Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3388 0 пікір 20 Ақпан, 2014 сағат 07:53

Әміржан Қосанов: Наразылық осы митингімен бітпейді

–Теңгенің құнсыздануына байланысты халық наразылығына оппозиция серкелері не үшін үн қатпады? 15-16 ақпан күндері Алматының орталық алаңдарында өткен наразылық шарасына басынан-аяқ қатыстыңыз ба?

Оппозицияда Сіз айтып отырған серкелер көп қой, өз басым үшін жауап берейін.

–Теңгенің құнсыздануына байланысты халық наразылығына оппозиция серкелері не үшін үн қатпады? 15-16 ақпан күндері Алматының орталық алаңдарында өткен наразылық шарасына басынан-аяқ қатыстыңыз ба?

Оппозицияда Сіз айтып отырған серкелер көп қой, өз басым үшін жауап берейін.

Алдымен айтарым, Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің тұқырту туралы шешім қабылдаған күні мен барша қоғамдық, соның ішінде, оппозициялық күштерге нақты ұсыныс жасаған болатынмын. Яғни, «баршамыздың күштерімізді біріктіріп, бір штаб құрып, мықты наразылық акциясын қолға алайық» деп. Меніңше, дәл осындай, барша адамға тікелей қатысты мәселе төңірегінде, «оңшыл, солшыл, ескі, жаңа» күштер болып бөлінбей, тегеурінді тірлік танытуға әбден болар еді. Әйтпесе, «мемлекет саясаты дұрыс, өйткені наразылық митингілеріне 2 миллиондық Алматыда 3-4 мың ғана адам шығады» деген ресми идеология ұстанымын бәріміз де естіп келе жатырмыз ғой. Ал, сан мыңдаған адамды жинау үшін қыруар жұмыс атқарылуы тиіс. Өкінішке орай, ол ұсынысым қабылдана қоймады. Бұл жиын болса, ғаламтор арқылы дүниеге келді. Яғни, оның нағыз «ұйымдастырушысы» – ешбір партияға қатысы жоқ азаматтар. Байланыс және ақпарат құралы – әлеуметтік желілер. Ең бастысы – наразылық төменнен, адамдардың өз қалауымен, табиғи түрде пайда болып жатыр. Оқиға сонысымен қызықты.Және де соншама жыл оппозицияда жүріп, талай митингтерді ұйымдастыруға атсалысқан мен үшін аса маңызды бір жайт бар. Оның аты – жауапкершілік.

Яғни, билікке жақпайтын белгілі бір қарсылық іс-шарасына шақыру үшін әркім өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Мәселен, ол акция кезінде тәртіпке кім жауап береді, арандатулар кім жол бергізбейді деген аса ауыр жүгі бар мәселелер бар. Біреудің баласының басы жарылса, кім жауап береді? Оның үстіне, меніңше, кез-келген бұқаралық іс-шара үлкен дайындық жұмыстарын қажет етеді. Елге хабар беру жағы тағы бар. Әлеуметтік желілер қаншама танымал болғанмен, олармен ғана шектеліп қалмау керек.

Әрине, азаматтардың өз еркімен алаңға шығуы – баршамыз құптайтын әрі қолдайтын нәрсе, бірақ егер де тиісті дайындық жұмысын жүргізгенімізде, жиынға қатысушылар саны одан да көп болар еді. Мәселен, кезіндегі біз ұйымдастырған митингілерге бес-алты мың адамға дейін жиналатын. Ал, енді болса, билік: «Теңгенің құнсыздануына қарсы адам саны пәленше ғана!» деп, өз насихатын әрі қарай жүргізуі мүмкін! Жиын алдында оның ұйымдастырушыларын іздедім, не істеп не қоятынымызды ақылдасқым келді. Бірақ, таба алмадым.

Бірақ, «жастарды полицияға тоғытып алып кетіп жатыр» дегенді әріптестерден естіп, сол сәтте полицияға жетіп бардым. Қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым, өз атымды пайдаланып, полиция ғимаратының ішіне де кіріп кеттім, сонда сырқаттанған бір әйелді ауруханаға жедел жіберуге атсалыстым. Құқық қорғау органдарының басшыларымен сөйлестім, полиция алдында жиналған азаматтардың талаптары мен тілектерін жеткіздім. Кейін сот отырысына да бардым.

Бір нәрсе айқын: наразылық осы митингімен бітпейді. Керісінше, осы күні көшеге шыққан жастар қоғамды ояту ісіне үлкен үлес қосты. Сондықтан болашақта баршамыз бірлесіп, ортақ іс-шара атқаруға мен барша күштерді әлі де шақырудан танбаймын!

–Шараның өту барысы туралы айтып бересіз бе?

Ата Заңға сәйкес, әрбір азамат бейбіт жиналыс, митинг өткізуге қақылы. Өз басым оларға қарсы күш көрсетілуін нағыз заңсыздық деп санаймын! Бір қуанарлығы – бұл азат ойлы, намысты азаматтардың өз ниетімен, өз көңлінің қалауымен қолға алған бастамасы! Мұның өзі «бізде қоғам әлі ұйықтап жатыр», «адамдар өз құқын қорғай алмайды» деген жалпылама түсінікті ыдырататыны сөзсіз.

Сонымен бірге бір байқағаным: алаңға шыққандардың ішінде жастар мен орта тап өкілдері басым болды. Бұл да қоғамда болып жатқан терең процестердің бір белгісі.   Биліктің те басынғандығы мынада: жақсы, Алматының алаңына жүз шақты адам шыққан екен, теңгенің құнсыздануына қарсы екен. Неге осы сәтте қолында қаруы жоқ, бәйбіт жастардың арасына биліктің өкілдері барып, өз уәжін айтпайды?! «НұрОтан» қайда?», «Депуттатар қайда?»  осында?! Онсыз да наразы жұртты бес қаруын асынған, қоқан-лоққы көрсеткен полициямен қорқытады! Әншейінде Алматыда емге табыла қоймайтын қар жинауыш машиналарды бір жерге қаптатып, баяғыда еріп кеткен қарды тауып алып, сондай сайқымазақ спектакль жасап, мазақ етеді?

Сонда нағыз арандатушы биліктің өзі болып отыр ғой?!

Меніңше, 15 ақпан күнгі оқиғаны зерттеп, ендігәрі қайталанбасын десе, экономикалық саясатты өзгертумен қатар АқОрда осы жағын да майшаммен қарап алуы тиіс!

 – Кешегі оппозиция немесе «бүгінгі ұлтшыл топ» деген ұғым арасында қандай айырмашылық немесе сәйкестік бар? Яғни, бұрынғы жылдары билікке «атойлап» қарсы шыққан топтың арыны қайтып қалды ма?

Өз басым билікке қарсы пікір, сын айтып, өзінің балама бағдарламасын ұсынатын топтар ежелден келе жатыр деп санаймын. Бізге дейін де оппозиция болған, бізден кейін де болады. Ол – хақ. Сол секілді жаңа Қазақстан тарихында да оппозицияның өз даму кезеңдері болды. Бір қозғалысқа бірігіп, билік санасатныдай тегеурінде күш болған кездері де, бытырап кеткен кездері де болды.

Қазір сондай бір қиын кезді бастан кешірудеміз. Әрине, бірге жүргенде біз анағұрлым ықпалды әрі беделді едік. Негізінде, кез келген қоғамдық құбылыс өміршең болып, халықтың қолдауына ие болғысы келсе, сол қоғамда орын алып отырған тенденциялар мен құбылыстарға дер кезінде баға беріп, заман талаптарына сай болуы тиіс. Өйтпесе, кез келген қоғамдық күштің күні қараң.

Қазақ ұлтының көкейкесті мәселелерін билік алдында ашық айтып, қатаң талап қою дәл қазір орын алып отырған жоқ. Бұрын да, керек десеңіз, қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінде ондай ұйымдар мен тұлғалар болған. Қазір болса, ұлттық қозғалыстың жаңаша, XXI ғасырдағы Ренессансы, Қайт өрлеуі орын алуда.

Өз басым Сіз айтпақшы, «ескі оппозиция» мен «бүгінгі ұлтшыл топтар» арасында ұқсастық көп деп айтар едім. Мен де көп ұлтшыл қазақтың бірімін. Бірақ таза ұлттық сипаттағы мәселелермен қатар мен кең ауқымды экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларды, соның ішінде ел өмірін жан-жақты да терең демократияландыру идеяларын қоса қолдаймын.

– «ҚАРА ТҮНДЕ ҚАРА СОТ ӨТКІЗІП, ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАСТАРЫН СОТТАҒАН БИЛІК ӨЗ ТҮБІНЕ ӨЗІ ЖЕТЕД!» деген екенсіз әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздың бірінде. Бұлай деуіңіздің мәнісі неде?

Бұл сөз сенбі күні кешкі сағат 21-ге таман Алматы ауданаралық сотының алдында айтылған. Сол күні алаңға шыққан жастарды топырлатып соттап жатты, ол отырыстарға не журналистерді, не заңгерлерді кіргізбеді. Сот ғимараты ішінде не боп жатқаны белгісіз, онда полиция кіргізіп жатқан жастардың тағдыры не болғаны беймәлім! Соған наразылық ретінде айтылған сөз. Небір қылмыскерлердің соттарына кіргізіп жатыр ғой басқа адамдарды, сонда билік ол кінәсіз жастарды солар құрлы көрмегені ме?!

─ Неге халықтың девальвацияға деген қарсылығы ұят та болса айтайық, әйелдердің іш киімінің көлеңкесінде қалып қойды. Үш әйел наразылығы тек лыпаның төңірегінде өрбігендей әсер қалдырды…

Мұны «ақпараттық сылтау» дейді журналистикада. Кейде осындай бір детальдар өзінен гөрі маңыздырақ әрі салмақты тақырыптарды тасада қалдырып, жұрт назарын өзіне аударып жібереді.

Оның үстіне, барша жұрт қарсы болып отырған Кеден Одағында «әйелдер ішкиімінің шілтерлі түрін сатуға тыйым салынады» деген хабар ел ішін елеі еткізгені, әртүрлі, соның ішінде уытты да әжуа комментарийлер туғызғаны рас. Алаңға шыққан үш қыз осыны да ескерген болар.

Шынымды айтсам, дәл осы ішкиім Әділеттік пен Азаттық жолындағы күресте символ болғанына қарсымын! Оның үстіне оның аты да айтып тұр ғой, ішкі киімді сыртқа шығарудың керегі не? Наразылықтың басқа да формалары мен әдістері бар ғой…

─ Қазіргі биліктің «Мәңгілік ел», «Қазақ елі» идеяларын алға тартуы елдің Ұлттық мемлекетке айналып бара жатқанын мойындауы ма, әлде ұлтшылдарға әсер ету арқылы өздерінің имиджін сақтап қалудың амалы ма?

Әңгіменің екі жағы бар.

Жалпы алғанда «Мәңгілік ел» секілді идеяның еш кемшілігі жоқ. Өз еліңді ардақ тұтпағанда нені ардақ тұтасың? Бірақ дәл осынау патриотттық идеяны жұрт екі түрлі қырынан қабылдайды: ел ішіндегі барлық әділетсіздік пен жөнсіздік дәл осы идеяны қабылдаумен шешілмейтінін біледі және де «мәңгілік» сөзін елдегі биліктің ауыспай, өзгермеуімен байланыстырады. Гәп сонда.

Ал «Қазақ елі» идеясы да жаман емес. Әрине, өз басым «Қазақ Республикасы» деген атауды қолдаймын.

Екінші жағы мынада: осынау идеяларды көпшілік шын мәнінде қоғамда қордаланып қалған, өз шешімін талап еткен мәселелерден жұртшылықтың назарын басқа жаққа аудару деп түсінеді!

Ұлттық мемлекет туралы сауалыңызға келсек…Мәселе мемлекеттің қалай аталуында ғана емес. Атауды жаңғырту, оған ұлттық реңк беру – қажет шарт. Бірақ мәселегің бәрі сонымен шешіледі деуге тағы да болмайды. Басты мәселе – сол мемлекетті басқарып отырған биліктің ішкі және сыртқы саясатының мән-мазмұнында! Мәселен, он жерден «Қазақ елі» деп атасақ та , қазір олигархиялық экономиканың зардабын ең көп тартып жатқан кім? Нақ сол қазақ, әсіресе, не ішер таза суы жоқ, не жұмысы жоқ ауылдағы қазақ. Қаладағы қазақтың да шекесі қызып тұрған жоқ.

Сондықтан ұлттық мемлекет құруды тек қана сыртқы, формальды нышандарымен ғана байланыстыра бермейік…

─ «Кедендік одақты» көрдік. «Еуразиялық Одақтан» не күтеміз?

Түсінген адамға Кедендік Одақ – Еуразиялық Одақтың экономикалық іргетасы.

Бір сөзбен айтқанда, ЕО өзінің құрамына енген мемлекеттердің шынайы Тәуелсіздігіне белгілі бір дәрежеде шектеу орнатады.Меніңше, билік басшылыққа алғалы отырған және де көп адам оның түп негізін түсіне бермейтін бір құйтырқылық бар.Мәселен, арагідік «ЕО-ның ортақ парламенті не ортақ валютасы болуы мүмкін екен» деген сыбыс шығады да, оған бәріміз атой салып, қарсы шығамыз. Тіпті биліктің ішінде жүрген базбіреулер де сондай қарсылық танытып қояды.Нәтижесінде ертең біздің билік: «Ортақ парламент пен ортақ валюта болмайды! Сондықтан сол Одаққа қорықпай кіре берейік» деп бізге өз позициясын қолдатып жіберуі мүмкін!Ал егер де ЕО құрамныдағы ел өзінің дербес әлеуметтік-экономикалық саясатын жүргізе алмаса, ол қандай толыққанды Тәуелсіздік болуы мүмкін! Әрине, ондай Тәуелсіздік – жартыкеш болады!

Осындай саяси қақпанға түсіп қалмайық!

–5 жылдан кейінгі Қазақстанды елестетіп көріңізші…

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, 2019 жылғы Қазақстанды әдемілеп тұрып сипаттап беруге болар еді. Бірақ бір адамға ғана телініп қалған қазіргі саяси жүйенің 5 жылды былай қойғанда, 5 айдан кейін қандай болатынын айту қиын боп тұрған жағдайда Сізді де, елді де, қала берді өзімді де алдамай-ақ қояйын…

Әңгімелескен Жания Әбдібек

QAMSHY.KZ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1391
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1218
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 972
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1053