Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4295 0 пікір 24 Ақпан, 2014 сағат 07:48

Сиырға құмар билiкке «оқыра тидi»

Ресейдi iрiқараның етiмен жарылқамақ болған қазақ билiгi оқыра тиген сиырдай тулап жатыр. Арам қатқан 722 сиырдың ақшасын қайтармаған Австрияға күйiндi ме, күнi кеше Серiк Ахметов қатты ашуланды. Қай қызмете жүрсе де өзiне соққы дарытпайтын Асылжан Мамытбеков қысыр құнажындай лезде жалт бердi. Сөйтiп, үкiмет басшысының қаһары әкiмдерге қарай ауған-ды. Ақырында, сиырдың санын көбейтпеген 10 аудан әкiмi атынан ауып түсетiн болды. 

Ресейдi iрiқараның етiмен жарылқамақ болған қазақ билiгi оқыра тиген сиырдай тулап жатыр. Арам қатқан 722 сиырдың ақшасын қайтармаған Австрияға күйiндi ме, күнi кеше Серiк Ахметов қатты ашуланды. Қай қызмете жүрсе де өзiне соққы дарытпайтын Асылжан Мамытбеков қысыр құнажындай лезде жалт бердi. Сөйтiп, үкiмет басшысының қаһары әкiмдерге қарай ауған-ды. Ақырында, сиырдың санын көбейтпеген 10 аудан әкiмi атынан ауып түсетiн болды. 

ӨЗIНДЕ ЖОҚПЕН ӨЗГЕНI ЖАРЫЛҚАУ
Алдымен шетелден сиыр тасу қайдан шықты дегенге келейiкшi. Кеңестiк кезеңде Қазақстанда 9 млн. 750 мың бас iрiқара болған екен. Оның 2 млн. 200 мыңы еттi бағыттағы мал болса, асыл тұқымды түлiктiң үлесi 1 млн. 200 мыңға жеткен. Мiне, осының арқасында Қа­зақстан одаққа жылына 180 мың тонна ет шығарып тұрды. Ал одақ тараған соң, мал саны кемiдi. Жоқшылық қысқан жұрт малды жаппай сойып сатты, не болса соған айырбастады. Ғалымдардың есебiнше, жыл сайын азая берген iрiқараның саны тек 2002 жылы ғана тұрақтан­ған. Көбею үрдiсi байқалмаса да, кему көрсеткiшi тоқтаған.
Кейiннен «барысқа айнала бастаған Қазақстан» басшылары сол баяғы ет экспорттау мәселесiн қайта қозғады. «4 млн. тонна астық сатқанша, шетелге 60 мың тонна ет шығарған тиiмдi» дейтiн әңгiме би­лiктiң ең жоғары мiнберiнен айтыла бастады. Шыны керек, әу баста бұл жоба президентке ұнаған жоқ. Әнебiр жылы Алматыға келiп, аграрлық университет студенттерi­мен кездескен Назарбаев «Кейбiр жiгiттер шетелден сиыр тасып, iрiқараны көбейтейiк дейдi. Бұл дұрыс емес. Отандық малды асылдандыру керек. Бұл жұмысты болашақта сендер атқарасыңдар» деген мағынада ой айтқан жастарға қарата. Неге екенiн қайдам, кейiн президент әлгi сөзiнен айнып кетiп, шетелден iрiқара әкелу мәселесiн қолдады. Сөйтiп, ұшақпен сиыр тасудың әуресi басталып кеттi.
Қазiр қанша сиыр әкелiндi? Ресми деректерге қарасақ, күнi бүгiнге дейiн 42 мың бас мал жеткiзiлiптi. Оның 10 мыңы жеке адамдарға тиесiлi болса, 32 мыңы „Қазагро„ холдингi­нiң қаржысына сатып алынған. Жоспар бойынша жеткiзiлетiн малдың жалпы саны – 72 мың бас. Демек, оның жартысы Қазақстанға келiп бол­ған. Ендi мына дерекке қараңыз, кеше Қазақстан 180 мың тонна ет экс­порттап жүрген сәтте елдегi iрi-қараның саны 9 млн. 750 мың бас болған екен. Ал қазiр 5 млн. 700 мың. Бұл – iлгерiдегi малдың жартысынан көп. Ендеше, неге бiз Ресейге 90 мың тонна ет шығара алмай жүрмiз?
Атын атамауды өтiнген ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң бiр маманы бiзге былай дедi: „90 мыңды былай қойып, 2016 жылға жоспарлан­ған 60 мың тонна еттi алайықшы. 60 мың тонна ет әзiрлеу үшiн 200 келi ет беретiн 300 мың сиыр сойылуы керек. Бұл – бүкiл бiр облыстың малы. Демек ондай көлемде ет шығару – бiзге әлi де арман. Мұны бiр деңiз, екiншiден ет экспортының жеке шаруашылықтарға түк те қатысы жоқ. Өйткенi жекенiң қолындағы мал шетелге сатуға жарамайды. Себебi экс­портқа арналған ет жас малдiкi болуы тиiс. Ал халық тайыншасы мен өгiзшесiн сойып, етiн үкiметке өткiзбейдi. Және жекенiң қолындағы малды есепке алып, жоспар түзу де қиын. Өйткенi малын сата ма, көбейте ме, оны әркiм өзi бiледi. Сондықтан Ресейге шығаратын түлiк импорт­тық малдың үлесiнен көбеюi тиiс„.
Бұл сөздiң растығына ендi мынадай дәлел келтiрейiк. 2013 жылы Қазақстан Ресейге 4 мың тонна ғана ет өткiзiптi. Биыл осы көрсеткiштi екi есе көбейтемiз деп аграрлық сала басшылары таңын жыртып жатса керек. Оған қол жеткiзгеннiң өзiнде 2016-да 60 мың тонна ет шығару мүмкiн бе ендi? Ең бастысы, қыруар қаржы жұмсалған бағдарламаның халыққа пайдасы болмаса, үкiмет оны не үшiн қолға алды? Өз халқы етке жарымай жатқанда Ресейдi жарыл­қамақ болған билiктi ендi қандай билiк деп тануымыз керек?
 
СИЫРДЫҢ СОТЫ
Осыдан тура бiр жыл бұрын Солтүстiк Қазақстан облысына шетелден әкелiнген iрiқарадан қауiптi iндеттiң белгiсi байқалып, жаппай өртелген. Оның саны – 722 бас. Бұл сұмдық оқиға естiген елдiң жағасын ұстатты. Ал аграрлық сала басшылары кеткен шығынның ақшасын өндiрiп алуға сөз берген. Ендi осы оқиғаның аяғы не болды? Екi де бiр болды. Кеше Орталық коммуникациялар қыз­метiне келген «ҚазАгро» басшысы Дулат Айтжанов күмiлжiп отырып мынаны жеткiздi: «Австриядан әкелiнген сиырлардың Қазақстанға келгенде қырылып қалуына байланысты сот iсi өттi. Сот әуелi келiсiм жасалған жер, яғни Қазақстанда өттi. Қазақстан сотын тыңдамаған оларды Австрия сотына бердiк. Бiзге сиыр сатқан бұл мекеме өз соттарын да тыңдамай отыр„.
Ал неге тыңдамайды? Бұл турасында естiген елдiң құлағына түрпiдей тиетiн бiр дерек бар. Қазiр ғаламторды шарлап жүрген ол дерекке сенсек, жеткiзушi компания Австриядан 2 мың еуроға сатып алған сиыр­ларды Қазақстанға 4 мың еуродан өткiзiп жiберген. Егер қудалай берсе, талай қызықтың бетi ашылуы мүмкiн. Сондықтан iндете iздеуге мұндағылардың өзi құлықсыз-мыс.
Бiздiң бiлетiнiмiз, Австриядан ақша өндiрiп алу – қиынның қиыны. Бұл жөнiнде Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегi „шпионымыздан„ жеткен ақпарды көлденең тартайық: „Шетелге мал сату үшiн түлiктiң ауру-сырқаудан аман екенi тексерiледi. Мысалы, Австрия өз елiнде кез­десетiн 18 түрлi ауру бойынша малын тестiлеуден өткiзген. Жоғарыдағы 722 бас мал тексеруден аман шыққан. Сөйтiп, олар Қазақстанға жеткiзiлген де, 2 ай мерзiмге карантинге қойылған. Келiсiмшарт бойынша, осы уақыт iшiнде қандай да бiр аурудың белгiсi байқалса, оның шығынын мал сатқан мемлекет өтеп беруге мiндеттi екен. Ендеше, неге оны Австрия өтемей жүр? Өйткенi шмалланберг вирусы Австрияның өзiнде тiркелмеген. Бiрақ ол iндет көршiлес мемлекеттерде кездесуi мүмкiн. Ал көршiлерi үшiн Австрия жауап бер­мейдi„.
Көрдiңiз бе, мәселе қайда? Тағы бiр қызығы, „импортный„ сиырлардың өлiм-жiтiмi жалғыз бұл емес. Әр рейс сайын 3-4 бас мал шығын болады екен дегендi бұрын да еститiнбiз. Ал өткен жылдың соңында Австралиядан аттай қалап, сатып алған 49 сиыр әуежайға өлi күйiнде жеттi. Ауру-сырқаудан, қандай да бiр iндеттен емес, ауа жетпей тұншығып өлген. 321 бас iрiқараны екi қатарға тiзiп тиегендер 17 сағаттық жолда үстiңгi қатардағы малдың тынысы тарылатынын ұқпапты. Ал ендi бұған да сиыр сатқан тарап кiнәлi ме? Әрине, жоқ. Демек сиыр саудасындағы былыққа қатысты сот Австрияға байланысты даумен аяқталмауы тиiс.
 
ЖЫЛҚЫҒА ЖАНЫ АШИТЫН ЖАН БАР МА?
Астанадағы шендiлер сиырды көбейте алмай аһ ұрып жатқанда Оңтүстiкте жылқы қырылды. “Көксарай” су бөгетi мұзға кептелiп, Сырдария өзенi сағасынан асқан. Сөйтiп, Арыс ауданының Байырқұм ауылының бiрнеше үйiр жылқысы су астында қалды. Өзен жағасындағы тоғайдың iшi толған мал өлiгi. Кейбiрiнiң қалың мұздан басы ғана көрiнсе, мұз астында қақайып қатып қалған ендi бiрiнiң сыртқа тек аяғы ғана шығып жатыр. Белуарынан суға бөккен бiрен-саран жылқы аман екен. Жан­уарлар дiр-дiр етедi. Ұмтылғанымен, мұзды жарып шыға алмайды. Мал иелерi еңiреп жүр. Ғаламторда жария­лаған осы бейнебаянды көрсең, аза бойың қаза болады.
Оңтүстiк Қазақстан облыстық ТЖД бөлiм басшысы Ерғали Бақаевтың айтуынша, апат қаупiнiң бар екенiн төтеншелiктер аудан басшылығына ескерткен. Ал оны ауыл тұрғындарына жеткiзу – әкiмшiлiктiң мiндетi. Қара судың астында қалған халық ештеңе естiмеген. Яғни, өзеннiң тасуы мүмкiн екенiнен бейхабар болған.
Ендеше, осы оқиға бойынша әкiмдер неге жазаланбайды? Шындығын айтқанда, мұнымен шұғылданатын ешкiмнiң уақыты жоқ. Астанадағы айғайдан кейiн әкiм-сәкiм­дердiң бәрiнiң есiл-дертi сиырға шындап ауды. „Өзге түлiгiң өлмесе, өмiрем қапсын, шетелдiк сиырды көбейтейiк„ дейтiн заман келе жатыр.
Мейлi ғой, ақыры халыққа қатысы жоқ екен, ендеше билiк мемле­кеттiң ақшасын шашып, Ресейге ет болатын iрiқараны көбейте берсiн. Бiрақ ол мақсаттың өзi орындалса жақсы ғой. Екi аттасаң – 2016. Мiне, осы аралықта Қазақстан 60 мың тонна ет экспорттау керек. Сiрә, оның мүмкiн болмасын жоғары билiк те сезе бастаған сыңайлы. 10 әкiмнiң орын босатуы – оқыраның басталып келе жатқанына айғақ. Бұйырса, келесi жылдың көктемiнде сиырға құмар билiк өкiлдерiнiң талайы құйрығын көкке тiгедi әлi...
Сансызбай НҰРБАБА
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1536
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1404
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1152
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1161