Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3659 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 06:29

Құл болғым келмейді!..

«Құл жасау технологиясы»

(Құл иленуші құрылыстың өміршеңдігі)

«Құл жасау технологиясы»

(Құл иленуші құрылыстың өміршеңдігі)

         Менің мектептегі мұғалімдерім мықты болды. Әсіресе, тарих сабағы қызықты өтетін еді. Ежелгі дүние тарихының құл иленуші құрылыс туралы сабақтарының бірінде ұстазым Рахметов Хайретдин ағай айтқан мына сөздер жадымда жақсы сақталып қалды. Жұмыс жасауға көнген (оны қалай сындыратыны өз алдына бір бөлек әңгіме) құлды, мысалы, жүзім плантациясына алып барады. Сол алғашқы күні бір топ бақылаушы әлгі құлды ала таңнан қара кешке дейін таяқтың астына ала жүріп, тыным тапқызбастан жұмыс істетеді.  Сөйтіп, оның мүмкіндік шегін анықтайды. Мысалы, егер құл сол алғашқы күні 1 тонна жүзім жинаған болса, оның күнделікті нормасы 700-800 кг болып бекітіледі. Себебі, құл иленуші, сол заманның кәсіпкері ретінде, құлға оның мүмкіндігі шегінде күніне мың кг жүзім жината берсе бір айға жетер-жетпес уақытта оның зорығып өлетінен біледі. Ал бар-жоғы бір ай жұмыс ол құлды сатып алуға, жуасытуға, жуындысына кеткен қаржы-күшті ақтап үлгермейді. Сондықтан да құлға, оған кеткен қаражат-күшті ақтап және белгілі бір мерзім ішінде белгілі бір пайда-табыс түсіретіндей, салмақ (норма) салынады.  Әңгіме қылып отырған бұл мезгіл, әдетте, екі жылдың ар жақ бер жағын құрайды. Біреулер «неге құлға мүмкіндігінің сексен пайызы шегінде екі жыл жұмыс істеткенше мүмкіндігінің елу пайыз шегінде он-он бес жыл қызығын неге көрмеске?» деуі мүмкін. Мәселе мынада, ол заманның құл иленушісі тек қана кәдімгідей кәсіпкер, экономист ғана емес емес саясаткер, әлеуметтанушы да. Ол егер құлға елу пайыз мүмкіндігінде жұмыс істетсе, бұл құлда бос уақыт қалатынын біледі. Ал бос уақыты мен сарқылып бітпеген қуаты бар құл – қожайын үшін аса үлкен ықтимал қауіп. Әбден сағы сынған құл болмаса, ойлануға уақыт пен күш таба алған тіршілік иесі жоқ дегенде қашуға, қолдан келсе кек алып, өзінің де сол жердің де қожайыны өзі болуға тырысады. Сондықтан, тек экономикалық пайданы ғана ойлаймын деп құл иленуші өз өміріне қауіп төндіре алмайды. Жұмыстан кейін тамағын іше сала ұйқыға құлайтын идеал құлдың жұмысының идеал ырғақ/салмағы, түнгі ұйқысы, ішкен-жегені  оған ертең жұмысын жалғастыруға ғана жеткілікті қабылет беретін болуы тиіс. Әдетте, құл иленушілер ерекше бір қабылеттері бар, не шын берілген құл болмаса екі-үш жылдан соң ресурсын толық сарқып болмаған құлдардың өзінен де не өлтіріп, не барынша алыс жаққа сатып құтылатын болған.  Себебі, екі-үш жыл ішінде ол тіл үйреніп, айналасын зерттеп, бой үйретіп алуы мүмкін. Ал анау-мынаудан хабары бар, тіл білетін құлдың берер пайдасынан тигізер қаупі басым түсе бастайды.

         Құл жасау мен оны жұмсау технологиясы ғасырлар бойы қалыптасып, шындалғанымен мәңгілік тұра алмады. Оның орнын қоғамдық қарым-қатынастың өзге формациялары басты.  Ол дәуірді келмеске кетті дейін десең, оның біраз элементтерін өз заманымыздан көріп ойланып қаласың. Егер бір елдің азаматтарының белсенді уақытының жартысынан артығы нан табуға кететін болса онда бұл қоғамда құлдық қауымның белгілі бір дәрежеде көрініс тапқаны болып саналады деп ойлаймын. Себебі, ондай адам ерікті не еріксіз түрде құл болып табылады. Ерікті түрде құлқынның құлы болғандарға обал жоқ әрине, бірақ бұндай ерікті құлдардың етек жайып, қоғамның кәдімгідей бір еленетін тобына айналуы ол қоғамның, бәрібір, құл иленуші қоғам екендігін көрсетеді. Себебі, дені дұрыс қоғамда бұндай ахуал қалыптаспауы керек еді. Ал белгілі бір дәрежеде құлға айналдырылғандардың стандарт режимі: жұмыс (әдетте, екі немесе одан да көп жерде жұмыс жасау), ұйқы және сауық деген құрамдас бөліктерден тұрады. Әңгіме, негізінен, үшінші феномен туралы болмақ. Бірақ, дегенмен, жұмыс туралы аз-кем сөз айта кетейін. Қазіргі қоғамда екі немесе одан да көп жерде жұмыс жасайтын адамдардың  үлес салмағы артып келеді. Бұндай жандар жайлы «үй көрмейді» десе де болады, оларды белсенді өмірінің 70-90 пайызы жұмыста өтеді. Әдетте, бұндай жұмысбастылық белгілі кәсіп өкілдеріне (мысалы, күзетші) тән болғанымен басы артық сағат пен кезекшілік іздеп түрлі мекемелердің арасында (не ішінде) шарқ ұрған мұғалімдер, медициналық қызметкерлерді, жұмысынан шығып таксист болып қызмет ететіндердің қарасы едәуір. Бұлардың бәріне ортақ дерлік бір қасиет - көп жұмыстарының бәрінде салыстырмалы түрде аз төленетіндігі және әрқайсының мойында өтелмеген несиенің болуы. Сөйтіп, құл иленуші дәуірдің құлы мен қазіргі заманның осы әңгіме болып отырған ортан қол мүшесі белсенді уақытының 80-90 пайызын амалсыздан жұмысқа арнайды.

         Бұдан шығатын тағы бір қортынды: кез келген дәуірдің құлының белсенді уақытының 10-20 пайызы бәрібір жұмыстан бос қалады. Тіпті, ежелгі дәуірдің өзінде  бұл пайызды барынша барынша сығымдап, азайтқанымен оны мүлде жоқ қыла (қазір пайдалы әсер коэфициентін 100 пайызға жеткізе алмағаны сияқты) алмаған. Амал жоқ, құл иленушілерге бұл бос уақытты әртүрлі нәрселермен (әйел, құмар ойындары, арақ-шарап) толтыруға тура келген. Артынан бұл нәрселер сауық деген ортақ ұғымға біріктірілген. Шын мәнінде, құл иленушінің одақтасы болып табылатын бұл сауық құлдық дәуірдің ғұмыры ұзақ болуына көп еңбек сіңірген. Мен бұл жерде сауық деген ұғымды оның пайдасы жоқ уақыт өлтіру мағынасында қолданып отырмын. Құл иленуші құлақ кесті құлының мәдениет, саулық т.с.с. деңгейін көтеріп не қылсын. Ол құлдың бос уақытын барынша арзан дүниелермен (арзан күлкі, арзан да алдамшы ләззаттармен) толтыруға тырысқан.

Ал қазір солай емес деп айта аламыз ба? Қазіргі қоғамның орташа арифметикалық мүшесінің бос уақыты немен толтырылуда. Сол құл иленушілік құрылым кезіндегі арзан сауықпен емес пе? Бұл жерде «арзан» деген сөз сауықтың құнына емес оның береріне байланысты қолданылып отыр. Қазіргі сауық индустриясы  нәпсінің қалауын өтеуге келгенде алдына жан салмайды, стахановшылардың өзі тап бұлай жұмыс жасамаған шығар.  

         Құл иленушлік құрылысты көру қандай да болмасын бір адамнан көру қате. Бұл - көптің ісі. Бірақ, сондай-ақ, құл иленушілік қоғам үшін жауапкершілікті ол қоғамның барлық мүшелеріне теп-тең қылып тағы бөле алмайсың. Кейбір жеке адамның құлдық қоғам үшін қосқан үлесі өзге ондаған мың және одан да көп адамдардың біріккен үлесінен көп болып шығуы да ғажап емес. Құл иленуші құрылыс үшін жауапкершілікке келгенде бір қарағанда бір-біріне қарама-қайшы болып көрінетін екі түрлі пікір бар. Біріншісі- бәріне адамның өзі кінәлі. Екіншісі – бәріне қоғам кінәлі. Мынандай мысал келтірейін: қыстың күні бір адам сыртта жүр екен делік. Оның тоңып қалмауы, бір жағынан адамның өзіне байланысты. Егер оның киімі жылы, қарны тоқ болып, қимылдап тұрса ол анау-мынау салқынға біразға дейін бой алдырмайды. Алайда, қоршаған ортаның температурасы аса суық та ығалды, желі өткір де күшті болса киімі қанша жылы болып, қаншалықты секеңдегенімен адам баласы ұзаққа төтеп бере ала ма? Сондықтан, меніңше бұл тақырып бойынша жауапкершілік деңгейі мен үлесі ішкі (тұлға) және сыртқы факторлардың (қоғам) қарым-қатынас прапорциясына тәуелді деп ойлаймын. Бойында құлдық қасиетттердің болғаны үшін пенденің мойнынан жауапкершілікті еш алып тастамамастан, оның қоғамның бір мүшесі, элементі екенін де ескеруіміз қажет. Мен бұл жерде «тұлға» демей «пенде» деген терминді әдейі қолданып отырмын. Себебі, «құл» мен «тұлға» деген бір-біріне антогонист категориялар.

         Негізі, дұрыс мағынасындағы дін адамды құлдануға қарсы тұратын аса әлеуетті күштердің бірі болуға тиіс-ті. Себебі, дінге сәйкес адам тек – Құдайдың ғана құлы. Сондықтан, адамды құл жасауға ұмтылған күштің бәріне дін үзілді-кесілді қарсы шығуға керек еді, алайда, өкінішке орай, көбінесе, дін мен оның кәсіби қызметкерлері үстем таптың одақтасы болудан танбады. Адамдардың дінге деген сенімінен айырылуының себептерінің бірі осы болуы да мүмкін. Тек адамның рухына ғана одақтас болуы тиіс діннің адамзатты құлға айналдырушылардың құралына жиі-жиі айнала беруі өкінішті жағдай.

         Құл иленушілік өркениеттің мәңгілік бола алмағанының себебі туралы пікірлер көп-ақ. Менің ойымша бұл жүйені құлатқан құл иленушілердің менеджерлік қабылетінің кемдігі де емес, құлдардың көтерілісі де емес (ол көтерілістердің ішінде жеңіске жеткен біреуі де жоқ), варварлар шапқыншылығы да емес. Тіпті бұл факторлардың азды-көпті әсері болды деп санағанның өзінде, ең басты себеп – шаруашылық жүргізудің бұл тәсілі тиімсіз болып шыққанында деп санаймын. Қорыққанынан жасаған еңбек ешқашан жасампаз бола алмайды, сондықтан оның орнын аз да болса ақысына қызығып жасаған, сондықтан берері көп жалдамалы еңбек басты. Бар болғаны сол ғана. Өркениетті елдер оның тиімсіз екенін біліп, біртіндеп бұл формациядан бас тартты. Ал құл иленушілік бұрын-соңды тарихында мүлде болмаған, яғни одан сайын өркениетті елдердің аумағында ХХІ ғасырда бұл формацияның қайтадан бас көтеруі – мүлдем ақылға сыймайтын феномен.

         Қазір құл иленушілік құбылыс түп-тамырымен жойылып кетпегені былай тұрсын, ол көп ғасырлардан соң әртүрлі бейнеде, тіпті бұрынғысынан да сорақы формаларда  көрініс таба алды. Сонымен, қазіргі азаматардың біразы, тұп-тура мағынасындағы күнкөріс үшін, барлық күшін сарқа дерлік құл секілді жұмыс жасауға мәжбір, олардың қалған-құтқан бос уақыты сауық индустриясының өнімдерімен толтырылады. Бұл жерде ол өнімдердің нобайы шетелдік екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ, ақпарат кеңістігінің де бізге дос пиғылды деп атауға келмейтін жатжұртыкі екені де еңсемізді одан сайын езе түседі. Жеп отырған тамағының жоқ дегенде жетпіс пайызы табиғи деп атауға келмейді; тап-таза зиян алкоголь, табак, т.с.с есірткілерді былай қойғанда, жасанды жолмен өндіріліп, жасанды жолмен ғұмыры ұзартылған, бақа-шаян/құрт-құмырсқаның гені қосылған ГМО өнімдер құл жасау ісіне өзінің үлесін қосарын сөзсіз. Рухани да, нәпсәни ішкен-жегеніміз ұқсамаса азат адам болуға деген мүмкіндігіміздің азаятыны айтпай-ақ та түсінікті. Мен қара аспанды төндіріп, қазіргі заманның Асан Қайғысы деген атаққа ұмтылып отырғаным жоқ. Бар болғаны, бір мезгіл «мен не жеп жатырмын?!», «мен не деп жатырмын?!» деп өз-өзімізге үңіліп, сол «ішкен-жегеніміз құл болудан алыстата ма, әлде жақындата ма» деп ойлануға шақыру ғана.  (Күн көруге деген ұмтылыс табиғи заңдылық қой, тек сол «күн» деп жүргеніміз, шыныменен күн бе соны да ойланып қойса деймін)

        Құл болғым келмейді!...

Нұрлан Сәдір

Abai.kz

0 пікір