Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8579 0 пікір 20 Желтоқсан, 2013 сағат 08:15

Бейсенбай Дәулетұлы. Ағатайым-ай!

1-сурет: Фарида Жолдасова Елбасы жанында ән салып тұр. Ақтау, 2000 жыл.

2-сурет: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясының 3-курс студенті Фарида Жолдасова. Алматы, 2013 жыл.

 

Әкесіне тартқан қыз

«Ағатайым-ай, ағатайым-ай,

Қарсы алар халқың құшақ жайып-ай.

Ертеңі үшін егемен елдің,

Болыңыз аман, ағатайым-ай!»

Бұдан оншақты жыл бұрын өзіне ғана тән дауыс ырғағымен телеарналарда осылайша ән салған сүйкімді қыз елдің есінде шығар.  Елбасының қолынан ұстап тұрып ән шырқаған сол бүлдіршін Фарида Жолдасова болатын. Ол әнді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылғы кезекті жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барғанда алдынан айтып шыққан еді. Президент сапарына дайындық барысында әдеттегіше теңіз жағасындағы елдің бар жақсысын жайып салу үшін тың жобалар, тосын тақырыптар іздестіріледі ғой. Міне, сол кезде «Елбасын Фарида Жолдасова жақында ғана шыққан «Ағатайым-ай» әнімен қарсы алса» деген ұсыныс болған-ды.

1-сурет: Фарида Жолдасова Елбасы жанында ән салып тұр. Ақтау, 2000 жыл.

2-сурет: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясының 3-курс студенті Фарида Жолдасова. Алматы, 2013 жыл.

 

Әкесіне тартқан қыз

«Ағатайым-ай, ағатайым-ай,

Қарсы алар халқың құшақ жайып-ай.

Ертеңі үшін егемен елдің,

Болыңыз аман, ағатайым-ай!»

Бұдан оншақты жыл бұрын өзіне ғана тән дауыс ырғағымен телеарналарда осылайша ән салған сүйкімді қыз елдің есінде шығар.  Елбасының қолынан ұстап тұрып ән шырқаған сол бүлдіршін Фарида Жолдасова болатын. Ол әнді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылғы кезекті жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барғанда алдынан айтып шыққан еді. Президент сапарына дайындық барысында әдеттегіше теңіз жағасындағы елдің бар жақсысын жайып салу үшін тың жобалар, тосын тақырыптар іздестіріледі ғой. Міне, сол кезде «Елбасын Фарида Жолдасова жақында ғана шыққан «Ағатайым-ай» әнімен қарсы алса» деген ұсыныс болған-ды.

Киелі сахнаға бес жасынан қадам басқан Фарида Жолдасова «Әнші балапанның» лауреаты атанғаннан кейін Алматы төңірегіне ғана емес, тұтас елге таныла бастаған еді. Белгілі сазгер Қайрат Жүнісов «Ағатайым-ай» деп аталатын бұл жаңа әнін жазып шығып, енді орындаушы іздегенде Фарида есіне түсіп, Ұлықпан Жолдасовқа қолқа салады. Мәні де, мазмұны да келіскен әп-әдемі әнді ұсынып тұрғанда, одан неге бас тарту керек? Сөзге келместен келіскен Ұлықпан әдеттегідей қызы алғаш орындағанда мұқият тыңдап, кем-кетігін ескертуді ұмытпады. Содан алғаш Қайрат Жүнісовтің кешінде орындалған ән лезде баршаны баурап, тыңдарманға ерекше әсер қалдырса керек. Арада ай өтпей-ақ «Ағатайым-ай» әні маңғыстаулықтардың да құлағына жетеді. Сөйтіп, «Маңғыстаудың ғана емес, исі қазақтың мақтанышы әнші-сазгер Ұлықпан Жолдасовтың қызы Фарида Жолдасова «Ағатайым» әнімен Елбасын қарсы алса, қандай керемет?!» дегендердің ұсынысы шынында да ұтымды шықты.

– Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Ләззат Қиынов ағамыз  «Каспий – достық  теңізі» деген фестивальге қатысуға арнайы шақыртты, – дейді Фариданың анасы әрі продюсері Айған Жүсіпова. – Алайда бізге байқауға қонақ ретінде қатысатынымыз, қызымыздың Елбасы алдында ән шырқайтыны ескертілді. 1992 жылғы 8 желтоқсанда туған қызымыздың небәрі 7-ден асқан кезі. Әлі ән айту шеберлігі мен сахнаның қыр-сырын меңгермеген бала ғой. Ұлықпан екеуіміз қатты ойландық. Қалай уайымдамайсың, бойы үйреніп қалған  концерт залы болса бір сәрі, кең алаңда әрі жеке-дара Президенттің қолынан ұстап ән шырқау... Жүрегіміз атша тулап, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, Фариданы дайындауға кірістік. Қанша жерден кәсіби мамандар айналысып, ақыл-кеңестерін үйретіп жатса да, кеудемізден қобалжу кетпей, арқамызда ауыр жүк тұрғандай күй кештік.

 

Құт әкелген қуыршақ

Расында да айтылған ұсыныс Жолдасовтар әулетіне ерекше жауапкершілік артып қойды. Басқа-басқа, Маңғыстау облысы халықтың ыстық ықыласына бөленген әкесі Ұлықпан Жолдасовтың кіндік қаны тамған, өскен жері ғой. Білетін, танитын  қаншама жұрт, туыс-туған бар. Туған жердің топырағында, туған елдің алдында өз өнеріңді көрсетудің жауапкершілігі екі есе ауыр. Құдай сақтасын, мүдіріп әлде сүрініп қалса, ұяты Ұлықпанға келеді. Осындай ойлар иектеп, әртүрлі күмән мен қорқыныш мазалай берген соң Жолдасовтар жолға жиналды да, белгіленген мерзімнен бір апта бұрын Ақтауға  келіп алды.

Бір апта уақыт тұтасымен алаңдағы дайындыққа кетті. Тыным таппаған режиссерлар мен протокол қызметкерлері қалай жүріп-тұру керектігін үйретумен таңды атырып, күнді батырып жатты. Күткен 6 қыркүйек те келді. Ақтаудың орталығында бой көтерген «Мәңгілік алау» ескерткішіне белгіленген уақытта бұрылған Президент кортежі алдын-ала межелеген тұсқа емес, мүлде басқа жерге барып тоқтады. Елбасы  көліктен түсіп, қаумалай тұрған қалың елдің арасымен «Мәңгілік алауға» қарай жүрді. Қандай қиын сәт – апта бойы ақыл айтқан адамдардың барлығы көзден ғайып болып, ескерткіш жанында 7 жастағы Фарида қолына микрофонын ұстап жалғыз қалды!.. Кездесуге жауапты  лауазым иелері  онсыз да тыпыршып тұрған шығар, ал әкесі Ұлықпан мен анасы Айғанның жүректері атқақтап, тіптен дегбірі қалмады. Енді қайтсін, мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған қыздары Нұрсұлтан атасын күнделікті теледидардан көріп, суреттерін қарағанымен қалың топтың ортасынан тани алмай, мүлде басқа кісінің қолынан ұстаса ше?

– Жоқ, маған қарай бұрылған бір топ кісінің арасынан көк түсті костюм киген  Нұрсұлтан Әбішұлын жазбай таныдым да, әнімді бастап қарсы жүрдім, – дейді балғын шақтағы ерекше сәт санасында сақталып қалған Фарида қыз. – Ол кезде баламыз ғой, аздаған толқуымды мыңдаған маңғыстаулықтардың дуылдата соққан шапалағы тарқатып жібергендей.  «Жаныңызды қиып бересіз, қазақтың байтақ жері үшін» деп келетін «Ағатайым-ай» әнін білесіз ғой, сөзі мен әні ұйқасып, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиеді. Осы жолдарды айтып, тура жанына барғанымда мейірімді көзбен күлімсірей қараған Елбасыдан әлдебір жылы толқынның лебі жеткендей сезіндім. «Мәңгілік алаудың» баспалдағында әнімді аяқтап, иіліп ишарат жасау үшін Президентке қарағанда аса қуанышты жүзбен қол соққанын көріп, айрықша шаттандым. Қолымнан ұстаған қалпы разылық сезіммен алғысын айтып, ақ батасын берді. Ал сыйлық ретінде ерекше қуыршақ ұсынылғанда төбем көкке жеткендей қуандым. Жан толқынысынан туындаған әсерді жоғалтпай, «Қуыршағым» деген әнді де көп ұзатпастан шығардым. Міне, содан кейін өнердегі өрісім ашылып жүре бергендей болды.

 

Әнді әйгілеген бейнебаян

Күздің соңғы күндерінің бірінде әншінің анасы Айғанға хабарласқан Президент телерадиокешенінің қызметкерлері сол әйгілі кездесудегі керемет кадрларды қосып, «Ағатайым-ай» әніне бейнебаян түсіріп беретіндіктерін айтқанда, Жолдасовтар бір желпініп қалды. Иә, 7 жасында Елбасы жанында жеке-дара ән шырқап, ақ батасын алған кім бар?! Енді сол тарихи сәтті бейнебаянға айналдырып береміз деп отырса, қалай қуанбассың! Алайда режиссердің ойынша кадрлар «жұтынып» тұру үшін түсірілімді ағаштар бүршік жарып, дала гүлмен көмкерілген көктемде жүргізу керек екен. Фарида содан күн сайын далаға шығып, ағаштарды ұстап көріп, көктемді тағатсыздана күтетін болды. Қырсыққанда Алатаудың ақ шыңдарында шілдеге дейін жататын қар секілді Алматының көшелеріндегі ақ ұлпа да сол жылы көктемнің ортасына дейін ерімей қойғаны. Төзімді тауысып жеткен көктеммен бірге Астанадан арнайы шығармашылық топ та ақыры келді-ау... Сөйтіп, Фариданың Елбасы жанында «Ағатайым-ай» деп шырқаған атақты әні бейнебаян арқылы 2001 жылдың 6 шілдесінде «Хабар» арнасынан алғаш рет көрерменге жол тартқанда, Жолдасовтар жан-жақтан соғылған қоңырауларға жауап беруге үлгермей жатты....

Елбасы сыйлаған қуыршағын құшақтап ұйықтайтын Фариданың жұлдызды сәті осылай басталды. Сол «Қуыршағым» әніне бейнебаян түсіру үшін Ташкентке барғанда өзбек әріптестері Президенттің алдында жеке-дара ән салған қызға аса құрметпен қарап, ерекше ілтипат білдірген-тін. Ұлықпанның Алматыдағы студиясына жиі соғатын шетелдік әншілер де тарихи сәтті тамашалай қалса, таңданыстан бас шайқайтын. Елдің әр атырабын аралап концерт қою, ән жаздырту, бейнебаян түсіру, ең бастысы, күнделікті сабақтан қалмау сынды қым-қуат шаруамен жүргенде талантты қыз 13-ке толды. Бүлдіршін дауыс өзгеріп, балалықпен қоштасатын да сәт жақындады. Өзара кеңесіп, өнердегі достарымен ақылдасқан Жолдасовтар отбасы ақырында Алматыда Фариданың тұңғыш концертін беруге бекінеді.

Көңілдерін күпті етіп, біраз қобалжытқан сол сәттерді Фарида былайша еске алады:

– Кейде әкеме еркелеп, «Неге сіз ғана концерт бересіз, жеке концертімді мен қашан өткіземін?» деп мазалайтынмын. Оның үстіне бірінші мүшелге аяқ басқандықтан жас ерекшелігіне байланысты даусымның да өзгергенін сездім. Ата-анамның да «ертең ән айта алмай қалса қайтеміз» деген уайымы байқалады. Ақылдаса келе, мүшел жасқа толғаным бар, әрі балалықпен қоштасу ретінде «Бала тілегі» деген атаумен концерт өткізуге келістік. Бірақ барлығымыздың бойымызда бір қорқыныш бар. Жалға алған үш мың орындық Республика сарайына ешкім келмей, зал бос қалса қайтеміз? Алайда, 2006 жылғы 6 сәуірге жоспарланған концертті бастау үшін сахнаға шыққанымда ине шаншар орын қалмағанын көріп, кәдімгідей арқаланып кеттім де, екі жарым сағат бойына тоқтамастан ән шырқадым.

Туып-өскен Алматы халқының ниетіне рахмет, өнердегі кіп-кішкентай қызын аялап, барынша қолдау білдірді. Әкесі Ұлықпан, бауыры Болат, анасы Айған, қысқасы, бүкіл өмірін өнерге арнап келе жатқан отбасының тілегін Тәңірі де қабыл алған секілді. Әкесінің шығармашылық достары, атақты әншілер де қол ұшын созды. Осыған арқаланған Жолдасовтар енді Астанада бақ сынап көруге бел буады.

 

Елордадағы екі концерт

– Конгресс-холға келсек, ыңғайлы күндердің бірі де бос емес, Алла Пугачева, Валерий Леонтьев, Валентина Толкунова, Жәмила Серкебаева сынды атақты өнерпаздар алып қойған. Амалсыздан дүйсенбіні – 2007 жылдың 16 сәуірін сұрадық. Берді. Уақыт жақындаған сайын дегбіріміз кетті. Себебі, Алматы – өнер ортасы, Фариданың тыңдарманы да, тілеулесі де мол болғандықтан, шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті. Ал шенеуніктер қаласы саналатын елорда біздің кішкентай қызымызды қалай қабылдайды? Кешімізге ешкім келмей, азын-аулақ қаражатымыз жалдау ақысына да жетпей қалмай ма? Тағат таппай, Астана қалалық әкімдігінің Мәдениет басқармасына залды жалдау ақысына көмектесуін сұрап бардым. Кезінде Ұлықпанның кешін өткізгенде әкімдіктің осы жағынан  көмектескені бар еді. Жауапты басшы қысқа әңгімеден соң телефонды алды да, Конгресс-холға қоңырау шалды. Ұзақ сөйлеспестен тұтқаны қойып, «Сіз қалай көмек сұрайсыз, билеттеріңіз түгелдей өтіп кеткен ғой» деп, күлімсіреп тұр, – дейді қызының Астанадағы алғашқы концертін ұйымдастыру жұмыстарын еске алған анасы.

Тіпті кассаға билет сұраушылар жиі-жиі хабарласқан соң тура сол күні екінші  концерт беру жөнінде шешім қабылданады. Сөйтіп, екі концертке де балалармен қатар, үлкендер де молынан келіп, зал лық толады. Ал ата-анасы Фариданың осынша тыңдарман жинай алатындай биікке жетуін кезінде Елбасы берген батаның қабыл болғаны деп түсінеді.

Елордадағы концерттен кейін Фарида сахнаға шығуды сап тыйды. Бес жыл бойы көрінбеді. Жарқырап жанған жұлдыз шырқау биікке жеткен сәтінде жылт етіп жоғалып кетсе, іздеген көрерменнің жел сөзбен сан қиырға жортатындығы бесенеден белгілі жайт қой. Мұны да жұрт солай іздеді.

Бүгінде Фарида Жолдасова Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3-курсында оқиды. Мамандығы – эстрада вокалы. Арадағы үзілістен соң сахнада кәсіби әнші ретінде көрінуді ойлаған ол репертуарын жаңартып, жаңа әндермен көріне бастады. Жақында «Саз әлемі» тележобасына қатысып, қазылар алқасы тарапынан ең жоғары ұпай жинады. Сірә, соған қарағанда өнер әлеміне басқан екінші қадамы да сәтті жалғасатын секілді. Өнер әлеміндегі қаншама таланттың өмір бойына армандап, біреуі жетіп, бесеуі жете алмайтын атақ пен құрметті бес жасынан көрген оған балғын балалық шақ ертегідей елестейді. Әсіресе үйінің төрінде тұрған қуыршаққа қараған сайын сол бір жылдардағы Елбасымен ғажайып кездесудің көз алдына келе қалатындығы бар. Артынша тіл ұшына оралатын сол бір әнді іштей қайталаудан жалыққан емес...

Ертеңі үшін егемен елдің,

Болыңыз аман, ағатайым-ай!

0 пікір