Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4206 0 пікір 15 Қаңтар, 2014 сағат 03:40

Сәуле Мешітбайқызы. Ұлы көштің тоқтауы - кешірілмейтін қылмыс!

 90-ға келген қарт әжемнің 50-ші жылдардың басында «Қара таудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп жылап отырып айтатын зарлы даусы әлі күнге дейін құлағымда... «Әже, неге жылайсыз?» деймін ғой баяғы балалық аңғалдықпен. Кейуана мені шошытпайын дейме, жаулығының ұшымен көзін көлегейлеп: «Оны саған түсіну қиын, ботам, адам жасы ұлғайған сайын өткеніне көз жүгіртіп отырады. Менікі сағыныштың көз жасы ғой. Біздің көргенімізді сендердің көргендеріңді қаламаймын. Бәрі бізбен кетсін. Мен байғұс, ата-анамды, олардың көшін еске алып отырмын», -  деп қоятын. Оны түсіну қайда? Шапқылап кете беретінбіз. Кейде сан-сұрақтың астына алып отырып, әңгіменің ауаны «бай-құлақ, халық жауы» деген, бізге белгісіз, жан-шошырлық сөздерге ауғанда, қорқып кетіп тына қалатынбыз. Ол әңгіме одан кейін көпке дейін қозғалмайтын..

Қазір менің өзім әжемін. Шыны керек, тарыдай шашылған қазақ көшінің мән мазмұнын, (Аллаға тәуба дейік), Тәуелсіздік алғаннан кейін біліп, оқып, санаға тоқи бастадық.
Соның көбі тарихи романдар... Қабдеш Жұмәділовтің екі томдық «Соңғы көш» романы алдыңғы лекте тұр. Содан «Тағдыр» романы. Бұлар - оқырмандарынан лайықты бағасын алған шығармалар.

 90-ға келген қарт әжемнің 50-ші жылдардың басында «Қара таудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп жылап отырып айтатын зарлы даусы әлі күнге дейін құлағымда... «Әже, неге жылайсыз?» деймін ғой баяғы балалық аңғалдықпен. Кейуана мені шошытпайын дейме, жаулығының ұшымен көзін көлегейлеп: «Оны саған түсіну қиын, ботам, адам жасы ұлғайған сайын өткеніне көз жүгіртіп отырады. Менікі сағыныштың көз жасы ғой. Біздің көргенімізді сендердің көргендеріңді қаламаймын. Бәрі бізбен кетсін. Мен байғұс, ата-анамды, олардың көшін еске алып отырмын», -  деп қоятын. Оны түсіну қайда? Шапқылап кете беретінбіз. Кейде сан-сұрақтың астына алып отырып, әңгіменің ауаны «бай-құлақ, халық жауы» деген, бізге белгісіз, жан-шошырлық сөздерге ауғанда, қорқып кетіп тына қалатынбыз. Ол әңгіме одан кейін көпке дейін қозғалмайтын..

Қазір менің өзім әжемін. Шыны керек, тарыдай шашылған қазақ көшінің мән мазмұнын, (Аллаға тәуба дейік), Тәуелсіздік алғаннан кейін біліп, оқып, санаға тоқи бастадық.
Соның көбі тарихи романдар... Қабдеш Жұмәділовтің екі томдық «Соңғы көш» романы алдыңғы лекте тұр. Содан «Тағдыр» романы. Бұлар - оқырмандарынан лайықты бағасын алған шығармалар.

Тарихта қаншама көш болды....Жазушы Жәди Шәкенұлы оқырман қауымға «Қытайдағы қазақтар», «Оспан батыр» секілді көлемді шығармаларымен  таныс. Ал «Қаралы көш» романының жөні бір басқа  – бір ғана адам, бір ғана ауыл емес, басы Қытайдың Баркөл аймағынан бастау алып, одан Гансу-Чинхай өлкелері арқылы Тибет пен Гималайды басып Үндістан, Пәкістанға барған, кейін Кіші Азия, одан Еуропаға жеткен қандастарымыздың тарихынан хабар беретін шынайы дерек. Бүгінде әлемнің қырықтан астам елінде қазақ мекендейтін болса, бүгінгі роман кейіпкерлері аталған мемлекеттердің жартысынан астамында тұрады екен. Бұл еңбекті қазақ тарихына, соның ішінде Қазақ диаспорологиясы саласына келіп қосылған тың деректік туындалардың қатарына жатқызуға болады. Бұған дейін Алтайдан Түрік еліне, одан Еуропаға дейінгі оң мың шақырымды құраған әлемдегі ең ұзақ көш туралы жазылған Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» тарихи шығармалары осы «Қаралы көш» романымен толығып отыр. Тіпті, «Елімайлап өткен өмір» бұдан ертеректе (Стамбұлда 1999, Алматыда 2005 жылы) жарыққа шықса да, оны «Қаралы көштің» жалғасы деуге де болады. Хасан Оралтайдың әкесі Қалибек Хакім Райымбекұлы бастаған көш «Қаралы көштегі» Үндістан мен Пәкістанда отырған көшке он жылдан кейін барып, 1953 жылы ғана тұтас ел жарылып Түркияға жол тартады. Айта берсек, көш туралы жазылған шығармалар көз жасыңды парлатып, шыбын жаныңды шырқыратып жібереді. Жолай қырылған қазақ, шекарада атылған қазақ, ойда да, қырда да сүйегі шашылған қазақ. Олар ата-бабасының жерінен қашқанда, кеңестік озбыр саясаттың ызғарынан сескеніп, ұрпағымды аман сақтап қалайын, бұл алапат күнде басылар, маңайға шуақ шашырар деген ойда болғандары анық. Біздің бүгінгі билік, ұлы көшті тоқтатуға ерік берген лауазымды тұлғалар өткеннен сабақ алып, бүгінгі сары даланың қазақтарсыз, күңіреніп, боздап тұратынын естерінен шығармаса дегім келеді. Өйткені, бұл дала олардың да ата қонысы! Ұлы отаны!

Тәуелсіздікке қолымыз жете сала айдай әлемге жар салып, өз қандастарын туған отанына шақырған төрт мемлекеттің (Израиль, Германия, Ресей) бірі Қазақия болатын. Егемендік алып, тәй-тәй басқан баладай сүріне құлап жатса да, тұсауы жаңа кесілген еліміздің ол кездегі арманы да асқақ болатын. Бауырмал еді, намысшыл еді, ақкөңіл еді, жомарт еді... Ашқұрсақ жүрсе де жігері мұқалмаған берік еді... Алайда, әбден отарланған, тілі-мен ділі талауға түскен халықтың жүрегінде қаяу да бар еді. Далиған даласының ой-шұқыры мен өзен-көліне дейін мұңдылау көрінетін. Себебі шөптің шүйгінін, судың мөлдірін ішетін таза қанды жылқының мекеніне доңыздың тұмсығы тиіп, кез келген ит сарп кетуден тайынбайтын... Әбден езілген ұлттық рух, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан-тұғын. Алла тағала сол кезде тарих сахнасына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлын алып шыққан болатын. Осындай кездері бөрікті көкке атып қуанып тұрып та, тәуелсіздіктің ғұмырының қаншалықты ұзақ болатынына күдікпен қарағандар өте көп-тін. Жергілікті халық саны да 30 пайызға әрең жетіп, күздің суық желіне бүрсеңдеп зар қаққан қурайдай қалт-құлт етіп қоятын. Болашағымыз бұлыңғыр еді. Ертеңге деген сенім әлсіз еді... Керек десеңіз, қазақ даласына арып-ашып келіп, бүйірлері шыққандардың өзі, азат елдің ертеңіне сенбей үдіре көшіп жатқан. Сол кезде кім еді құлазыған далаға сән берген? Кім еді қиналған да қолтықтан демеген? Кім еді туған жерім деп еңіреп жеткен? Олар - алыстағы қандас бауырлар еді ғой. Соны неге ұмытамыз?! «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдай да қалмайтын ба еді». Осы кезеңде, тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған халықтың басындағы тұманды арылтып, тәуелсіздік таңының қайта атқанына шаттанған, алыста жатқан ағайынның қуанышы да ерекше болып еді-ау. Бауырларының сол қуанышына қанат бітірген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты да осы тұста жарияланған болатын. Сол хаттан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Алыстағы ағайындарға ақ тілек! Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін!Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген ақ тілекпен басталған тарихи хаты, ағайын көшінің ағылуына алтын бұйда болды. Онсыз да делебесі қозып, дегбірі қашқан халық тайлы-таяғымен атажұртқа ат басын бұрды. Ол да бір дәурен екен-ау. Осылай ағынан жарылып шетелдегі қандас бауырларын отанына шақырған елбасы ұлты үшін көп жұмыстар жасады. Оны келешек ұрпақ мақтана айтары һақ.

Енді келіп, етек-жеңімізді жиып, ел еңсесі тіктеле бастағанда,  сырттағы бауырларымыздың туған жерге жетуі мұң болғалы тұр. Ұлы көш бастағалы олар не көрмеді? Оларға қарата айтылмаған ғайбат сөз аз ба еді? Бауырға басудың орнына дауылдың өтіне қалдырған кезіміздің болғанын несіне жасырамыз? Қаншама жылдан бері президентімізге өсек-аяңды қарша боратқан мысық тілеулі ағайындар ақыры армандарына жетіп отыр. Экономикасы қарыштап дамыған Қазақияның Ұлы көшті қақ ортада шөгеріп тастауына не себеп болғаны жалпы жұртқа әлі күнге түсініксіз. «Бұдан да жаманында тойға барған» қазаққа, бүгінгі толысқан, жарасқан, келіскен қалпындағы биліктің өрескел қылығы тосын, әрі жат. Соңғы көш басталғалы бақандай 22 жыл өтті. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионнан аса қандасымыз Отан-анасының ыстық құшағына оралып, еліміздің демографиялық өсімі мен рухани кеңістігін толтыруға да айрықша үлес қосты. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық.

БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің ішінен тек қана төрт мемлекет репатрианттардың тарихи Отанына оралуымен мемлекеттік деңгейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі болып, Германия, Израиль жəне Ресей Федерациясымен үзеңгілес жұмыс атқарып келді. Енді келіп қазақ билігінің «Бүйректен сирақ шығарып» отырғаны түсініксіз? Ал, біз жоғары да аттарын атаған мемлекеттер әлі де қандастарының елдеріне келуіне мүдделі. Онда біздің тоқмейілсіп, «Өзі болған қыздың төркінін танымас» кейіпке енуімізді қалай түсінуге болады?

Менің қолыма қалам ұстатқан мәселе де – осы. Анамын ғой, елімнің ертеңі үшін алаңдаймын. Қазақ көшінің тоқтауы ел болашағы үшін үлкен соққы екенін бәрі біледі. (Шын мәнінде тəуелсіздік жылдарында халықтың көші-қоны саласындағы уəкілетті органы бес-алты рет орын ауыстырды. Осының өзі-ақ көп жайды аңғартып тұр емес пе? Оларға деген сый-құрметіміздің сұрқы осы болса, не етерсің?). Нақты деректерге сүйенсек, шет елдерде 5 млн-дай қазақ бар көрінеді. Олардың келешегі, ұрпағының жаһандану дәуіріндегі кескін-келбеті қандай болмақ? Олардың шындап келген де Қазақиядан басқа отаны бар ма өзі? Ұлан-байтақ даламызға топырақтан адам жасауға бейіл болып отырғанда, бүгінгі ұлы көшті тоқтату, ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәміздің бірі болып қалмасына кім кепілдік бере алады? 22 жылда ел болып танылуымызға, нағыз қазақтық болмысымызды көрсетуге олардың сіңірген еңбегі орасан. Егер бүгінгі алмағайып заманда сырттағы 5 млн қазақты бауырымызға тартпасақ, олардан мүлде айырылып қалу қаупі туады. Олар түгілі 22 жылда өз ішіміздегі қандастарымыздың тіл мәселесіндегі түйткілді жайттан арылмай отырғаны кім-кімге де сабақ болса игі! Біреудің қолына қарап отырған олардың аз-ақ жылда ассимилацияланып кету қаупі зор. Билік «көптігімен мақтанатын» кезеңнің жақындап келе жатқанын ұмытпауы тиіс. «Көп қорқытады, терең батырады» қай кезде де. Егер қазақ болмаса, қазақтың жері болмаса, олар кімге билігін жүргізеді? Ұрпақтары кімге дөң-айбат көрсете алады.

Менің ойымша, Ұлы көштің тоқтауына бізге көрінбейтін, бірақ тоқпағы мықты сыртқы күштер әсер етіп отырғандай сезіледі. Олар қазақтың күшейіп кетуінен қорқады. Сыртқы күштер Қазақстанның мемлекет болып, әсіресе ұлттық мемлекет болып күшейіп кетуінен қатты сескенеді. Қазақ дамып, ұлттық мемлекетке айналып кетсе, елімізде емін-еркін сайран салып жүрген шетелдік алпауыттарға есік жабылады. Жеп отырған нанынан айрылады. Олар қазақ даласын өздері қойған, сөздерін сөйлейтін жемқор шенеуніктер арқылы басқарып отыр. Еліміз алғаш тәуелсіз ел болып, әлемнің әр түкпірінде шашылып жүрген қазақтарға айқара есік ашқаннан кейін оралмандардың алғашқы легі келе бастағанда сыртқы күштер ойлады: «Жаңа ортаға сіңіп кете алмайды» деп. Алайда олай болмады. Оралмандар сіңісіп, киелі қазақ елінің толыққанды азаматы болып кетті. Міне, бұл оларға ұнамады. Менің ішкі ойым осылай дейді. Әйтпесе, қазақ көшінің тоқтауынан еш себеп көре алмай отырмын.

Желтоқсан айының 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді. Сонымен, 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, – бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ!

Мені қынжылтатыны ел сенім артқан қос палаталы Парламенттің төрінде отырған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көп уақыт жібермей, талас-тартыс тудырмай, (бірді-екілі азаматтардың сөзін кім тыңдасын) «айдарынан» сипап Елбасының алдына жіберуінің өзі ашудың түйінін тарқатады.

Мемлекетіміз күннен күнге дамып, гүлденіп келеді. Оған сөз жоқ. Бірақ ұлттық мемлекет болып қалу мәселесі әлі де қиын күйінде қалып тұр. Себебі өз бауырларымызды өзіміз кеудесінен итеріп отырмыз. Әлемдік мамыражай тіршіліктің басты шарты  - халықтың билікті түсінуі, биліктің халықпен тіл табыса білуі. Ынтымақ пен бірлік сол кезде ғана нығаяды. Сондықтан біз бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізді құрметтеуге тиіспіз. Қазақ деген атымызға лайықты ел болу баба мұраты! Алладан да, тағдырдан да, уақыттан да жылап алған мүмкіндіктен ажырап қалу қаупі туып тұр қазір.  Мына заманда бізге шеттегі бауырларды елге тарту үшін, төрт жыл түгілі төрт күннің өзі көп. Себебі жаһандану жалмап барады ғаламды. Бұл өте қорқынышты құбылыс. Біз өзі аз ғана халықпыз. Ұлтқа ұлағат болатын зиялылармыз да көп емес. Олардың да осы бір кезеңде үн-түнсіз қалуы  кешірілмейтін іс. Мұстафа Шоқай айтады: «Ұлттың дамуы үшін зиялы қауым мен қатардағы ақсақалдардың бұғып қалуы, ұрпақ кешірмейтін үлкен күнә» деп. Осыдан қорқып жатқан қарияны көрмедім.

Ия, 22 жыл зу етіп өте шықты. Елімізді әлем таныды. Ұлтымыздың саны да өсті. Алғашқы лекпен келген қандастарымыз елге сіңісіп, азат елдің аймаңдай ұрпағына айналды. Бүгінде олардың тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеріп, спорт, өнер, өзгеде салаларда көптеп көріне бастауы да ұлтымыз үшін мақтаныш. Құдайға шүкір, іргеміз бекіді. Тіліміз де жылуын шашып тұрмаса да, қоламтаның астындағы шоқтай маздап жатыр. (Шынына келсек, тіліміздің теңселмей, қанатынан қырқылмай самғауына да, тілдің нәрін сақтап келген бауырлардың ықпалы зор екенін естен шығармағанымыз абзал).

Қазақтың күні қазақпен, қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Даламыздай дархан, жайсаң, керемет халық екеніміз даусыз! Бірақ «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!» деген балалар даналығын ұмытып кетіп жататынымыз өкінішті! Ел іші болған соң түрлі жағдайлардың болып тұратыны рас. Мысалы, оралман бауырларымыз бір жағымсыз қылық көрсетсе, шу ете қаламыз дүрлігіп. Ал, басқа ұлт өкілдері қызымызды зорлап, ұлымызды өлтіріп кетсе де мық етпейміз. Шыдаймыз. Төземіз. Ұлттар достығына сына қаққымыз келмейді. Бірақ басқаларға бұл қағидат жүрмейді. Міне, парадокс!

Ұлтқа жаны ашымастардың оралмандарды жек көрінішті, анайы, дөрекі, тәртіпсіз қылып көрсетулері үдеп барады. Елбасымен қандас оралман бауырлардың арасына арнайы сызат түсіріп жүргендер және бар. Бұл дегеніміз- қазақтардың тамырына балта шабу. Мұны жасап отырған, билік басына мығым орнығып алған ұлтын сүймес басшылар! Олар- ұрпақ үшін, елдің келешегі үшін өте қауіпті қылмыс жасап қойғандарын білмейді сорлатқанда.

Қандай жағдай болса да, қандай қиындық туса да қазақ көшін тоқтату –қылмыс. Бұл болашағынан үміті зор еліміз үшін жаман ырым... Айтпасыма болмай тұр, Елбасының жан жағына, жағымпаздар мен екіжүзділер отау тіге бастады. Олар өтірікті шебер ұйымдастырып, өз өтіріктеріне өздері сеніп, басқаларды да сендіріп жүргені ақиқат! Патшамызға шындықты жеткізбей, көші-қонның жай-жапсарын таразыға тартып әділ байыптап бермей отырған солар секілді.
Бұл қазақ еліне, оның Елбасына жасалып отырған ҚИЯНАТ, ҚЫЛМЫС! Бізде тамырын тереңге жая алмаған рухсыздар көп. Қазақстанды мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің бір де бірі ұлтымызға қарсы шыққан емес. Ұлы көшті тоқтау жайлы халық қаншама мәлімдеме жасады. Ақын-жазушыларда қаншама үндеу хаттар жолдады. Мұның бәрі қауіптің алдын сезгендіктен жасалған қадамдар еді. «Қорыққан бірінші жұдырықтайды» деген –  осы. Алайда «селт еткен» Үкімет, «дір еткен» Парламент жоқ! «Ит үреді, керуен көшеді» деген шығар, бәлкім. Қаншама ашық хаттар жазылды, олардың бір де біреуі президенттің қолына жетпегені даусыз. Мұндай жағдайлардың түптің түбінде Елбасы мен халықтың арасын алшақтататыны неге ескерілмейді?

 Совет- ХАН ағаның мына сөзі ойыма оралып отыр. "Құрметті НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ... "күллі Қазақты туған жеріне оралту", Алланың рақымымен ойыңа келген ҚАСИЕТТІ ИДЕЯ болатын, мұны аяғына дейін жеткізу, ТІРШІЛІГІҢНІҢ МҰРАТЫ БОЛУҒА ТИІС ! Сонда, АЛЛА да, АРУАҚ та риза болмақ ?!». Бұдан асырып не дей аламын.
Сөз соңында айтарым, «Қасыңызда жақсы да, жаман да жүрген болар. Бірақ солардың айтқанын істеп, алдауына түсетін азамат, Нұраға, сіз емессіз! Оған біліктілігіңіз де, біліміңіз де, өмірлік тәжірибеңіз де жетеді.  Алла сәтін келтірген, ҚАЗАҚ КӨШІН, өзіңіз  бастаған Ұлы көшті тоқтата көрмеңіз!

http://www.kazakhstanzaman.kz/ 

0 пікір