Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3494 0 пікір 19 Ақпан, 2014 сағат 10:31

Мырзан Кенжебай. Киімде - көргенсіздік, өнерде - өресіздік

Ұлттық киім дегеніміз – үлкен саяси маңызды фактор.   Мысалы, көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанда анау Дағыстан және  басқа кавказдық ұлттар өз  елінде, Ташкент, Астана, Ашхабад сияқты орталық шаһарларында көшеде кемпір-шал түгіл қыз-жігіттер ұлттық киімін  киіп жүреді. Кішкентай сәбилері де солай. Ол мемлекеттер сол үшін аштан қатып, көштен қалып  жатқан жоқ.  Қайта оларға барған  адам  мынау тек өзбектің, мынау тек тәжіктің, мынау тек түркіменнің  мемлекеті  екен-ау деп әр адымын ашқан сайын  амалсыз есіне  түсіріп тұрады.  Ал қазекемдер ше? Біздің қыз-жігіттеріміз бен сәбилеріміз тұрмақ ақсақалдарымыз «Қазақстан бәріміздің  ортақ үйіміз» деп  көсемсиді.

Ұлттық киім дегеніміз – үлкен саяси маңызды фактор.   Мысалы, көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанда анау Дағыстан және  басқа кавказдық ұлттар өз  елінде, Ташкент, Астана, Ашхабад сияқты орталық шаһарларында көшеде кемпір-шал түгіл қыз-жігіттер ұлттық киімін  киіп жүреді. Кішкентай сәбилері де солай. Ол мемлекеттер сол үшін аштан қатып, көштен қалып  жатқан жоқ.  Қайта оларға барған  адам  мынау тек өзбектің, мынау тек тәжіктің, мынау тек түркіменнің  мемлекеті  екен-ау деп әр адымын ашқан сайын  амалсыз есіне  түсіріп тұрады.  Ал қазекемдер ше? Біздің қыз-жігіттеріміз бен сәбилеріміз тұрмақ ақсақалдарымыз «Қазақстан бәріміздің  ортақ үйіміз» деп  көсемсиді.

Бірнеше ғасыр ағылшынның отары болған Үндістан, яғни, үнділер қанша аш-жалаңаш қалса да үстінен ұлттық киімін тастаған жоқ. Өйткені, олардың Елбасы да үстінен ұлттық киімін тастамайды. Қай ұлттың да ұлттық намысқойлығы, ұлттық ар-ожданын, қысқасы ең әуелі өзімнің  ұлттық бет-бейнемді сақтайын деген саналылығы да, немесе  керісінше көрінгеннің көңілін табамын деп анаған да,  мынаған да жәреукеленетін жетесіздігі сол ұлтты, сол елді басқарып  отырған басшылардың намысқойлығы мен намыссыздығына,  яғни, саналы, санасыздығына байланысты. Бұл әлдеқашан дәлелденген. Бұндайда бүкіл қазақты еліктегіш  деп кінәлау да кейбір сұрқиялардың ойдан шығарған бәлеқорлығы. Мысалы, осы Үндістан тәуелсіздік алған  күннен  бастап  елдің   басшысы Махатма Ганди елге Еуропадан, Америкадан азық-түлік әкелуге тыйым салды. Аштан қырылсақ та солардың тағамымен базарларымызды, дүкендерімізді харамдамаймыз деп мәлімдеді. Тек қана Махатма Ганди  емес, Джавахарлал Неру, Лал  Баһадур Шастри де барған жерінде ұлттық киімін тастаған емес. Қазақтың парламенттегі депутат қатындары омырауының тең жартысын ашып жүрсе, бүкіл Үндістанға патшайым болған Индира Ганди небір алпауыт мемлекеттердің өкілдерімен кездесуге де сариін кимей бармайтын.  Қарашы халық қашанда үкімет пен өкімет басындағылардың саясатының жетегінде жүретіні рас. Кешегі Кеңес заманында  Өзбекстанды, Түркіменстан, Тәжікстанды басқарғандар  ұлтым десе жүрегін суырып беруге даяр азаматтар еді. Олар сол кездің өзінде-ақ  қолдан келгенше ұлттық республика жасауға тырысты. Соның бір ғана нәтижесі мынау: сол кезде Ташкенттегі, Ашхабадтағы, Душанбедегі  жоғары оқу орындарының шәкірт  жігіттері мен бойжеткендері аудиторияда ала тақиясы мен басорамалын шешпей отыратын еді. Ал бұл кезде Қазақстан басшылары елдегі қазақ мектептерін жаптырып, ата-анасының бейітінің басында құран оқыған қазақтарды  партия мүшелігінен шығарып, қызметінен айырумен айналысты. Сол заманда бейіттің басында құран оқу  кезінде жалаңбас отырғандарға марқұм, белгілі  режиссер, актер Асқар Тоқпанов айқай салып, қатты  ұрысқанын көргендер бар. Қазір «Нұр Отан» партиясында дәл сол кісі сияқты ұлттық намысты оятар бір ақсақал жоқтығын ойласаң ішіңді ит тырнағандай боласың. Бірақ о дүниелік болған мұсылманның бетін ашып қойып, қарына  қызыл шүберек байлаған  жалаңбас шалдардың «құрметті қарауыл» болып тұрғанын талай көрдік. Қазір олар қарына жасыл шүберек байлап, жалаңбас тұратын болды. Ал Жазушылар Одағынан келгендер өлең оқиды. О заманда бұ заман өлген адамды өлең оқып жерлеуді «өркениетті» қазақтар «ойлап тапты». Қазір қазақтың тілін, салт-дәстүрін сақтайық десең «террорист», «исламист», «жиһадшы» атанып 7-8 жылды «арқалап» кетуің  мүмкін. Өйтпесе, қазақтар «өркениетті» ұлт атағын ала алмай қалады. Осыдан  бірер жыл бұрын Маңғыстау облысындағы  бір ауданның басшысы қоғамдық орындарға,  қызметке әйел жыныстылардың омырауын ашып,  санын жарқыратып шорт киіп  келуіне тыйым  салып еді. Әуелі орыс газеттері шу көтеріп, оған орысша жазатын қазақтар қосылып, әлгі басшыны талап тастады. Бір мемлекеттің  басшысын, оның жүргізіп отырған саясатын мақтап-мақтап оны мемлекетімен қоса жойып жіберуге болады дегенді оқып едік. Сол айтқандай, бір ұлттың адамдарының үстіне кез-келген басқа елдің алабажақ киімін  кигізіп, ол үшін дүкендер мен базарларды адамның репетін алатын сол киімдерге толтыру арқылы да сол ұлтты санасыз, намыссыз ұлтқа айналдыруға болады екен. Оны осы күнгі сондай киім киген қазақтардан анық аңғаруға болады. Иә, ұлтты да аман  сақтаудың, басты жолы оның тілін  сақтау десек, бұл орайда ұлттық  киімнің де алар орны ерекше.

Өткен жылы Францияда тұратын мұсылман  әйелдерінің қоғамдық орындарға ұзан көйлегін киіп,  басорамалын тартып баруына  тыйым салынды. Қазақ басшылары  орысша сөйлеп, орысша ішіп-жеп, орысқа табынып болып,  енді французға айналғалы жүр ме кім білсін,  басына орамал тартқан қыздарға «немене, бәрің  бірдей молда болып кеттіңдер ме?» деп ұрысқанын да көрдік. Егер солар әуелі өз қазағын сүйетін, қазақы ата-ананың тәрбиесін көрген басшылар болса қайта, міне, ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртатын, ұлттық тәрбиені үлгі ететін болашақ аналар осы қыздар, солардан ұлттық  дәстүрді үйреніңдер дер еді ғой. Әйелдің жалаңбас жүруі исламда да, христиан, буддада да күнәһарлық, кейде Құдайға қарсылық болып есептелетінін сол надан қазақ басшылары білмейтін де сияқты. Жоқ, қазақ атқамінерлері оның орнына  алдына шықсаң іркілдеген емшегі мен ышқырлығына түсіп тұрған жалаңаш қарыны, артынан қарасаң май  құйрықтың терең сайдай  қарауытқан жырмашы  көрінетін, бір қолынан «кола», бір қолынан темекісі түспейтін, сауна  мен мейманхана жағалаған қыздарды мәдениетті көреді. Өркениеттілерде сол қыздар дейді. Өйткені, өздерінің мәдениетінің жеткен жері сол, яғни, еуропалық жабайылар мен тыржалаңаштар «мәдениеті». Олар «халықаралық мәдениет»  дегеніміз –осындай еуропалық мәдениет деп қазақтың басын айналдырумен келеді. Қазір қазақтар күндіз-түні көріп отырған телеарналардағы небір жыншақырыс сияқты концерттер, сайқымазақ телешоулар, өтірік пікірталастар, бас-аяғы жоқ сериалдар, балаларға арналған еуропалық, америкалық мультфильмдер түгел қазақты не қазақ емес, не мұсылман емес әлдебір белгісіз махлұқатқа айналдыруға арналған осы саясат. Қазір қазақ ұлты рухы шаршаған ұлт. Рух мықты болу үшін ол өз мәдениетінен, өз ұлттық белгісінің бірі ұлттық киімінен, ұлттық тағамынан  ажырап қалмауы керек. Қазір қазақтарға «өркениеттілік»  мәдениеттілік ұлттық намыстан басталатынын түсіндіруге кірісуіміз керек. Қазақ мықтап адасты бүгінде! Бүйте берсек, көп ұзамай түп-түгел мәңгүрт ұлтқа айналамыз. Біздің шалақазақтар мен атқамінерлерге керегі де сол. Бүгінгі қазақ басшылар осыны түсінбей отыр ма? Жоқ,  олар соны түсінгендіктен де  қазаққа қарсы осындай будан, дүбәра мәдениетті әдейі жүргізіп отырған сияқты!

Ал саясаттанушы, мәдениеттанушы ғалым ретінде қазақ тележурналистерінің қолынан түспейтін Әзімбай Ғали қазақтың ұлттық мәдениеті, мәдениет саясаты туралы «Хабардан» көрсетілген пікірталаста (27.10.2009) «Қамажай-дэнс» деген мәдени «жаңалықты» айтып қарық қылды. Сонда айтқаны «Қамажай-дэнсте» қазақтың көп элементтері бар, киім де ойластырылған екен. Әнебір жылдары Швейцарияның бір мұражайынан қазақтың ХҮІІ ғасырдағы көне алашасын көріп мәз болып едік. Енді бүгінгі  Қазақстанда жүріп Әзімбайлар ұйымдастырған «Қамажайда» «қазақтың элементтері бар екен, қазақ киімі де ойластырылған екен» деп қуану ғана қалғаны ма?! Ендеше жетіскен екенбіз!

Біз мынадай қорытындыға келдік: Асылы, бір ұлттың ой-санасын әбден ірітіп-шірітіп, ұлттық намысынан айыру үшін оны ұлттық киімінен айырудың өзі-ақ жететін сияқты.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір