Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3885 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 08:26

Билiктi төңкерiп кете жаздаған ҚДТ қалай қудаланды?

Осыдан 13 жыл бұрын дәл осы қаңтар айында Қазақстанның саяси әлемiне жас түркiлер атой сап кiрдi. Кереметi сол, бiр адамның қолына шоғырланған билiктi өзгертiп, елiмiздi демократиялық мемлекетке айналдыр­ғысы келгендердiң денi жоғары лауазымда отырған жас шенеунiктер едi. Алайда олар халқының ертеңiн қызметiнен жоғары қойып, бастарын бәйгеге тiктi. Бұл – Қазақстан тарихындағы әдiлеттi қоғам құруға деген ұмтылыстың басы болатын. Өкiнiшке қарай, мемлекеттiк машина жас түркiлердi бықпырт тигендей етiп қудалап, бiрер жылдың iшiнде-ақ тоз-тозын шығарды.

Осыдан 13 жыл бұрын дәл осы қаңтар айында Қазақстанның саяси әлемiне жас түркiлер атой сап кiрдi. Кереметi сол, бiр адамның қолына шоғырланған билiктi өзгертiп, елiмiздi демократиялық мемлекетке айналдыр­ғысы келгендердiң денi жоғары лауазымда отырған жас шенеунiктер едi. Алайда олар халқының ертеңiн қызметiнен жоғары қойып, бастарын бәйгеге тiктi. Бұл – Қазақстан тарихындағы әдiлеттi қоғам құруға деген ұмтылыстың басы болатын. Өкiнiшке қарай, мемлекеттiк машина жас түркiлердi бықпырт тигендей етiп қудалап, бiрер жылдың iшiнде-ақ тоз-тозын шығарды.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы өкiлдерiнiң 2001 жылдың 18 қарашасындағы баспасөз мәслихаты билiктiң ұшар басындағы топты есеңгiретiп тастады. Мұндай тосын жағдайдың боларын ешкiм күтпеген. Төрдiң төбесiнде маңдайлары жарқырап жас түркi­лер отырды. Олардың билiк пен қоғам туралы айтқан орынды пiкiрлерi тура ондыққа ұрып жатты. Сол кез­дегi премьер-министрдiң орынбасары Ораз Жандосов әлгi жиында өзiн мемлектеттiк қызметкер емес, Қазақстан азаматы ретiнде таныстырды. Қозғалыс мүшелерiнiң қай-қайсысы да “не бел, не белбеу кетер” демекшi, нар тә­уекелге мiнгенi аңғарылды. Қысқасы, не керек, қоғам сая­сат әлемiне жаңа элитаның келгенiн ұқты.
Бiрақ билiк те қарап қал­ған жоқ. Қарымта соққыны екi күн өте сала, сол тұстағы Үкi­мет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасады. Ол мұны пре­зиденттiң айналасындағы жас­тардың кәсiби осалдығына балап, “Бизнес элита өкiлдерi мен мемлекетiк қызметкерлер тәуелсiздiкке 10 жыл толғанда мемлекетке қарсы ақпараттық соғыс жариялады. Мем­лектеттiң ар-намысына тидi” дедi. Және вице-премьер Ораз Жандосовты, Ең­бек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Әлихан Бәй­меновтi, Павлодар облысының әкiмi Ғалымжан Жақияновты, Қорғаныс ми­нистрiнiң орынбасары Жанат Ертiлесованы қызметтен алу жөнiнде президентке ұсыныс жасады. Мiне, дәл осы сәтте­гi Тоқаевтың өң-түсi әлi күнге дейiн жұрт­тың көз алдында. Әншейiнде тойған қозыдай томпиып қана жүретiн Қасым-Жомарт бұл жолы мүлде бас­қа қырынан танылды. Шарасыздықтан көзi шатынап тұр­ды. Бұл сол кездегi жоғары билiктiң есiн екеу, түсiн төр­теу еткен оқыс оқиғаның Тоқаевтың жанарына шығып кеткен көрiнiсi едi.
Жалпы, билiктiң жас түркi­лерден кәдiмгiдей қаймыққанына мысал көп. Соның бiрi – Рахат Әлиевтiң ҰҚК басшысының орынбасары қызметi­нен қуылуы. Бұл туралы Н. Назарбаев: “Офицер ретiнде ол дұрыс шешiм қабылдады. Оның жұмысына ешқандай сын-ескертпе айтылмаған. Ендi Рахат Әлиев президент­тiң күзет қызметi басшысының орынбасары қызметiн атқарады. Менi кiмнiң күзететiнi жөнiндегi шешiмдi өзiм қа­былдаймын” деген сыңайда пiкiр айтқаны бар.
Бұл – президенттiң отбасына қатысты ҚДТ өкiлдерi­нiң сынынан шыққан қорытынды болатын. Жуыр­да ғана жарық көрген “Назарбаев развалил ҚДТ” деректi фильмiнде сол кезеңнiң әдемi бiр сәтiн айнытпай көрсететiн бейне көрiнiс бар. Бейнеде Н.Назарбаев пен Р.Әлиев үстел басында қарама-қарсы отыр. Қайын ата мен күйеубаланың арасындағы байланыстың қандай дәрежеде екенi бiр-бiрiне жымың қаққанынан аңғарылады. Рахаттың ҰҚК-дан кетуiнiң өзi әншейiн көз алдауға ұқсайтындай. Алайда ым-жымы бiр әке мен бала арасындағы татулықтан кейiн дәм кетiп, олардың бiр-бiрiне һас дұшпан атанарын ол кезде ешкiм де бiлмеген едi.
Қоғам назарын ерекше аударып, халықтан қолдау таба бастаған жас түркiлер 2002 жылдың 19 қаңтарында демократиялық күш­тердiң жиынын өткiздi. Цирк ғимаратындағы басқосу түннiң бiр уағына дейiн жалғасты. Ең қызығы, осы жиынды Қазақстан халқы тiкелей эфир арқылы көрдi. Саяси сарапшылардың пiкiрiнше, мұндай мүмкiндiк бұдан кейiн қайталанған емес. Және қайталанбауы да мүм­кiн. Өйткенi билiк оппозиция­лық сая­си күштермен ашық бәсекеге түсуден өлердей қорқады.
Осы жиынның ертесi Алматыда үлкен митинг өткен болатын. Қарапайым халық жемiр билiктiң жауапты қызметiнен бас тартқан жас түркiлерге ерекше үмiтпен қарады. “Лидер” деген сөз де осы кездерде жиi ауызға алынды. Оларды халық нағыз лидерлер деп таныды. Жас демократтар мен қарапайым жұртшылық арасындағы байланыстың саяси салмақ алып бара жат­қанын аңғарған билiк ендi күрестiң барлық тәсiлдерiн iске қосты.
Сол тұстағы Н.Назар­баевтың бiр сөзi ерiксiз ойға орала бередi. Күннен күнге күш алып бара жат­қан “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының тiрлiгiн президент сая­си шоу деп бағалаған. Митинг­тi байлардың бүлi­гiне телiп, алаңға шыққан жұртты ақша берiп, сатып алынған тобырға жоритын пiкiр де прези­денттiң аузымен айтылды.
Қысқасы, 2002 жылдың наурызында демократтарды аулау басталып кеттi. Мұх­тар Әблязов қамауға алынды. Көп ұзамай Ғалымжан Жақиянов та қапасқа қамалды. “Жас түркiлердi босатыңдар!” деген халықтың талабын қара көзiлдiрiк киiп алып, ұрандатқан жастардың “Қазақстан-Нұрсұлтан” деген айқайы басып кеттi. Бүкiл мем­л­е­кеттiк БАҚ қаралау акциясына жұмылдырылды. Ақпарат құралдары арқылы жас демократтарды “мемлекеттiң ақшасын жымқырған ұры” ретiнде көрсету белең алды. Мiне, осылайша алды қамалып, қатары сирей бастаған ҚДТ қозғалысы әлсiредi.
Қазiр ҚДТ жеңiлiсiнiң себеп-салдарына үңiлген сарапшылар екi мәселенi ерекше атайды. Оның бiрi – жас түркiлер күрестi сәл ертерек бастап қойды, қоғам мұндай өзгерiске әлi дайын емес едi дейтiн байлам. Екiншiсi – жаңа қозғалысқа билiктiң жiберген жансызы туралы пайым. Сол тұстағы видео-бейнелердi қарап отырсаңыз, Әлихан Бәйме­новтiң “Бiз альпинист емес­пiз, бiрақ ол да Эверест емес” дейтiн мәтелге бер­гiсiз бiр сөзiн тауып алуға болады. Бұл сөздi Бәйменов қолын аспанға шошайтып тұрып айтқан. Демек оның кiмдi нұсқағаны белгiлi. Және сол адамның Эверест бола алмайтыны да басы ашық жайт. Дегенмен жеме-жемге келгенде Әлихан “альпинист” болып шықты. Өзгенi қайдам, жас түркi­лердiң өздерi дәл осылай ойлайды.
Мәселен, сол кездегi Се­нат депутаты Зәуреш Батталова, Мәжiлiс депутаты Төлен Тоқтасынов, вице-премьер Ораз Жандосов, Павлодар облысының әкiмi Ғалымжан Жақия­нов, Қорғаныс министрiнiң орынбасары Жанат Ертiлесова сынды жас түркiлер билiкпен ат құйрығын кесiстi. Ал бұрын­ғы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Әлихан Бәйменов қазiр Мем­лекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiктiң төрағасы. Демек Әлихан өз үйiрiне қайта оралды. Мұх­тар Әблязовтiң жайы белгi­лi. 2002-2006 жылдары қа­мау­да болған Ғалымжан Жақиянов АҚШ-тың Бостон қаласында тұрып жатыр. Төлен Тоқтасынов та шетелде.
Ал ендi осы қозғалыс “қозғалмайтын президентке” қалай әсер еттi? “Назарбаев развалил ДВК” фильмiнде қоғам қайраткерi Серiкболсын Әбдiлдин Нұр­сұлтан Назарбаевтың мынадай сөзiн келтiредi: “Секе, олар менi төңкерiп тастай жаздады ғой...”. Бұл ендi мызғымастай болған билiк үшiн жас түркiлердiң қандай қауiп туғызғанын прези­денттiң ашық мойындауы болса керек.
Егер сол кезде билiк басына жас демократтар келгенде, Қазақстан нағыз демократиялық жолға түсер едi. Шынайы демократиялық мемлекет қалыптастыра алмағанның өзiнде жас түр­кiлер сол жолға бастайтын өткел болуға әбден лайық едi. Амал не, қазақтың маңдайына ондай бақ жазылмаған екен. Әйтсе де отыздың ортасындағы жастар халықтың болашағы, елдiң ертеңi үшiн жоғары қызмет­тiң өзiн тәрк етiп, күреске шығуға болатынын дәлел­дедi. Және әдiлеттi қоғамға бетбұрыстың ал­ғашқы сүр­леуiн салып бердi.
 
Сансызбай НҰРБАБА
"Жас Алаш" газеті
0 пікір