Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4722 0 пікір 11 Ақпан, 2014 сағат 05:08

Мейірхан Топанбай. Қайта бүр жарған үміт

Мейірхан - жүрегі жаралы жан. Алайда жігерін өмірдің өзі ұштаған. Тағдырдың дауылы бұтағына сызатын келтіріп, есеңгіретіп кетсе де, өнерге ғашық жүрекпен қайта өмір ағысына қосылған, өз сызатын өзі емдеп, ерке көктемде қайта бүр жарған шынар ағашы сынды!

Жазира Әнуарбекқызы,

Филология және психология 

ғылымдарының докторы,

әдебиет сыншысы.

 

Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы. Тағдыр жолы бұралаң, жанын кеулеген дерт туғалы қыр соңынан қалған емес. Міне,он тоғызыншы көктемін қарсы алған жігіттің жүрегінде тірлікте мәңгі сөнбес үміт оты маздап тұр. Ол өлеңді өзі үшін жазады, дертті жанын емдеу үшін. Жұдырықтай жүрегі бақыт іздеп сабылады. Туғалы ДЦП,эпелепция, ми тамырларының кеңейіп кетуі,көз жанарының нашар көруі сынды ауруларен  алысып келе жатса да, қолынан қаламын тастаған емес.  Мен ең сыншыл әдебиетшілердің легін бастап тұрсам да, Мейірханның жырларын еш сынай алмаймын. Себебі, сыршыл жанның өзін жұбатуына кедергі келтіргім келмейді.

Айнұр Әбдібекқызы,

филология ғылымдарының докторы                   

 

Қысқаша өмірбаян

Мейірхан - жүрегі жаралы жан. Алайда жігерін өмірдің өзі ұштаған. Тағдырдың дауылы бұтағына сызатын келтіріп, есеңгіретіп кетсе де, өнерге ғашық жүрекпен қайта өмір ағысына қосылған, өз сызатын өзі емдеп, ерке көктемде қайта бүр жарған шынар ағашы сынды!

Жазира Әнуарбекқызы,

Филология және психология 

ғылымдарының докторы,

әдебиет сыншысы.

 

Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы. Тағдыр жолы бұралаң, жанын кеулеген дерт туғалы қыр соңынан қалған емес. Міне,он тоғызыншы көктемін қарсы алған жігіттің жүрегінде тірлікте мәңгі сөнбес үміт оты маздап тұр. Ол өлеңді өзі үшін жазады, дертті жанын емдеу үшін. Жұдырықтай жүрегі бақыт іздеп сабылады. Туғалы ДЦП,эпелепция, ми тамырларының кеңейіп кетуі,көз жанарының нашар көруі сынды ауруларен  алысып келе жатса да, қолынан қаламын тастаған емес.  Мен ең сыншыл әдебиетшілердің легін бастап тұрсам да, Мейірханның жырларын еш сынай алмаймын. Себебі, сыршыл жанның өзін жұбатуына кедергі келтіргім келмейді.

Айнұр Әбдібекқызы,

филология ғылымдарының докторы                   

 

Қысқаша өмірбаян

Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы. 1994 жылы 2 наурыз күні дүниеге келген. 2011 жылғы Республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері. Төрт тілде еркін сөйлейтін Мейірхан соңғы уақытта түрік тілінде өлең жазып жүр.

 

Күнделіктегі үзік ойлар      

1. Тағдыр жолы ұзақ сапарға бастайды, әркімді әртүрлі мекенге апарады. Жол болған соң  сан түрлі сындары алдыңнан тосады. Тағдыр жолында бір қағида - шыдам мен сабырды жоғалтпау. Шыдам - шыңға бастайды. Сабыр - жүректің тыныштығына жол ашады.

2. Дерт тәнді меңдесе түк емес, жанды меңдесе қиындау.

3. Парасат - жүрек көзімен адамға жан жылуын төгуден басталады.

4. Адалдық ақ қардай таза жүректі жандардың бойынан ғана табылады,бірақ қазір адалдықты іздеп таба алмайсың жүрегім?!

5. Өнер деп, өлең деп, күн кешетін жандар  саусақпен санаулы, бірақ өнерді шын сүйетін жандардың кейпіне енгендер неге көп? Сұрақтың жауабы: уақыттың таразысы алады әлі іріктеп.

6. Суық жанарлардың қадала беруінен қажыдым, тәнім дертпен алысса, жаным көкірек көзі соқыр жандардың қарасынан қашқақтап бағады.

7. Адамға сенуден қалып барам, бәрінің уәдесі құлақта. Берген уәденің орындалып жатқаны шамалы. Сөздің адамы болудың өзі ертегі кейіпкерлеріне тән болып кетпесе жарар еді.

8. Уақыт тәккапарды құлата алады, жаралы жанды жұбата алады.

9. Қалам ұстаған жандарды жақын тұтам жаныма, олар менің шуақ сепкен жандар арманыма.

10. Үмітті үзбе, қайғының көлінде жүзбе. Өмірді сүй беріліп, өмірден еш безінбе.

11. Мүмкіндігім шектеулі болғаныма мен айыпты емеспін. Аяп мүсіркеп, яки менсінбей қараудан арылса ғой адамдар!

12. Сенімге селкеу түсуі - жүректің оңбай у ішуі. Сенімсіз болып бара жатқанымның себебін іздесем,жүрегім көп у татыпты.

13. Бала жүректің аңғал болатын ұмытпаңыз, сенім мен үміт - балалықтың айнымас серігі.

14. Менің отаным-Қазақстан, менің жаным, жүрегім - қазақ. Еркін елдің - ұланымын, соның өзі жаныма медеу.

 

Жаңбырлы маусым

 

Көктемді сүйем, көктемде туғам,

Көктемнің күні расында думан.

Бала кезде күн ұзақ көбелек қуғам,

Балалыққа не жетсін, адалдық тұнған.

 

Жаңбырмен жүрек егіз секілді маған,

Жаңбырдың  тамшысында жыр тұнған.

Табиғат анамның жыры - жан тербер,

Адам санасын тыңдаса сергіте алған.

 

Көктем - жанымның жан дауасы аңсаған,

Көктем - тіршіліктің тірлігі қайта қайнаған.

Мезгілдердің ең ғажабы - көк түске боялған,

Қысқы ұйқыдан шыбын-шіркей бәрі оянған.

 

Көктем - аспанның жасы тынбаған мезгіл бұл,

Наурыз - бар қыздар  мерекесімен есімде қалған.

Тау суы - тұнық жырындай ақынның сарқырап ағып,

Өзенге қосылып, өзінің жаңа арнасын іздеген тауып.

 

Жаңадан  ғұмырын  бастайды қар суы кенет өзінше,

Егінші алады салған егінін сол суменен сан рет суғарып.

Көктем - жүрекке нұр құйылар сәт ең аяулы,

Сәттер аз көктемде көңіл жабырқар қаяулы.

 

Жер жүзі жаңарып,сандуғаштар әнін  салған,

Көктемде махаббаттың жанады сан мың алауы.

Жаңбырлы маусым, қолшатырыңды ұмытпа,

Жанарға енді көктемде ауыр мұңды жуытпа.

Жаңбырлы маусым - аспанның жасы төгілсін,

Шерін тарқатсын аспанда,үнсіз тұр  араласпа.

 

Күнделіктегі үміт жырлар

Балауса сезімнің жетегіне,

Ереді пенде баласы көбіне көп.

Тірі адам сеніп өтер ертеңіне,

Қалады кейде оймен  уайым жеп.

 

Арманыма жол ашқанда сен едің,

Тарыққан шақтарымда  демедің.

Сан түрлі оймен ширыққан жүректі,

Ақ өлең боп жүрегімді сан емдедің.

                           

***

Күдікке көңіл ілінген шақта бір сәтке,

Өзің қуат болдың, өлеңім сан рет дәтке.

Өзімді адам санағанымда сенің арқаңда,

Қағылып қалып жүргенде көбіне мен шетке.

                         

***

Қиялдың қия жарын мекендеп,

Тосқаным сен едің – ұлы өлең.

Жанардың жасындай мөлдіреп,

Тірлігіме үміт болған - ұлы өлең.

                       

***

Өткенді парақтап,

Өзіңді және ақтап,

Қажыған секілдімін.

Жанарды жасқап,

Өлеңді баптап,

Көңілде көсілді мұң.

Жанымның әуені,

Жүректің бір емі,

Бейнесі - жастығымның.

 

Жазықтысың сен

Жазықтысың, жаныма тіреу болмағаның үшін,

Жазықтысың, от-деміме менің күймегенің үшін.

Жанардан кетпей елесің, жүрек  алданғаны  үшін,

Жазықтысың сен, ғашықтың  күйін білмегенің үшін.

 

Жұдырықтай жүректі шымшылап сағыныш пен мұң,

Жүректен күй кетті, санада мұңлы жырдан басқа,

                                                                              ой жоқ тың.

Сен жайлы айта беремін кездескен жанға неліктен,

Атанып кетпесем дұрыс еді, сөзі көп біреу деп мылжың.

 

Жанымды жауратты, қарбаласы көп күз айы - қараша,

Ғашық болу бірде азап, бірде көңіл қалаған тамаша.

Сені көрсем, сені ойласам, көңілім сезіммен алабұртар,

Жаным жадырап, бар дертіме дәру табылып балаша.

Ғашықтық ғаламат, сана жетіп, жүрек көзімен қараса.

 

Қоңыр күз, таңғы шықпен жарысып қырау түсіп жүрекке,

Сезімнен ажырадым, елеске арбалатын бір сәттік дір етпе.

Сан рет  батылдық тантып өзіңе сезімімді білдірмеккке,

Талпындым, ақыры білдірдім, қойылды сезімге соңғы нүкте.

Сен қойдың. Шешімің солай болды мендік жүрекке кескен,

Содан бері апталар мен ай жылжып жылдар зымырап өткен.

Талай-талай мұздықтар еріп сәулем, тарих көшіне еніп кеткен.

Есімде әлі де сол жолғы қоңыр күз бұлттары төбемнен көшкен.

 

Сағыныш

Адалдыққа ,адамдыққа сенетін,

Жүрек шіркін арман атпен желетін.

Балалықты аңсап жүрсің  жүрегім,

Ақ  қағазға бар сырды бүкпей төгетін.

Оралмайды,

Қол бұлғайды.

Уақытпен ешкім,

Таласа алмайды.

Еркелетті анашым, жанымды жұбатып,

Үміттің шамын алмады тірлікте құлатып.

Талай тағдыр теперішін көрсе де мен үшін,

Асыл анам, білді жүрегімді шын жырлатып.

Ана, еркелегім келеді дәл бүгін менің сізге,

Балалығымның елесі,қайта ораласын есіңізге.

Қардай аппақ парақ едім, қара сия төгілді міне,

Балалық арманым көмескіленді, селкеу түсіп

                                                                        сенімге.

Оралмайды,

Бола алмайды.

Балалық кезің,

Елес боп алдайды.

Сағындым,сиқыр сөзге алданатын кезді,

Сағындым, тазалыққа тұнып тұрар көзді.

Есейгелі бәрі өзгерді, достарым да азайды,

Көп мұң торлап алатын болды  аңғал көңілді.

Тағдырымның қысы ұзақ  жазы қысқа ұқтым,

Тағдырымды ойлап талай кеште мұң құштым.

Қайратым мен айбатымды тең ұстауға серт деп,

Өзімше тірлік кештім, қарамай сөзіне жұрттың.

Балалықты сағындым,бал дәуренім кешегі,

Өмір дегенің - сағыну мен сағынтумен өтеді.

Сағынышқа айналған тұмадай тұнық кезім,

Арманым мен үмітімнен бір хабар береді.

                                

Қу тірлік

Пенделіктен алыс қаша алмайсың,

Қашамын деп, өзіңді бос алдайсың.

(Күнделіктегі үзік ой)

 

Қам күйттеумен бәрін ұмыттым,

Болып барамын-ау тас бауыр.

Өмір деген теңіздей жұмбақ тым,

Адамға артар сыны мен жүгі ауыр.

 

Жүгін көтерем деп, талпынып келем,

Талпыныс, құштарлық бойды кернеп.

Жанардан жас емес, жүректен жыр төгем,

Сананы сауықтырар-жыр, жарамды емдеп.

Сенім мен үміттің гүлдерін аялап мәңгілік,

Адасып қалдым, пенделік билеген өмірде.

Жанымның қалауы - ақ арман жыр болып,

Қиялшыл жан атанып кеттім бүгін  өңірде.

 

Ақшаны ардан биік қойған жандардан бөлек,

Жүргенді қалаймын, өзгермес осынау қалауым.

Қанша тірлік илесін көнбеймін, болмысым ерек,

Адалдық пен адамдық - өмірдегі менің қос жалауым.

 

Адалдық пен адамдықты,

Түсіне алмай арсыздықты,

Тазалықты  аңсап келемін,

Таба алмай және екеуінің ,

Тұрғылықты тұрақ  дерегін.

            

Ертеңіме сенемін

Ертеңіме сенемін,

Атар таңым арайлы.

Армандай беремін,

Көңілге сол қолайлы.

 

Аңсатып  атар ақ таң,

Жүрекке жыр сыйлар.

Өмірді сүю-баршаға тән,

Барша жан өмірге құштар.

 

Тірек етіп тәтті жырды тек,

Арманмен өмір кешермін.

Арманға құлай сене, артып иек,

Өзімше өлеңімді өре беремін.

 

Мазасыз шақтағы жырлар                                                                                             

Жетімек елігім,

Жанымның емі,

Өлеңім - өмірім,

Жүректің демі.

                                                                      

Жанымды жеп бітті білсеңіз,

Су қараңғылықтан қажыдым.

Бір мұңның ілмегіне ілінсеңіз,

Таба алмайсыз құтылу жолын.

Тар қапасқа қамалған құс боп,

Жастықтығым дертіме жем боп.

Менің де біреуді сүйгім келеді,

Сезім жырын ұшырып көгімнен топ.

                            

Жүрек жарған

(Түрік әдебиетінің үлгісімен)

Көңіліме жақын жансың,қиялымда жыр болып тізілген,

Кірпігімнен мұң шығарсың,түндерде жанарымнан үзілген.

Сағынышым - күрең түске боялғалы жүрегімде бір сыр кем,

Сондықтан жаным, жүрегім күніне жүз күрсінген, күрсінген.

Күрсіне беруден қажыдым,

Қиялымды тұсады мұң,

Жүрекке бермей бір тыным.

Тағдырыма тәубе дедім өзіңмен кездестірген, тілдестірген,

Сен жайлы жыр жазылған дәптердің парағы бүгін ескірген.

Саған деген толқынды теңіздей бұл жүректегі сезім өлмеген,

Асау жүректі,бір ғажайып сезім әліде жаным жүз тербеген.

Сені аңсаумен жанарымда мұң тұнды,

Сені аңсап жалын жүрегім бұлқынды.

        

***

Астанадан алып ұшқан хаттарым,

Ерке Есілдей толқып бір тасқаным.

Жырмен емдеп өз жарамды іштегі,

Мұңмен күн кешуде жалын жас тәнім.

Тарыдай мейірімді іздеумен арыдым,

Өзгерте алмай адуынды тірлік сарынын.

Сәулелі, жарық дүниені  бір көру - арманым,

Бір рет болса да қара  жерді  басу - қалауым.

Көзін ашып қараса,көкірек көзімен адамдар,

Дөңгелек жер бетінде періште бар,пенде бар,

Өмір деген асау теңізде, жолаушымыз  біз де,

Сондықтан,  мейірімнен ажырап қалмаңдар!!

                                    

***

Он сегіз көктем мен күзді өткердім,

Өлеңмен жыртық жүректі көктермін.

Шыны жүрегімді сындырып алмасам,

Тағдырыма тәубе деп тірлікте өтермін.

 

Жанарымда жасын от жоқ,көрмеймін,            

Екі аяқта қу ағаш, адымдауды білмеймін.

Бір анығы - келер күннен үмітімді үзбеймін,

Арман құсын табамын, соны мәңгі іздеймін.

 

***

Жанарларым алаулап бір жанса,

Туған дала төсін бір көрер едім.

Жанарымның қарашығы талғанша,

Сұлулыққа тамсанып өтер едім.

 

Қыларға қайраным жоқ менің,

Көре алмаймын бұлттар көшкенін.

Қырдың гүлдері шешек жарғанын,

Туған даламның ерке  көктемін.

 

Шаттықтың шарасын толтырса,

Үмітімді   өлең ғып  үкілер едім.

Бір жан келіп халімді сұраса,

Тірлікте тірі екенімді сезер едім.

 

Жүрегімде мәңгілік  қыс ақ қарлы,

Жанарымның таусылмас жастары.

Менсінбей қарайды көп адамдар,

Жаныңды жүдетер  елеусіз  санары.

 

Сырымды айтым келеді біреуге,

Тыңдайтын жан таппадым неге?

Тағдырымды таңбалап жырлап,

Кетермін мен де зеңгір сол көкке.

                    

Дөңгелеп жер

Қанша үміт өліп тынды  бір күнде,

Қанша үміт сіңіп кетті қара түнге.

Жеңдірдік көңілді біз қанша күдікке,

Иек артық  көңілмен қанша рет  үмітке.

Білмейміз,тасыған өрт өмірдің легіне ілесіп,

Зулаған уақыттың жырына бәлкім үндесіп,

Алғандаймызды мейрімділікті тым  сейретіп.

Бойымызды бей-жайлыққа әбден  үйретіп.

Алмаймыз бірақ, неге жүрек шоғын  үрлетіп?

 

Дөңгелеп дөңгелек жер барады,

Тарихтың парағында ізі қалады,

Уақытты бағалай білудің өзінен,

Ұлылықтың қадамы басталады.

 

Мұң ойылып жазылыпты пешенеме,

Өр санаға ой сыйлап кетті  нешеме.

 

Дөңгелеп жер, тағы бір күн келеді,

Аптадан ай, айдан жыл - не өзгереді?

Бақыттың алдан кезікпей бір дерегі,

Бақыт деп, жүрегім құр бос сенделеді.

 

Бақыт деген - жүректің тыныштығы,

Бақыт деген - отанның  тыныш түні.

Заңғар көктен жас тамады себепсіз,

Жаныма ауадай өзіңіз ғана керексіз.

 

Неслишаһ Эрген. Сен аман болсын деп

(аударма)

 

Бол аман!

Жүрегімнің иесі,

Қиялымның киесі,

Ақ қанат - арманым,

Қолтығымнан сүйеуші.

Ер азаматтың ең асылы,

Жүрегімнің жан мұңы.

Сенімен өткізсем тілек,

Ұлы дүбір бір ғасырды.

Сертіңе сенген жанмын,

Ақ қардай сендік армын,

Ерініңе ернім тиген сәттен,

Өзіңе адал болған жармын.

Сүйгенім, сенгенім, өмірім,

Өзің дегенде тұмадай тұнық

                                          көңілім.

Сенің сенімің,

Сенің сезімің,

Қуат болып бойға,

Жыр болып ойда,

Жүргенін білгін.

Аялы арманым!

Жанымның жартысы,

Өр көңілдің жыр құсы!

Күндегі жаңылмас тілегім,

Бір өзің - аман болшы!

                         Аман болшы!

Тәңірден аман болуыңды тілеп,

Шарқ ұрады, кеудедегі бір жүрек.

 

Жан құмарым

Өр денені басып тұрғандай бір мұң,

Көзімнен ұшып  алаулап бір ұшқын.

Ұйқасын іздеп бір көңілдегі жырдың,

Ашуға талпындым жүрегіңнің құлпын.

Жан құмарым менің,

Ән сыңарым менің,

Жыр қуатым менің,

Мынау өмір көшінде.

Арман әлемім менің,

Ақ маралым менің,

Сен - періштем едің,

Айналған жүрек еміне.

Сағынышпен сарғайғанда жүрегім,

Өзіңді бір көру болды арман – мтілегім.

Жаз дидарлым, бұрымы беліне түскен,

Өзіңді ойлап, түндерде кірпік ілдірмедім.

 

«Қайта бүр жарған үміт» атты өлеңдер топтамасы Топанбай Мейірхан Мейірамбекұлының өлеңдері мен аудармалары негізінде құрастырылды.

Өлеңдерді теріп, әзірлеген -  Алуа Әбсаттарқызы.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

   

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2101
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2198
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1622