеуіне кіжініп тұр. Олар үш метр төменде. Қатарынан жатқан үш адамның сүйегін аршып болып қалыпты. «Дереу андағыны қайта көміңдер, әйтпесе өздеріңді осы жерге көміп кетемін» деп Жакең жуан білегін көрсетіп үлгерді. Оған Ержан қосылсын. «Қазір жігіттерді жинап атпен келемін де бытырлатамын» деп ашуланып тұр. Археологтар аймақ әкімінің рұқсат қағазын мен Ұланбатырдағы археология институтының құжатын көрсетіп әрең құтылды. Әйтпесе мына екеуі езуін тілгелі тұр. Жолай Қараңғытыда отырған тувалар үйіне бас сұға кетуді жөн көрдік. Жұпыны аядай ғана киіз үйде отыр. Көшіп-қонуға ыңғайлы болу үшін шағын жасайтын сияқты. «Шаңырағы аласа, үйі тары екен» деп әңгіме бастай бергенбіз, моңғолша сөйлеп отырған Сұраш бірдеңені сезген болар, үй иесінен «қазақша білесің бе?» деді қазақ тілінде. «Мен қазақшаны қазақтан артық білмесем кем білмеймін» деп бізді ұялтып тастады үй иесі. Енді болмағанда біз бірдеңені бүлдіретін едік.  Жалпы Баян Өлгейдегі тува, уранхай сынды аз ұлттар қазақша сөйлейді...

Талдыбұлққа бесінде келдік. Ыдырыш ақсақал бізді кешеден бері күтіп отыр екен. Қызып алған. Екі бетті нарттай. «Бұрынғыдай емес денсаулығым жоқ, екі тегене қымыз ішсем, масайып қалатын болып жүрмін» дейді. 81-дегі жасына қарамай әлі бүркіт салады. Үйін аңның терісіне толтырып қойған. Ақиық бүркіті жылына 25 түлкі алады екен. Қолымызға биялай киіп, бүркітті де қондырып көрдік.

Модон көчөөнің (Модын көше) теріскей тұсына келгенде күн еңкейіп, Қараңғытының басына барған. Қараңғыты қарайып соңымызда қалды. Қой сауған келіншек, кесте тіккен қыз, қозы жайған бала, ұршық иірген апа, бүркіт салған ата Қараңғытымен бірге алыстап барады... Модын көшеден асып түсіп алдыңғы күні өзіміз өткен Баққарағайдың аузындағы көпірден өтіп Өлгейге бір-ақ тарттық. Ас үстінде Сұраш ана жылы Мұхтар Мағауиннің келгенін баян қылды: «Күлтегіннің басында жатқанбыз. Күн шатыр-күтір ете түсті. Оянып кеттім. Сағат таңғы төрт. Мұхаңның шатырына барсам, ол кісі жоқ. Жүрегім тас төбеме шықты. Найзағай жарқ еткенде Мұхаңның Күлтегін тасына жабысып тұрғанын көрдім. Жан-дәрменім шығып «аға» десем тыныш дегендей қолымен ишара жасады. Орнымда мелшиіп жарты сағат тұрдым. Сондай бір ерекше күйге бөленген ағам «бұл рухпен сырласу» деді...» Біздің аузымыз ашылып қалды білем. Мұндай ғажайып көріністің көркін «қаржыға байланысты Ұланбатырда өтетін қазақтар құрылтайының біраз шарасы қысқартылыпты» деген хабар бұзды. Ертесінде ерте Ерекең мен Дәуренді Ұланбатырға ұшырып жібердік те, өзіміз енді қайтып көрместей болып кеткен Ташантаға қарай бет алдық. Қара күзде Баян-Өлгейге тағы баруға әуеделескенімізді ұмытып барады екенмін ғой. Енді сол сапарды аңсап жүрміз.

 

Соңы

0 пікір

Үздік материалдар